Дәрігер Бисеновтер
Қазақтың алғашқы дәрігерлерінің өмірі мен қызметі мені дәрігер ретінде қызықтыратын да, сондықтан олар туралы әртүрлі жазба деректер ұсынған ғалымдар мен журналистердің өздерімен тікелей тілдесуге үнемі ұмтылып жүремін. Солардың бірі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Досаханов Әлихан аға еді. «ХХ ғасырдың басында қазақ мемлекеттігін құру идеясын паш еткен «Алаш орда» саяси қозғалысының Әлихан Бөкейхан бастаған аса білімдар, жан-жақты талантты, белсенді қатысушыларының арасында жиырма бес дәрігер мен жиырма фельдшер болды» деген дерек беріп, олардың бірі – Саратов императорлық университеті медициналық факультетінің 1917 жылғы түлегі оралдық Бисенов Бақтығали болғандығын [Досаханов Ә.Медики-алашординцы – жертвы политических репрессий / «Казахстанская правда», 2023. – 26 мая.
— №98 (29975)] жазған ол осы тұлға туралы арнайы зерттеу жұмыстарын да жүргізген. Сол жұмыстарының бастауында Б.Бисеновтің дәрігер қызы Розаның берген деректері жатқанын да автордың өзінен білген едік. Бізге де сол әріптес апайдың өзінен мәлімет алу мүмкіндігін ұсынып, ұйымдастырған ауылдас інішегім журналист-жазушы Кенжебек Сержанұлы болды. Еуразия университетінің жанындағы Алаштану клубында арнайы шақырылған осы апаймен етене танысып, талайлы тағдыр иесінің өміріне ден қойып, сол мезгілде республиканың бас газетінің бетінде мақала [Сержанұлы К. Ізі қалған өшпестей / «Егемен Қазақстан» газеті, 2016. – 15 маусым — №113(28841)] жариялап үлгерген ол Роза апаймен жақсы таныс ретінде мені жүздестірді. 2024 жылдың 9 наурызы еді ол күн. Бірер жылда сексеннің сеңгіріне шығажақ, бірақ ой жүйесі мен әңгіме жүргізуі жоғары деңгейдегі апай, сонау маңғыстаулық әріптес інісінің қазақтың алғашқы дәрігерлерінің өміріне үңіліп жүргеніне ерекше қуанатынын көңілі толып айтқан еді. «1936 жылдың 26 тамызы күні Орал облысы Тайпақ ауданының Базартөбе деген ауылында Тана руының Асан бөлімінің өкілі, дәрігер Бисенұлы Бақтығалидың отбасында дүниеге келдім, – деп әңгімесін бастады апай. – Жасым бірге толған кезде, 1937 жылдың 16 қыркүйегінде 48 жасар әкемді, ел оны Бах деп те, Бақыш деп те атайды екен, НКВД жендеттері ұстап әкетіпті. Есімді білгенде оның «революция мен Кеңес өкіметінің жауы, қазақ ұлтшылы» деген айып тағылып, 5.12.1937 күні РКФСР ҚК 58-бабының 2, 11 тармақтарына негіздеп, өмірінің 10 жылын «еңбекпен түзеу» деп аталатын лагерьде өткізуге кесіліпті де, ол шешім «халық жауларының аса қауіпті тобының жоспарын» орындау мақсатында болар деп ойлаймын, 2 айдан өте қайта қаралып, 15.02.1938 күні ең жоғары жаза тағайындалыпты. Сот шешімі 3 күннен кейін сол Орал қаласында орындалған. Солай әкемнің өмірі 1938 жылдың 19 ақпанында, бар болғаны 49 жасқа қараған шағында қиылып кете барады. Оның артында анамыз Мақашқызы Жанша мен біз – 5 ұл, 2 қыз қала бердік. Шешем алаша руының қызы болатын, ол – қазақтың белгілі жазушысы Берқайыр Аманшиннің жақын апасы.
Жасымнан әкеме ұқсап дәрігер болуды армандайтынмын. 2-жаһандық соғыста Власов армиясының құрамында соғысып жүріп, жау қолына тұтқынға түсіп, неміс концлагерінің азабын көргені аздай, Кеңес сотының шешімімен 25 жылға тағы «лагерьлік түзетуге» кесілген үлкен ағам Махмұт 1955 жылы ғана түрмеден босап [Досаханов А. Бактыгали Бисенов – врач по призванию и патриот по духу / газета «Приуралье», 2020. – 26 мая. — №41; Құттымұратұлы Қ.Бисеновтер тағдыры / «Егемен Қазақстан» газеті, 2022. – 29 қараша] шыққан соң: «Розтай мектепті бітіргеннен кейін әкесінің жолын қуып, медициналық институтқа түсуі керек», – деген кесімді сөзін айтыпты [Роза Бақтығалиқызы Бейсенованың естелігі / жазып алған Жұмағұл С. // Естеліктегі Алаш: Әдеби-танымдық басылым: Құрст. С.Б.Жұмағұл / І басылым. – Қарағанды: «TENGRI Ltd» ЖШС, 2018. – 676 б. — Бб. 371–375 (374)]. Алматыда тұратын немере апам, әкеммен шаңырағы бөлінбеген ағасы Нұрғали көкемнің қызы Ғафура да сол институтқа түс деп кеңес беруден әсте жалықпаған-ды. Тумаластарымның сол ықылас-ниеттері тағы қолдау болып, мектепті 1956 жылы үздік бітірген мен ,сол уақытта Сталиннің маңындағы көсемдердің бірі Молотовтың атын иеленген Алматы медициналық институтына түстім. Оқуымды 1962 жылы аяқтап, Алматы облысы Панфилов ауданыныңЛенин атындағы кеңшары амбулаториясына дәрігерлік қызметке жолдандым. Менің дәрігерлік ғұмырымның алғашқы бір жылы өткен ол жер мен үшін нағыз кәсіби мектеп болды. 5-курста оқып жүргенімде тұрмысқа шыққан жолдасым Тоққұлы Әбішев Жезқазғанның жағалбайлысы еді. 1963 жылы сол күйеуімнің отанына, Жаңаарқаға ауыстым. Ол агроном болатын, өзінің елінде мамандығы бойынша абыроймен қызмет етіп жүріп, 1982 жылы 45 жасында өмірден өтті. Аллаға шүкір, сансыз мадақ, бала-шағам (Анар, Оңал, Берік, Ерік, Бақытжан, Орал) аман-сау өсті. Барлығы да өмірден орындарын тапты, адал еңбектерімен жұрт назарына ілігуде. Ерекше айтарым, Анарым әкем мен менің жолымды қуды, ол нефролог-дәрігер болып, біздің жанұяны дәрігерлік династиялар қатарына қосты. Ал бұндай династиялардың әлем бойынша аса көп еместігін көпшілік біледі. Сөйтіп ұрпақ өз бағытымен жалғасуда.
Тікелей өзіме қатысты әңгімемді жалғастырсам, балалар емханасынан (аудандық емхана жанындағы балалар консультациясынан) басталған дәрігерлік қызметім аудандық ауруханада жалғасты. Күндіз-түні дерлік аянбай еңбек еткенімді еш қысылмай-қымтырылмай айта аламын. Елдің разылығы мен алғысына, әріптестерімнің шынайы құрметіне бөлендім. 2-шақырылымдағы Қарағанды облыстық атқару комитеті кеңесінің депутаты болып сайландым. Халық қалаулысы ретінде де барымды сала елге қызмет еттім. Еңбегімді үкіметтің де бағалағаны ғой, әр кезде Құрмет белгісі (1971), Октябрь революциясы (1981) оредендерімен, әртүрлі медальдермен марапатталдым.
Мен саналы ғұмырымның біраз уақытын әкемнің өміріне қатысты деректерді іздеумен, жүрген іздеріне көз салумен өткіздім. Біраз нәрсе таптым да. Таба алмағаным – оның сүйегі жерленген жер. Өмірімдегі үлкен өкінішім де сол.
Әкем Бақтығалидың өмірі мен қызметін әріптес жерлесі, үлкен ғалым-дәрігер Ә.Досаханов терең зерттеп, бірнеше мақалалар жазды, оның атын «Алғашқылар: Алаш медиктері» атты кітабына қосты. Ол жайлы журналистер М.Шамұратов, Қ.Құттымұратұлы, М.Бердәлі жоғары деңгейдегі материалдар жариялады. Бұл іске араласқандардың барлығының, олар мені кешірсін, тап бүгін аттарын атай да алмай отырмын. Әкемнің студенттік өмір кезеңі 2022 жылғы «… ұлт тарихына қатысты археографиялық экспедиция» кезінде зерделенді [Оразов Р., Смағұлова С. Саратовта оқыған қазақтар / «Егемен Қазақстан» газеті, 2022. – 29 қараша].
Әкем жөнінде қысқа, нұсқа айтар болсам: ол 1889 жылдың 24 тамызында Тайпақ өңірінің Мамай-Сарыбас жерінде өмірге келген. Ол жер сол кезеңде ресми Орал облысы Ілбішін уезі Қызылжар болысының №5 ауылы деп аталған-ды. Әуелі түземдік мектепте, кейін қалалық Романов, Орал әскери реальды училищелерін тамамдап, 1910 жылы Саратов қаласындағы Императорлық Николаев университетінің медициналық факультетіне қабылданады. Ол оның 9-семестрін бітірген кезінде Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып жатты да, көптеген курстастары сияқты әскери дәрігер ретінде соғыс ісіне тартылған. Өзінің дипломын (куәлігін) тиісті емтихандардан өтіп, 1917 жылы ғана алып, 17 желтоқсан күні «…медицина докторы құқығын терең сезіммен қабылдай отыра… науқастарға барлық уақытта көмегімді беретін боламын» деген қасиетті «факультеттік уәдесін» (антын) берген. Сол жылы Орал облысы ХІІІ Қызылқоға дәрігерлік учаскесіне дәрігерлік қызметіне кіріседі. Алашорданың батыс бөлігінің жұмыстарына барынша белсене қатысып, қасына туған інісі Ізінейді (Ізімғали), 2 немере тумаласы Ишанғали мен Ізепқали Бисеновтерді тартып, Халел мен Жанша Досмұхамедовтердің жақын маңынан табылады. Азамат соғысынан кейінгі шаруашылықтар қирап, елді күйреткен жұқпалы аурулар кеңінен тарап жатқан 1920–1921 жылдары Калмыков үйезі денсаулық сақтау бөлімін басқарады, 1921–1924 – Байғұтты дәрігерлік учаскесінде, 1925–1926 – Жәмбейті денсаулық сақтау бөлімінде санитарлық дәрігер, 1926–1928 – Жәмбейті, 1928 – Тайпақ аудандық ауруханаларының меңгерушісі, 1929 – Оралдағы Кеңес-партия мектебінің дәрігері, 1930–1934 – гүбернелік денсаулық сақтау бөлімінің инспекторы болып жасап, 1934 жылы Тайпақ ауданы Базартөбе учаскелік ауруханасын меңгеруге жұмсалып, ол жерден 1937 жылдың басында Жәмбейті аудандық ауруханасына ауыстырылады. Өкініштісі бұл жер оның соңғы жұмыс орны болды. Оның қалған тағдыры әңгімемнің басында айтқанымдай болып аянышты түрде өріледі. Осылай өңірдің «белгілі дәрігерінің тағдырын мемлекеттік қауіпсіздік сержанты аса тез, өте дөрекі, ешбір аяусыз түрде шеше салады» (Ә.Досаханов). Арада жылдар өтті, жаңа заман келді, үкіметтің саяси ұстанымдарының бағыты өзгере бастады, «жылымық кезең» жетті. Жаппай қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандары ақтала бастады. Солардың бірі – менің әкем Бақтығали болды. Батыс Қазақстан облыстық сот алқасының 1958 жылдың 14 маусымындағы қаулысымен НКВД Батыс Қазақстан облыстық басқармасы үштігінің «Бисенов Бах Бисенұлына қатысты 15.02.1938 күнгі шешімінің күші жойылып, оның іс-әрекетінде қылмыстық құрамның болмауына байланысты іс өндірісі тоқтатылды. Б.Б.Бисенов ақталды және саяси қуған-сүргін құрбаны болып табылады» [Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының Ақтау жөніндегі (17.10.2005, №17-6-05) анықтамасы]. Тағы да бір мен үшін ерекше күйінішті жағдай – 1953 жылдың 11 ақпанында бақиға аттанған анамның бұл жайдан бейхабар кеткені.
Көңілімізді қуантып, әкемнің жақсы аты бірте-бірте шыға берді. Соның бәрі жаралы көңілімізге медеу. Орал қаласының «Арман» шағын ауданының бір жаңа көшесіне ақталған дәрігер Б.Бисеновтің аты берілді [Орал қаласы әкімі мен мәслихатының шешімі (31.03.2008, №6-26/қаулысы (21.02.2008, №428)].
Менің де жастық шағым «халық жауының қызы» деген айып тағылумен өтті. Өмірімде кедергілер өте көп болды дегенім менің жан дүниемнің езіліп-мұжылып өткендігінің деңгейін ешбір аша қоймайды. 1992 жылдың 28 наурызында өткен Алматы қаласының Алмалы аудандық соты өзінің шешімімен менің жаппай саяси қуғын-сүргін көрген жайымды заңды, нақты жайт деп тапты. Біз – әкелі-қызды қос дәрігер осылай заңды түрде ақталдық. Енді бізді ешкім де, ешқашан да «халық жауының» қатарына қоса алмас!
Мен енді республикалық комиссия құрамында саяси қуғын-сүргін азабын шеккендердің тағдырына араша түсу ісімен белсене айналыса бастадым. Бұл бағыттағы қолымнан келген аз-маз оңды еңбегімді Ә.Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу институты аса жоғары бағалады. Ғылыми кеңестің 25.11.2024 күнгі шешімімен (институт директоры Ұ.Сейдрахман) мені «Алаш зиялысы» медалімен марапаттады. Мен ол еңбегімді жан әкем мен оның тағдырластарының рухына арнар едім.
Өскелең ұрпақ менің әкем мен оның замандастарының алғаусыз, жанкешті енбектерінен үлгі алса деп армандаймын. Олар елі мен жері үшін аянбай еңбек етіп, зұлмат заманда шаһид болып кетсе- дағы, бүгіндері сол ұрпаққа бақидан рухи шуақтарын төгіп те жатқан болар-ау деп пайымдаймын».
Жаппай қуғын-сүргін тепкісін көрген әке мен қыз – қос дәрігер Бисеновтер туралы негізгі деректер осындай. Олардың тағдыры өте ауыр, жүректі сыздатады. Тек «орнында бардың оңалып жатқаны» ғана көңіл жұбатады.
Әзірбай ОРАЗ,
медицина ғылымдарының кандидаты