СӨЗДІҢ ТАЛАБЫ ЖӘНЕ ТАҒДЫРЫ
26.02.2016
4180
0

pbsl_2050_jambyla-jabaevaБекен ЫБЫРАЙЫМ

 

Қазақтың авторлық ауызша поэ­зия­сы­ның тарихында айрықша орын алған, ата­ғы сахараға кең тараған екі ақын бар. Біріншісі – Махамбет, екіншісі – Жам­был. Екеуінің де ақындық шеберлігі, көр­кемдік әлемі әлі күнге толық, дәлелді ашыл­май келеді. Неге деген сұраққа бері­ле­тін жауап алуан…

Махамбеттің өршіл жырларының ай­ға шапқан арыстандай ашулы, айбарлы бол­­мысы ашынудан, әлеуметтік, тарихи әді­­летсіздікке қарсылықтың тасқындаған қуа­­тынан қалыптасқан. Сенері – елі, сүйе­­нері – ердің ері Исатай. Жақияға жа­­лынды сүйсінуі, өкініші мен қызғыш құс­­қа «шағымы» – сырласуы арасында Ма­­хамбеттің төгіп өткен, толғап өткен жыр­­лары қаншама! Аттың жалы, түйенің қо­­мында жүріп-ақ ақтарып тастаған тол­ға­ныстарының өзі – ауызша поэзияның адам рухын асқарға шығаратын ұлттық асыл­дарымыз емес пе?! Ақын Махамбет, батыр Махамбет – қайталанбайтын тұл­ға.

Жамбыл туралы сөзді Махамбеттен бас­­тауымыздың себебі – қай заманда да ақын­ды өз заманынан бөлек ұғыну мүм­кін емес. Жамбылдың кезінде Саурық та, Сұраншы мен Байсейіт те бақиға оз­ған. Ендігі сүйенері – кім, сенері – кім? Сел­­бесері сансыз болғанмен, суырылып шы­ғып саңқылдайтын заман кеткен. Сүйін­бай, Бақтыбай, Түбек сияқты Тезек төреге теп­сінетін күн көзден бұлбұл ұшқан. Тө­релеріңізді түтелеп, тозаң қылып жі­бер­ген заманда қарапайым бұқара қанша қоз­дырса да, көз алдынан өткенді көңіліне түй­меске шарасы жоқ-ты. Екі елі ауызға төрт елі қақпақ қойылған, қаймықпай қар­сы айтса, қайтып шығармай­тын қа­пасы дайын уақыт. Енді асау арыннан гөрі амалмен сыбайласуға мәжбүр ақыл­дың тығырықтан жол табар қызметі ай­рық­ша.

Бұрнағы немесе кейінгі кездері өзіміз­де де, шет елдерде де Жамбылға ішінара ай­тылатын кінәраттар, тағылатын міндер сек­сен-тоқсандағы қарияның жас шамасы мен уақыт талабын иә шынымен білмей, иә қасақана ескермей, білгішсінуден туын­дап жататыны анық.

Қазақ поэзиясы туралы алғашқы «Ақы­н­дар» атты еңбегін жазған профессор Ес­мағамбет Ысмайылов «Жамбыл. Шы­ғар­­малары. I том» (Алматы, 1940) атты кі­­тап­та жарияланған «Жамбылдың өмір­бая­­нында» былай деп жазады: «1934 жы­­лы июнь айында Жамбыл Қазақ рес­пуб­ликасындағы көркем өнер қай­рат­кер­лерінің тұңғыш слетіне келді. …Бүкіл қа­зақ даласындағы ақын, әншілердің, өнер иелерінің бұл сықылды бір жерге бас қосып, өнер салыстыруын, ақындық, ән­шілік жарысқа түскенін Жамбылдың бірінші рет естіп, көргені еді.

…Осыны көрген, осы қуанышты сез­­ген ақынның жүрегіне тамаша асыл жыр­­лар келіп жиналды, «баяғыдан бер­гі бой­дағы асыл өнерді осы жиында айт­па­ған­да, қайда айтамын?» – деп, ақын кең тол­ғанды, жиын күндерінде домбырамен суы­рып салып, өлең айтуда ешбір ақынды ал­дына салмады, бас ақындық атақ алды (ас­тын сызған біз – Б.Ы.)…

…Қазақстан үкіметі Жамбылдың қа­зақ халық әдебиетін өркендетудегі ора­сан зор еңбегін еске алып, оған өмірлік пен­­сия берілсін деген қаулы алды» (27-28 бет­­тер).


  • ЖАҚСЫНЫҢ ЛЕБІЗІ

АЛМАСТАЙ АЙБАРЛЫ СӨЗ

«Ғасырға жуық ұзақ ғұмырында ол екі дәуірдің, көптеген әлеуметтік дүмпулердің куәсі болды, өмірдің ауыртпалығы мен тіршілік қуаныштарын да бір кісідей бастан кешірді, кедеймін деп мойыған жоқ, болдым-толдым деп тасыған жоқ. Жағымпаздық пен өтіріктің құнын жақсы білген Жамбыл ешқашан байлыққа да бас иіп көрген емес. Басқаның қасіретін терең қабылдап, зұлымдықпен де аяусыз күресті. Ақындар айтысында оған ешкім тең келе алған жоқ. Жамбылдың домбырасы – Жетісудың жан-жүрегі мен айдай ақиқаты еді.

Ол өзінің көп достары мен туыстарының қазасын көрді, кешегі соғыс қасіреті жүрегін тілгіледі. Тек алмастай айбарлы сөз ғана онымен өмір көшінің соңына дейін бірге болды, мәңгі өлмес топырағы ғана оны бауырына басып, алыстарға бастай берді».

Әбіш КЕКІЛБАЕВ.


Осы слетте еліміздің түкпір-түкпірі­нен жиналған өнерпаздардың, төкпе ақын­дардың арасында айрықша көзге түскен Жәкеңе бұдан былай мемлекеттік деңгейде назар аударылуы, зейнетақы бөлініп, қамқорлық жасалуы бұған дейін қоң­торғай күй кешкен ақын үшін әрі қо­лайлы, әрі қиын еді. 1932 жылғы ашар­шы­лықтың алды-артындағы жылдары Жәкеңнің төгіп салған талай-талай туындылары туралы деректер там-тұм. 1933 жылы Қырғызстанда болғаны тура­лы қырғыз ғалымдарының бертінде жа­рия­ланған ғылыми еңбектерінде мағлұмат бар.

Ал сол жылдардың әдеби ахуалын бір­шама сезіну үшін отызыншы жылдардағы әдебиеттің қайнаған ортасында бол­ған, та­рихы, теориясы, тұлғалары тура­лы өзек­ті ойларын ортаға салудан ір­кіл­ме­ген Есмағамбет Ысмайловтың атал­ған мақаласынан мысал келтірейік: «Осы жылы (1936 жылы – Б.Ы) ап­рель айында Қазақстандағы ақын-ән­ші­лердің екінші слеті шақырылды. Слет­ке қатысушылардың таңдаулылары (өне­рі, ақындығы асқандары) Мәскеуде май айының аяғында өтетін Қазақ ис­кусствосының декаднигіне бармақшы. Слеттегі ақындар Отанымыздың ұлы шын­дығын жақсы, көркем түрде жыр­ласын деген бір ғана тілек қойылды. Ақын­дардың творчестволық жарысы үш күнге созылды. Барлық халық ақындарының ішінде Жамбыл жеке-дара үздік шығып, 1936 жылы 25 апрель күні «Туған елім» дейтін әйгілі толғауын жырлап берді. Бұл толғау қазақ тілінде «Социалистік Қа­зақстанның» 1-май күнгі санында, орыс тілінде Орталық «Правданың» 7-май күнгі санында басылып шықты (аталған кітап, 28-бет), «Туған елім» атты толғанысымен топ жарған, тоқсандағы Жамбылдың бұдан былайғы өмір-тір­шілігі енді түгелдей өзіне «тиесілі» болу­дан қалғандай, тірі адам – ақынды идеологияның тірі құралына, адам – құ­рал емес, құрал – адамға, мемлекеттік «мен­шікке» айналдырғандай әсер етеді.

Жамбылдың шығармашылық қыз­метіне 75 жыл толуын сол кездегі 170 мил­лион адамы бар Кеңес Одағы қызу атап өтті. Көптеген шет елдерден құттықтаулар ағылды. Адамзат тарихында ешбір ақын­ның шығармашылығы осындайлық кең көлемде тойланбағаны сол кезде де, кейін де талай айтылды. Мұндай ұлан-асыр құрмет тоқсанның тонын жамылған қарт ақынның мерейін асырумен қатар, ауыр міндет, зор жауапкершілік жүктеді, «алмақтың да салмағы бар» екені күн өткен сайын айқындала берді.

Тәуелсіздік кезеңінде сонау күндерді еске алудағы мақсат – адвокаттық ақтау емес, объективті шындықты сезінуге, білу­ге ден қою. Бүкіл баспасөзде жазы­лып, радиода есімі екпінмен естіліп, жыр­лары саңқылдап оқылып жатқан, қа­лың жұрттың, одан да бұрын биліктің назарында тұрған қария Жәкеңнің – ақын Жамбылдың жеке тірлігі түгіл, өз ортасының өрісінен ешқайда ұзамаған қарапайым адамның күнделікті тіршілігі үздіксіз бақылауда тұрғанда, шын ықылас, шынайы ынтамен беріліп, ағыл-тегіл жыр ақтару мүмкін емес еді. Соған қарамастан Жәкеңнің тәңір тарту еткен дарын қуатын билік өзіне қажет арнаға шебер бейімдей білді.

Ел іші, ауыл арасындағы қарапайым ең­бек иесін бақылайтын жергілікті би­­лік болса, Жәкеңе ауыл – астана Ал­ма­­ты – одан сонау Мәскеуге дейінгі ара­­лықтағы қыруар мекемелер үнемі өлең сұрап, қаншама қырағы, сыншыл немесе міншіл, күншіл көздер қарағанын, қадалғанын ойлағанда, елікпей, есірмей, қынжылса да, қыңыр кетпей, қиналса да шорт кетпей, өзін – сөзін төзім мен са­бырға бағындыра алғаны еріксіз ойға қалдырады. Сол кездегі жағдайды білмей тұрып, бүгінгі білгішсінуміз, төбе бисініп, төрелік айтуымыз қаншалықты орынды деген сұрақ кес-кестейді.

Отызыншы жылдары мыңдаған ақын­дар, жазушылар, журналистердің ішінде мадақтау жарысында Жамбылдан да «озып кеткендер» немесе сол «биіктен» та­былғандар тым көп болғанын дәлелдеп жатудың керегі жоқ шығар – баршаға белгілі шындық. Солардың қарадүрсін, қаракесек, қарабайыр, көпекөрінеу идея­лық рупорға айналған дүниелерін қазір оқуға ешкімнің де құлқы соқпайтыны рас. Ал ырғағы құйылып, көркемдік әле­мі көз тартатын «күнсіздерге күн бол­ған…», «үнің кетпес құлақтан…» әлі де әуез­ділігімен, тұнықтығымен, екпінімен және әсерлі әсірелеуімен тартымды. Тек… мақталатын, дәлірек айтқанда, ықтияр­сыз мақталатын кейіпкерлердің орнына өзіңіздің жаныңызға жақын, өзіңізге сүйік­ті кейіпкерді қойыңыз да, бояулар дүниесін аралай беріңіз.

Бұл арада гәптің шығарма кейіпкеріне қатысты сырын түсінгеннен кейін, екін­ші «гәпке» – өлеңнің көркемдігіне ойы­сайық. Баламалардың, теңеулердің бір-бі­рімен бірде жарыса төгілуі, бірде қол ұстаса құйылуы, ырғақтың кібіртіксіз көсілуі, бірінің соңынан бірі ес жиғызбай қуып, екпіндерін еселей беретін шымыр ұй­қастардың ынтымақтасып, «құлақтан, бұлақтан, құлатқан» деп өлеңнің буын­дарын бұлжымастай шегелеуі, әр ұйқас – сөз өз мекені – тармағында шікірейіп не­месе тікірейіп тұрып алмай, ортақ мүд­деге қызығушылық білдіріп ұмтылуы, ең қызығы – соның бәрі жиылып келіп, біртұтас бейнені ажарлауға, сомдауға «бір кісідей» атсалысуы композицияның тұтастығын, құрылым гармониясын та­нытады. Суырып салып айтқан өлең емес, түнімен толғанып, ақ қағазға асықпай түсіріп, таныс бейнені жаңа қырынан жарқыратудың өзіндік жолын салғандай кейіп танытады.

