ҚАЗАҚТА СЫР САҚТАЙТЫН АДАМ БАР МА?
11.03.2016
1724
0

Қазақта «сыр» деген мағынасы өте терең сөз бар. «Сырлас­тым», «сыр төктім», «сыр ақтардым», «сыр бөлістім», «сыр айттым», «сыр сақтадым», «сыр-сандық» дейді қазақ баласы. Міне, осы «сыр» сөзінің табиғатына үңіліп көрсеңіз, әлмисақтан бергі бар кезеңді, уақыт өлшемін қамтитын ғажайып құбылыстарға тап боласыз. Жаратушы мен тіршілік иелері арасындағы тікелей қарым-қатынасты айқындап беретін «жаратылыс сыры» қазіргі таңға дейін бүкіл адамзатты өз құпиясымен баурайды.

Алла Тағала мен Адам арасындағы сыр тіршіліктің барлық тылсымында өз көрінісін тапқан. Рухтың жаратылуы, тән­нің жоқтан бар болуы, он сегіз мың ғаламның жаратылысы, рухтың әл­ми­сақ­тан кейін ананың құрсағына түскен кездегі қараңғылық ахуалы, рухтың қа­бірдегі және ақыреттегі жағдаяты, рух­тың нәпсі қажеттіліктерімен күресуі, рух пен тәннің толық ерік берілген алдамшы өмірде сынаққа түсуі, рух пен періште, рух пен жын, рух пен шайтан қа­рым-қатынастары, міне, мұның бар­лы­ғы да сыр. Алла Тағала нәбилері мен расулдарына кез-кезімен түсірген сухуф­тары мен кітаптары да ғажайып бір сыр. Адам баласының Жаратушы Жаббар Иеге құлшылық қылуы, ораза ұстауы, жасырын садақа, зекет беріп, тәспі зікір етуі, бұның барлығы да көпшілікке жа­рияға шаша бермейтін сыр. Инсанның рухани кемелділікке ұмтылуы, толық адамдыққа құлаш ұрып, қоғаммен, қор­ша­ған ортамен, табиғат және хайуанаттар әлемімен біте қайнасып жатуы, осы­­ның барлығы да тылсым сыр. Ұлыс­тың ұлт болып ұйысуы, ұлттар халифат­қа, өркениетке ден қоюы, ұлттар мен мем­лекеттер одақтасуы, осы құбылыс­тар­­­дың барлығы да өзіне тән жасырын сыр­ға ие. Ерлі-зайыптылар өмірі де тұн­ған сыр. Ата-ана мен баланың ортасында да жасырулы сырлар жетерлік. Жа­һан­­ды биледік дейтін трансұлттық ал­­пауыт­тар­дың да кәсіп-тіршілігі құпия сырға толы. Ақырзаман жақындағанда сыр сақтау, сыр-аманат жасыру, сыр алдырмау, сыр шашпау өте-мөте азайып кетеді деген дін ғұламаларымыз. Сыр-сандықтың берік құлыптаулы қазына­сын адамдар арасында дін ұстаздарды мақ­та­ныш етіп келеміз. Дербес мем­ле­кет­тің тау-тау құпия сырларын жымын білдірмей жасырып, ел ама­натын көз қа­рашығындай сақтап ке­ле жатқан адам­дардың ор­та­мызда бол­ғанын да бағымыз деп білеміз.

Бейбіт САПАРАЛЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір