ХАЛЫҚҚА ЖАРЫҚ СЫЙЛАҒАН
Шығыс өңірінің мамыражай, әсем табиғаты қашан да жаныңды шуаққа бөлейді. Тал, қайыңдары көкке өрлей өскен тауларынан асқақтық дарытып, сыңғырлай аққан бұлақтарынан сыр аулайсың. Көл жағасындағы көк желектері мен орман, тоғайларында сайраған құстар үнінен көкірегіңе күй ұялатасың. Осы өлкеде туып-өскендердің жайсаң жанды болатындары табиғат-ана әлдиінің өзгеге ұқсамас ерекшеліктерінен-ау деп ой түйесің.
Аталмыш өңірдің ауасын жұтып, суын кешкен, титтейінен биік армандарға құлшыныс танытқан Ерболат Әлпиевтың қол созған межелерін уақытылы игеруі туған жер табиғаты берген нәрінен болса керек… Ол ата-ана тәрбиесі мен мектеп қабырғасында жүргенде-ақ алғырлығы мен бүршегелдігін таныта білді. Ұстаздары да Ерболат Сайфоллаұлынан көп үміт күтті. Оқуға деген, сол оқығанын жан сарайында тоқуға деген ынта-ықыласы басқаша шәкірт сенім үдесінен шығуға ұмтылды. Орта мектепті өз қатарластарының алды болып тәмамдаған ол 1987 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтына түсіп, оны «инженер-электрик» мамандығы бойынша ойдағыдай бітірді. Алғашқы еңбек жолын өзі туған Шығыс Қазақтан облысы, Зайсан ауданындағы электр жүйесінде жай инженерліктен бастап, диспетчер, Оңтүстік аймағының диспетчерлік қызмет бастығы, Зайсан АЭЖ бас инженері, одан сол АЭЖ бастығы болды. Араға жыл салып Оңтүстік аймағының директорлығына тағайындалды. Таңдаған өмірлік мамандығы бойынша талай белестерден өткен ол енді «ШҚ АЭК» АҚ Пайдалану департаментінің директорылығына ауыстырылады. Келесі жылы сол жағалау аймағының директорлығына бекітіледі. Ұйымдастыру қабілеті жоғары әрі облыс бойынша халықты жарықпен қамтамасыз етудегі тәжірибесі мол маман 2013 жылы Шығыс Қазақстан Аймақтық Энергетикалық компаниясының Аймақтар бойынша басқарушы директор қызметіне жоғарылатылды.
Ерболат ЭЖ қай буынында еңбек етсе де өзін шынайы шеберлік тұрғысынан таныта білді. Әрі сол ортаға сапалы жұмыс істеудің үлгісін үйретті. Мәселен, электр жүйесі бойынша ТМД елдері арасында 2007 жылы Белоруссияда өткен командалар арасындағы кәсіби шеберлік жарысында «ШҚ АЭК» АҚ командасының үшінші орынды иеленіп, қола медальмен марапатталуы сол үйрету үлгісінің жемісті нәтижесі еді.
Әріптестері іскерлігі мен ізденгіштігін сүйсіне әңгіме ететін Әлпиев «ШҚ АЭЖ»-нің қай аудан, қай аймағында қызмет атқарса да сол желідегі жөндеу, жабдықтау сапасы 20-25 пайызға дейін жақсарып, АЭЖ-дегі тосыннан болатын апат қауіпі 18-28 пайызға дейін құлдырайды. Ол өз кәсібінің шебері екенін осылай, көз алдыда атқарған іс-әрекеттерімен дәлелдейді. Зайсан ауданы электр желісін басқара жүріп жаңа полигон салдыруы да Ерболаттың салалық нысандарға жауапкершілікпен қарайтынының бір көрінісі. Аймақтың барлық АЭЖ-де жабдықтар, техкластар ұйымдастыру да оның бүкіл ұжымды кәсіби шеберлікке баулуға ұйытқы болудағы бір тәсілі. Жарма, Шар аудандарында жүргенінде 40 жыл бойы жүзеге асырылмаған су құбырын тарттыруы көршілес аудан жұртшылығына аңыз боп тарады.
Осы Әлпиевтің бастамасымен 2009 жылы үш АЭЖ желілік бөлімше базаларында техникалық қызметкерлерді оқытатын арнайы жабдықталған техникалық мектептер ашылған. Онда желілік қызмет мамандарының біліктілігін жетілдіру мәселесі кеңінен әрі тиянақты жүргізіледі. Оқыту сапасы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұзақ жыл тәжірибеден өткен кәсіби шеберлер дәріс оқиды. Соның нәтижесінде жас мамандар диспетчерліктен бас инженерлік, кәсіпорын бастығы қызметіне дейін көтерілуде.
Ал Ерболаттың өзі дайындаған команда Астана, Талдықорған, Петропавл, Қарағанды қалаларында өткен кәсіби шеберлік байқауларында жүлдері орындарды жеңіп алса, Е.Сайфоллаұлы жарыстың төрешісі, бас төрешісі міндеттерін атқарды.
– Осынау, бұрынғы жылдары қалаларымыз бен аудан, ауылдарымызда электр жарығын үнемдеу үшін бірер сағат жарықты өшіріп қоятын жағдайлар болған. Ал қазіргі өмір талабы бүтіндей басқаша. Технологиялар заманында қас-қағым сәттік үзілістің өзі көптеген жұмыстарды ақсатады. Монтер, диспетчерлеріміз кезек-кезегімен сөткелей жұмыс істейді. Өйткені, халық алдындағы жауапкершілікті мүлтіксіз атқару, ел сенімін ақтау – парызымыз, – дейді Ерболат.
Өз кәсібіне деген мұқияттылықты жанына серік етіп, қызметкерлеріне жоғары талап қоя білетін Е.Әлпиевтің еңбегі ескерусіз емес. Ол әр жылдары аудан, қала, облыс әкімдерінің, республика Президентінің Алғыс хаттарымен, мақтау қағаздарымен марапатталса, 2012 жылы оған «ТМД құрметті энергетигі», 2015 жылы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген энергетик» атақтары берілді. Облыс халқын электр жарығымен қамтамасыз етудегі ұзақ жылғы табысты еңбектері үшін Аймақтар бойынша атқарушы директор «Құрмет» орденін кеудесіне тақты.
Міне, бұл халықпен етене байланыста атқарған қызметінің қашан да өз жемісін беретінінің бір үлісі.
Ендеше Ерболат, бұл күндері халқымызға жоқ атаулының бәрі мұң, Шығыс аймаққа қалтқысыз да үзіліссіз бер электрдің жарығын, – дейміз.
Еркiн КІРШІБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.