«ÚZDIK – 2026» ІІ театрішілік фестиваль
22.04.2026
73
0

Халықаралық театр күніне орай Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры 10-15 ақпан күндері аралығында «Úzdik – 2026» деп аталатын ІІ театрішілік фестивалін өткізді. Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен және театр директоры Сағынтай Көпжасаров пен көркемдік жетекші Темірбек Мұхтаровтың ұйым­дастыруымен екінші мәрте өткізіліп отырған бұл театр фестивалінің басты мақсаты – бір маусым ішінде жарық көрген жаңа қойылымдар арқылы репертуарлық саясаттың бағыт-бағдарын айқындау, актерлік өнердің даму деңгейін сараптау, режиссерлік ізденістердің ауқымын таразылау.
Былтырғы театр фестивалінде үш қойылым көрсетілсе, биылғы жылғы фестивальдің ауқымы кеңейтіліп
театр ұжымы көрермендер назарына У.Шекспирдің «Асауға тұсау» (реж. Г.Қамысбаева), А.В.Сухово-Кобылиннің «Іс» (реж. Б.Абдураззаков), М.Майенбургтің «Урод» (реж. Д.Базарқұлов), А.Ихсанның «Қасым хан» (реж. Е.Нұрсұлтан), А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» (реж. Ж.Телтаев), А.Казанцевтің «Жоғалғандар» (реж. Д.Базарқұлов), Қ.Мұраттың «Қуыршақтар» (реж. С.Махсотов), М.Алғожаеваның «Сіз кімсіз?» (реж. А.Орынбай) қойылымдарын ұсынды.
Фестиваль шымылдығы неміс драматургі Мариус фон Майен­бургтің «Урод» (ауд. Ә.Байбол) қойы­лымымен ашылды. Режиссер спектакль жанрын «драма-шоу» деп анықтап, өзінің менінен ажырап, адами құндылығын жоғалтқан Леттенің жан жұтаңдығын көрсетуді мақсат еткен. Қойылым сценографы А.Говязиннің, жарық суретшісі А.Макаровтың, видео-дизайнер М.Степанованың, хореограф А.Құнанбаеваның жұмыстары режиссерлік шешімге бағындырылып, басты идеяны ашуға бағытталған.
Қойылымның барлық оқиғасы өнертапқыш-ғалым Леттенің актер Асланбек Жанбалаев төңірегіне құрылып, оның рухани дағдарысқа тап болуы суреттелген. Леттенің сыртқы келбеті, яғни дудыраған шашы мен қоңқиған мұрны, қаудырлаған сулыққа ұқсас киімі, аяғындағы салпылдаған кебісі сайқымазақтан айнымайды. Актер Леттенің бетіне ота жасатқаннан кейінгі жан дүниесіндегі өзгерістерді режиссер талап еткен жеңіл ирониямен беруге күшін салды. Ол өз болмысы мен рухын жоғалтқан адамның ұсқынсызға айналып, бұрынғы қалпына келуді армандайтын сәттеріндегі үндік-дыбыстық бояуларын да тапқан. Бірақ актер әлі де болса суырып-салмалыққа көбірек барып, психологиялық ойын үрдісімен емес, жанр табиғатына сай өнер көрсету жағына көбірек мән бергені жөн.
Қойылымның динамикалы өрбуіне ерекше ықпал еткен кейіпкердің бірі Бақытжан Утегалиев сомдаған Шефлер бейнесі болды. Біресе дәрігерге, біресе кәсіпкерге айналатын Шефлердің тез құбыла қалатын көңіл күйін актер шеберлікпен жеткізді. Айналасындағы адамдарды уысынан шығармай басқара алатын кәсіпкердің сөз сөйлеуі мен қимыл-әрекеттерінде сатиралық бояу басым шықты. Дегенмен де, қойы­лымда ойнаған актерлердің көпшілігі режиссер талап еткен ойын мәнеріне жете бойлай алмаған.
Д.Базарқұлов бұл қойылымда пьеса кейіпкерлерінің әлеуметтік ортасын карикатуралық-клоунадалық тәсілмен шешкен. Ол қойылымның сыртқы пішінін де осы тұжырымын жүзеге асыру үшін оңтайлы ойластырған. Бірақ өзі тапқан сахналық пішінді актерлердің ойыны арқылы өрнектей алмаған. Нақтылап айтқанда, орындаушылар режиссер ұсынған постдрамалық ойнау әдістерін игермеген.
Фестивальде көрсетілген А.Казанцевтің «Ағайындылар және Лиза» драмасының желісімен жазылған «Жоғалғандар» (ауд. Қ.Төлеуішов) деп аталатын спектаклін де Д.Базарқұлов қойған. Режиссер қай шығарманы қолына алса да тың сахналық идея, басқаша көркемдік үлгі-үрдіс, көзіміз үйрене қоймаған пластикалық шешім қарастырады. Бұл қойылымнан да режиссердің сол ниетін байқау қиын емес. Спектакль оқиғасы сахнаның үстіне жайғасқан көрермендердің көз алдында ойналады. Кейіпкерлер терең төртбұрыш шұңқырда әрекет етеді. Бірақ режиссер спектакль жанрын перформанс деп көрсеткенімен де, қойылым оның талаптарына сәйкес шықпаған. Бір сөзбен айтқанда, перформанс болу үшін уақыт, орын, актерлердің денесі және көрерменмен қарым-қатынас бірлігі сақталуы керек. Екіншіден, драматургиялық мәтін болмайды, оқиғаның мағынасы сол сәтте туындауы тиіс. Үшіншіден, көрермен мен актерлер арасындағы шекара алынып, көрерменнің өзі қатысушыға айналады. Ал «Жоғалғандар» қойылымы драматургиялық шығарманы өзек еткен. Мұнда нақты қатысушы кейіпкерлер бар. Актерлер (Б.Зиннулин – Актер 1, Б.Утегалиев – Актер 2, Н.Аралбай – Актриса) өз кейіпкерлерінің жан дүниесіндегі сезім шарпылыстарын психологиялық тереңдікпен ойнады, яғни қойылым перформанс деп аталғанымен де, оның талаптарына сәйкес емес.
Фестиваль аясында кіші залда көрсетілген Қ.Мұраттың «Қуыршақтар» (реж. С.Махсотов) және М.Алғожаеваның «Сіз кімсіз?» (реж. А.Орынбай) қойылымы көрерменді елең еткізетін дәрежеге көтеріле алмады. Бұрын спектакль қойып көрмеген актерлер Азамат Орынбай мен Сағыныш Махсотовтың лабораториялық жұмыстарын құптағанымызбен, режиссураға бару үшін өте көп ізденістің керегін жасыра алмаймыз. Біз екі қойылымнан да жаңалықтың нышанын байқамадық.
Бүгінгі таңда қазақ драматургиясында еліміздің ұлы тұлғаларына қатысты пьесалар жазу жалғасын
тауып жатыр. Сондай туындының бірі – өткен маусымда театр репертуарына келіп қосылған Асылбек Ихсанның «Қасым хан» пьесасы. Бұл тұста автор мен театрдың ұлтымыздың ұлылығы мен қайталанбас өмірін суреттейтін сахналық шығарма жасаудағы мақсат-мұратын қолдауға болады. Бірақ пьесада оқиғаның тұтастығы мен шынайы тартыстың болмауы қойы­лымның көп көрінісін солғындатып жіберген. Драматург басты қайшылықты Қасым хан мен Мұхаммед Шайбани арасындағы қақтығыстарға құруға тырысқанымен, Қасым ханның ел мен жердің тұтастығы, теңдік пен тәуелсіздік жолында арпалысқан ұлы істері драматургия заңдылығына сай өрбімей қалған.
Спектакль режиссері Елік Нұрсұлтан пьесада кеткен олқылықтардың орнын толтыра алмаса да Қасым ханның даралық келбетін ашуды мақсат еткен. Ол ханның қолбасшылық қыры мен ержүректігінен бөлек, адами қасиеттері мен Шәпи Бануға деген ғашықтық сезімін көрсетуге ден қойған.
Қасым хан рөліндегі Ғазиз Сұрап­паевтың сыртқы келбеті тартымды. Актер алғашқы сахнадан бастап өз кейіпкерін мейірімді, жұмсақ жүректі адам етіп бейнеледі. Бірақ ел мен жер тағдырына қатысты сындарлы сәттерде қолбасшыға тән өткір мінез бен ішкі рухтың күштілігі актерлік ойыннан байқалмады.
Ал Мұхаммед Шайбани бейнесін сомдаған Мырзабек Мақұлов бастапқы сахналарда өз кейіпкерін даңғойлау, ақылсыздау етіп көрсете келіп, кейінгі көріністерде оның таққұмарлығы мен әккілігін нанымды ашты.
Қойылымдағы басты желінің бірі Қасым ханның жүрегінен орын алған Шәпи Банумен тығыз байланысып жатыр. Бұл рөлдегі Ш.Күзембай ойы­нынан кейіпкердің өсу, түрлену сәттерін көре алмадық. Актриса қойылым басында қалай болса, соңында да баяғы қалпынан өзгерген жоқ.
Режиссер спектакльдің динамикалы жүруіне айрықша мән берген. Көпшілік сахналарындағы актерлер жаумен шайқас кездерінде тез қимылдап, пластикалық икемділіктерімен көзге түсті. Бұнда сахна сайысын қойған Еркін Мекебаев пен хореограф Мөлдір Қасымның еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Қойылым суретшісі Мұрат Сапаровтың сценографиялық шешімдері спектакльдің жанрлық-стилистикалық сипатын арттырады. Басы артық зат жоқ, бәрі көркем идеяның ашылуына қызмет еткен. Ол сахна түкпіріндегі қабырға қамал арқылы жаугершілік заманның салқын ызғарын айнытпай беріп, кең кеңістікте актерлердің әрекет етуіне қолайлы жағдай туғызған. Сонымен бірге суретші кейіпкерлердің жас ерекшелігі мен қоғамдағы орнына қарай киім үлгілерін тура тапқан. Әдемі ұлттық нақыштағы киімдер тарихи тұлғалардың еңселі көрінуіне мол әсерін тигізді. Театрдың бұл спектаклі тарихи тақырыптарды қою үрдісінің жалғасып жатқанын дәлелдеді.
Аталған театрда бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс жасап, республикамыздағы жас буын режиссерлердің алдыңғы легінен көрініп жүрген Жанат Телтаевтың режиссурасымен жарық көрген А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» (аударған А.Маемиров) қойы­лымын көрермендер сүйсіне тамашалады. Режиссер қазіргі күнде бірнеше театр сахнасында жүріп жатқан бұл пьесаның өзге театрлардағы шешімдерін қайталамай, өзіндік тұжырыммен келіпті.
Спектакль жанрын мелодрама деп анықтаған Ж.Телтаев бірін-бірі жақсы көріп тұрса да түрлі себептермен ажырасуға дейін баратын ерлі-зайыпты бірнеше жұптың шаңырақтарының шайқалу себебін ұтқыр шешімдермен көрсеткен. Бүгінгі қоғамда ажырасу – тек біздің елімізде ғана емес, басқа мемлекеттерде де алдыңғы кезекте тұрған өзекті мәселенің біріне айналып отырғаны жасырын емес. Статистика бойынша, Қазақстанның ажырасу жағынан әлемдегі ондықтың ішіне кіретіні – алаңдататын деректердің бірі. Сондықтан театрдың аталмыш тақырыпты дер кезінде қозғап, көрерменмен бірге осы сұрақтың жауабын іздеуін ерекше бөліп айтқан орынды.


Спектакльде өнер көрсеткен актерлер – Сот (Періште) – М.Макулов, Сот (Ібіліс) – Л.Нұркенқызы, Катя Лаврова–Б.Қамешова, Митя Лавров – Д.Серікұлы, Давид Керилашивили – А.Жангельдиев, Лариса Керилашивили – Д.Марат, Ларисаның анасы – Н.Аралбай, Никулин – Е.Жұматов, Никулина – А.Мұхтарова, Ирина – Т.Аманғалиева, Беляев – Е.Ертелеуов, Беляева – Ш.Рамазанова, Миронов – Б.Өтеғалиев, Миронова – А.Қабдешова, Шумилов – С.Махсотов, Шумилова – Г.Рысқали, Валера – А.Жұмағалиев, Әйел – Ғ.Бисенова, Эрос – М.Маңғыстауов өз кейіпкерлерінің қыр-сырын, ой-толғамдарын, ішкі сезімдері мен тебіреністерін жеткізуге күштерін салды. Режиссерлік шешімде гротескілік тәсілдердің көп пайдаланылуы барлық актердің ойынына ықпал еткен. Сондықтан да әрбір жұптың сот алдына келген сәтіндегі іс-әрекеттерінде ирония мен сарказм басым болды. Режиссердің әжуаға көп мән беруі актерлердің шамадан тыс еркінсіп, рөл шеңберінен сәл ауытқып кетуіне алып келген.
Қойылымда әйел рөлін сомдаған Ғ.Бисенова өз кейіпкерінің психологиялық жай-күйін терең ашып берді. Актриса Катя мен Митяның үйін көруге келген кездегі әйелдің жастық шақта жіберген қателіктері мен орны толмас өкініштерін көзіне тұнған мұңмен және іштей қобалжу кездеріндегі сезім арпалыстарын дәл беру арқылы көрсетті.
Режиссердің қойылым композиторы Шәмші Күзембаймен бірлескен жұмысы кейіпкерлердің нәзік сезімдері мен эмоциялық әсерінің музыка көмегімен ашылуының басты тетігіне айналған. Кейбір актерлердің «Gazhap band» кавер тобының сүйемелдеуімен жанды дауыспен ән салуы да қойы­лымның лирикалық әсерін күшейте түскен.
Спектакль суретшісі Т.Мұхтаров, киім суретшісі Б.Мусина, дыбыс беруші Ж.Төлепқалиев, жарық беруші Ғ.Жапаров, бейне контенттер режиссері Ә.Ақбаев, балетмейстер К.Мұқатанова да режиссерлік тұжырымның жүзеге асуына мол үлес қосқан. Осындай шығармашылық топтың бірлескен жұмысының нәтижесінде спектакльдің айтар ойы айқын шығып, идеялық-тақырыптық жағынан көрерменнің әралуан тобына ұсынуға тұрарлық көркем дүние дәрежесіне көтерілген.
Фестивальдің көрігін қыздырып, сәнін келтірген алыс-жақын шетелдерге кеңінен танымал тәжік режиссері Барзу Абдураззаковтың «Іс – №20/25» қойы­лымы болды. Белгілі орыс драматургі А.В.Сухово-Кобылиннің «Кречинскийдің үйленуі», «Іс», «Тарелкиннің өлімі» атты трилогиясы еліміздегі орыс театрларында жиі қойылғанымен де, қазақ театрларының репертуарынан көріне бермейді.
Патшалық Ресейдің бюрократиялық жүйесін өткір сынаған драматургтің аталған трилогиясының ортаңғы бөлімі «Іс» (ауд. Ә.Дәулетбаева) пьесасын режиссер жаңаша өңдеп, кей тұстарына ерекше екпін беруден көп ұтқан.
Қойылым басталғанда оқылатын хатты (Креченскийдің) режиссер шенеу­ніктердің квартетіне бөліп берген. Бұл драматургиялық қақтығыстың мәнін арттырып, оқиғаның дамуы мен екпін-ырғағының серпінді болуына ықпал еткен. Бұдан кейін сахнаға шығатын Мұрат – Е.Жұматов пен оның қызы Гүли – Т.Аманғалиева екеуінің әңгімесінен әділдік үшін күрестің жалғаса беретіні айтылады.
Мұрат рөліндегі Е.Жұматов парақорлық пен жағымпаздық жайлаған ортада қызының кінәсіздігін ақтай алмай қор болған оқымысты адамның күйзелісін нанымды ашты. Жоғары шенді басшыларға барын беріп, ешқандай нәтижеге қолы жетпеген соң олардан жоғары бастыққа шағым жасайтын көріністе актер өз кейіпкерінің ішкі жарылысын шынайы бейнеледі. Шеке тамыры бүлкілдеп, екі көзі жасқа толып қызы үшін жалбарынған әкенің шарасыз хал-күйін шеберлікпен жеткізді.
Үлкен бастықтың қабылдауына барған қарапайым адамның қорлық пен зорлыққа тап болып, далаға лақтырылуы, шенділердің халық үшін емес, өздерінің қара бастары үшін қызмет жасайтыны бүкпесіз көрсетілді.
Режиссер тарапынан кіргізілген Рух сахнадағы оқиғаларды тұжырымдап, көтерілген тақырыптың философиялық астарын ашуға көп көмегін тигізді. Бұл рөлді сомдаған Г.Көшербаева кейіпкердің «Үй туралы», «Қуаңшылық туралы», «Соқыр мен сызат туралы», «Тау шыңындағы адам туралы» деген қысқа әңгімелерін аса шеберлікпен орындады. Рухтың әрбір монологы өтіп жатқан оқиғаға режиссердің суреткерлік көзқарасы мен өзіндік позициясын айқын ашқан.
Кейіпкерлерді даралауда, оның әрқайсысының алып жүрер жүгін белгілеп беруде, мизансценаларды құруда режиссерлік көрегендіктің іздері жатыр. Бейнелердің ашылуы мен дамуында жинақы әрі динамикалық тартыс бар. Қойылымда ойнаған актерлер – Сара ханым – Ш.Рамазанова, Иманжан – С.Махсотов, Садық – А.Орынбаев, үлкен басшы – Б.Зинуллин, Барқабай Қошқарұлы – А.Жангелдиев, Елубай Мыңбайұлы – А.Жұмағалиев, шенеу­ніктер – Р.Ғабитұлы, Е.Қисметов, Е.Есенов өз кейіпкерлерінің әлеуметтік ортасын, қоғамдық жағдайын терең зерттеп бір-біріне мүлде ұқсамайтын бейнелер сомдады.


Қойылым суретшісі М.Мәмбетов авторлық ремаркаға сүйене отырып, сахна кеңістігін қиял көкжиегімен көркейте алған. Негізгі оқиға өтетін орын басты кейіпкер Мұраттың үйінде, сол үйдің талғаммен безендірілген бөлмелерінде және шенеуніктер кабинетінде қойылған үстелдер арқылы көрсетілген. Зәулім үйдің есіктері мен терезелері оқиға барысына қарай әртүрлі мағынада құбылып тұрады. Ал бөлме қабырғаларына ілінген суретші И.Репиннің «Волгадағы бурлактар» полотносы мен Мао Цзэдунның портреті және сөрелерге қойылған папкалардағы әртүрлі істер қойылым идеясының ашыла түсуіне ықпал еткен. Кейіпкерлердің киім үлгілерінің бүгінгі заманмен үндес болуы да сахнадағы оқиғалар біздің замандастарымыздың басынан өтіп жатқандай әсер қалдырады.
Жинақтап айтқанда, театр фестивалінің ажарын ашқан бұл спектакль қоғамымыздың күрделі мәселесіне көңіл аудартып қана қоймай, жаһандану кезеңіндегі адамзат өркениетінің құлдырап, адамгершілік пен гуманизм­нің құрдымға кетіп бара жатқанына көпшіліктің назарын бұрады.
Фестиваль шымылдығы У.Шекспирдің «Асауға тұсау» спектаклімен жабылды. Театрда бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс жасап келе жатқан ізденімпаз жас режиссер Гүлназ Қамысбаеваның әлемдік драматургия­ның алыбы У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы бойынша қойған спектаклі ерекше атмосферасымен, мықты түзілген актерлік ансамблімен, бейнелердің жарқындығымен есте қалды.
Шымылдық ашылған кезде сахнаны көлбей жатқан ұзын көпір көзге бірден түседі. Режиссер мен суретші Тимур Коесов қойылымның өн бойында осы көпірдің асты мен үстін параллель ойнатып, оқиғалардың аса динамикалы өрбуіне оңтайлы қолданған. Айталық, Петручио мен Катаринаның ең бірінші кездесетін сахнасында жігіт көпірдің үстінде, қыздың сол көпірдің астында әрекет етулері шығарманың идеясына сай шыққан. Режиссер бұл мизансцена арқылы қоғамдағы ер азаматтардың отбасындағы орнын айқын көрсеткен. Сол сияқты әрбір көріністе (Баптистаның үйі, т.б.) оқиғаның қай жерде өтіп жатқанын көрермен қиындықсыз түсініп отырады.
Қойылым прологында Баптистаның қыздары әкелеріне «қызық оқиға» ойнап беретінін хабарлай салысымен сахнадағы оқиғалар жоғары екпінмен дами жөнеледі, яғни әкесі қыздарын еріксіз тұрмысқа беретін болса, Катаринаның қандай күйге тап болатыны және Бьянкаға ғашық жігіттердің күлкілі әрекеттерінің барлығы да Баптистаның аяғына «тұсау салу керек» деген ниетте ойналады. Бірақ режиссер Баптистаны алдыңғы кезекке шығара алмаған. Ол эпизодтық деңгейде ғана бір-екі жерде жылт етіп көрінеді. Режиссердің бұл шешімі комедия оқиғасына нұқсан келтірмесе де, басты идеясының бұрмалануына ықпал еткен. Содан барып, Петручионың Катаринаға салатын «тұсауы» қойылымда екінші қатарға кетіп қалған. Соған қарамастан, Шекспир шығармаларында ойнау барлық сахнагерлердің арманы екенін ескерсек, режиссердің театр актерлеріне осы мүмкіндікті бергенін айрықша атап өтеміз.
Спектакльде Катарина – Г.Көшербаева, Петручио – Н.Съезхан, Баптиста – А.Серикбаев, Бьянка – Т.Аманғалиева, Венченцио – М.Макулов, Гортензио – А.Жангелдиев, Люченцио – Р.Каденов, Транио – А.Жұмағалиев, Гремио – Е.Қисметов, Бьонделло – А.Орынбаев, Грумио – Е.Есенов, Кертис – Ж.Жасталапов, Тракторшы әйел – Д.Марат, Никлас – А.Қойшығұлұлы және көпшілік сахнасындағы актерлер әнді де, биді де және жонглерлік, буффонадалық көріністерді де емін-еркін орындады.
Көңілді комедияның ажарын кіргізуге режиссермен бірлесе жұмыс жасаған жарық беруші Г.Жапаров, суретші
Т.Коесов, композитор Р.Құлбарақ, пластика режиссері Ш.Мұстафина, хореограф А.Есенғалиева, музыкамен көркемдеуші Ж.Төлепқалиев елеулі үлес қосқан.
Бұл қойылымнан кәсіби өнерге тән сахна мәдениетін, режиссер мен актерлердің тандемін, театрдың күрделі драматургиялық туындыны меңгере алатын шығармашылық өресін байқадық.
Қорыта айтқанда, Атырау төрінде бір аптаға созылған сахналық өнер сайысы өзінің биік мәресіне жетті. Бұл театрішілік фестиваль уақыт ағымына қарай, театр ұжымының жаңа ізденістерге батыл барып отырғанын айқындап берді.

Бақыт НҰРПЕЙІС,
өнертану докторы, Т.Жүргенов
атындағы Қазақ ұлттық өнер
академиясының профессоры,
театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір