ҰЛТ­ТЫҚ ИДЕЯНЫ ҰЙЫТҚАН ЖОБАЛАР
21.01.2025
448
0

«Стратегиялық әріптестік туралы» заң жобасы негізінде Жазушылар одағы тарапынан Мәдениет және ақпарат министрлігіне өткен жылы бас-аяғы 9 жоба ұсынылып, конкурстық іріктеуден өткен оның үшеуі («Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі»; «Жаңа Қазақ­станның әдеби-танымдық панорамасы»; «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақ­стандық жазушылардың зерт­теу жұмыстары») мемлекет есебінен қаржыландырылған еді. Осынау маңызды жобалардың жетекшілері жыл соңында – одақтың тоқсанжылдық мерейтойында өз еңбектерінің нәтижесін жиылған көпшілікпен бөлісіп, есебін берген болатын.
Үміт күт­тірген үш жобаның алғашқысы – әдеби шеберлік мектебін жандандыру мақсатында қолға алынған үлкен жобаның бірі екенінен барша қаламгер хабардар. Ал біз бұл мақаламызда екінші және үшінші жоба туралы айтпақпыз.

Екінші және үшінші жобалар бойын­ша 36 қаламгердің еңбектері кітап болып басылып, Жазушылар одағының мерейтойында (90 жылдық) арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, жоба кітаптарының таныстырылымы өткені қаламгерлер мен зиялы қауымға мәлім.
Мемлекет тарапынан тікелей қолдау көрген осы жобалардың түпкі астары ұлт­тық тарихымызды танып-білуге септігін тигізіп қана қоймай, ұлт­тық құндылықтарымызды түбегейлі зерт­теу ісіне де түрткі болды және қалың жұртшылыққа керегі күмәнсіз дүниелер.
Кешегі кеңестік кезең келмеске кеткеннен ке­йінгі, бүгінгі тәуелсіздіктің ширек ғасырдан астам уақыт­тағы мерзім-мезгілдер аралығында, әсіресе қалам ұстаған қауым үшін бұл бастаманың құндылығы аса жоғары екені де анық. Анық емей… Дүниенің қырық құбылған мінезіндей боп тұрған бүгінгі күнде әлеумет­тік желілер жан ауыртар көріністер мен адам ойын шаршатар хабарлардан аяқ алып жүргісіз… Ескі дүниенің бәрі ертегідей, ал жаңаның көбі түсініксіз…
Иә, тәуелсіз еліміз басынан өткерген қиындықтар жетерлік. Сол көп қиындықтың бірі – рухани кеңістігіміздегі нарықпен болған бетпе-бет кезеңі. Өмір сүру үлгісі мүлде бөлек, қоғам мен адам ара қатынасын анықтайтын философиясы да біздің ой-санамызды қалыптастырған ана дәуір ақиқатымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, басқа тұрпат­ты қарым-қатынастар…
Міне, осындай кезеңде өмір сүріп, ғұмыр кешіп жатқанымызда билік құлағына ұлтының мақсаты мен мұратын бәрінен жоғары қойып, осы жолда ештеңеден таймайтын, бұрылмайтын, өзін де, өзгені де алдамайтын жандардың келуі, басқаруы жарқын істерге апарары сөзсіз. Мына біз айтып отырған жобаның басы-қасында да дәл осындай елжанды тұлғалар тұрғанына күмән жоқ. Сондықтан да болар:
бұл жобалар – жоғымызды түгендеу, барымызды баршаның игілігіне айналдыру шаруасының өрістеуіне ашылған жол сықылды;
бұл жобалар – елдік мұрат-мүддені ойлаудың жарқын көрінісі сықылды;
бұл жобалар – құба даланың біртуар перзент­терінің бүтін бітімін, бөлек болмысын кейіптейтін сықылды.
Көптің ойы мен санасын сансыратып, Ар дейтін киелі де қасиет­ті ауылға тас атқызып отырған мынадай ғаламторға байланған сәт-сағат­тарда жақсы мен жаманның шекарасын белгілеп берер осындай июі қанық жобалардың мемлекет тарапынан қолдау тауып, жүзеге асуы – зор жетістік!
Біз, бұл аз-кем ой бөлісуімізде екі жоба төңірегінде сөз өрбітпекпіз. Бірі – «Жаңа Қазақ­станның әдеби-танымдық панорамасы» (жоба жетекшісі Бейбіт Сарыбай) деп аталды. Бұл жоба мазмұнында қаламгерлер еліміздегі облыс-облысты аралап, жаңа шығармалар жазса, екінші – «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақ­стандық жазушылардың зерт­теу жұмыстары» деп аталатын жобада (жоба жетекшісі Қасымхан Бегманов) архивтік материалдар негізінде дәйек-деректермен және бұрын айтылмаған, зерт­телмеген рухани үдерістің мәселелерін қағазға түсірді.
Ұлт­тық құндылық дейтін қасиет­ті қос ұғымды барынша әспет­теген осынау жобалардың болашақ ұрпаққа берері мол екеніне қайыра көз жеткізгендей болдық.
«Жаңа Қазақ­станның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы жас ақын-жазушылар үшін қуанышты хабар болғанын жасыруға болмас. Өйткені бұл жобада жиырмаға жуық жас қаламгерге мемлекет­тік грант тағайындалып, мұнымен қоса, олар елімізге қарасты әр өңірдің жаңа әдеби бейнесін қалыптастыратын жаңа туындылар жазды, нәтижесінде, қазақ әдебиетіне 20 тың туынды қосылды. Бұл жобаға қатысқан авторларға мемлекет есебінен жалпы соммасы 84 млн теңге болатын қаламақы төленді. Бұған да себепкер – Жазушылар одағы!
Бір қызығы, бұл жобаға одаққа мүше емес жас қаламгерлер де қатысты. Жастарға бұл әлдеқайда жеңілдік болғаны да жасырын емес.
Жоба шарты бойынша берілген тапсырмадағы аймақтың тұтас тыныс-тіршілігін әдеби туынды етіп, яғни проза немесе поэзия тілімен (повесть, поэма, толғау, т.б.) жеткізу болатын.
Жобада 9 поэзия, 11 проза бағытында жазылған шығарма Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бекітілген комиссиялық іріктеуден өтіп, 20 қаламгердің туындысы баспаға дайындауға өткізілді.
Эксперт­тік сұрыптаудан өткен 20 шығармаға арнайы редакторлар бекітіліп, өздеріне тиесілі әр туындыны бастан-аяқ оқып, редакциялық өңдеуден өткізді. Редакциялау демекші, бір-екі шығарма жоба талабына сай тақырыпты қозғап отырса да, шығарма мазмұнын жоғалтуға апаратын тұстары болғандықтан авторлардың өздеріне қайыра өңдеуге қайтарылып, содан ке­йін ол кітаптармен редакторлар қайта жұмыс істеуіне тура келді (уақыт­тың тығыздығы авторға да, редакторға да кері әсерін тигізбей қоймады). Әрине, болам деген жастың болбырамай, үлкен-үлкен тақырыптардың жалынан ұстағаны жақсы-ақ, бірақ сол ұстағанын ұқсата білуі одан да жақсы емес пе. «Айтушы ойын өзі үшін айтпайды. Өзге үшін айтады. Сондықтан ол ойын өзгелер қиналмай түсінетін қылып айту керек. Ол үшін айтушы сөйлейтін тілін жақсы қолдана білуі тиіс», – деген жоқ па Ахмет Байтұрсынұлы.
Алдағы уақыт­та мұндай маңызды жобаға қаламгерлер шығармаларын ұсынарда, алдымен, шығарманы сауат­ты (кейбіреуінде техникалық қателер өріп жүрсе, ал бір шығармаларда жай қарапайым үтір мен дефисті ажыра алмауы өте түсініксіз…) әрі көркемдігіне (ауызекі сөздерді көркем әдебиетке кіріктіре бермеуге, тіпті анайы сөздерді қолдануда сақтық танытса екен) аса мән бере отырып жазып, сосын барып ұсыну керегі ескерілгені дұрысырақ дер едік. Сондай-ақ жоба кітаптарының басылып шығуына мемлекет қаражат бөліп және қаламгерлердің қаламақысын төлеп отырғанын да кей қаламгерлеріміз ұмытпаса екен дейміз. Сондықтан «жазған шығармасына атүсті қарамау керек» деген талап жоба шартына енгізілсе, әсіресе прозалық шығармалар жоба сұрыптауынан өткізілгенде тап осындай олқылықтарға жол берілмесе екен деген сұраныс айтар едік.
Бұл жобадағы кітаптарға бес редактор бас-көз болып, редактуралық жұмыстарына кірісті. Алайда баспаға берілген уақыт­тың тығыздығына орай редакторлардың тым қарқынды түрде жұмыс істеуіне тура келді. Әр кітапты тыңғылықты қарап, ұзағырақ отыруға мүмкіндіктің бола бермегенін де жасырмаймыз. Әсіресе редакторлардың шығарманың алғашқы нұсқасын оқып, бет­теуден ке­йінгі нұсқасын қайы­ра қарап шығу деген сияқты жұмыстардың өзі де біраз уақыт­ты «ұрлады». Мұның бәрін ежіктеп айтуымыздың себептері де жоқ емес. Мәселен, жоба шығармаларының тым аз уақыт­та жазылуы, одан комиссиялық сұрыптаудан өтуі мен бекітілуі, сосын барып баспаға келуі – барлығы да сапалы дүниенің жазылуына кедергі болмады деуге тағы болмайды.
Кәсібіміз тілге байланысты, ынтызарымыз бен іңкәріміз сөз өнеріне қатысы болған соң кейде осындайда көрместі де көресің, болымсыз дейтін бірдеңелерге де діт­теп көңіл бөлесің. Жалпы айт­қанда, алдағы кезеңде осындай жобаларға ұсынылған шығармаларды сұрыптап-іріктеуде сақтық пен мұқият­тылықты ұмытпағанымыз да жөн-ау. Мұндайда кәсіби өреміздің биік болмағы керек-ақ.
«ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақ­стандық жазушылардың зерт­теу жұмыстары» жобасы негізінде 16 автор КСРО архивтеріндегі қазақ әдебиетіне, мәдениетіне қатысты деректерді (архив, музей, кітапхана) жинақтай отырып, жеке-жеке кітап етіп жазып шықты. Бұл жұмысты жүзеге асырған қаламгерлерге 67 млн 200 мың теңге қаламақы төленді.
«Авторлар кімдер және олар қай елдерге барды?» деген сауалға жауапты – жоба жетекшісі Бегманов Қасымхан аға өз кітабының кіріспесінде кеңірек түсіндіріп өтеді. Біздің міндетіміз – авторлардың жазған дүниелеріне жауапты редакторы ретінде бірер ауыз тілеулестігімізді білдіру.
Бұл бағыт­та ұсынылған еңбектердің барлығы дерлік жобаның қабылдау шарт­тарына сай жұмыс атқарған. Тек ішінара бір-екі іссапарлық жұмыс баспа талаптарына сай, яғни кітап етіп жинақтау мәселесінде кемшін түсіп жат­ты (қолжазбадағы бет саны жоба шартында көрсетілген баспа табақтан тым аз, материалдарды құрап жеткізудегі сөздік қор әлсіз, сапасыз фотосурет­тер). Материал дайындау кезінде жіберіп алған осындай кемшіліктерді сол авторлар өздерінің кітап нұсқасынан-ақ байыппен қарауына болады.
Біздің құрам вордтық нұсқамен келген жазбаларды мүмкіндіктері барынша кітап нұсқасына келтіріп, рет­тілікпен жинақтауға, редакциялауға, көркемдік дизайнын үйлестіруге аянбай тер төкті.
Негізінде, архивтік материалдарды тым көркемдік қалыпқа сала беруге де болмайды. Себебі архив құжат­тары көркемдік редакциялауды аса қажет етпейді, нақты дәлел-дәйектерге көбірек жүгінеді, сондай-ақ фотосурет­тердің анық та сапалы болуы ескеріледі. Осындай қателіктерді өз кезегінде ескерусіз қалдырып, оған аса мән бермеген авторлар алдағы кезеңде бұл мәселеде де мұқият­тылық танытады деп сенейік.
Архивтік бағыт­тағы жобаның жетекшісі Қасымхан Бегманов ағамыз бастаған жазушы, ғалым және тарихшылардан құралған 16 адам – 8 мемлекет­тің (Қырғызстанға – 1 адам, Тәжікстанға – 1 адам, Өзбекстанға – 2 адам, Бакуге – 2 адам, Арменияға – 1 адам, Грузияға – 1 адам, Ресейге – 4 адам, Белоруссияға – 1 адам, Санкт-Петербургке – 3 адам) және оның ішінде, Ресейдің 5 қаласында болып, деректі материалдар жинақтады.
