ФАРИЗАҒА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ
Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың туған жері Атырау қаласында ақынға ескерткіш қойылды.
«Дара күндерімнің, нала түндерімнің, серігі болғаның үшін, сенімі болғаның үшін, мен сені аялаймын», – деп қазақ поэзиясына адалдығынан танбаған ақынның ескерткіші сомдау конкурс арқылы таңдалды. Қазақстан Жобалаушылар ұлттық қауымдастығының вице-президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рүстамбековтің айтуынша, конкурсқа 12 жоба ұсынылған. Арнайы комиссия мүшелері тұғырға орнатылған осы нұсқаға таңдау жасапты. Ескерткіш қоладан құйылған, тұғырының биіктігі 4 метр 50 см, ал ақын бейнесінің биіктігі 4 метр 10 см. Тұғырдың сегіз қабырғасы бар, оның бірінде ақынның аты-жөні, қалған жетеуінде поэзия падишасының бір-бір шумақ өлеңдері жазылған. Мүсінді Мұрат Мансұров жасаған. Ақын ескерткіші Атырау қаласындағы қазақ ғылымының заңғар тұлғасы Қаныш Сәтбаев даңғылына орнатылды. Оның ашылуына Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, өңірдің зиялы қауым өкілдері, ақынның туыстары мен қала тұрғындары қатысты. Бүгінгі қазақ прозасының танымал өкілі, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев сөз сөйлеп: «Еліміздің мәдениетіне қосылар таңдаулы ескерткіштер – Жұмекен Нәжімеденов пен Фариза Оңғарсынованың бейнелері Атырауда бой көтерді. Ал бұл қазақтың дарынды тұлғаларына деген ерекше құрмет деп білемін», – деді.
Ақынға қойылған ескерткіштің ақ жамылғысын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен еңбек ардагері Меллят Сабырова ашты. Ақынның туыстары атынан Айбек пен Алмагүл Оңғарсыновалар ескерткішті орнатушыларға алғыс білдірді.