Кітап шығару ісі: РЕДАКТОРЫ ЖОҚ БАСПАЛАР
«Еуропа қалаларының көшелерінде бейтаныс жігіт ағасы әдемі бір жас келіншекті жетектеп ап жүгіріп жүрсе, ол – актер Том Хэнкс екеніне күмәнданбаңыз», – деп әзілдейді екен әріптестері талантты киноартисі Том туралы. Әлгі әзілдің аясында шындықтың сілемі бар. Америкалық жазушы, журналист, композитор Дэн Браунның супербестселлері «Да Винчи коды» («Код да Винчи»), «Періштелер мен жындар» («Ангелы и демоны»), «Инферно» кітаптарының бәрі кино болып түсірілді де, бас кейіпкер – ғалым, профессор Роберт Лэнгдонның рөлін күллі фильмде Том Хэнкс ойнады. Оның қасында сценарий бойынша үнемі бір келіншек ілесіп жүретін еді. Бұл үш романды да киноға айналдырған – америкалық триллер режиссер Рон Ховард. Осы жерде режиссер мен актердің арасында үрдіс алып, мықты белағашқа бекіген шығармашылық байланыс барын аңдайсың.

Әуелгіде қаламгерлікті журналистіктен бастаған Дэн Браун интеллектуалдық детективке кейінірек келді. Қай салада да іскерлік моделі әбден қалыптасып шыңдалған Америка елі әдебиетті де үлкен табыс көзіне айналдырған. Мұндай батыл қадамдарға барып, қаламгерлік арқылы елеулі капиталға қол жеткізудің ол жақта бірнеше факторы бар.
Бірінші – Американың өзінде ғана 337 млн халық тұрады, бәрі ағылшынтілді және жыл сайын келетін туристер қаншама;
Екінші – халықтың әлеуметтік тұрмысы жоғары, кітап сатып алуға, оқуға мүмкіндіктері мол;
Үшінші – АҚШ-тан өзге де Британия, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия сияқты ағылшынтілді мемлекеттермен қатар, ағылшын тілі мемлекеттік мәртебесі бар ондаған ел ұшырасады. Еуропа тұтас ағылшынша меңгерген. Кейінгі жылдарға дейін Ұлыбританияның отар елі болған әлемдегі ең көп халыққа ие Үндістан да ағылшыншаға жетік. Ағылшын тілі жаһанды жайлағаны сонша, Америкадан тыс өзге мемлекеттерде, құрлықтарда 2 миллиард 200 млн-нан астам адам сөйлеп, оқиды екен;
Төртінші – ел жаппай көретін көркем фильмдердің бәрі ең бірінші сценарий ретінде қағазға түседі. Бір-бірімен шығармашылық бәсекедегі Голливуд режиссерлері керемет заманауи романдарды киноға айналдыру үшін өздері іздеп жүреді;
Бесінші – ағылшынша жазылған кітаптар, түсірілген фильмдер өзге тілдерге тез аударылады және бұдан да басқа қаламгерліктен табыс табуға болатын себеп-салдар жеткілікті. Соның бірі – әдебиет агенттіктері. Олар бір романды жазу үшін автордың төңірегіне мазмұнына сай команда құрып береді. Арасында редакторлар, әдебиетшілер, ғалымдар, баспагерлер, дизайнерлер, маркетингтер әрі өзге де көркем дүниеге қатысты маман иелері болады. Ол шығармашыл топ жаңа туынды мазмұнының ұзын-ырғасын айқындағаннан соң кітаптың концепциясын, формасын, форматын бүгінгі нарыққа сәйкес бекітеді. Сонымен қатар жұртты елең еткізетін жарнамалық «ұран сөзі» де көптің пікірімен нақтыланады. Бұған өте жауапты қарайды. Өйткені – табыстың кілті осы сөзде жатады.
Жаңа туындыны жазып жатқан бір ғана қаламгер емес, бірнеше жазушы болуы мүмкін. Бірақ шартқа сәйкес біреуінің ғана есім-сойы көрсетіледі. Бұл ретте әуелгі бастамашыл ойдың иесі – Дэн Браун. Қалғандары әдеби агенттіктің үйлестіруі арқылы шығарманың шытырманды, интеллектуалды тұстарына қажет ақпараттарды, мәліметті, құжаттарды әлемнің әртүрлі саласындағы (діни, өнертану, мәтінтану, сәулет) мұрағатынан, мұражайынан, кітапханаларынан алып өңдеп, оны оқиғалы сюжетті мазмұнға сай орналастыру үшін әкеп береді. Редакциялық сарапшы топ туындының адам қиялы жететін тұрғыда болуын, форматының сақталуын қадағалайды. Браунның кітаптарында бөлім деген жоқ, тек тараулардан тұрады. Бір тарауы әрі кеткенде төрт-бес беттен аспайды және әрбір тарау жаңа парақтан басталады (әдейі баспа өлшемдерін бұзған). Бұл – оқырманның оқу ынтасын бәсеңдетпейді, жетелеп отырады.
Өздеріңіз білесіздер, өркениетті елдерде тарихи деректер, тіпті мұрағатқа барып кіру, онда жұмыс істеу – бәрі-бәрі ақылы. Мазмұнға сәйкес тиісті мәліметтерді әдеби агенттік алып беруге мұрындық болып, осы шығындарды жабады. «Әдеби» деп аталғанымен коммерциялық мүддеге жұмылған агенттіктер бірінші кезекте әдебиеттің емес, капиталдың жылдам және неғұрлым көп табыс болып оралуын көздейді. Сондықтан шығармашылық процесс тез аяқталуы үшін әлгіндей қаржы шығаруға құлықты.
Мәселен, елде «Қаңтар қасіреті» сияқты ірі оқиға орын алса, олар сол жөнінде әрі кеткенде екі-үш жұмада кітап әзірлеп, жұртшылыққа ұсынып та үлгереді. Озық өркениет ортасында ақпаратты өңдеп, халыққа сату мәдениеті тұрмыстарының бір салтына айналған.
Әдебиет агенттіктерінің жұмыс істеу әдіс-амалы промоутер компаниясының қағидасына негізделген. Агенттік жазуға кіріскен кітап туралы жарнаманы алғашқы шығармашылық топ құрылғаннан жүргізе бастайды. Алдын ала сатып алу жөнінде келісімдер жасалып, дүниедегі жетекші тілдерге аударатын шетелдік шығармашыл ұйымдармен мәміле жүргізеді. Нәтижесінде, кітап жарық көргенде оның таралымының жартысын сатып алушылар әзір болады.
Әрине, олардың арқа сүйейтіні – талантты қаламгерлер. Көп мөлшерде қаламақы ұсыну арқылы ойы ұшқыр, жазуы жұртты баурайтын жазушыларды өздеріне қаратып алып, өзге шығармашыл адамдарды соның төңірегіне топтастырады. Бәрімен келісімшартқа отырады. Сөйтіп, кәдімгі атақты боксшыларды өз ықпалында ұстайтын спорттық промоутер тәрізді озықтарды жиып ап, әдебиет майданында табыс табуға кіріседі. Бұл – жазудан басқа дүниеге икемі шамалы қаламгерлерге қолын ұзарту үшін алаңсыз жұмыс істеуіне үлкен мүмкіндік.
Философияға, діндер тарихына, криптографияға және құпия қоғамдарға ұзақ уақыт қызығушылық танытып жүрген Браун 1998 жылы «Цифрлық қамал» («Цифровая крепость») атты алғашқы триллер романын жариялады. Роман азаматтық бостандық пен ұлттық қауіпсіздік арасындағы шекті зерттеп, құпия бөлімше – Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің жұмысы туралы баяндайды. Туынды тез арада оқырман арасында бестселлерге айналып үлгерді.
Осы шығарма әдеби агенттіктердің назарына Браунды бірден іліктірді. Содан кейінгі уақытта қаламгер оқырманның нені қажет ететінін сезініп, өзінің арнасын тапты. Браунның кейінгі туындылары триллер, интеллектуалды детектив және жұмбақ роман жанрларының астаса бітуімен жасалды. 2000 жылы – қастандық пен қатыгездікке толы детективі «Періштелер мен жындар» («Ангелы и демоны»), одан кейін 2001 жылы саясаттағы моральдың күрделі аспектілері мен ұлттық қауіпсіздікке әсері туралы айтатын «Алдаудың нүктесі» («Точка обмана») триллері шықты.
2003 жылы «Періштелер мен жындар» романындағы профессор Роберт Лэнгдонның шытырман оқиғалары «Да Винчи коды» романымен жалғасты.
Сатылымның бірінші аптасында «Да Винчи коды» The New York Times, The Wall Street Journal және San Francisco Chronicle журналдарының нұсқасы бойынша Нью-Йорк бестселлерлерінің тізімінде бірінші орынды иеленді. Кейін ол елдегі әрбір ірі бестселлер диаграммасында №1 хит болды. Содан кейін әлемде сатылымның алдын бермеді. 2006 жылы мамырда – «Да Винчи коды», ал 2009 жылы «Періштелер мен жындар» романының желісі бойынша көркем жанрдағы кинолар көрерменге жол тартты. Олар бірден блокбастерге айналды
2009 жылдың қыркүйегінде Роберт Лэнгдон туралы үшінші романға айналған «Жоғалған символ» («Утраченный символ») романы жарық көрді. Онда Американың масондық өткеніне қатысты құпия перде ысырылып тастап, бәрі ашық жазылған еді. 2013 жылдың мамыр айында осы серияның төртінші бөлімі – «Инферно» басылып шықты. Енді америкалық қана емес, әлемдік оқырман Браунның дүниесін күтіп отыратын үрдіс қалыптасты.
2016 жылғы 28 қыркүйекте Knopf Doubleday Publishing Group компаниясының төрағасы және бас редакторы Сонни Мехта Doubleday баспасы профессор Роберт Лэнгдон туралы Браунның кезекті «Пайда болу» («Происхождение») романын басып шығаруға дайындықты бастағанын және оның жарық көруі 2017 жылғы 26 қыркүйекке белгіленгенін хабарлады. Роман белгіленген мезеттен бір жұма кешігіп, 3 қазанда қолға тиді, ал орыс тіліндегі нұсқасы сол жылы желтоқсанда жарық көрген еді. Мұның бәрін тәптіштеп неге жазып отырмыз? Себебі, шығармашылықты дамыту, кітап шығару, оны тарату, оқырман тарту моделі бізде жоқтың қасы. Әйтпесе, Браун біздің насихатымызды қажетсінбейді. Тіпті мұндай жұмысты жандандыруға қолайлы факторлар да тапшы. Ең әуелі, қазақша оқитын халық саны да тым жұтаң. Бірақ соған қарамай, коммерцияға негізделген әдебиетті алға жылжыту – уақыт талабы. Мәдениет және ақпарат министрлігінің кітап шығару ісін реформалауға ұмтылып отырғаны да сондықтан. Бір қуантатыны – жылымықтың ізі байқалады. Қарауында баспаханалық базасы бар баспагерлер авторларды өзіне тарта бастады. Кітабыңды тегін шығарады және белгілі мерзімге ақылы түрде пайдалануға айырықша құқық бергенің үшін сатылымнан түскен қаржының 7 пайызын сыйақы ретінде жылына бір мәрте төлейді. Енді бір баспалар «ерекше құқық» бергенің үшін бір мәртелік 500 мың теңге көлемінде сыйақы ұсынады. Сөйтіп, кітабыңды шартқа сәйкес кесімді мерзім біткенше өздері сата береді. Мұны біздегі әдебиет агенттіктерінің алғашқы қаз-қаз басқан қадамына балаған жөн.
Белгілі баспагер, қоғам қайраткері, Батыс өркениетіне қанық, Америкада білім алған Шыңғыс Мұқанұлымен былтыр жазда пікірлескенімізде, ойланатын мынадай бір қызық нәрсе айтты. Халық саны әлденеше көп болса да Қытай Американың ғылыми-технологиясынан қалып келе жатқанын және заманауи ғалымдардың АҚШ-та басым екеніне тоқталған ол мұның себебін де айтты.
Сөйтсек, қытай қаламгерлеріне қарағанда америкалық жазушылар триллер, фантастика, фэнтези, мистика, интеллектуалды детектив жанрларында көп қалам тербейді екен. Сондай-ақ бұлардың дені ғылымды қатыстыра отырып жазылатын көрінеді (кейіпкерлері әртүрлі саланың ғалымдары болады). Оны оқыған жастар өмірдегі орнын әлгі өзіне ұнаған ғылыми саладан іздеуі мүмкін, екіншіден, шынтуайтындағы ғалымдар ондағы тұжырымдар мен болжамдарды өмірде іске асыруға күш салады екен. Тереңірек үңілсек, әдебиет ғылым мен технологияның бастауында тұруы керек сияқты. Сондай-ақ Ш.Мұқанұлы баспагерлердің сыйақыны 12 пайызға дейін көтеруге мүмкіндіктері барын қаперге салды.
Баяғыда «Білім және еңбек» журналында фантастикалық әңгімелер жарияланып, жазушылардың қиял-ғажайып шығармалары табиғат пен дүние тану іліміне ықпал етеді дегенді айтатын. Сондықтан қазақ әдебиетіндегі кенжелеп қалып отырған жанрлар қолға алынып, ақылға қонатын интеллектуалды туындылар өмірге келуі керек деп ойлаймыз. Бүгінгі қазақ детективтеріне көз жүгіртсем, кейіпкерлер әлі сол тапаншамен атысып, кастетпен ұрысып жүр. Кемел Тоқаевтың «Сарғабанда болған оқиғасында» Талғат тергеуші далада кездескен хирургті қалтасындағы фотоаппаратпен суретке түсіріп алатынын өткен ғасырдың жетпісінші жылдары оқып, ақылыма сыйдыра алмағам. Ал қазір дрондар көкте тұрып 20-25 шақырымнан суретке тарта береді. Айтқандай ол тұрып ап ұшып кететін қазақтың «Ағаш ат» ертегісін де еске түсіреді.
Қаламгер әріптестердің қиялы көкжиектен әрі аса алмай жүргені қазақ халқының санының аздығынан да шығар, экономикамыздың әлжуаздығынан да болар. Қайтсе де, осы саланы меңгеретін бір азаматтың келетініне сенімдімін. Браунға аздап жеңілдеу болған сыңайлы. Өйткені оның алдында «Құбыжықтың патшасы» атанған үрей, триллер, фантастика, фэнтези, мистика, драма, детектив жазған Стивен Эдвин Кинг тұрды. Бұл екеуі де кез келген Нобель сыйлығының иесіне қарағанда әлемге кеңінен танымал. Сөйте тұра, Нобель сыйлығының бәсекесіне қатыспайды. Неге дейсіздер ғой, біріншіден, Нобель сыйлығы – бір миллион АҚШ долларына жетпейтін ақша, екіншіден, басын қатырып, арзымайтын дүниеге жүргісі жоқ. Өйткені олардың жылдық табысы миллион доллардан әлденеше көп әрі онсыз да екеуін дүниежүзі біледі… Толассыз романдары жарық көріп, сол романдардан көркем фильмдер түсіріліп, кітап та, кино да өзге тілге аударылуда, яғни бүгінгі еңбектерінің өзі үзіліссіз қаржы ағымына айналған. Алайда осылай шығармасының дені жалпыәлемдік дүниеге ұласса да оларды мінсіз деп айтуға және болмайды, Браун кітаптарының ең салмақтысы – «Да Винчи коды» туындысы. Сыншылар оның да олқы тұстарын аңдады, қайсыбір жұрт: «Пляжда жатып оқитын кітап», – деп те бағалады. Автордың өзі: «Бұл кітаптарда мен мақсатты және айырықша түрде бір жайтты тереңдете көрсетемін. Оның мәні мынада жатыр – оқиғаны баяндау үшін факті мен ойдан шығарылған тұстарды өте заманауи ұғымда және тиімді мәнерде араластырып ұсыну. Менің не істеп жатқанымды түсінетіндер бар және олар бірге сейілдеп, рахат алу үшін мен келе жатқан пойызға қарғиды. Енді басқа бір адамдар ұшырасады, олар өзге бір қаламгерлерді оқығанды жөн көреді».
Браун әлемді жаппай қатерлі вирус жайлайтыны жөніндегі «Инферно» романын 2013 жылы жарыққа шығарды. Ал короновирус 2019 жылы басталып, 2022 жылға дейін жалғасты. Американың ұлттық қауіпсіздігі мен құпия барлау қызметімен байланысы бар автор белгілі бір топтың биологиялық қару арқылы адам санының күрт өсуіне тосқауыл қою үшін әрекет етіп жүргенін бірнеше жыл бұрын білген сияқты. Зор індет үш жылда қаншама адамды қыршынынан қиды, жер шарындағы адам баласының өсу қарқыны ырықталды. Егер ғалымдар мен қауіпсіздік қызметі осы кітаптағы қарау ниетті көздеп жүргендер туралы жайтты көркем дүние деп қабылдамай, шынында да, қатер деп қарағанда індеттің алдын алуға болатын ба еді… Автор осындай ықтимал қатерді алдын ала ескертті…
Әр кітабы шыққан сайын Дэн Браун өзіне көмектескендердің бәріне ризашылығын білдіріп, алғыс айтып отырды. Кітапты жазуға қатысқан адамдардың саны кино түсіру шарасына араласқан кісілерден артық болмаса кем емес. Сондықтан кітапты жазудың, уақытты ұтудың, тезірек қаржы айналымын арттырудың амалдары оңтайластырылған. Бұл әдіс кезінде Қазақстанда да қолданылған еді. Қонаевтың өзі қолдау білдіріп, І.Есенберлинге «Көшпенділерді» жаздырғанда, уақыт ұту үшін қасына көмекші ретінде Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақовтардың тартылғаны қазірде айтылып жүр. Өйткені ол уақытта Қонаевқа тезірек ұлт тарихына қатысты көркем шындық қажет болды.
Сонымен, қорыта келгенде, кітап шығару ісінде баспагерлікке ғана көңіл аудармай, жанрларға да ден қойған жөн. Әдебиетті дамыту үшін жекелеген қаламгерлерден бөлек баспаларда шығармашыл топтардың шоғырлануын қамтамасыз еткен оң нәтижеге бастайды деп есептейміз. Ал бізде, өкінішке қарай, директоры мен бухгалтерінен өзге ешкімі жоқ баспалар қаншама! Бірақ олар редакторсыз, корректорсыз мемлекеттік тапсырыспен кітап шығарады.
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,
жазушы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері
ПІКІРЛЕР2