ПОЭЗИЯ – ЖАНКЕШТІЛЕР ПЕШЕНЕСІ
17.04.2023
523
1

Үміт пен күдік – сезімнің қос пернесі. Өзекті жаннан өмір бойы ажырамас қос түйсік.
Күдік аспанды көлегейлеген бозала бұлт, соның шалғайы жерге сүйретілген қалың көк тұманы секілді. Бір кезде құбыладан соққан қызыл желдің адуын екпіні тұтасып жатқан бұлт­ты лезде ыдыратып, бөлінген ақтылы қойдай жан-жаққа түре қуып тастаса, тасасындағы күн дидары жарқ етіп көрінеді! Әр кітапты қолға алғанда әлгіндей күдік тұрады көңілде.
Керегіңді тапсаң, әсерленсең, ойлансаң, мұңдансаң, тәт­ті сезімге бөленсең – ғанибет. Сол бойда көкірегіңдегі күдік көлеңкесін қашырып үміт шырағы жанады. Жалпы алғанда, былтыр жарық көрген кітаптардың дені әдебиетіміздің, поэзияның әдемі шырайын таныт­ты. Өз әлемінде өрнек түзген әр ақынның өсу ізі байқалды.

Алпысқа келген ақындар

         Әуелі алпысқа келген Қәдірбек Құныпияұлы, Төреғали Тәшен, биыл міне сол жасқа келгелі жатқан Ғалым Қалибектен бастайық.
Баяғыда, өзіміз көрген жетпісінші, сексенінші жылдарда мерейлі жасқа толған ақын-жазушыларды туған жеріне шақырып, оған бір топ қаламдастар ере барып, дүркірете тойлағанын бүкіл қазақ жұрты біліп отыратын. Кейін әдемі естеліктер жазылатын.
Ақын қадірлі еді. Халықтың бейілі дархан, құшағы ыстық еді.
Заманнан заман ауды.
Сананы ақпарат тасқыны басып қалған мына жабайы капиталистік дәуірдің әсері: өнер шоуға айналып, фонограмашыл әншілер алға шықты да, ақын-жазушы шет­те қалды. Жарайды, лайықсыз сый-сыяпат күтпейді ғой олар, ал жазғанын оқитын, бағалайтын кешегі қалың оқырманы қайда?! Кітаптың, көркем сөздің құны қайда?! Ширек ғасыр ішінде кітап оқу мәдениеті жоғалғаны – өкініш.
Алпысқа толғандардан Төреғали есепті кездесу өткізді Орталық кітапханада. Көңіл жақын, сыйлас азамат­тар, созақтықтар жиылды. Соңғы кезде осындай жыр кештері жиі өткізіле бастағанымен бір өкінішті жайт: оған қатысуға қатар жүрген ақын-жазушы әріптестердің өзі ықылассыз. Бәлкім, соның бір себебі – әлгі күдік, «Не жазып қарық қылды дейсің» деген немқұрайлы көзқарас. Тағы бір себебі – ілкідегідей әдеби орта, тығыз қарым-қатынас жоқтықтан араның алшақтауы, бөтенсу, жатсыну.
Бұл сөз арасындағы әңгіме ғой. Төреғали «Айт­тым құлдық, Қаламқас» жыр жинағын ұсынды. Кездесу жиы­нын­да өзі «бұрынғы жырларымнан басқарақ» деген пікір айт­ты. Келісеміз. Ақынның дүниетану кеңістігі өзгерген.
Кітапты ашып қалғанда,
бірінші өлең:
Таулар да жылжып жатыр
бұлт көшкендей,
Тапжылмай тұр деп ойлар
жұрт дес бермей.
Тау сыйған қара жерге сыймас бірақ,
Қу жаның сырт­та туып,
сырт­та өскендей.

Қазық қып қаққан Құдай –
өрген, түйіп,
Тек қана Тұр тауы тұр жерден биік.
Шыбын жан шыңнан әрі
шықсам деумен
Шегеді шарасыздан шер мен күйік.

Дүние тұрған жоқ ол күшінде ердің.
Білсең, ол – бір тал үкі, ұшын көрдім.
Түгел дүние төрт сұрақ:
Келдім қайдан?
Мен кіммін? Қайда барам?
Не үшін келдім?

Өлеңді тұтас келтірген себебіміз: «өзгерген» ақын жанының аңсарын, шығармашылық тың өрісінің түйінді мәнін аңғарту еді.
Ақынның қай-қайсы тақы­рып­тық өлеңдерінде де сопылық сарын, тылсыммен ұштасулар, ақиқат іздеу бар. Тірліктен табаның көтеріліп кетсе, дінге жетесің. Оның тұнығы, тазасынан шөл қандырасың. Иманың түзу болса, әлбет­те.
Жер басып жүрген жанды
мен деп ойлап,
Жанымды тастап­пын ғой
тәнге байлап.
Қарасам, Құдай менің ішімде екен
Мен оның ішінде емес…
мәнге бойлап.
Бұл ақын өлеңдері мазмұнындағы бір тін ғана. Барлық қыр-сырын сыншылар зерт­теп, бағалай жатар. Біздің байқағанымыз: тақырып қамтуы сан алуан. Өзіндік өрнек, өзіндік түйіндеуі бөлек. Өлең техникасының барлық мүмкіндіктерін шебер пайдалана біледі. Орнықты ой мен аласапыран сезім қым-қиғаш қиюласып, қатар өріліп жатады. Төреғали өз биігін айқындапты.
Әу баста нәзік болмысты лирикасымен дараланған Қадірбек Құныпияұлының «Найзақара» деп аталған қомақты жыр жинағы қолға түсті. Ақын болмысына тән сол нәзік лирика, сол сұлу сезім, тек әлеумет­тік бояу қалыңдаған, кемелдік, парасат-пайым артқан. Сапарнама жырлары – бір бөлек, тіршіліктің әр сәтінен дерлік мән түйетін ақын назарынан тыс қалатын өмір құбылыстары аз ба деп қаласың!..
Ақын жаны әрдайым табиғатпен тілдесіп, үндесіп жатады. Ол Найзақарадай биік мұратын көксейді.
Жалындамай қалғанда от-өлеңім,
Кеудеңдегі көк бұлт­тай жөтелемін.
Салым суға кеткенде, Найзақара,
Саған қарап еңсемді көтеремін.
Салың суға кету – қиын ба? Еңсеңнің түсуі – бір мұрсат­та емес пе? Қайта тіктелу, әне өмір деген – сол! Өмір деген:
Бәрі алдамшы: бос әңгіме, бос егес,
Баба кеткен, ата кеткен, көш – елес…
Қу тірлігің ақ пен қара алмасқан,
Өмір саған дұшпан да емес…
дос емес.

Бүгін күлсе, ертең қабақ түйеді,
Бір күн паң боп, бір күн басын иеді.
Тағдыр бейне қолыңдағы домбыраң
Бір қажалып, бір жонылған тиегі.

Нақтылыққа айналмайды тәт­ті елес,
Тіршілікте сорың да егес, бақ та егес.
Кешкен тірлік –
Күн мен түндей ауысар
Өмір саған жақын емес…жат та емес.
Қадірбек лирикасындағы ең бір асқақ, сәулелі сезімдер де адами, пенделік түйсік-өреден әрі асып, ытырылып ғарышқа шығандап кетпейтін, өмірмен өзектесіп, жер басып тұратын табиғилығымен баурайды. Аспандатпай-ақ айтарын санаңа сіңіріп, жүрекке мейір, махаббат ұялатады. Ол қасқайып тұрып заман сөзін де сөйлейді. Қоғам өміріндегі келеңсіздіктерге қарсы ашынысын білдіргенде де нысанасына назалана зіл қалдырғанмен, әдептен озбайды.
«Найзақара» қомақты кітап дедік қой, ондағы құндылықтарды қопарып айтсақ, таңды таңға ұрармыз. Оқырман олжасы екені – ақиқат.
Алпыста арынын тежемеген Қадірбекке жаңа өріс тілейміз!

Мені таң қалдырған тағы бір ақын – Ғалым Қалибек. Прозасының өзінде поэтикалық қуат бар замандастың өлеңді классикалық өлшеммен мінсіз құрайтынын бұрын байқамадық па, елемедік пе? Өлеңін жұтындырып, әр сөз, әр тармағында олпы-солпы олақтыққа ұрынбай негізге түйінге тірейтін шеберлігі оның туабіт­ті талантын да, тағдырын да, білігін де, көкірек көзінің ашықтығын да білдірсе керек. Кітап бір жылда жазылмасын білсек те тұжырып айтайық: «Шеген» жыр жинағы – өткен жылдың толайым табысы.
Туып-өскен жерден айрылып, жер аударып үдере көшу, шерменде күй кешу – қазақтың әзелгі тағдыры. Анау Сібір, Байкөлден Қырым, Карпатқа дейінгі аралық қазақтың байтақ жері еді дейміз. Қалды ғой жат иелігінде.
Ғалым жырларының да негізгі өзегі – туған топырағында өгейлік көріп, тұрақ тап­паған ел тағдыры, ұлт пешенесі. Атакүлдікке жетіп жығылғандардың сағынышы, анда қалған елдің мұңлық қалі. Егіліп жазады.
«Арғы бет пен бергі бет» ат­ты өлеңінде:
Ат терлетіп барушы едік
ауылыңның тұсына,
Таңдай қағып қараушы едік
Сарышоқы ұшына.
Арғы бет пен бергі бетке
еркін самғап ұшатын
Бізден гөрі бақыт­ты еді сіздің жақтың құсы да, – деп толғанады. Әрі қарай:
Құлақ түріп тыраулаған
тырналардың шуына
Қызыға көз салатынбыз
Майқапшағай нуына.
Асып-тасып, зыр жүгіріп
Зайсан көлге құятын
Бізден гөрі бақыт­ты еді
Қара Ертістің суы да…
Бұл – сол кезде шекараның бергі бетінде болған Ұлықбекке арналған өлең.
Өлең сөздің құдіреті сол, прозаның қайсыбір көлемді дүниесі – ауқымды әңгіме-хикаятының мазмұнын бір шумақ қара өлеңмен, шағын балладамен айта алуы. Ғалымның «Ертегісі» – ең үздік үлгіде жазылған баллада. Сегіз шумақта талай нәрсе меңзеледі. Диірменші Тоқтарбекті аһ ұрғызған бір арман… лирикалық кейіпкер-баланы көрсе, күлмең қағып «Жеңгең қалай?» деп сұрауы…
Мықшың қағып таудан түскен
ешкіше,
Ұн арқалап қайтатынбыз кеш түсе.
Қайша жеңгем байыз тап­пай кететін
Тоқтарбектің әңгімесін естісе.
… Тоқаң да өт­ті жарқ еткен
бір жасындай,
Жеңгем де өт­ті жас желігі басылмай.
Қайран уақыт бара жат­ты зымырап,
Шыр айналған диірменнің
тасындай.
Біздің елдің ертегісі осындай.
Ғажап ертегі. Жұмбағын толық ашпай, емексітіп қоятын сырлы ертегі. Әрбір туындысында шыңырауды шегендеу секілді пішіндік, құрылымдық шымырлыққа мән беретін Ғалымның поэмалары мен толғаулары да бірінші жолынан тартып әкетіп, аяғына дейін жетелеп отырады, жалықтырмайды. Ойыңа қанат бітіреді. Образдар әлемін ашады. Оқырманның табар танымдық олжасы да қомақты болмағы шүбәсіз.
Әдебиет сыншылары алдағы уақыт­тарда Ғалымның шығармашылығына, оның ішінде поэзиясына арнайылап назар аударып, жан-жақты бағасын беретін шығар деген ойдамыз.
Сабыр Адайдың «Ер Жалау» ат­ты кітабы ақынның өз мұңы ұлт қайғысымен ұласып жататын сыршыл өлеңдерінен және кітаптың аты айтып тұрғандай қазақтың мемлекетшіл қайраткер ұлы Жалау Мыңбайұлы туралы поэмасынан құралыпты.
Бірден поэманы сөз етсек, өткен ғасырда қазақ халқының басына төнген ең қасірет­ті кезең барынша қамтыла отырып, шырғалаңда шыңдалған Ер Жалаудың өмірбаяны желісінде шындығы көп, түйіні жалғыз ащы ақиқат паш етіледі. Поэма сүйекті, салмақты. Осынша мағлұмат, дерек-дәйек­тер ғылыми мақала түрінде емес, поэзия тілімен, кең көсілген поэма қуатымен айтылғаны ғажап! Сезімді бірде мұңға батырып, бірде шыңға шақырып, тарихты қайта кештіреді, толғандырады, тағлым түйдіреді.
«Ер Жалау» – Сабыр Адайдың шоқтықты биігі.

Қайырбек, Дәулеткерей, Бақыт поэзиясы

Ақырын жүріп, анық басып, өз айшығын салып жүрген ақыннның бірі – Қайырбек Шағыр «Қалам мен Қамшы» жыр жинағында Әміре туралы «Ұлы Тенор» және тарихта аты қалған бабаларды тірілтетін «Сиқырлы кітап немесе тарихқа саяхат» поэмаларын ұсыныпты. Талап үдесінен шыққан. Қайырбек байқасақ, о бастан баллада тәріздес оқиғалы өлеңге бейім. Оның өлеңдері әдет­те тақырыптық сипатымен ерекшеленеді. Ағартушылық ақпараты мол. Нәзік сезім пернесін де дөп басады. Міне, қараңыз:
Жапырақ қайтсін мұң құшқан,
Тәмам боп қалды тым қысқа ән:
Тамшыны тасқа соқтырмай
Төсеніш болып бірге ұшқан.
Өз оңтайын білгендей, өз өрісін тапқандай поэма, дастан жанрына келгенде су төгілмес жорғадай тайпалта жөнелетін Шаяхмет Алжамбаевтың қарқыны қат­ты, шабысы ұзақ екен. «Атилла» ат­ты кітап шығарған ақын осы ат­тас тарихи дастанында, шыны керек, баяғының хисса-дастаншыларындай кең көсіледі. Бұдан басқа «Сүзге ханым», «Шырақ», «Аралбай батыр» тарихи поэмалары пафосты өршілдігімен еліктіреді, құнды деректілігімен оқырман танымын кеңейтеді.
Былтыр Дәулеткерей Кәпұлының «Айналсоқ» ат­ты жыр жинағы оқырманға жол тартыпты. Мұнда да көлемді поэма бар. «Маябоздақ» деп аталады.
Арманын арқалаған аялы елдің,
Маңғыстау Қаройынан
мая көрдім.
Өркешің секілденіп ел тұғыры –
Байрағын қисайтпаған баяғы ердің!
Сонау Алтайда арда өскен ақынның шаңды қиян топырағында көңіліне мұң жүктеп, көкірегіне шер байлап, сөйте тұра сыр түйінін шешкен де айналып келгенде жамиғы қазаққа ортақ өксікті тарих.
Арқауы әңгіменің түйе болған,
Иір-иір мойнына кие қонған.
Ат­тандың алыс, қиыр сапарларға
Қазақты адастырмай жүйе-жолдан.
Дәм татар мұрша болмай
құйған астан
Таңдыры қиғаш тартып, қидаласқан.
Заманда Маңғыстаудан қанша қазақ
Асығып Түрікпен көшкен, Иран асқан…
Ақын күні кешегі арыстары атылған, елі босқындаған аласапы­ранды заманды тебірене, шерлене жыр­лап, Маңғыстау мұңын заманалар зарпымен бірге тартады. Тілі шұрайлы, ойы өрнекті.
Ақбөбек-Қайып оқиғасы – поэманың кесекті бөлігі. Сөйткен Ақбөбек те Иран жерінде соңғы демін тауысты. Озбыр орыс өкіметі Ираннан алдап шақырып алып, Ашхабат түрмесінде өлтірген Оразмағамбет Тұрмағанбетұлы – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби геолог, Маңғыстау мұнайын алғаш зерт­теген адам еді…
Маңғыстаудан Иран ауып қашқанда,
Гималайдан киіз төсеп асқанда
Шаңырақты көтерген сол қара нар
Алтын арқау – сол еңбегің дастанға.
«Маябоздақ» поэмасы – қара нардың қадір-қасиетінен өрбітіп, қазақтың бүкіл арман-аңсарын қамтыған қарымды еңбек.
Мүбада, рухты ақын деген бола ма?! Болады.
Өлеңінде өршіл мінез бар, қапелімде айбыны қайтып, арыны тежеліп, тағдыр сынынан сынып тұрса да қайта жеңіске шақыратын алапат аңсар бар, күйреуік көңілдің күйін де шалқыма әуенге ұластыра білетін шалқар шабыт бар сондай шешен ақынның бірі – Бақыт Беделхан. «Темірен» ат­ты кітабы қолға тиді.
Бәйтеректі жырлап ем –
Іші қуыс екен,
Тоңқ-тоңқ еткен
тораңғымен туыс екен.
Самұрықты жырлап ем
Жұмыртқасы шірік екен,
Тұрған жері мүңкіген бүлік екен.
Пырағымды жырлап ем
Белі бел емес екен,
Белдеудегі бесті айғырға тең емес екен.
Қыранымды жырлап едім
Жемі тышқан екен.
Қартайғанда несіне ұшқан екен? – деп құдды ештеңеге көңілі көншіместей қапаланған ақын көңілі сонда нені көксейді, нені қалайды?! Бәлкім, әр нәрсенің өзі өз болуын, елдің ел болуын, ердің ер болуын қалайды. Бірақ өмір басқа.
Көрікті қылатын көңілді
Үміт деуші едім, тегінде.
Алғаш, шын түсінгенде
өмірді
Көңілсіз болғаным бар менің де, – дейді өзі де соны мойындап. Өйткені
Үлде мен бүлдеге оранып,
Таз болғаныңша таранып,
Жүрсең де қанша жаланып,
Кебіннен таза киім жоқ!
Бақыт­тың жан әлемі, өршіл рухы – поэзиясы оқырманын шынайылығымен баурап, тылсымына тез тартып әкетеді. Селт еткізбей қалмайды. Тыншу бермей, өзімен бірге мұңайтады, серпілтеді…

Толыбай мен Төре ақынның шабысы

Қаймана қазақ кеуіп қалған Аралдың жайын әлдеқашан мойындап, «Кіші Аралға су барыпты» дегендей жаңалықтарға сәл елеңдегені болмаса, алапат экологиялық апат­ты еске алуды да қойған кезде шырылдап жүретін – аралдықтардың өздері.
Толыбай Абылаевтың кітабы – «Алақанымда Арал». Бірінші бөлім – Теңіз жырлары. Сабақтас ойлардан, естелік оқиғалардан түзілген көлемді толғау. Осы кітапта берілген «Алтын балық» пен «Топан су» поэмаларымен бір қатарға қойсаң да олқы емес.
Бірі менің түсімде, бірі – өңімде,
Бірін қидық неліктен тірі өлімге?!
(Екеуі де адамзат тілегінде).
Кіші Арал нұр боп жатыр жанарымда,
Ұлы Арал мұң боп жатыр жүрегімде…
Толыбай Абылаев өлеңін өмірінен бөліп қарамайтын, әдебиет жолында машахат кешкен, қаламын суытпаған жақсы ақын деген ой түйдік.

Бір қызық кітап – Төре Рахманның «Мың бір масат» – бесінші сөзбиі кітабы. Атауынан-ақ тосылып қалған едік. Өзі түсіндіреді:
Масат деген былайша:
Мәтін,
Адым,
Саз-күйімен көмкеріп,
Айта білу,
Тыңдай білу және де өзіңді-өзің!
Жә, әрі қарай кет­тік. 1001-сөзбиі (яки, бұған дейін 1000 сөзбиі шыққан).
Салған кезде шыңғыртып
қылбұрауды,
Шыңыраудан күй шықты
мың бұраулы.
Қалған сөзде жазық жоқ сөзбиінен,
Арманды өзге санасам, мың бір ауды!

Мың бір ауды санасам арманды өзге,
Сөзбиінен жазық жоқ қалған сөзде!
Мың бұраулы күй шықты шыңыраудан
Қылбырауды шыңғыртып
салған кезде!
«Қылбұрауды кімге салған, шыңырау­ға ма?..» деп елеңдеп, тереңдеп қайтеміз?..
Дәл осы ырғақпен сөзбилер 512-бет­тегі 2002-сөзбиіне барып бір тіреледі. Мұны енді талғамды оқырманы өзі таразылап, талдай жатар, бірдеңе деуге біздің өреміз жетпеді. Аңдатпада айтылғандай «сөзбиі-тетралогия кітабын» зерт­теушілердің еншісіне қалдырдық.

Өрісі кең «Өскелең»

Өзіміздің Әбубәкір Қайранға келейік. Ақынның «Өскелеңі» – балаларға арналған танымдық кітап. Әдебиет­тің сан саласында қалам тербеп жүрген Әбекең соның бәрінде де мінсіз, мүлтіксіз дүниелер тудырып келе жатқаны сүйсіндіреді. Қазақ тұрмыс-салтын мұнша жетік білуі тіптен тәнті етеді. Кітапта төрт түліктің қасиеті, ат баптап, түйе қомдаудың мән-жайы, қазақ жеріндегі таулар, қысқасы қамтылмаған тақырып жоқ деуге болады. Мөлдіреген лирика да осында.
Паһ, шіркін, мына күннің аязын-ай,
Көтермес көп жүрісті
баяғыдай.
Түтеленген түтіндер
тік ұша алмас,
Жер бауырлап қанатын
жаяды жай…

Есіме келіп түсті-ау дала тағы,
Даланың түйе баққан қара шалы.
Мына аязға мыңқ етпей
шауып жүр ме,
Сілкініп, сілкінгенде сары атаны?

Қабырғасы қайысып қауға тартып,
Тілініп кеткен шығар алақаны?..
Балаларға, жасөспірімдерге, өскелең ұрпаққа, бәрімізге де ұсынған ақынның бұл тартуы – толымды.

Қозғамай-ақ қоюым керек еді
Қоз боп жатқан отымды лапылдатпай, – десе де ақындық пешенесінен құтылмасын білген Бағдат Мүбәрактің ұйқысыз түндерінің куәсіндей «Алтынкүрек» кітабы шыққан екен. Ең бастысы – өлеңдерінде Бағдат бар.
Телмірте берген шығысқа
Батыстан сіңген қалың ой.
Өлең-ау, бізге дұрыс па
Өлгенде келген абырой?!

Қайыршысындай Мысырдың
Патшадан биік паң құлдар.
Өмірден нені түсіндің
Өлеңде басы қалғырлар? – деп қаламдас қатарластарын қағытып өтетін ол сосын кекесінді күлкісін сап тиып, қайтадан қиюы келе бермейтін өз тіршілігіне қайырылады. Күйінгенде не сүйінгенде шығатын сөз киесін білетін Бағдат әйтеуір жазу керек деп жазбайтын секілді.

Редакциядан:
Баяндамашы сөз соңында Нұртас Исабай, Бауыржан Әліқожа, Саят Қамшыгер, Қуат Дәуренұлы, Ербол Бейілхан, Роза Әлқожа, Ерған Мұхамедиұлы, Лұқпан Бегәлітегі, Шорабек Төлендиев, Қызжібек Жарқынбаева қатарлы ақындардың ат­тарын атап, кітаптары туралы қысқа-нұсқа тоқталып өткен. Баян­даманың толық нұсқасын газет­тің сайтынан оқи аласыздар.

Болат Жетекбай,
ақын

ПІКІРЛЕР1
Аноним 10.09.2023 | 23:59

«Баян­даманың толық нұсқасын газет­тің сайтынан оқи аласыздар» дейді де толық нұсқасын бермепті. Сонда, бұл газеттің сайты емес пе?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір