«Заң және тәртіп» қағидалары таныстырылды

«Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру шеңберінде қала прокуратурасы елорданың білім беру ұйымдарымен бірлесе кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмысты жалғастыруда.
Балалардың құқықтық мәдениетін, жауапкершілігін және заңға деген құрметін қалыптастыруға бағытталған жобалар кеңінен жүзеге асырылып жүр. Осыған орай түрлі әлеуметтік бейнероликтер түсіріліп, сурет байқаулары мен интерактивті іс-шаралар өткізілуде.
Осындай жұмыстың бірі бүгін №97 мектеп-гимназиясында «Әділет алаңы» құқықтық кабинеті ашылды. Нұра ауданының прокуратурасы буллинг тақырыбында оқу-сот процесін ұйымдастырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Келесі құндылық – әділдік және жауапкершілік. Шын мәнінде, бұл мемлекеттің де, қоғамның да айнымас темірқазығы болуға тиіс. Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайды, татулық пен келісім нығая түседі. Мен мемлекет басшысы ретінде Әділетті Қазақстанды құруды өзімнің басты міндетім деп санаймын. Президент болып сайланған алғашқы күндерден бастап әділдік қағидасын қатаң ұстанып келемін. Бұл идея 2022 жылы қыркүйекте жарияланған Жолдауымда толыққанды тұжырымдама ретінде көрініс тапты. Осы орайда «әділдік» ұғымының саяси риторикада және тәжірибеде қолданылуы белгілі бір сын-қатерлер туындатып, азаматтарды шамадан тыс үміттендіріп, олардың билікке талабын күшейте түсуі мүмкін деген пікір бар. Меніңше, бұл әділдік ұғымының аясын тарылтады, жұрт оны игіліктер мен ресурстарды тең бөлу деп қана қабылдайды. Шын мәнінде, әділдік – ең алдымен, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз. Әділдік пен жауапкершілік – тығыз байланысты ұғымдар. Басқаша айтсақ, жауапкершілік болмаса, әділдік те болмайды. Әркім өз ісіне, міндетіне жауапкершілікпен қараса, жеке азамат та, бүкіл ел де табысқа жетеді. Әділдіктің қуаты осында», – деп айтқаны да қоғам болып адалдық пен әділдіктің туын биік ұстауға үндейді.
Симуляциялық сот арқылы оқушылар құқыққа қайшы әрекеттердің нақты құқықтық салдарын және заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын көріп, өз жұмыстарын «Мен және терезеден тысқары әлем» атты кітап түрінде таныстырды.
Іс-шараға прокуратура мен полиция қызметкерлері, Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі А.Т.Бимендина мен депутаттар, білім басқармасының өкілдері, ата-аналар және оқушылар қатысты.
Мұндай бастамалар жасөспірімдер арасында заңға мойынсұну мінез-құлқын нығайтуға және дұрыс өмірлік бағдар қалыптастыруға ықпал етеді. Прокуратура әрбір баланың қауіпсіздігі, дамуы және құқықтық тәрбиесі үшін білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды одан әрі күшейтетін болады. Ел Президентінің: «Тағы бір маңызды құндылық бұл – заң және тәртіп. Заң алдында бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуге тиіс. Барша азамат, барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек. Заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушылық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тыйым салынады. Біз «жасампаз плюрализмді толық қолдаймыз, елге іріткі салатын радикализмге түбегейлі қарсымыз» деген қағидатты берік ұстанамыз. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсымыз жауаптымыз.
Әлемді шынымен өзгерткің келсе, өзгерісті қарапайым нәрседен баста деп бекер айтылмаған, яғни отбасыңда береке болуын ойла, жұмыс орныңды, үй-жайыңды, аулаңды ретке келтір, қоғамдық орында әдеп сақта», – деуі де заң мен тәртіп бәріне ортақ екенін айғақтайды.
М.РАЙЫМБЕКОВА