ҚАЛМҰҚАН АҒАМЕН ӨТКЕН БІР АПТА
Әдеби кеңесші болғаннан кейін тек таланттарды іздеп, табылып жатқанның өзінде тек солармен ғана жұмыс істемейсің ғой. Ең алдымен, жұртқа әдебиетті насихаттауың керек. Баспадан шығып жатқан, ел арасында елеулі әңгіме арқауына айналған шығармаларды жергілікті радио, телевидениеден, газеттен насихаттап отыру да – тікелей міндетің. Кейде Алматыдан екі-үш жазушы келіп, солармен бірге ел аралап, жұртпен кездесіп әлгіндей насихат жұмыстарын жүргізесің.
Бір күні сондай іс-сапармен Жазушылар Одағының әдеби үгіт-насихат бюросынан бастығы Қалмұқан Исабаев ағамызбен бірге Маңғыстаудың төл перзенті Маршал Әбдіхалықов ағамыз келді. Оларды келген күні үйге шақырдым. Қалмұқан ағам қуақы мінезді, көңілді адам екен. Пәкене бойлы. Басы – шыбын тайғанап құлардай жып-жылтыр. Сол отырыста етектей үлкен орамалмен еңбегінің үстін сүрте берді. Еңбегін соғыста оқ жалап өткен екен де, самолетке мінсе, осылай сыр беретін көрінеді. Оны жанамалап қана айтты да: «жалпы кейінгі кезде су тақырыбын көп жазып жүр едім, миым да су боп кеткен ғой», – деді. Біз күліп жатырмыз. Ертеңіне жолға шықтық. Қастарына мені ертіп алды. Біз де сол сапарда Маңғыстаудың талай жерін – Шетпені, Бейнеуді, Форт-Шевченко аудандарын араладық. Мұнайлы аймақтарға бардық.
Менің әдеби кеңесші болып жүргенімде алғашқылардың бірі боп келген жазушылар болғаннан кейін бе, әлде тосын сәттер, тосын әңгімелер естігеннен кейін бе, олардың сол сапары ойымда көбірек қалыпты.
Бір күні шалғайда жатқан «Ақшымырау» ауылына бардық. Әдетте шалғайда жатқан ауылға қонақ дегеніңіз сағындырып, тіпті зарықтырып барып келеді ғой. Бұлар да сол жер мойынының қашықтығынан, келмей кеткен нағашыларын күтіп алғандай, құрақ ұшып қызметтерін көрсетті. Аста-төк тағам түрлері, арақ-шарап, Маңғыстаудың өз тілімен айтқанда епіршігі бір қарыс шұбат, мелдектетіп ішіп, кеңірдектетіп жеп жатырмыз. Обалы не керек, Қалмұқан ағамыз бар жерде де арақ-шарапқа ернін тигізер-тигізбей дәм татып қана тоқтатып қойып жүр. Әдетте жұрттың жерлеске деген ықыласы асып-төгіліп кетеді ғой. Маршал ағамызға да солай болды. Ауылда төбесі ашық клуб бар екен. Кездесуге соған бардық. Маршал ағам әбден қызара-бөртіп алыпты. Ел адамдары да, біз де сөйлеп жатырмыз. Сөз кезегі Мәкеңе келді. Ол кісі албаты артық сөзге жаны қас, сондай бір таза әулиедей адам еді. Ақкөңіл еді. Жұрттың ықыласын қимай көбірек асап қойған болу керек, мінбеде тілі тұтұғыңқырап сөйлеп тұрды да, жақсы тілек, жақсы сөзін айта кеп: «Ал айналайын жерлестерім, сол үшін алып қояйық», – дегені. Ішкен адамда не ес болады, кейде қайда тұрғанын, не айтқанын білмей қалады ғой. Солай болды. Жұрт деген қыран-топан күлкіге батты. Бірақ ешкім де ол кісіні кінәлап, күстаналаған жоқ. Кейбіреулер айта жүретін әңгіме болды-ау деп мәз болысты.
Біз ол ауылға бір қонып жолға шықтық. Жетібайға келген бетімізде Маршал ағамыз, ағайындарымен кездесіп, сол жерде қалып қойды. Біз Форт-Шевченкоға өтіп кеттік. Сол Форттан шығып Ақтаудың дәл іргесіндегі Ақшұқыр ауылына келіп, сапарымызды аяқтамақпыз. Қалмұқан ағамыздың қыр-сыры да, қызығы да сол ауылда басталды…
Бір аптадай сапар үстінде бірге болғаннан кейін, бір-бірімізді кәдімгідей жақын тұтып қалғанбыз. Әңгімеге, әсіресе іліп-қақпаға ұста Қалекең Маңғыстаудағы ең соңғы ауылы болғаннан кейін бе, әлде «сапар да аяқталып қалды ғой өзім де енді бір демалайыншы» деді ме елу грамдатып сілтеп-сілтеп жіберді. Содан кейін-ақ сөздің тиегі ағытылып, – жүре берді дейсің.
– Маған сонау алыстағы неміс жерінде комендант болып істеп жүргеннен гөрі, еліме кеп жұмыс істеу әлде қайда қиын болды. Елден мүлде шығып қалыппын. Көп нәрседен кенжелеп, көп нәрседен мақұрым қалғанымды білдім. Көп нәрсенің мәнісін білмеймін. «Білмеген у ішеді» деген тап рас. Біраз жүріңкіреп барып «Социалистік Қазақстан» газетіне қатардағы тілші боп орналастым. Әдебиет бөліміндемін. Бөлім басшысы –Серік Қирабаев. Газетке хат деген толассыз келеді де жатады. Әрине, оның бәрін жариялай бермейсің. Сұрыптауың, іріктеуің керек. Не болғанда да, келген хат, елеусіз, ескерусіз қалмауы керек. Жариялауға жарамаса, оған ізін суытпай жауап жазу – тікелей міндетің. Бір күнде ондаған хат келеді. Әдебиет бөлімі болғаннан кейін өлең де, әңгіме де, тіпті кішігірім повестер де болады. Солардың бәрін де оқып шығуың керек. Бір күні Кенен Әзірбаев деген біреуден хат келді. Ол кісі ол кезде мен үшін – біреу, яғни көптің бірі. Өлеңдерін оқысам әлі шикі сияқты. Сыртта жүргеннің, елден жырақ қалғанның бәлесі ғой. Ол кісінің есімін естуден аманмын. «Өлеңдеріңіздің бір қайнауы ішінде екен. Әлі де қарай түсіңіз. Көбірек ізденген дұрыс. Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекқожин, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиевтың шығармаларын қайта-қайта оқыңыз», – деп жауап жазып жіберейін. Жазған басым ол кісінің атақты адам, халық ақыны екенін қайдан білейін. Ол кісі хатты алып, біреулерге оқытады да: «Әй, мына біреу не оттап отыр?» – деп, бірден Орталық комитетке телефон соқпай ма?! «Осындай да, осындай, Қалмұқан Исабаев деген біреу мені мазақ қылғандай әңгіме айтып, өлеңімді жарамсыз етіп, газетке жарияламай қойыпты», – деп менің жер-жебіріме жетіп шағымданбай ма. Не керек, мені көп ұзамай жұмыстан шығарып жіберді, – деп бір сөзін аяқтап тастады.
Тағы да бірер рюмка жұтылып кетті. Сөз тиегі де ағытылып, едәуір екпін кіре бастады. Тіл шешілгеннен кейін-ақ, тағы да ол тілдің тікенегі болса, кім болса да тиісіп, түрткілеп кететін әдеті ғой. Қалекең де ананы бір, мынаны бір түрткілеп, қамтып орап бара жатты. Қонақ қой деп, жігіттер де үндемейді, мен де үндемеймін. Үндемегеннен кейін ол кісі тиісуін үдете түсіп, бізді көзімен бір шолып, тіпті шағын денесін жарықтық ақаңның күшін-ай, қозғап, жан-жағына көтеріліңкірей қарап: «Шеттеріңнен қуыршақтай боп отырыстарыңа болайын, біздің Баянауылдың жігіттері шеттерінен сұңғақ бойлы, қақпақ жауырынды, бұйра шашты болып келеді», – дегені. Сәл-пәл дағдарып қалдық. Сонан кейін мен Қалекеңнің бір тұтам тұрқын көзбен шолып: «Сізге қарап сенеміз», – дедім. Ешкімге дес бермей сайрап отырған Қалакең үзілген жіптей боп кілт тосылып қалды да, менің бетіме қарап алып, қолын шапалақтап ал кеп мәз боп күлсін. Қалған жұрт та мәз. Әсіресе олар сөзден ұсталып қалған Қалекеңнің, шамданбай, қайта өзі бірінші болып, өзін-өзі әжуалап күлгеніне риза болып еді. Қалекең жарықтық нағыз демократ еді-ау.
Түскі шай ішіліп болған соң жігіттер бізді ауылдан оқшауырақ теңіздің жағасына алып барды. Аппақ шағыл құм. Сусып тұр. Тап-таза. Аяғыңа тіпті шаң түгілі тозаң қонбайды. Шағын дастарқан жайылды. Қалекең жігіттердің қау-қаулаған ниетіне риза болды ма, жоқ әлде елу граммдатқанның екпіні ме, тіпті екеуінің желі қосылып кетті ме, әйтеуір сөздің тізгінін ешкімге берер емес. Бір кезде ақшағыл құмды қолымен көсіп алып, әлдене еске түскендей
– Жігіттер, мен сендерге бір әңгіме айтайын, – деді. Біз құлағымызды түре қалдық.
– Баяғыда неміс жерінде комендант болып жүргенімде мені Мәскеуге шақырып алды. Кел деген жерге барсам, отыз шақты қазақ жігіті келіпті. Кілең офицерлер. Әр қайсымыз әр салада қызмет атқарыппыз. Бәріміздің де атқарған қызметімізге Отан риза екенін, енді бізге жаңа, өте жауапты қызметтер жүктелетінін айтты.
Не керек, біз Қытай елінің қазақтар қоныстанған жеріне диверсант болып баруымыз керек екен. Міндетіміз – қазақ ауылдарын аралап жүріп, оларды елге қайтуға үгіттеуіміз керек. Әрине, тыныш жатқан елдің қопарыла көтеріліп көше қоюы қиын. Сондықтан олардың бойына үрей кіргізу керек, яғни әр ауылға барғанда жақында мұнда
гоминьдандықтар келіп сендердің барлықтарыңды қырып тастайды, сондықтан тезірек Қазақстанға өтіп алғандарың жөн дейтін сөздермен оларды қорқыту керек. Түпкі мақсат – ел ішінде іріткі туғызу. Оларды осы сөздерге қалай да иландыру керек. Әрине, өте жұпыны киінген жөн, өздеріңді азап көрген жан етіп көрсетіңдер. Туған ауылымның бір адамын қалдырмай қырып тастады, ал мен олардың қолдарына түспей, әупіріммен сытылып кеткен бейбақпын деулерің керек. Қолға ешқандай қару алуға болмайды.
Ол кезде партия айтты, Отан солай деді. Бітті. Қолыңды шекеңе қойып, кілт бұрылып орындауға аттанасың. Біз де сөйттік. Әрқайсымыз бөлек-бөлек кеттік. Содан кейін олардың біреуін де көрген емеспін.
Қытайға өтіп, міндетіме кірісіп кеттім. Әр ауылға барып жасырынып, бұқпантайлап жүріп адамдармен кездесем. Гоминьдан жағынан да аңдушы адамдар бар екенін білдім. Тамақ сұраймын. Киім сұраймын. Өйткені үстімдегі жұпыны киімдерім әбден тозып, жұлым-жұлым бола бастаған. Нағыз қайыршының кейпіне кіргем. Әсіресе биті шыдатпайды. Айдалаға шығып, осындай ақшағыл құмды тесіп ағып жатқан тұма-бұлақтардың басында шешініп от жағып, дамбал-көйлегімді қақтап алам. Бит деген – не деген сірі. Сонда да құрымайды. Құрымайтыны былай тұрсын бұрынғысынан бетер талайды. Әсіресе ұйқы бермейді-ау, ұйқы бермейді. Азаптың азабы. Қашып-пысып, қаңғып жүрген адамға тіпті қиын. Әбден итім шықты. Содан кейін бір күні, көйлек-дамбалымды ішіне құм толтырып олай-бұлай шайқадым кеп шайқадым кеп. Сонан кейін киініп алдым. Ой, тоба-ай, моншадан шығып таза киім кигендей болдым да қалдым. Ақшағыл құм битті сіркесімен қоса алып түсіпті. Мына ақшағыл құмды көріп, сол бір қиын күндерім есіме түскені ғой – деп сөзін аяқтады.
Мен сонда осы бір қалақтай ғана адамның басынан қаншама азапты күндер, күндер емес-ау, жылдар өткеніне, соның бәріне оның қалай төзгеніне таңғалған едім, осы күндерді таңдана еске алам. Төрт жыл соғыс, сонан кейін жат елде комендант, іле-шала Қытай жерінде диверсант болу оңай болып па? Соның бәріне шүйкедей басымен төтеп берген. Рухы неткен күшті жан.
Әлгі отырыстан кейін үйге қайттық. Қалекең ертең Атырауға ұшпақ. Үйге келе жатып ол кісінің соғыстан алған тағы бір тәшпішті зардабын көрдім. Басынан контузия алған ғой. Содан ба, ішіп алған кезінде, жүрсе болды, не олай, не былай бұрылу дегенді білмейді екен. Тіке тарта береді. Алдындағы кесе көлденең үйдің қабырғасына тіреліп қалса, жүріп келе жатқандай екі аяғын кезек-кезек басып, біреу жетектеп алып кетпесе, сол жерде тұра береді екен. Бұл да бір соғыстың қалдырып кеткен бәлесі ғой.
Үйге келдік. Дастарқан дайын екен, бірақ Қалмұқан ағамыздың оған мұршасы болмады. Бірден Шолпанға залдан төсек салдыртып, шешінуіне көмектесіп жатқыздым да, алаңсыз демалсын деп, есікті жауып, шығып кеттім.
Бір кезде, сәлден кейін, Қалекең жатқан бөлмеден салдыр-гүлдір етіп, гүрс-гүрс төңкерілген, аударылған заттардың дауысы басталды да кетті. Ол бөлмеде төбелес болып жатқандай. Шамалы тыңдап тұрдық. Басылатын емес. «Ойбай-ай, жақында ғана алған хрусталім құрыды-ау», – деп Шолпанның жаны шығып барады. «Құрыса-құрысын, мен енді ол кісімен барып жағаласа алмаймын. Тоқтатпақ болсам одан сайын өршіп кетуі мүмкін. Не болғанда да ертеңді күтейік, қашанғы алысар дейсің, шамалыдан кейін басылар», – дедім. Шынында да шамалыдан кейін басылды. Содан кейін біз де демалуға кеттік.
Таңертең тұрып, самолеттің ұшатын уақыты тақап қалған соң, Қалекеңді оятпақ боп есік ашсам, бөлме іші астан-кестең. Үстел де, орындықтар да, шағын диван да, кітаптар да әр жер-әр жерде шашылып, дөңкиіп-дөңкиіп жатыр. Қалекең көзін ашып, жалтыр басын бір сипап, жан-жағына қарады да:
– Түу, тағы да Қонаевпен, Әшімовпен төбелескем екем ғой – дегені.
Мен онша түсініңкіремей қалдым да, уақыт жақындап қалғанын айтып, тезірек шай ішіп алайық – деп жатырмын.
Шай үстінде жаңағы сөздің жайын сұрадым. Сөйтсем, төрт жыл соғысқа қатысып, бораған оқтың астынан өтіп, содан кейін комендант болып түйілген қабақ, түнерген жүздермен күнде кездесіп, зәрезәп болған, Қытай жеріне барып қауіп пен қатердің «қылкөпірінен» өтіп, өлдім-талдым дегенде еліне оралған Қалмұқан Исабаев әлі күнге дейін қуықтай бір бөлмеде тұрады екен де, анда-санда осындай ішкен кезінде төбелес шығарады екен. Төбелескенде анау-мынаумен емес, тура Қонаевпен, Әшімовтармен төбелеседі екен. Соншама қиындықтарды басынан өткеріп келіп, өз елінен дұрыс пәтер ала алмағанына күйінеді ғой. Күйінген соң, ішіп алғанда контузия болған адамның тұлабойын ыза кернеп, осындай бүлік шығармай қайтсін?!
Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғаным, елдің бар қиындығын жұртпен бірге, орыстармен де, басқа халық өкілдерімен де бірге көтеріскен қазақ баласы өз жерінде неге өгейлік көріп, шетқақпай болады? Одан басқа да қаншама ағаларымыз осындай теңсіздік көрген. Соған сен де ызаланасың, сен де күйінесің. Бірақ күйінгеннен не пайда?
Осы замандағы қазақтар да қатарға қосыла алмай келеді. Қалада қаңғып жүргендердің бәрі – қазақтар. Ауыл болса қаңырап қалды. Тәуелсіздіктің қызығын аттөбеліндей адамдар ғана көріп отыр. Байлыққа да, молшылыққа да белуарынан малшынып отырған – солар. Оларға «қой» дейтін – қожа,«әй» дейтін – ажа болмай отыр. Қайран Қазақстанды ханталапай етіп, талан-таражға салып тұралатып, төс табанын жерге тигізді. Тиым болар емес. Ел басқара алмау деген осы ғой. Елді білімді, қанағатшыл, өзі мен ағайын-туысының, бала-шағасының мүддесінен елдің мүддесін биік қоя алатын адам басқарса ғой, мұндай сорақылық болмас еді-ау. Азған заман ғой бұл.
…Азған заманда
Шындық дегенің
Үзіліп кетердей
Жіптей жіңішкеріп,
Өтірік дегенің
Қорсылдаған
Доңыздай семіреді.
Қыраның қырын ұшып,
Итің кері үреді.
(Үргенде де,
Темірді темірге соққандай
Шақылдап!
Миыңды кеміреді.)
Қулық дегенің
Жезөкшеден бетер
Қырық құбылып
Жылмаң қағады.
Сұмдық дегенің
Сұр жыланнан бетер
Сумаң қағады.
Түсінер, ұғар деп
Іс айтқан адамың
Тоғыз күн шіреніп,
Он күн керіледі…
Әділдікке
Тозақтың есігіндей –
Түрменің
Есігі ашылып,
Қылмыскер қарақшыға
Салтанатты залдарда
Орден беріледі…
Қазақ әдебиетінің қарапайым ғана қатардағы жауынгері болған, «мен мынаны істедім», «ананы атқардым», – деп мақтанбаған, бітірген ісін тізіп немесе өткен жолдарын алға тартып ешқашан бұлданбаған, өз орнын, өз шамасын жақсы білген, бірақ адал еңбек еткен Қалмұқан Исабаевты есіме ала отырып, осындай түрлі-түрлі ойға қаламын.
Кейіннен Алматыға бір келгенімде үйінде болдым. Жап-жақсы пәтер алыпты. Өзімен бірге мен де қуандым.
Темірхан МЕДЕТБЕК