Сөздер де, ұғымдар да, теңеулер де бұ­рын­нан таныс тәрізді. Бірақ ақын айт­қанда, фольклордың әр қиырдағы дәс­түрлі бояу-қазыналары жайғасып жатқан жерінен атып тұрып, бері қарай – өлеңге қарай жарыса шауып, қуана дүбірлетіп, қунап жеткендей, әрқайсысы ансамблге өз дауысын қосып, құйқылжып тұрғандай сезіледі.

Ақын шығармаларының көркем­дік ерекшеліктерін байыптау арнайы, көлемді зерттеулердің жүгі болуға керек. Теңіздің дәмін тамшыдан, ақындықты бір өлеңінен де жобалауға болар. Мәселен, соғыс басталардан бұрын – 1941 жылдың ақпан айында Қазақ ССР Жоғарғы Сове­тінің сессиясына қатысуға барар алдында айнадан өз келбетін көргенде, айтқанын сол кездегі талантты жас ақын Ғали Орманов жазып алған:

Сақалым – темір күрек борға малған,

Селеудей шашым селдір зорға қалған.

Аузыма ақ жабағы жапсырғандай,

Кәрілік немді қойды қорламаған?

Құлпырған қызыл шырай түсімді алды,

Аузымды опырайтып, тісімді алды.

Босатып буынымның шегелерін,

Сыпырып тұла бойдан күшімді алды.

 

Кәрілік екі көзді қызартады,

Сүйектің етін сылып ұзартады.

Еңкейсең етпетіңнен түсіргендей,

Батпандап тізе тұсқа тұз артады.

/Жамбыл Жабаев. Толық шығармалар жинағы. Төртінші том. Алматы, 2014 ж., 49-бет/.

Бас-аяғы үш-ақ шумақ өлеңнің ал­ғаш­қы шумағындағы соңғы жолдан бас­қа барлық тармақтар түгелдей бейнелі. Әр­қайсысы өз қырынан айнадағы кескін­ді сипаттағанда, назар аудармасыңа қой­майды. Еріксіз Ғабеңнің – Ғабит Мү­сіре­повтің сөзі еске түседі. «Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен ақын еді. Оның ойлы көздерінің түбінде қа­шан­да бір сықақ ұшқыны тұратын. Әл­денені түсіндіре бастасаң, «Мені бір ал­жуға айналған шал деп отырсың-ау!» де­гісі келгендей, мұрт астынан миығы жы­мия бастағанын сезуші едің. Айта бас­тағаныңды іліп әкетіп, өлеңмен өзіңе қайта айтқанда, ақын жүрегінің ыстық жалынына, ой-сезімінің тереңдігіне таң қалатынсың». Ақынды көзі көрген, за­мандас іні қаламгерлердің арасында, әсі­ресе, Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мү­сірепов­тің, Әбділда Тәжібаевтың байқаулары ақын­дық өнер табиғатын терең білуімен, Жәкеңнің шын шеберлігін қапысыз дәл сезінуімен, қадіріне жетіп бағалауымен, бүгінгі бізге алыс заман сияқты көрінетін өткен ғасырдың қайталанбас тұлғасының болмыс-бітімін дәл танытуымен ерекше құнды.


  • ЖАҚСЫНЫҢ ЛЕБІЗІ

МӘДЕНИЕТТІҢ КӨПІРІ

Даниялық көрнекті жазушы Мартин Нексен жыр алыбы Жамбылға жолдаған бір хатында: «Сіз көшпенділердің өмірінен осы заманғы адамның, еркін азаматтың өміріне мыңдаған жылғы мәдениеттің көпірін салдыңыз» деп жазған.


Qw39qmDBq2qGiRV8o121BL6lMtF7zOҒабеңнің сөзі – Жамбылдың жалпы өзі мен өнеріне қатысты сол пікірді дә­­­лелдейтін көп мысалдың бірі емес, бі­регейі. Жәкеңнің өлеңі – жаныңа жа­қын, сыралғы қазақы дүниетанымның бол­мысты барлау мен сезіну, бағалау мен бей­нелеу мүмкіндігін әдемі танытқан туын­ды. Жүз жылға жуық уақытқа созылған сапар шегіп келіп шаршаған соң, бір да­мылдап алып, өз кескініне қарағанда, ерік­сіз кешеде қалған өмір мен бүгінгі бей­несін іштей салыстырып, іштей тәу­баға жүгінгені, шүкіршілік көңілін ор­нықтырғаны сезіледі. Өзіне сынай қара­ғаны – көңілдің тоқтығынан. Алай-тү­лей­де ақыл адасады. Тасада толқыған «бүг­інге қалай келдім? Ендігім – қазіргі қал­пым қалай?» деген бұрынғылардан кейін­гілерге мирас сұрақтарға жауап ізде­ген, өзіне-өзі зер салған аял сәтінде қол­ма-қол жауап бергенде, сыншыл сер­гектігі айқын.

Өлеңнің әр жолы – бейнелі, автордың кей­піне анықтауыш, һәм таразы. Бала­малар да, теңеулер де күнделікті өмірде көріп, тұтынып немесе куә болып жүр­ген қарапайым «байлық». Сақалын бор­ға малған темір күрекке ұқсатқанда, ақын­ның әлі еті қызбаған, градусы төмендеу бей­тарап байқау. Екінші жолда осы бай­қауды дереу қолдап ілескен мүсіркеу мен мысқыл аралас. Қайсысы басым тү­сіп жатқанын іздеудің қажеті жоқ шы­ғар. Селеу шаштың ақтығын сездірсе, сел­дірлігі үйреншікті, табиғи. Алайда, «зорға қалуы» селт етпеске қоймайды. Емеуріні мен астары талайға, әр қияға мегзейді.

Үшінші тармақ тағы да таразы бей­тарап­тылықты аңғартса, екінің бірі айта салуы мүмкін «кәрілік немді қойды қор­ла­маған» деген төртінші жолы алдыңғы бейнелік нұсқаулар мен мегзеулерге – бей­нелік әлемге жасалған қорытынды іс­петті. Қарапайым сөз – тармақ бостан бос­қа қарап тұрмай, философиялық сұрақ­қа, әрі жауапқа ұласады.

Мұндай «абыройлы» салмақ арқала­тып, беделін асырған, эмоциялық-рито­ри­­калық сұрақты күшейтіп, сезінбесіңе қой­майтын тегеуріндер – алдыңғы үш жол­да иінтірескен мықтылар – образдар: Са­қал – борға малған темір күрек, шаш – жай тұрған селеу емес, селдіреп зорға қал­ған селеу, ауызы – жапсырылған ақ жабағы… әрқайсысы бір-бір сурет. Алай­да, осы үш сурет ақындық құдіретімен тұтас, толымды бір полотноға айналады. Сол картинаның астында автордың қол­таңбасы секілді, «қорланбаған» ештеңесі қалмаған кәрілік.

Кәрілік болғанда қандай! Бұған дейінгі авторлық ауызша поэзияда жарысып ке­ле жатқан он жаста жарға ойнаған лақ­тай, құрақтай, шырақтай, жер таянбай тұ­ра алмайсың немесе шала мүжілген, то­мыртқа да, омыртқа да емес, ежелден таныс абстракт, көпке ортақ, баршаға та­ныс пайымдау емес. Қызыл шырай тү­сін алдырған, ауызын опырайтып, тісін алдырған, буынының былқ етпейтін бұрын­ғы мық шегелері босаған, тұла бойын­да толқыған күші толайым сыпы­рыл­ған, өңін өз көзімен көріп тұрған, бас­қалар да аңғарған қарттың – жер бетінде жүз жылға жуық жүріп келе жатқан қа­рияның қайталанбас суреті.

Жаңағы аз болса, қайта қарағанда, екі көзі қызарғанын, еті сылынған сүйе­гі­нің ұзарғанын ұғынып, еңкейсе, ет­пе­тінен түсердей қобалжыған, тізе тұсы­на батпандап тұз артқандай сезініп жү­рек­сінетін қарттың тәубадан тамыр алған мойындауы тағы бар.

Автор алғашқы қарқынмен қарағанда, ең алдымен өз кескініне көзі түсіп, со­ны сипаттайды, сырт кейпін өлеңмен «тал­дайды», таниды, һәм танытады. Әлпетіне әжеп­тәуір кідіріп «тамашалап» алған соң, жалпы сүдініне, тұтас тұлғасына, порым-пошымына тағы да асықпай зер салып, уақытын кетірмейді. Күрек, селдір селеу, ақ жабағы, опырайған ауыздан кейін бет-ажарын асығыс бір шолып түгендеп шығып, басқасының аужайы белгілі ғой дегендей көңілсіз, құлықсыз сипаттап өтеді. Сипай салғанның өзінде бейнелі суреттер, образды тіркестер тізіліп түсіп жатады.

Сондайда ойлайсың: «япырай, өз ны­санына әшейін бір көзі түскенде, бұлайша сілтейді, асықпай толғанып толғаса немесе сауат ашып, қаламмен қуаттанса, қалай болар еді?» деп. Сөз саптауынан зілсіз, берекелі әзіл, әдепті әжуа ізі, өткен өмір жолымен сабақтастыра салыстыру белгілері де байқалады. Өлең – бейнелеп айтқанда, ақынның өзіне, кәрілікке арналған, сомдалған ескерткіш.

Сөзбен бұлайша сурет салу үшін сер­гек те қырағы, әрі сарапшыл көз керек. Көз болғанда, бірден менмұндалайтын ұқ­сас белгілерді бір-бірімен әйтеуір ама­лын тауып байланыстырып, күшеніп бей­не жасауды місе тұтпайтын, одан гөрі сол бейнені мүлтіксіз, қапысыз танытуға әрқайсысы өз әлінше үлес қоса алатын, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатын мықты, сұлу сөздердің астар айшығымен арқаланып, мүлт жібермей дәл көздейтін сұр мергеннің – жоямергеннің көзі ке­рек.

Сонымен бірге, естияр көңілдің қа­жет­тілігі айрықша. «Кәрілік немді қай­ды қорламаған?» деп, кіжінуге бер­гі­сіз, есіркеу-мүсіркеуіне мойындау-ша­ғымы қосылған сұрақты жауапта мыс­қылы бұғынбай-ақ бой көрсетеді. Алдырғанына, уақыттан алданғанына апшып, ашуланбайды, арманда қалып, амалы жоқтығына таусылмайды, кемелім кешеде қалды, ендігімде мереке бар ма деп аласұрмайды. Ежелгі заңдылықты ес­ке тұтып, қанағаттың қайырымынан бар­қадар табады.

Кеңпейіл қазақы дүниетаным өт­кен мен бүгінді іштей тамырластыра та­ра­зылай келіп, замандар белесіндегі тай­талас тағдыр-сырлар мен шектеулі мүм­кіндіктерді ұғынып, зердесіне тапжылтпай қондырған соң, әлгі сұрақты қояды. Сұрақ – әрі жауап, әрі шешім.

Бұлайша шешім жасау – мойындау ақын­ның – лирикалық кейіпкердің – адам­ның дүниеден өз орынын табуға, өз тағ­дырына қажет өмір сауытын жасап алуы­на, өз өмірінің бұлағын уақыт теңі­зіне құя білуіне себепші. Осы сәтте кейіп­кердің жан дүниесін, психологиясын қа­сында тұр­ғандай сезінуге ықыласты ын­таға мүм­кіндік бар. Өлеңдегі әр сөз мел­шиіп, қа­тып тұрған жансыз бояу емес, салқын-сал­қын сырт сипаттар да емес, басқа… бас­қаша …«сиқыры» бар… Сиқыры –мағыналы бейнеліліктің тартымында…

Әр сөзден қарлығып жарықшақтанған, өмір – тарихтың талай-талай талқысында та­лығып, ылдиы мен өмірінен өтіп, шар­шауға бет алған, қуаты қайтқан кә­рі дауыс әлсіреп естіледі. Алғашқы сөз кейінгі сөзбен көршілескенде, жа­­тырқамай туыстасады. Бір-біріне жәр­дем­десіп, бір атаның балаларындай ын­тымағы жарасып ұжымдасуынан әр­қайсысының өзіне тиесілі жүкті қи­нал­май, қызыға көтергенін, мақсатына же­тіп, өз функциясы мен міндетін абы­роймен атқарғанын ескергенде, сөздің «психологиясын» сезінесіз. Тұтас өлеңдегі әр шумақ, тармақтармен бірге контекстегі әр сөздің өз бойына шақ, өз бойына сыйым­ды күші, әлеуеті барын түйсінесіз. Мұндай қуатқа ие болуының сыры – тұтас мәтіндегі, әр шумақ, тармақ контексіндегі ролі – міндетті қызметі мен қосатын үлесі арқылы өзін де тұлғалауында.

Онымен шектелмей, тұтас мәтінді «ке­мелдендіруге», көтеруге лайықты үлес қосатын ғажабы классикалық дең­гей­ге көтерілген шығармаларда ғана кез­десетінін айтсақ, қазақтың ауызша поэзиясының көркемдік әлеуетін нақты мысал арқылы сезінеміз. Мұнда сөз – әріп-таңбалардың бірлесуімен жасалған, белгілі бір ұғым деумен шектеле алмайсыз. Ақын қиялынан құйылып түскен әр сөз – өзінше Тіріге айналған. Әрқайсысының міндетіне сәйкес айтары бар…

Назар аударарлығы – сөз өзінше бел­сеніп «шешенсуден» аулақ, қазақы дүниетанымның кішілігін табиғи қа­сие­тіндей сақтап, имандай ұстанып, жақса да, жақпаса да, уақытты – бейтарап шын­дықты сыпайылап, салмақпен ұқ­тырады. Абыржымай жеткізеді. Осы­лайша сөздер статикалық бірліктер қата­рында береке таппай, состиып тұрып қалмайды; не ары емес, не бері емес, бостекі ербимейді. Әрқайсысы бірден өз бітімімен қаратады. Қаратқаны – қы­зық­тырғаны. Қызықтыратын құпиясы – сөздер поэтикалық бояу – мағына дәре­жесіне көтерілуінде. Осынау бояулар мағына-мазмұнға жабысып алып, мық­шиып жатып алмайды. «Ешкімге» бөгет жа­самай, өз қадірін біліп үнсіз тыныстап, үнсіз тынып-ақ салмақты, сарапшыл сыңай танытады.

Енді бір сәт сөздер «сөйлегенде», әр­қай­сысының ықылас-райы бетіңізді бері бұрғызады. Тұтас мәтінді қанатына мінгізіп, қалықтап әлдеқайда ұшып кетуі, қайдағы қиырды кезіп кетуі мүмкін әуенді қалауынша бетіне жібермей, өзегінен, өн бойынан лайықты орын алады. Сөз өзі­нің қуат-мазмұнын әуенге дарытып, нәр береді. Соған сәйкес әуеннің күшін өз кәдесіне жаратқанда, сөз кәдімгідей тұл­ғаланып нығаяды, тұтас контексте өзіндік «психологиясы» шымырлайды. Бұл «психология» автордың алға қойған мақ­сатына – мегзеген ойы мен тілегіне қарай құбылғанда, зер салып сүйсініп отырған Сөзіңіз өзінше бөлек лирикалық кейіпкерге айналып кетті ме деп таңданып қала жаздайсыз.

Бір жақсысы – осы әбігеріңіз әсе­ріңіз бе немесе әсеріңіз әбігеріңіз бе, қай­сысының сиқырымен ұйысаңыз да, қа­зақы дүниетанымның тәубаға ұласар са­быры мен ұятты ұмыта алмайтын ұстам­дылығы әркімнің-ақ жүрегінде жылы ұя табары хақ.

Жәкеңнің өз суретін өзі жасаған порт­рет өлеңі – кәріліктің автопортреті секілді. Әлем­дік жазба немесе авторлық ауызша поэ­зияда кәріліктің мұндай нақты-бей­нелі, айқындаушы һәм жинақтаушы порт­ретін әзірге кездестіре алған жоқпыз. Бұл арада басқа да өлеңдерін немесе тол­ғау-дастандарын талдауға орын тар бол­ғандықтан, жалпы жинақтау-әсерді шектеп, әзірге ат басын ірке тұруға тура ке­леді…

Сөзіміздің түп қазығы авторлық ауыз әдебиетін, ауызша поэзияны байыптау мен бағалау мәселелеріне тіреледі. Төкпе ақындардың сөз толғамы әуен арқылы тың­даушыға жететіні белгілі. Ал бір ғана сөздің өзін дауысқа, айту екпініне қарай отыз шақты эмоциялық-эстетикалық бояуға, мәнге ие бола алатынын ескерсек, бұған дауыс қана емес, әуеннің байлығын, айту мен музыкалық аспапты пайдалану шеберлігін, аудитория – тыңдаушының кон­тингенті ерекшелігін ескеру естілігін қос­қанда барып, Жамбыл сияқты суы-рыпсалма ақындардың көпке әсер ету мүм­кіндігі қаншалықты мол екенін шама­лай аламыз. Дәуір мен жеке адамның өза­ра ықпалын, сан алуан қарым-қатынас ерекшелігін бажайлап пайымдамайынша, әдебиетіміздің осындай қайталанбас қа­зынасының қадірін білу, тарихи ерек­шелігін ұғыну мүмкін емес.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір