БАЛУАНДАРЫМЫЗ БАБЫНДА
17.09.2024
123
0

Испанияда күрес түрлерінен өткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінде, солтүстікқазақстандық балуан Ислам Евлоев чемпион атанды. Қызылжарлықтар палуанды құрмет-қошеметпен күтіп алып, өзі оқитын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде кездесу өтті. Ол дене және әскери тәрбие теориясы мен әдістемесі кафедрасының 3-курсында оқиды.
– Сайыста 82 келіге дейін­гі салмақта сынға түсіп, барлығы 5 белдесу өткіздім. Финалға дейінгі кездесулерімнің бәрі уақытынан бұрын жеңіспен аяқталды. Чехия, Германия, Қытай елінен келген қарсылартарымнан басым түсіп, финалда Түрік палуанын 9:3 есебімен жеңдім. Алдағы мақсатым – олимпиадаға қатысып, еліміздің байрағын биіктен желбірету, – дейді чемпион.
Күреспен 14 жылдан бері айналысып келе жатқан жігерлі жастың өмірінде жауырыны жерге тиген сәттер де болған. Ол бұған дейін де шетелдегі бірнеше байқауларда бақ сынап, жүлдеге іліне алмаған. Спортшының көптен күткен жүлдесіне жақындары мен бапкерлері де қуанышты. Жалпы аталған додада 43 елдің мықтылары бақ сынап, жалпы есепте Қазақстан екінші орыннан көрінген.
Келесі күні қызылжарлық жанкүйерлер үшін қарт құрлықтан тағы бір қуанышты жаңалық жетті. Өңір тумасы Ризабек Айтмұқан еркін күрестен жастар арасында Әлем чемпионы атанып, жерлестерінің көңілін тағы бір серпілтіп тастады.
«Ризабекті маңызды жеңісімен құттықтаймын. Келесі олимпиадаға қатысуға тамаша мүмкіндік бар. Алда спорттық жетістіктер тілеймін!» – деді балуанды құттықтаған өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Еркін күрестен 97 келіге дейінгі спортшылар арасында Ризабек Айтмұқан финалдық кездесуде Әзербайжан палуаны Хетаг Карсановты 10:0 есебімен ұтып, Әлем біріншілігінің жеңіс тұғырына көтерілді. Өткен жылы чемпион Белградтағы додада топ жарып, еркін күрестен өткен біріншілікте алтын иеленген алғашқы қазақ­стандық спортшы атанған еді.
Өңір спортшыларының күрес түрлерінен жеткен жетістіктері тек бұл ғана емес. Күні кеше Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қызылжарлық Мейіржан Берекетов қазақ күресінен алтыннан алқа тағынып, ел мерейін асырды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір