ЖҮРЕГІМНІҢ ДІРІЛІ ТІРІЛГЕНДЕ…
Әзия МАҒЫПЕР
ТҰЛА БОЙЫҢ ТҰНҒАН НҰР
Сен болған соң көрікті мынау қала,
Сайран салып жүреді нұр аулада.
Кейде қатал анамша жол қоймайды,
Қызға ашық күлуге, жылауға да.
Сәуле болар жақсының санасында,
Тұла бойың тұнған нұр, нанасың ба?
Алқимын пенделіктен нұрға шомып,
Қалқимын қара түннің қанатында.
Қала сенімен ғажайып түске енеді,
Бақ-байлықтың жоқ енді түк керегі.
Түксиген түннің түріп қабағын нұр,
Тереземнен ентелеп ішке енеді.
Кемімді келдің нұрмен толтыруға,
Не деген шет-шегі жоқ мол шұғыла!..
Бара жатам бағзы бір дүниеге,
Қуыршақтай құлпырып қолтығыңда.
Нұр жауласа екен деп бар сананы,
Шамадан тыс болды ұмыт шаршағаным.
Ернімдегі ерніңнен жұққан нұрға,
Талай жігіт таңданып, тамсанады.
Нұр тамғанда көзіңнен, тіліңнен де,
Жұғып жатыр тамған нұр жұмыр жерге.
Реңіме алқызыл нұр көшеді,
Жүрегімнің дірілі тірілгенде.
Жат жүздерде жүрген соң мысқыл өріп,
Сананы мұң, жаулайды ішті желік.
Нұрды құшып тазарып, түніменен
Есті жырға оянам жүкті болып.
Мынау бина, базар, бақ… Анау көше,
Алтынменен апталсын, маған десе!
Сенсіз маған құны жоқ қызыл тиын,
Қала, естігің келсе осы, ал ендеше!
КЕЗДЕСПЕСЕК
Жер бетінде ғұмыр кешіп желіксіз,
Кездеспесек бөлінбейтін де едік біз.
Өмір дейтін меңіреуге мұң шағып,
Еңіреуге тура келді еріксіз.
Кездестік те, табыстық та, бөліндік!..
Бөлінгенге кім сыйлайды көрімдік.
Өмір кейде босқан ауыл құсаған,
Есіркеудің елі әкелер ерулік.
Кездеспесек табыспаймыз ол анық,
Опалылық отыру ма омалып?
Сырымыздың түн көтеріп түңлігін,
Бірімізді біреуіміз тонадық.
Кездеспесек бөліне де білмес ек,
Алтын едің жарқыраған бір кесек,
Жалын жалмап, быт-шыт болдың,
Мен де сол…
Түбіме енді ТҮН жетед.
Кездескенді қиянат деу – кемістік,
Сағынышты шақтар қалды ең ыстық.
Өлең ойлап, қалам алсам сен жайлы,
«Келе ғой»-лап шақырады Кеңістік.
ІРГЕҚҰМ БАЛЛАДАСЫ
Іргеқұмға ілікті де күз желі,
Өткен күннің өшірді бар іздерін.
«Құдай атқыр, қойған ба, деп, құм жұтып?»
Жарлы жігіт тайлағын көп іздеді.
Сондай зарлы, сондай сүркей құм әні!..
Құмның да өстіп құритын ба ед шыдамы?
Уыс-уыс у тигендей көзіне,
Аласұрды астындағы құнаны.
Сумаң қағып небір сұмдық елестеп,
Ойран болған ойын ары-бері екшеп.
«О, Тәңірі-ай, өрт алған ба, дейді өксіп,
Мына белес тораңғылы емес пе ед?».
Жігітті ой,
Құмды боран тербетіп,
Көз алдында теңселеді жер бесік.
Түймедей қыз түйе бағып жүретін,
Ұзатылып кеткен шығар бойжетіп.
Қыз бойжетіп, тораңғылар тоналып,
Жоқ болыпты-ау жортқанға да жол азық.
Риясыз түйеші қыз тұрмап па ед?
«Үйге түс!» деп шылбырына оралып.
Тіршіліктің түгеген бе күйбеңі,
Бұрылмады алыста екен үйлері.
Айналайын аман жүр деп есінде,
Маңдайынан махаббатпен сүйгені.
Бар айтары: «Аман жүр»-ге тоқтапты,
Жол соңынан жол жолықты соқпақты.
Бұл далаға шұбат исі аңқыған,
Содан бері бір айналып соқпапты.
Түйеші шал?
Анау оның күмбезі,
Сол кезіккен, қыз ба, әлде, жын ба өзі?
Іргеқұмды «Құтты қоныс» деуші еді ел,
Аждаһа ма адамдардың тіл-көзі?!
Тұл дүние сыр бермейді тұңғиық,
Шімірікпей шіренгенмен шың биік.
Сұм ажалдай сумаңдаған жел құртар,
Бұлағының көздеріне құм құйып.
Ашылған құм жеңі менен етегі,
Сырлымын деп сыздағаны не теңі?!
Қара да тұр, ханға иілмес қалаңды,
Жел желіксе жетектеп ап кетеді.
Құм ішінде келді ойына жын неге?!
Маңдайына тұр қадалып күн жебе…
Маңайына жанұшыра қарап ед,
Анадайда қараңдады бірдеңе.
Құм кейуана…
Іші – дертті, сырты – мұң,
Тайлағы тұр құм сындырып кірпігін.
Тораңғының саясына сан барған,
Түбіріне тіреп қойып тұмсығын.
СОҢЫНА ЕРІП ӨЗІМ КЕТТІМ ЕЛЕСТІҢ
Соңыма ерген көлеңке ме, өлім бе?
Бұл екеуден құтылатын жоқ ешкім.
Көрінгеннен қалған күпті көңілге,
Жүрек үні естіледі елестің.
Соңыма ерген қызғаныш па, өсек пе?
Бұл екеуден құтылуға болады.
Арып келіп қисайғанда төсекке,
Есік қағар шақырмаған қонағым.
Шылқадай мас, шырт ұйқыда шырақтар,
Есік есті, сыр бермейді сыртына.
Төсегімді төпештесе сұрақтар,
Ұяттымын ұйқыма.
Пенде емеспін соңына ылғи шөп ерген,
Туған жерде өстім, тәубә, сұлтан боп!
«Жаннат қой» деп Асан атан шөгерген
Мына маңда
Шөп ерген не, қылтан жоқ.
Көлеңке, өсек, қызғаныш һам өлім,
Өмірдегі серіктерім секілді.
Қиялымның ұлан-ғайыр әлемін,
Хикметтер қыдырады не түрлі.
Шөп ермеді деп мақтанам несін мен,
Жақсысың деп жарылқаған жоқ ешкім.
Ергендерді шығарам да есімнен
Соңына еріп өзім кетем елестің.
ТҮН-СҰРАҚ
Енді ауылға бұрады кім ат басын?
Жер бауырлап көтермес бұлақ басын,
Желбауына құлынның құм жаққалы,
Қосылып ап келіпті сұраққа түн.
Түн мен сұрақ сұмдық, ә, табысқаны?
Жаны үйірлеспей жарыққа әлі.
Келген құлын көк қасқа
Көшке ілесіп,
Елеңдейді дыбысқа алыстағы.
Құлын да ояу, мен де ояу, белес те ояу,
Ескірмейді екен-ау елес бояу.
Түн құлағы түрулі, сұрақсұлық,
Жылжығаны жылдардың емес баяу.
Түннің түрін қарашы елес еріткен!
Сұрақ жуып тастады сені есептен.
Маған түн де, сұрақ та қолқа салды,
«Келісіп ала ғой, – деп келешекпен!».
ҚАЛАҢА СЕНІҢ…
Қалаңа сенің қоналқы бардым,
Серуенде сен де боларсың әр күн.
Көрікті қала…
Көрінбейді ешкім,
Жолын торыған
жолаушылардың.
Кешкі бақтарға қыдыра бардым,
Қасыңда қыз жүр… Бұғына қалдым.
Сәулесі қаланы сәулетті көрсетті,
Шырақтан тамған шұғылалардың.
Бұғынып тұрып булыға бердім,
Сертінен танған – мұңлығы, ә, ердің?
Ұлдары неге опасыз болады,
Тұлғасы биік ту мына жердің.
Орнымнан тұрдым ақылға келіп,
Соңыңнан келем жақындап еріп,
Бақытты жансың, басасың асқақ,
Елеңдеп келед қасыңдағы елік.
Соңынан еріп, баққа да кірдім,
Көріп қалар деп сақтана жүрдім.
Фонтанға барып фотоға түсіп,
Ән салып, билеп, шаттана күлдің.
Сауықханаға жұбыңмен кірдің,
Шығасың бұдан түбінде бір күн.
Есіктен қайттым, ерсі көрініп
Соңыңнан сонша жүгіргендігім.
Шырақтар күлді көшелердегі,
Серуенім құрсын бөтен елдегі!..
Қоналқы жеріңе қорғап жеткізбей
Кетіп қалдым, кеше гөр мені!