Ендігі сөз кезегінде осы айтылған мемлекет­тердің мұрағат­тарында жұмыс істеген авторлардың архивтік еңбектеріне пікірімізді ойымыздың иін қандырып, жеріне жеткізе алмасақ та, мазмұнына қысқаша аялдап өтуді жөн көрдік.
Профессор ұстаз Қанипаш Мәдібаева жасының ұлғайғанына қарамастан, сонау Армения сапарынан салмақты дүниелерді сұрыптап, «Алыс та жақын Армения» ат­ты сапалы еңбегін ұсынды.
Қаламгер ғылыми-танымдық очеркінде орта ғасырлардағы армянжазулы, қыпшақтілді жазба мұраның зерт­телу, игерілу нәтижелері, келешек міндет­тері; қазақ қаламгерлерінің шығармаларын армян тіліне аудару, көркемдік негіздерінде зерделену тәжірибесі; Қазақ­стан әдебиеті бойынша жасалып отырған осы заманғы зерт­теу бағыт­тары туралы маңызды деректерді жинақтады.
Әзербайжан Республикасына әдебиетші әрі кәсіби ғалым Құлбек Ергөбек пен филолог-ғалым Айткүл Досыбаева барды.
Бұл сапарда ғалымдар Әзербайжан Республикасының Ұлт­тық мұрағат басқармасына қарасты архивте, Кавказ аймағындағы ең үлкен кітапханалардың бірі, 25 бөлім мен 26 филиалдан тұратын, қорында 4 млн 513 жазбаша туынды бар М.Ф.Ахундов атындағы Мемлекет­тік кітапхананың архивтерінде, сондай-ақ 120 000 құнды экспонат сақталған Н.Гәнджәуи атындағы Әдебиет мұражайында болып, тың материалдар жинап, қоржындары толы оралды. Алдағы уақыт­та қазақ-әзербайжан әдеби байланыстарын нығайтып, мұрағат­тық деректер алмасуды да уағдаласып қайт­қан.
Ал ақын, этнограф-зерт­теуші Қасымхан Бегманов Грузия мемлекетінің астанасы Тбилисиде болып, «Қазақтың саяси тұлғалары мен қазақ ақын-жазушыларының Грузиямен әдеби-мәдени байланысы» ат­ты тақырып аясында ауқымды зерт­теу еңбегін жазып, жобаға ұсынды.
Зерт­теуші Грузияның Ұлт­тық мұрағатынан Жамбыл атамыздың дауысы жазылған 49 минут­тық деректі фильмді және Жамбыл мен Кененнің Шота Руставели ескерткіш-бюстінің қасында түскен, бұрын еш жерге жарияланбаған суретін тапты. Мұнымен қоса 1937 жылы сол елге Жазушылар одағының төрағасы М.Қаратаев бастап барған делегация құрамындағы Ж.Жабаев, К.Әзірбаев, М.Қаратаев, Т.Жароков және П.Кузнецовтардың қай қонақүйге тоқтап, қай жерлерге барғандары туралы ведомостьқа қойған қолдары мен болған мекемелерді анықтады. Мұның барлығы біздер үшін жарты бет­тік пікір болғанымен, осынау істің астарында қаншама еңбек пен төккен тердің сыры жатқаны анық.
Елімізге іргелес жатқан Өзбекстан Республикасына Момбек Әбдіәкімұлы мен Жанат Әскербекқызы іссапарлады.
Жалпы М.Әбдіәкімұлының жоба ісіне асқан жауапкершілік танытқанына жазған еңбегі дәлел. Қаламгер бүгінгі буынның назарынан тыс қалған авторлардың жазбаларын, есімдері белгілі ақын-жыраулардың елге белгісіз жырларын жинастыруға аса мән бергенін де аңғарамыз. Осындай ерекше жұмыс істеу тәсілімен тарихшы ХХ ғасырдың басында Түркістан өлкесінде өмір сүрген ақын-жазушылар (Шәді төре, Нұралы Нысанбайұлының жұртқа беймәлім дастандары т.б.) мен саяси қайраткерлердің (Нәзір Төреқұловтың қазақ мәселесі жайында өзбек тілінде жазылған екі-үш мақаласы, Тәңірберген Отарбаев, Тұрар Рысқұлов, т.б.) осы күнге де­йін көпшілікке беймәлім болып келген біраз еңбектерін, сонымен қатар «Сәуле», «Ақжол», «Түркістан уалаятының газеті» «Үш жүз», «Алаш» тәрізді басылымдарға сол кезеңдегі қазақ қаламгерлерінің жазған түрлі тақырыптағы дүниелерін көшіріп, «ХХ ғасырдың басындағы түркістандық қаламгерлердің жазбалары» ат­ты жинаққа біріктіріп, жеке кітап етіп дайындады.
Ал филолог-ғалым Жанат Әскербекқызы ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзі мен әдебиетіне, мәдениетіне қатысты материалдарды, қазақ тіліндегі сирек басылымдарды анықтай отырып, «Шолпан», «Кедей айнасы», «Жас қайрат» журналдарынан мәлімет­тер, сонымен қатар өзбек ақыны Ғафур Гулямның музей-үйіндегі қазақ қаламгерлерінің фотосурет­теріне сүйене отырып, екі ел арасындағы қаламгерлік байланыстан біраз мағлұмат­тар жинақтаған.
Ақын Любовь Шашкова Беларусь еліне барған іс сапарынан «Породненные войной и целиной» (по архивным документам) г. Минск» ат­ты еңбегін әріден, сонау кеңестік кезеңнен, яғни Қазақ­стан мен Беларусь елдерінің байланыстары өткен ғасырдың отызыншы жылдары Жазушылар одағының құрылуынан бастау алғанын, 1936 жылы Минскіде КСРО Жазушылар одағының пленумы өтіп, сол жылдары Абай, Жамбыл, Ілияс Жансүгіровтің өлеңдері алғаш рет беларусь тілінде жарық көргенін құжат­тармен нақтылайды.
Автор І.Жансүгіровтің «Сәлемдесу» (1936), Петр Глебканың «Сәлемдесу», Абайдың «Қыс», Жамбылдың «Бесік жыры» (1980) өлеңдерінің беларусь тіліне аударылған құнды қолтаңбаларын, майдангер С.Сейітовтің Максим Танкпен өзара аудармаларын және Ә.Әлімжановтың КСРО Жазушыларының V съезінде (1971) сөйлеген сөзінің «Литературная газетадағы» үзіндісі, машинкаға басылған баяндамасы және азат етуге қатысқан майдангерлер Әди Шәріпов пен Тахауи Ахтановтың сөздерін тапқан.
Қаламгер Серік Сағынтай Ресейдің Томбы қаласына барған арнайы сапар барысында Алаш қозғалысының қайраткері Әлімхан Ермеков жайында; күрделі ілім иесі, энциклопедист-ғалым, әдебиетші және саяхатшы, қазақ тарихына сіңірген қызметі аса зор Григорий Потанин, Николай Ядринцев, Г.Потаниннің шәкірті Георгий Гребенщиков, қазақ сахарасының аң-құсын зерт­теген жазушы-ғалым Максим Зверев, Сахалин аралын мекендеген нивх халқының жалғыз жазушысы Владимир Санги, т.б. қаламгерлер турасында жүргізген ізденістерінің нәтижесінде «Қазақия, Сиберия…» ат­ты тамаша филологиялық эссесін жазып шықты.
Филолог-ғалым Ақеділ Тойшанұлы Қырғызстанда болған іссапарынан «Түрік халықтарының әдет-ғұрыптары» ат­ты көлемді еңбегін тиянақты аяқтап, жобаға ұсынған.
Ғалым бұл сапарында қазақ әдебиеті, фольклоры, қазақ-қырғыз қалам қайраткерлерінің байланыстары туралы деректерді іздестірген. Сонымен қатар Алаш зиялыларының «Манас» эпосын жинау, зерт­теу ісіне Ш.Уәлихановтан ке­йін аса ірі үлес қосып, жалпы қазақ-қырғыз фольклорын жинауға бағдарлама жасап, осы істі сәтімен жүзеге асыра білгенін жан-жақты дәйектеді. «Манас» эпосы құндылығы туралы арнайы мақала жазып, қазақ-қырғыз ауыз әдебиетін жинауға экспедиция тобын ұйымдастырып, жетекшілік жасау ісіне зор үлес қосқан алаш ақыны М.Жұмабаев екенін архив деректері арқылы дәлелдейді және Жұмабаевтың «Бастауыш мектепте ана тілі» оқулығы қырғыз мектептерінде 1925–1928 жылға де­йін бағдарламада болғанын нақты құжатпен көрсетеді.
Ғалым Қырғызстан Ұлт­тық ғылым академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл-әдебиет институты Сирек қолжазбалар қорынан қазақ пен қырғыз халқына ортақ тұлғалар Кетбұқа жырау, Еңсегей бойлы Ер Есім туралы жыр-аңыздар қолжазбасын ала отырып, сол ежелгі замандағы ортақ батырлар Кетбұқа жырау, Едіге би, Есім хандар кітаптың тарауларында нысанға айналған.
Жазушы Нұржан Қуантайұлы Ресейдегі зерт­теу жұмыстарының нәтижесінде ХХ ғасырдың басындағы баспаханалар, түркі-мұсылман кітаптарын бастырған баспалар мен баспаханалар туралы өте құнды мәлімет­терді жинастырған.
Автор Ресей патшалығында ағайынды Каримовтардың, Хұсайыновтың баспаханаларынан, «Мағариф», «Шараф», «Үміт», «Нұр», «Тұрмыс» баспаларынан және басқа да баспа орындарынан шыққан қазақ кітаптарының қандай мұқабамен, қандай қағазбен, қандай кегльді қаріппен, кімнің демеушілігімен, қанша тиражбен шыққанын анықтап, өзге де архив материалдары негізінде толымды кітап жазып шықты.
Шығыстанушы Төрәлі Қыдыр Душанбе қаласында болып, ХV ғасырда мәмлүк-қыпшақтары тарапынан түркі әдеби тіліне (қыпшақ элементі басым) тәржімаланған түркі тіліндегі «Шаһнаманың» көшірмесін, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметінің» 11 қолжазбасының, Сопы Аллайар шығармасының қолжазбасын, сондай-ақ қазақ әдебиетінің тарихына қатысты құнды жәдігерлердің көшірмесін алып келді.
Жалпы, архив жобасы алаштықтардың болмысын жан-жақты қырынан ашып көрсетуге арналғандай маңызы зор жоба болды. Білімпаз, ғылымпаз, бір бойына бірнеше қасиет тоғысқан, қазақшасы қазақты еліктіретін Елдос Тоқтарбай бастаған жас ғалымдардың (Данияр Ихсан, Заңғар Кәрімхан, Ертай Біләл, Жауынбай Жылқыбайұлы) ізденістері мен қомақты еңбектері жоқ іздеген жобаның ұлт­тық құндылығын байыта түсті деп нық сеніммен айтар едік. Алаштанушы жас ғалымдардың жазған шығармаларын салмақтап-сараласақ, олардың қай нәрсеге де санасы сергек екенін айтпай-ақ ұғамыз.
Ғылым жолындағы жастарды тыңдай білудің өзі үлкен абырой екеніне осы жоба көзімізді жеткізді. Себебі өзіңнен ке­йінгілерді тыңдау, олардың еңбектерін әспет­темеу, бізде қалыс қалып қойғалы қашан. Расында, жастарды тыңдау – өсудің, өрісті кеңейтудің жолы, соларға зе­йін қою арқылы жан дүниеңді байытуға болады. Шамасы, Абайдың «тосып сөйлеу» туралы қағидасы осындайдан бастау алса керек.
Қаламның қадірі мен жазудың жүгін сезінген жас ғалымдарымыздан алда да тың ізденістер тоса отырып, тарих танығанға тағылым екенін қайыра танытса екен деген тілегіміз де зор.
Алла қолдап, бұйыртып жатса, алдағы күндерде де тап осындай білім іздеп, ғылым жолын қуған жастарды жоба тақырыбын жандандыруға көптеп тартып, қолдау танытып жатсаңыздар құба-құп дер едік және зор сауапты істердің бірі боларына күмәніміз жоқ.

P.S.:
Жоғарыда сөзімізге арқау болған шығармалар туралы айтар сөз көп, орын тар. Әсіресе архив жобасы – өзге елде жатқан өз дүниемізді өзімізге қайтарған мықты жобаның бірі емес, бірегейі болды десек, қателеспеген болар едік.

Қызжібек БӘКІР,
жоба кітаптарының
жауапты редакторы,
ҚР Ақпарат саласының үздігі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір