«АДАМ ҒАПЫЛ… НЕ СЕНІКІ?»
11.03.2016
3335
0

7102eab806f6Соңғы кездері ең көп айтылатын сөзді білесіз бе? Әрине, дағдарыс сөзі. Онсыз да өлмешінің күнін кешіп жүрген халықты «жағдай мұнан әрі қиындай түседі» деп, үрейлендіре түсу осы күні билік тарапынан көп байқалып жүр. Шынын айтқанда,  дәл бүгін бұқараның материалдық  жағдайы да, рухани дүниесі де үлкен дағдарысты бастан кешіп жатқаны жасырын емес. «Бұдан жаман күнде де тойға барған» қазақпыз ғой деп өз-өзімізді алдаусыратқанымызбен, ішкі дүниеміз апыл-тапыл боп тұратын заман болды бұл. Осындай тоқырау кезеңінде Алаш жұрты бір-біріне сүйеу болса екен деген ниетпен бүгінгі тақырыбымызды бұрынғы байлардың жомарттығы  мен  қайырымдылығы тақырыбына арнағанды жөн көрдік. «Қазақ кімді бай деген?» деп сауал тастай отырып, бүгінгі бай атанып жүрген   бауырларымызға ой салуға тырыстық. «Қазақ даласы қандай байтақ болса, қазақ байлары да  сондай кең, жомарт болған екен» деген әңгімені бүгін ертегідегідей қабылдаймыз. Біздің ұғымымыздағы бай басқа. Себебі, бүгінгі бай бұрынғы байдан өзгерек. Мақсаты басқа, пиғылы бөлек. Қазіргінің қалталысы – әуелгі қайырымы мен мейірімінен айырған нарықтың «төлтумасы».  Сондықтан болар,  өз байлығымда кедей-кепшіктің де «ақысы» бар деп ойламайды. Бәріне өзім жеттім, бәрі өзімдікі деп санайды. Кейде  арагідік  адамгершілік танытып жатқан қалталы көрсек, бөркімізді аспанға атып қуанамыз. Әлемдегі ірі байлардың қатарына енген отандас­тарымыздың байлығын айтып мақтанамыз. Ал олардан қазаққа қандай пайда тиіп жатыр дегенде ойымызға не түседі? Осы бізде «бейнет көрмей, дәулет жоқ» екенін ұғынудан гөрі, «байлық – мұрат емес, кедейлік – ұят емес» деп қарабайыр тірлікке тоқмейілсушілік мінез басым тұратыны неліктен? 


 

Безимени-6Ахмет ТОҚТАБАЙ,
этнограф:

– Қазақ ұғымындағы бай жай ғана материалдық игіліктерді иемденген адам емес. Ол дәулеті, рухани дүниесі әрі кісілігі бір жерге тоғысқан адам. 1890 жылдары орыс зерттеушісі Иван Броневский қазақ жеріне келгенде: «Қазақтың «бай» деген ұғымы орыстың «богатый» деген сөзінің баламасы емес. Бай болу үшін атағынан ат үркетін үлкен тұлға болу керек. Материалдық игіліктерге иелік етумен бірге, ақыл-ойы толысқан адам болуы керек», – деп жазады. Ол кісі қазақ жылқысын зерттеу барысында жылқылы байлар болмысына да үңіледі. Сонда: «Мыңдаған жылқы иеленген байлар бар. Оның бәрін бірдей қазақ бай деп атамайды. Қазақтың бай дегені айналасына қамқоршы, өз руын асырайтын адам», – деп көрсетіпті. Байдың міндеті – халыққа қарайласу. «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» деген сөз сол заманнан қалған. Түркі-моңғол этнографиясын зерттеген Папанов та «Қазақтың байы мен орыстың байы ешқандай мәндес, ұғымдас емес» екенін жазған. Қазақ байлары – ақыл-ойы, адамгершілігі, кісілігі, жомарттығы толысқан адамдар. Ал мыңғырған малын қара басы үшін пайдаланған адамды халық «Шық бермес Шығай бай», «сараң» деп мысқылдап, келемеж еткен. Қазақта «байдың тасуы», «байдың шүлен таратуы» деген ұғымдар бар. Байлардың жылына бір рет кедей-кепшікке мал үлестіру үрдісі. Қазақтың соңғы байы Тарбағатайда өмір сүрген қытайдағы  қазақ Басбай Шолақұлы Бапин. Алты мың қой, үш мың жылқы, екі мың сиыр біткен  бұл кісі өз малымен үйлендірген жиырма бір адамның  ішінде қазақ, орыс, қытай, ұйғыр, т.б. ұлт өкілдері бар. Бәріне өз алдына отау тігіп, еншісін бөліп берген екен. Осы кісіге деген ерекше құрмет ретінде олардың барлығы қазақша сөйлепті. Кореяда соғыс жүріп кезде көмек ретінде соғыс ұшағын алып берген екі адамның бірі осы кісі екен. Ұшаққа кеткен Басбай байдың малының тізімі әлі күнге дейін сақталған. Оған 4 мың қой, 100 жылқы, 100 сиыр, 100 түйе, 100 сәрі алтын атаған көрінеді. Ырысы шалқыған байдың сол ұшақ сатып алуға кеткен шығынының орны үш жылдың ішінде қайта толыпты. Басбай Кореяға ұшақты сыйлайтын уақытта, соғыс ұшағы деген нәрсені өзі көзімен көрмекші болып әуежайға келген соң: «Әттеген-ай, мынадай екенін білгенде екеуін сыйласам болғандай екен, қос аққудай бірге ұшып, бірге қонатын», – деген екен. Дәулетті қарияның Шәуешек-Шағантоғай тас жолындағы Емiл өзенiне көпiр салғызғаны да тарихта қалды. Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақ үкіметіне ер-тұрманымен бес жүз жылқы көмекке берген де осы кісі. Қытай жерінде қазір бұл кісінің музейі бар. Қазақ байларының сол соңғы тұяғы Қазақстаннан мықты зоотехниктар шақыртып, арқар, меринос тұқымдас етті, жүнді  асыл тұқымды қой шығарыпты. Ол қойларға сол кісінің есімі берілген. Қазір ол өңірде бұл қой екі млн.-ға жетті.

Ал  қазіргі қазақ байлары өзі үшін ғана дүние жинайтын дүниеқоңыздарға айналып кеткен. Меценаттықпен айналысатындары ілуде біреу ғана. Бұл жағынан келгенде Қытай еліндегі қандастарымыз бізден әлдеқайда жақсы. Керемет дәулетті болмаса да, ел мәдениеті, тарихы, руханияты үшін қолындағы малын аямайды. Мәселен, былтыр Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданында Байтайлақ батырдың ескерткіші орнатылды. Оған кеткен шығынды Жәлел деген қандасымыз өз қалтасынан төлегенін көзіммен көрдім. Сол секілді Алтайда Қалас деген әдемі көл бар. Миллиондап кісі келетін саяхат аймағы екен. Сонда келген қонақтар бұл жердің қазақ жері екенін білсін, олардың құндылықтарымен таныссын деп, Рахат атты бауырымыз жиырма гектар жерге ашық аспан музейін салдырып жатыр. Біздің қалталылармен салыстырғанда ол кісіні орташа дәулетті деп айтуға болады.

Қызыл империя біздің текті тұқымдардан тұяқ қалдырмай, байлардың бәрін Сібірге айдатып, ылғи құл-құтандарды қалдырды емес пе. «Құл құтырса құдыққа қармақ салады» дегендей, өңкей құл-құтандар қалғаннан кейін халық аза бастады. Мағжанның: «Айрылдық балпаң басқан батырлардан, Аузынан уыз төгілген маңғаз байдан», – деген өлең жолы осындайда туған. Біздің халық осы күні екіге жарылып, бай мен кедей болып өмір сүріп жатыр. Қарапайым халықтың жүрегінде бүгінгі байларға деген зіл бар екенін байқаймын. Бұл Қызыл империяның бай жаман, кедей жақсы деп миымызға әбден сіңіріп, қалыптастырып тастаған идеологиясының салдары ғой. Бізге бұндай  психологиядан арылып, еңбекке ұмтылу керек. Қазақтың жауы – жалқаулық.

Байлық тұқым қуалайтыны да рас. Алайда, тұқымымызда бай жоқ деп жата бермей, тынбай еңбек еткен адам бүгінгі қоғамда кедейліктен арылатыны өтірік емес.

Рисунок1Мәриям ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
ҚазМҚПУ Теориялық және практикалық
психология кафедрасының доценті,
психология ғылымдарының кандидаты:

–  «Бай» деген ұғымның мағынасы кең. Өз өмірін білім мен ғылым жолына арнап, пендешіліктен жоғары тұратын, көкірегі  ояу, көзі ашық, жан дүниесі рухани бай адамдар бар. Қай заманда болсын тіршілігін жүйелі арнаға түсіріп, «төрт құбыласы тең» дәулетті өмір сүре білген  адамдар да болады.   «Заманына қарай адамы» дейміз, дегенмен қай кезеңде де әркімнің өмірлік ұстанымын, жеке басының тағдырын, тіршілігін мағыналы құруы оның өз қолында екені анық. Әрине, бұрынғы бай мен бүгінгі байдың  айырмашылықтары бар екені рас. Қазіргі бай, қуатты адамдар өзінің өмірлік кредосын заман талаптарына сай құра білетін адамдар деп түсінемін. Алайда, біреудің  адал еңбегін пайдаланып, дүниеқоңыздықпен  мал жинап, өз айналасынан әріні көрмейтіндер де барын жасыра алмаймыз.

Меніңше, кедей-кепшік, мұқтаж жандарға қол ұшын беретін  үрдістен мүлдем айырылып қалдық деп айтуға болмас. Табиғи апаттардан зардап шегіп, барынан айырылып қалған жандарға, ауыр дерттің азабы меңдеп, емделуге қаржы тапшылығынан баршадан қайырым күткендерге, жетім балаларға, көп балалы отбасыға, қарттарға көмек қолын созатын арамызда Атымтай жомарт, аптал азаматтардың барын естен шығармау керек. Сондай жандардың «барды» көтере біліп, барын бауырына баспай, бөлісе білгені, әу бастағы бабалар жолын жалғастыруы емес пе. Мұндай кеңпейіл жандардың көп болғаны, әрине, жақсы.

Елімізде байлық, кедейлік мәселелерінің қаншалықты зерттеліп жатқанын дөп басып айта алмаймын. Бірақ байлық пен жарлылықтың тұқым қуалайды деген  пікірмен келіспеймін. Әрине, алдына мақсат қойып, соған жету жолында қандай кедіргілер мен қиыншылық кездессе де мойынсұнбай, нәтижеге ұмтылса, адам діттеген жоспарына әрқашан қол жеткізеді.

Біреудің жетістіктеріне шынайы қуану, кеңпейіл мен  ықылас таныту әлі де кемшін түсіп жататыны жасырын емес. Жақсыдан үлгі алып, жарасымды жағдайын жасап, үйлесімді тұрмысын құруға ұмтылудан гөрі қызғаныш, көреалмау сияқты сезімдерге бой ұратындар басым. Бұлар «ешқашан менің жолым болмайды» дейтіндер немесе еңбек етіп, белін ауыртқысы келмейтіндер, болмаса жастайынан еңбектің бағасын қадірлей алмайтын жалқаулар. Дана Абайдың «үшінші қара сөзінде»: «… әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады…».  Хакім Абайдан асырып айта алмаспыз, дегенмен байлық дүниемен өлшенбесе керек.

largeОмар ЖӘЛЕЛҰЛЫ,
әдебиеттанушы:

– Байлық туралы біздің көзқарасымыз байырғы тү­сіні­гімізден алшақтап кетті. Бұ­ған, әрине,  Кеңес үкіметінің әсері тиді. Бұл  өзі кедейлердің үкіметі болғандық­тан байларға қарсы теріс көзқарас қа­лып­тастыруға тырысты. Сөйтіп халықтың дәстүр­лі дүниетанымына балта шапты. Анығында, қазақ ешқашан да байлықты жек көрмеген. Керісінше «жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген түсінікпен өмір кешкен. Қазақтың бүкіл ертегісі, «сөйтіп, бай болып, мұратына жетіпті» деп аяқталады. «Кедей болып, мұратына жетіпті» деп аяқталатын бірде-бір ертегіміз жоқ. Ал қазақтың байы қандай болған дегенге келсек, кезінде қазақтың байы елдің құты болып есептелген. Ұғымның түбін қазатын болсақ, «бай» деген сөз Тәңірдің эпитеті екен. Мәшһүр Жүсіп атамыз «Аспан көк – байы, Жер Мағрұптың қатыны, …Көктен жаудырсын, жерден өндірсін», – дейді. Бүкіл дүние жұптан тұрады, тек Құдай ғана жалғыз, қалғанының бә­рі егіз. Біз қыз бала тұрмысқа шыққанда «байға шықты» дейтінбіз. Ал қазір қазақтың төл ұғымдарынан шошитын болдық. Соларды өз атымен айтуға рухымыз жетпейтіндей, тіпті оларды жаман сөз ретінде қабылдап, бәрін жұмсартып айтатын болдық. Күлтегін жазбаларында: «Жоғарыда көк Тәңірі, төменде қара Жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған» деп келеді. Бүкіл тіршілік иесі осы көк пен жердің некесінен дүниеге келеді екен. Яғни, ер адам көктің символы болса, әйел адам жердің символы. Қазақ дүние танымы осындай іргелі ұғымдарға арқа сүйейтін, соған негізделетін. Өкінішке орай біз мұны қазір ұмытып кеттік.Көк – байлықтың, құттың көзі болса, еркек адам да сол байлықтың негізі, өндірушісі деп қабылданған.

Енді байлық өзін немен ақтайды? Әрине, халыққа қайырымымен ақтайды.  Ақтамберді жырау: «Қайырлы болса бай адам – дария шалқар көлмен тең, Қайырсыз болса жаман бай – ел қонбаған шөлмен тең», – дейді. Әр нәрсенің сұрауы болатынын қазақ о бастан білген. Ал қазір өкінішке қарай мұны естен шығардық. Бұрынғы қайырымды байдың орнына байлығын тек өзімдікі деп түсінетін сараң байлар келді.  «Адам ғапыл дүниені дер менікі, Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі. Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде, Сонда, ойла, болады не сенікі?», – дейді Абай. Қазіргі байлардың бойында тектілік қасиет жетіспейді. Текті, нағыз байларымызды Кеңес үкіметі құртып жіберді. Шын мәнісінде кез келген нәрсеге тектілік керек. Лұқпан Хәкімнен қалған үш өсиетте: «Біріншіден, қатыныңа сырыңды айтпа, екіншіден, жендетпен дос болма, үшіншіден, жаңа байығаннан қарыз алма», – делінген. Яғни тексізден шыққан бай дүйім жұрттың алдында сенен қарызын сұрап абыройыңды төгеді. Үмбетей жыраудың «Бай болмаған бай болса, жайламаған сай қоймас, би болмаған би болса, айтылмаған сөз қоймас, хан болмаған хан болса,Қанамаған ел қоймас», – дегені де осыдан шыққан. Байлықта үлкен тектілік керек. Жеті атасынан бері байлығы үзілмеген адамдар байлықты менікі емес, Құдайдың бергені деп түсінеді. Байлық арқылы Құдай мені сынап отыр, ертең тиынына дейін сұрауы болады деп жан-жағына қамқор болады.

Кезінде Жұмырбай деген ақын: «Нәпсің жаман, боқ жаман, боқтыжусаң кетеді, бәрінен де жоқ жаман» деген. Яғни қазақ үшін ең жаман ұғым – жоқ. Абай отыз сегізінші  қара сөзінде: «Дүниенің мәғмурлығы (байлығы) бір түрлі ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе. Жоқшылықтың адамды хайуандандырып жіберетіні де болады», – деген ғой. Расында да адамдардың хайуандыққа баруы, қоғамымыздағы түрлі кеселдердің барлығы жоқшылықтан туындаған нәрселер. Көп адамның мұратына жетпей, қыршыннан кетуі де емделетін қаржысы жоқ кедейлігінің кесірінен. Абай «Сұлу аттың көркі – жал, адамзаттың көркі – мал», – дейді тағы да. Яғни байлық біздің көркіміз екен. Алайда, байлыққа көзсіз бас ұрып, соңына түсіп қууға да болмайтынын хәкім: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа, Аларында шара жоқ алдамасқа.Табысына табынып, қалтаң қағып, Тойғанынан қалғанын берсе алашқа», –  деп ескерткен. Байлық біздің көркімізге айналу үшін не істеуіміз керек, байлықты не үшін жиюымыз керек дегенде Шәкәрім: «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.Арың сатпа, терің сат, алалды ізде, Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи», – дейді. Егер адам мақтан үшін мал жинайтын болса, ол өзі малға айналып кетеді екен. Біз бүгін байлықты жақсы деп насихаттауымыз керек. Ең әуелі жанымыздың адалдығы үшін, ең аяғы біреуге көз сүзіп намысымызды аяқ асты етпес үшін, біреуден тіленбес үшін байлық  жинауымыз керек екен. Байлықтың негізгі мақсаты – хайыр. Яғни өзгелерге көмектесу. Кеңес үкіметінің кезінде байларды қудалады. Байларды құрту арқылы қазақтың іргесін сөкті. Байлыққа  деген теріс пиғыл қалыптастырды. Бұрынғы байдың малын бағып жүрген кедейлердің өзі малды ме­нің малым деп есептеген. Бай да жалшыларын үйлендіріп, еншісін беріп, қамқорлығына алған.

Казақ руханияты, өнері, әдебиеті дәулеттілердің арқасында өркендеп, өскен. Кешегі Біржан салдар жиырма бес нөкерімен түскенде Жанбота сияқты байлар оларды былқ етпей бір ай күткен ғой. Сол меценаттардың арқасында қазақтың ән өнері дамыған. Сондықтан байлық – қазақтың құты.

Тұқым қуалайды дегенге қатысты бір мысал айтайын, Бір отырыста Абай Көкшеден ертегі айтуын сұрапты. Сонда Көкше: «ой, мен кедей ертегі білуші ме едім», –  дейді. Сені кім кедей қылған деген сұраққа «әкем кедей болған», дейді, «ал әкеңді кім кедей қылған» десе, «әкемнің әкесі кедей болған», – депті. «Әкеңнің әкесін кім кедей қылған» десе, «Құдай-дағы», – деп жауап беріпті. Сонда Абай: «Міне, қазақтың адасатын жері – осы. Құдайдың сенің аталарыңда ала алмай жүрген өші бар ма екен. Әлде құдай өзгелерге мал үлестіріп жатыр деп естіп пе едің?Жалқау адамдар  ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайды, жоқшылықтан арылмайды», – деген екен. Әрине, байлықты жаратқан Құдай, кедейлікті жаратқан Құдай. Бірақ сені кедей немесе бай қылған Құдай емес. «Жақсы ісінен көреді, жаман кісіден көреді» деген сөз бекер айтылмаған. Құдай-Тағала: «Сенен қарекет, менен берекет», – дейді. Яғни сен әрекет етпей, мен бермеймін деп отыр.

Негізінде тегін адам бай болмайды. Бай болу үшін де ақыл керек. Мәшһүр Жүсіп: «Қазақ неге кедей? Өйткені, ол өзін де аяйды, баласын да аяйды», – дейді. Өзін де, баласын да аямаған адам бай болады. Өзі еңбек етпегеннен кейін еңбегімен байыған адамға қызғанышпен қарау мұсылмандыққа жат нәрсе. Қазір біз өзіміз бай болуға тырысуымыз керек. Қазақтың «өзегің талмай арымайсың, өзіңнен шықпай жарымайсың», – дейтіні тегін емес. Мұсылмандықтың басты қағидасы өзіңмен айналысу. Өзіңді жетілдіру. Һәм рухани, һәм материалды. Ал өзгеде шаруамыз болмауы керек. Біз қазіргі байларды ұлтқа, руханиятқа пайдасы тиетін меценат қып тәрбиелеуіміз керек. Оларға бұрынғы байлары­мыз­дағыдай тектілік қасиетін қайтаратын болсақ қана біздің мемлекетіміз алға басады.


Р.S.: Бүгінгінің байлары жиын тойларына шақырған шетел әншілерінің  қалтасына уыстап салған долларларымен мақтанады. Шақырған әншісінің атақ-дәрежесі, төлеген қаржысының молдығы олардың абырой жинау көзіне айналған. Әттең, сол ақшаға қанша қазақты оқытуға, қанша жасты баспаналы етуге жарайтынын есептеп көрсе ғой… Көрінгенге жем болған қайран, қазағым-ай?! 

 Дайындаған  Айнара АШАН.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір