БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ТҰҢҒЫШ ФЕСТИВАЛЬ
Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрының ұйымдастыруымен балалар спектакльдерінің «Алтын сақа» атты фестивалі өтті.
Жастар театры жетпіс жылдық мерейтойына орай, жеті шараны қолға алған еді. Соның бірі – балалар спектакльдерінің фестивалі болатын. Фестиваль аясында жеті бірдей спектакль көрермен назарына ұсынылды. Олардың арасында «Алтын сақа», «Наурыз-думан», «Алтын мүйізді киік», «Маугли», «Томпақ» секілді балаларға арналған қойылымдар бар. Балалар қойылымдарына, драматургияға жаңа серпін беруді көздеген фестивальдің ашылу салтанатында баспасөз өкілдерімен кездескен театр ұжымы балаларға арналған театр қойылымдарының мән-маңызына тоқталып өтті.
«Бұл – ел театры тарихында балаларға арналған тұңғыш фестиваль. Ішкі фестиваль болғандықтан, көрермен назарына біздің театрда қойылып жүрген спектакльдер көрсетіледі. Фестивальді ұйымдастырудағы басты мақсат – актерлардың шеберлігін шыңдау және ертегілерге негізделген театр қойылымдары арқылы жас көрермендерді ұлттық рухта патриоттық тәрбие беруге күш салу. Балалар драматургиясына қалам тартқысы келіп жүрген жастарға ықпал ету. Жоспар бойынша фестивальді республикалық деңгейде ұйымдастыру көзделген еді. Бірақ қаржы дағдарысына байланысты ол жүзеге аспады. Бірақ біз «ақша жоқ» деп қарап отырмай, ішкі қаржымыздан жүлделер тағайындадық. Жалпы, жүлде қоры – 700 мың теңгені құрады. Әр аталымға 50-100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақылар қарастырылды. Болашақта фестивальдің ауқымы да, жүлде қоры да бұдан да көлемді болар деген үміттеміз», – деді өз сөзінде Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов. Театрдың көркемдік жетекшісі Мұрат Ахманов бұл фестивальдің бір жағынан жастарға серпін беретінін айтса, екінші жағынан театр артистеріне де қолдау болатынын жеткізді.

Расында да театр ұсынған «Алтын сақа» фестивалі – бұрын-соңды театр тарихында болмаған дүние. Театрдың ішкі фестивалі болғандықтан, жүлде де театр артистері арасында сарапқа салынды. Мәселен, «Көрермендер көзайымы» номинациясын «Маугли» спектакліндегі Табаки рөлі үшін Ербол Ыдырысов алса, «Эпизодтық рөлдегі актерлік шеберлігі үшін» «Алдар көседегі» рөлімен Мөлдір Қонысқызы иемденді. «Ең үздік дебют» Динара Нұрболатқа тиесілі болды. Әмина Өмірзақова атындағы «Ең үздік әйел бейнесі» Нұргүл Мыңғатоваға, Қасым Жәкібаев атындағы «Ең үздік қосалқы рөлдегі ер адам бейнесі» Жомарт Зейнәбілге, Аққағаз Мәмбетова атындағы «Ең үздік әйел бейнесі» Динара Абдуллинаға, Байділда Қалтаев атындағы «Ең үздік ер адам бейнесі» Мерей Әджібековке бұйырды. Театр мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл фестивальдің көрермен үшін қажет дүние екенін мойындауымыз керек.
Театрдың Әдебиет бөлімінің меңгерушісі Бақыт Беделхан балалар қойылымын қою және балаларға арнап спектакль жазудың қиындығы мен кедергілеріне арнайы тоқталып өтті: «Біздің драматургтеріміз шығарманы баланың деңгейін түсінбей, өзінше жазуға бейіл. Яғни ақылды басымызбен аспанға қарап әңгіме айтқымыз келеді. Екінші жағынан, несін жасырамыз, балаларға арналған дүние жазу қиынның қиыны. Халқымыздың ауыз әдебиетін, ертегі-аңыздарын қараңыз, қазақ балаларының қойылымдарына сұранып тұрған шығарма көп. Өзін ақын, жазушы, драматург санайтын әріптестерімізге сол ертегі-әңгімелердің желісінде, балалар туралы спектакль, пьеса жазып беріңізші десең, «Мен сонда балаларға арнап шығарма жазуым керек пе?», – деп тәкаппарсиды. Драматургтерге қомақты сыйлықтар беріліп жатса, жастарды өзіміздің де тәрбиелеуімізге мүмкіндігіміз бар. Мәселен, біздің балалар мен жасөспірімдер театры Бекзат деген інімізді осы ұжымда арнайы даярлықтан өткізіп, қазір Қыздар университетінде тәжірибе ретінде қойылым қойғалы жүр. Осылайша, балаларға, жастарға арналған дүниенің ауқымы мен мән-маңызын жас драматургтерге сіңіре алсақ, оның өзі үлкен жетістік дер едім», – деген ойымен бөлісті.
Балалар мен жастар театры, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына арнап жаңа қойылымдар даярлап жатқанын да тілге тиек етті.
Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.