БІЛІМ – ӘЛЕМДІК, ТӘРБИЕ – ҰЛТТЫҚ
Қазіргі әлем бойынша қалыптасып отырған діни ахуал өте күрделі екені мәлім. Елімізге де зардабын аз тигізіп жатқан жоқ. Осы ретте ұлттық құндылықтарымызды қалай сақтауға тиістіміз? Әсіресе, отбасы жылуы, елдің ұйытқысы саналатын әйел-ана тағдыры не боп жатыр? Осы тақылеттес күрделі сауалдарға Орал қаласында өткен «Дін және әйел» атты республикалық форумынан толыққанды жауап тапқандай болдық.
Асылы ОСМАН, ![Асылы Әлиқызы Осман](https://qazaqadebieti.kz/wp-content/uploads/2016/03/84d9b4cdb2d2a46fca93de741bf41655-142x167.jpg)
«Мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің төрайымы,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының кандидаты
Форум тақырыбы қысқа да нұсқа қойылғанымен, бүгінгі қоғамдағы көкейкесті мәселелерді кеңінен қозғады. Халқымыз ғасырлар бойы тұтынып келген Ислам – рақымшылдық сипаты мол асыл дін. Адам иман қуатын санамен сезініп, жүрегімен қабылдайды.
Жалпы, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің, дін істері басқармасы,ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ұйымдастырған форумнан келелі ой түйген тұстарымыз көп болды. Белгілі ғалымдар, теологтар, ақын-жазушылар баяндамалар жасады, пікір алмасты.
Сондай-ақ, форумда «Қазақстан Жазушылар одағы» РҚБ облыстық филиалының төрайымы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева мен қоғам қайраткері, ақын Айсұлу Қадырбаева, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Бақыт Барсай, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Омар Темірбеков, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев алқа отырысында баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.
Басқосу барысында «Қыз Жібек» клубының тұсаукесері өтті. Оған «Қазақстан Жазушылар одағы» РҚБ облыстық филиалының төрайымы, ақын, қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның жетекшілік ететіні көңіл қуантып отыр. Әлбетте, қай уақытта болсын, қоғамның тірегі асыл аналар ғой. Баланың бойына ұлттық рухты дарытатын ананың ақ сүті, бесіктің жыры, ананың әлдиі. Ал қалыптастыратын ұлттық тәрбие мен орта. Біз сол бесік жырымыздан да, әлдиімізден де ажырап бара жатқанымыз жасырын емес. Қыз – ұлттың ары, мөлдірлік символы. Қазақ – қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген халық. Ұлттық құндылықтарды жандандыруды мақсат тұтқан, ибалы да ақылды қазақ аруларын үлгі қылатын «Қыз Жібек» клубы алғаш 2013 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ашылған. Кейін бұл үрдіс басқа облыстарда да жалғасын табады. Ақжайық өңірінде бой көтерген «Қыз Жібек» клубы да ұлттық тәрбиенің керегесін кеңейтуге қызмет етері анық. Форумда онлаин арқылы байланысқа шыққан ҚР МСМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірасылқызы желтоқсанның 11-інде еліміздегі «Қыз Жібек» клубының жетекшілері мен белсенді мүшелерінің басын қосу туралы өте орынды ұсыныс жасады. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің жастар саясатын дамыту бөлімінің басшысы, «Қыз Жібек» клубының жетекшісі Маржан Ахтаева да өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, «Дін және әйел» республикалық форумының қарарында «Қыз Жібек» клубтары құрылған университеттерге ортақ журнал шығару, жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарында «Қыз Жібек», «Үлгілі келін» байқауларын өткізу, қазақстандық аналар мен қыздардың мәртебесін көтеру, ұлттық дәстүрімізді, дінімізді, ата-бабалардың рухани мұраларын әлеуметтік желілерде, кездесулерде насихаттау жұмысын жандандыру жөнінде тың бастамалар көтерілді.
Салыстырмалы түрде айтар болсам, Орал қаласында бұл салада атқарылып жатқан біраз ілгерілеушілікті байқадым. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қыздар клубының жетекшісі, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның тәрбие жұмысына ерекше мән беріп, ықпал жасағаны анық аңғарылады. Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шалқыма Құрманалина тұсаукесер жасап, оқу-тәрбие үдерісінде жинаған бай тәжірбесімен бөлісті. Ұстаздық еңбекпен қатар, қоғамдық істерге белсене қатысып жүрген әйел-ананың ролі зор екенін осыдан білуге болады.
Жалпы, батыс қыздарының кісілігі де кішілігі мол екенін айтып жүремін. Ақжайық өңірінде ер Мәншүк пен Хиуаздай батыр қыздар туғаны тегін емес. Адамды қалыптастыратын да, тәрбиелейтін де ортасы мен топырақ. Қазақ осындайдан топырағына тарта туған азамат деп жоғары бағалайды. Ақжайық аруларының іскерлігі де, білімдарлығы да, даналығы да, даралығы да басым болатыны сондықтан болар. Бұл бұрыннан сақталған үрдіс. Төле бидің «Ақты ақ деп бағалайық, қараны қара деп бағалайық, қара болса бәріміз қаралайық» деген өнегелі де кесімді сөзі бар емес пе? Батыс қыздарының бойында қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсарлық, батылдық, батырлығы бар да, жалтақтығы жоқ. Ірі турайтын кезі көп. Ал бұл өңірдің жігіттері ибалы да инабатты боп келеді. Қазақ ер жақсысын қызға балайды. Қыз мінезді дейді. Қыздарына сүйсінсе, асқақтатып, оны жігітке балайды.
Батыс Қазақстан облысы кең жазықта мыңғыртып мал өсірген, пейілі кең тұрғындары бар, ежелден кие қонған құт мекен. Аяулы махаббаттың қос шынары болған Қыз Жібек пен Төлегенін құрметтеген ел ерке Жайықтың жағасында мәңгі ескерткіш-дастан қалдырды. Ресей патшалығы отарлаған кең өлкені заңды мұрагері ретінде иеленіп қалған Бөкей ханның даналығын айтпасқа болар ма? От
ауызды, орақ тілді Сырым шешеннің нақылдарын, ел деп еңіреп туған Махамбет ақынның өр жырларын ел жатқа біледі. Батыс өңірінің батырлары Табын Бөкенбай, Есет, Дәуқара, Шолан, Исатай батырлардай азаттық үшін аһ ұрып, қатерге бас тіккен ерлер ұмытылмас. Биыл Бөкей Ордасы ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығы кеңінен аталып өткені де зор абырой. Ресей Федерациясының бес облысымен шекаралас отырған облыс халықаралық қатынаста алтын көпір болып отыр.
Орал қаласының көптеген қоғамдық орындарын араладым. Жұма күні еді. Тұрғындар бауырсақ, шелпек пісіріп, ата-баба рухына Құран сауабын бағыштап жатты. Халықтың ата дәстүрден қол үзбегенін көріп, қуандым. Мұндай ата дәстүрді сақтау өзге өңірлерге үлгі боларлық іс.
Жалпы, Ақжайықтың халқы ардақтыларын зор құрмет тұтады екен. Осы сапарымда Қадыр Мырза-Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында болдым. Еліміздің көптеген аймақтарын аралаған адаммын. Бірақ дәл осылай жеке ақынға арнап біртұтас кешен салып, ескерткіш соққан елді көрген жоқпын. Қазақтың қабырғалы қаламгерінің әрбір кітабы болсын, суреті болсын, керемет етіп, орны-орнына қойылған. Бұл рухани игіліктің ұрпақ үшін танымдық та, тәлімдік те, тәрбиелік те мәні, маңызы өте зор. Қадыр Мырза-Әлі қай тақырыпты қаузаса да, сөз мәйегін екшеп, тереңнен қалам тартқан қарымды каламгер. Қадырдың әрбір сөзі құнды да, мәнерлі де, әуезді де. Өзінің өмірінен, халқының жан-дүниесінен сыр шертіп, қазақтың бойындағы асыл қасиетін баршаға танытып кетті.
Бір жаманы әліппені кеше ашқаны,
Бір жақсысы күмбірлетіп күй шашқаны.
Бір жаманы қызын малға сатқаны,
Бір жақсысы сүйгенін алып қашқаны, –
деп жырлағанында терең пәлсапалық мән жатыр. Осының бәріне назар аударып, ұлттық құндылық рухын, өзінің еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін асқақтатып көрсетуі кейінгі ұрпаққа тәлім боп қалады.
Азаматын асқақтата ардақтаған Орал өңірінің атқарған оң істерінен басқа облыс басшылары мен тұрғындары үлгі алып, аяулыларын ардақтап, азаматтарын қадірлесе екен. Алматы қаласының жергілікті билігі Қадыр мен Тұманбай ағаларымызды бөліп-жармай, аруағын аялап, шаһардың көрнекті жеріне ескерткіш орнатып, көшеге, мектепке есімін берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, Алматы облысының әкімдігі де Тұманбай ақынның туған жерінде еңселі ескерткішін көтерсе екен деген тілегіміз бар.
Орал қаласындағы форумнан кейін А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында М.Томановтың «Жәннат» драмасын көріп, тамаша әсер алдым. Жат діни ағым торына түскен бала зарынан әйел-ананың дүние салуы. Әрине, ақиқат іздеп, ұрпақ үшін шыр-пыр болған анаға жәрдем еткен имамның қамқор да жетекшілік тұлғасы айрықша көрсетілген. Бұл қойылымды бүкіл Қазақстан жұртшылығы көретіндей жағдай жасау керек. Драмаға арқау болған оқиғаның жай-жапсары мені толғантып, жанарыма жас ұялатып, көзімнен еріксіз жас ағызды.
Қоғам сау болса, бәріміз де саумыз. Қоғамды сауықтыру отбасымыздан басталады, әрқайсымыздан басталады.
Қазақ тілін мектептен ерте меңгерту маңызды. Оқу орыс тілінде жүретін мектептерге қарағанда қазақ тілді білім ұясын бітірген балалар әлдеқайда ибалы, имандылыққа жақын болады. Міне, тілдің құдіреті деген осы. Тіл имандылықтың, қазақылықтың бала бойында ерте дамуына зор әсер етеді.
Бір ақынның ашына жырлағаны бар: «Өлді бәрі. Өлмеген көмейдегі сөз бенен таңдайдағы тіл ғана. Ана деген сөзге тілі келмеген Ана болып жарытпайды қыз балаң. Сүйем деген сөзге тілі келмеген Сүйіктің боп жарытпайды ұл балаң». Тілдің, сөздің қандай құдіретті екендігін осыдан сезуге болады.
Ұлттық рух, салт-дәстүр қазақ тілді ұрпағымызда бар, орыс тілді перзенттеріміз кейбіреулерінде шамалы, жоқтың қасы. Сондықтан да ол жат пиғылға ілесуге бейім тұрады. Әрқайсымызда елге, жерге, Отанымызға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезім болу керек.
Ақиық ақын Мұқағали тебірене Отанын мәңгілікке сүйіп өтем деп жырлағанындай, мен де қазақ елін сүйем.
Оның ағынды өзен, айдын көл,
асқар тау, жерін сүйем.
Мен оның киелі тілін сүйем,
Мен елімнің құдіретті сөзін сүйем,
Қазақстан, Қазақстан,
мен үшін бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем,
Оны сүймеу мен үшін күйік екен.
Баланың бойындағы патриоттық сезім, отансүйгіштік, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті арттыруымыз керек. Ұлтын сүйген адам тілін де сүйеді, сол тіл арқылы ұлттың рухани парасатын бойына сіңіреді. Қазақтың көңілі даласындай дархан. Адамгершілік қасиетті жоғалтпай, жарлы болсақ та арлы болып, рухани аштыққа ұрынбай, қайырымды іс істеп, мейірімді сөз айтып, соңымызда ізгілікті ізіміз, парасатты да өнегелі жолымыз қалсын, ағайын!