ЖАМБЫЛ ЖЫРЫНА ЖАҢА КӨЗҚАРАС
26.02.2016
7817
2

Жамбыл+7Толғау мен айтыстың классикалық үлгісінен жаңылмай бертінге аманат еткен ақын Жамбылдың шығармашылығы ғалымдар тарапынан зерттеліп, талданған. Басты тақырыптың бірнеше рет қайталануына негізделген пішінге (Рефрен)  ие өлең ағындары Жамбыл  жыраудың қайталанбас  мәдени тілдік контексін (дискурсын)  сипаттайды. «Кісі еңбегін жемейтін заман туды» деген Жамбыл анықтамасының өзі бір нарға жүк боларлық тұжырым, сонымен қатар, қазақ болмысының насихатқа алданған түрі. Міне, осы тақылеттес сенім иесі Жамбылды бүгінгі ұрпағы қалай түсінеді? Филология ғылымының докторы Айгүл ІСІМАҚОВА, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының  ғылыми қызметкері Рафат ӘБДІҒҰЛОВ бүгін  осы төңіректе әңгіме өрбітті. 


– Қазіргі әдебиеттануда Жамбыл шы­ғар­­машылығына қатысты екі түрлі көзқарас бар. Бірі – совет кезінде тоталитарлық би­­­лік­тің қолдауын көрген ақын десе, ен­ді бірі Жамбыл толғау дәстүрін совет ке­зінде жалғастырған абыз-жырау дейді. Әдебиеттанушы ретінде сіздер не дейсіздер?

Рафат ӘбдіғұловРафат ӘБДІҒҰЛОВ: Қазақ әдебиетінің бір ерекшелігі – суырыпсалмалық өнерден ке­ліп, профессионалдық жазба әдебиеттің іші­не шұғыл кіріп кетуі. Жамбылдың 1936 жылғы Мәс­кеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің де­кадасына қатысуы туралы әр түрлі пі­кірлер айтылады. Декадаға суырыпсал­ма ақынын көрсету туралы талапқа орай Алматыға он шақты ең белгілі дейтін ақын­дарды шақырып алып, советтік заманды, со­веттік Қазақстанды жырлау туралы тап­сырма берген. Жазылып алынған өлең­дер қазіргі тілмен айтқанда, конкурсқа тү­седі. Жамбылдың «Туған еліме» дейтін тол­ғауы сол конкурста жеңіп шыққан. Жам­былдың Мәскеуге кетуі осылай, еш­қандай кездейсоқ емес, тоталитарлық ке­зеңнің билігі Жамбылға да, басқа ха­лық ақындарына да, тіпті жазба әдебиет өкіл­деріне әсер етті. Оның жақсы да, жаман да жақтары болды.

 

Айгүл ІсімақоваАйгүл ІСІМАҚОВА: Жамбыл Жапаұлы «Әкеме» өлеңінде былай деген:

Батаңды маған бер, әке,

Тіліме менің ер, әке.

Жапаның ұлы ақын боп,

Жақсы істепті дер әке.

Жамбылдың ақындығы совет кезеңіне дейін қалыптасқан. 1913 жылы Верныйда (қа­зіргі Алматы) бүкіл ақындарды ша­қы­рып алып Романовтар әулетін ма­дақ­тай­тын өлеңдер жаз дегенде бас тартқан ақын­дардың ішінде Жамбыл да болған. Ол егер билікке ұнағысы келсе неге сол кезде Романовтарды мақтамасқа. Романовтардың ме­рейтойына байланысты көрме өткізіледі, ақындарды оған да алып келіп мадақтайтын жыр жазуын талап еткенде сол кездегі би­лікті мазақ еткен «Өстепкеде» деген өлеңі дүниеге келген:

Елде жүрген егейлер,

Қалада құр үйілдің.

Ұлық көрсең ұйлығып,

Желді күнгі қамыстай

Жапырылып иілдің», –

дейді.

Әдебиеттанушы М.Базарбаев өз зерт­теулерінде: «Жыршы Жамбыл, жы­рау Жамбыл, айтыскер Жамбыл, ақын Жам­был» деп ақын шығармашылығын төрт са­лаға бөліп қарастырған. Бұл тұжырымдар теориялық талдаулар арқылы негізделген. Кә­сіби мамандар анықтағандай, Жамбыл – совет заманында жыраулық дәстүрді да­мытушы.

Есте сақтау қабілеті ерекше болу тек жы­раулық  дәстүрге тән қасиет, сондықтан Жамбыл жыраулық дәстүрді жаңғыртушы деп санаймыз. «Көрұғлы» дастанының бірнеше нұсқасы бар, ал, Жамбыл нұсқасы ең көркемі болып мойындалған.

Жамбылды қолдан жасалған ақын деу қа­зақ әдебиеттануының жетістіктерін, оның ішінде М.Базарбаев сияқты теоретик ға­лымдардың зерттеулерін ескермеу дер едім. Әдебиеттану ғылымы тұрғанда көл­денең біреудің пікірі Жамбыл жырауды жоқ­қа шығара алмайды.

– «Өтеген», «Сұраншы», «Көрұғлы» дас­тандары деп аталған поэмалардағы тарихи шын­дық пен көркемдік шешімнің деңгейін қа­зір қалайша бағамдауға болады?

Рафат ӘБДІҒҰЛОВ: «Көрұғлыны» Жам­был­дың өзі Құлмамбеттен үйрендім дей­ді. Құлмамбеттен үйрендім деуінің өзі Жам­былдың адами мінезін, кішіпейілдігін көр­сетеді. Он бес күн айтқан. Оны таңның аты­сы, кештің батысы деп түсінуге болмайды, кө­біне кешке қарай жиналып, жатар орынға дейін айтылатын уақыт. «Көрұғлы» – жан-жақ­ты зерттелген, диссертациялар да қор­ғалған дастан. Ал Өтеген қазақ-қалмақ со­ғысының ең белгілі батырының бірі. Өтеген жайында жинақ та құрастырылған. Сол жинақтың ішіндегі ең көлемді және көр­кемдік деңгейі жоғары шығарма Жам­былдың «Өтегені». Бұл жырдың қазір үш нұс­қасы бар. 2014 жылы Абай атындағы Қаз­ҰПУ жанындағы «Жамбылтану жә­не халық ақындары» атты институт Жам­былдың төрт томдық шығармалар жинағын дайындады. Жамбылдың 1982 жылғы жи­нағында «Өтеген» жырының екі нұсқасы бе­ріл­ген. Ол нұсқаларда Өтеген елге жай­лы жер іздеп, елдің қажетін толық аша­тын­дай жерге жетпеген секілді болады. Мұх­тар Әуезовтің елу томдығын дайындау барысында ұлттық архивте отырып жұ­мыс істеген кезде «Подстрочники сти­хов Джамбула» дейтін папка шықты. Пап­каның ішінде Жамбыл өлеңдерінің орыс тіліне сөзбе-сөз аудармалары мен бір­неше шығармалары бар екен. Сол шы­ғармалардың ішінде Өтегеннің екі нұс­қасы жүр. Ол нұсқаның біреуі 1982 жыл­ғы жинаққа кірген, енді біреуі еш жер­де жарияланбаған. Қарап шыққан кезде ана екі нұсқадан финалы мүлдем бөлек бо­лып шықты. Бұл нұсқаны Жаманкеев Әбді­ғаппар дейтін кісі 1937 жылы жазып алған екен. Үш нұсқаны салыстырғанда бі­рінші нұсқадан гөрі екіншісі реалдық си­патқа ауысып, эпостық әсірелеу азая тү­седі. Ал үшінші нұсқада романдық-эпи­калық сипатқа көшеді. Кеңестік кезеңде жа­рияланған екі нұсқаның финалында Өте­ген Жиделі Байсынды таба алмайды, он­дай жер советтік Қазақстан екен деп аяқ­талады. Үшінші нұсқа финалы зар-заман ақындарының үлгісінде.

«Сұраншыны» ең алғаш айтқан Сүйін­бай. Осы «Сұраншы» жырындағы оқиғаның та­рихына байланысты әңгімелер іздестірген кез­де мынандай нәрсе анықталды – Сұ­­­раншының соғысына Шапырашты тай­пасының Есқожа руы мен Екей руының жігіт­тері қатысады. Сол жігіттердің ішінде Сүйін­бай мен Сүйінбайдың ағасы Жұмық та болған. Сүйінбайдың бір айтысында жиыр­ма шақты ғана жолда Сұраншы жыры­ның үлгісі айтылып өтеді, жырдың схе­масы секілді. «Сұраншы» жырын Тезек тө­ренің сұрауымен айтқан дейді. Бұл жа­зылып алынғаны, қазірге жеткені. Әйт­песе Сүйінбайдың өмір бойы, әр түрлі жағ­дайда, әр түрлі нұсқада айтқаны анық. Жамбыл осы «Сұраншы» жырын дамытып, көлемін екі-үш есеге дейін үлкейткен. «Сұран­шы» жыры Жамбыл айтуында поэмалық сипатта. Мұнда қазақтың ерлігі мен ездігі қатар айтылады.

Айгүл ІСІМАҚОВА: Қазақтың 100 томдық «Бабалар сөзінде» қазақ елінің тұтас тарихы бар. Жамбылдың «Өтеген», «Сұраншы», «Кө­рұғлы» дастандары тарихи поэмалар еке­нін теоретик Мүсілім Базарбаев анық­таған. Зерттеуші айтқандай, бұлар лиро-эпикалық поэмалар жанры. Ең әуелі ол жыр­ларда тарихи оқиғалар қамтылады, екін­ші Жамбыл орындаушы емес, автор ре­тін­де өз көзқарасын анық білдіріп отыра­тын (нарратор). Елге ерлердің батырлығын жеткізейін деген автор мен оқырман ара­сындағы үлкен эстетикалық, этикалық дең­гейдегі байланыс, қарым-қатынас бар. Жыраулық дәстүрдің озық үлгісінде Ел қорғаған Ерлер тұлғасын жырлаған Жамбыл өткен замана тарихын бүгінгі заманға ұсын­ды. Жамбылдың Құлмамбетпен айтысында үш поэманың сюжеттік фабуласы айтылып кет­кен. Осыған орай, жамбылтанушы Р.Бер­дібаев былай деген: «Өтегеннің «жыл­­қы өсіруге қолайсыз» екен деп, Жер­ұйықты жақтырмай туған жеріне қайта бұрылуында күрделі ой жатыр. Ақынның бұл қорытындысы түптеп келгенде, нағыз шындықтың өзі. Өйткені, туған жерде та­былмаған жақсылық өзге өлкеден нәсіп бол­мақ емес. Халықтық ұғым да, ақындық ұғым да осы қарапайым даналыққа тірел­гендей». Отан үшін деген концепт осы ретте тағы да нақтыланған.

– «Сыздық Сұлтанға» толғауындағы ұлт-азат­тық қозғалыстың қаһарманы Кенесары ханның бейнесін совет кезінде суреттеуі Жам­былдың жыраулық ұстанымы ма, әлде совет үкіметіне көрсеткен қыры ма?

Рафат ӘБДІҒҰЛОВ: «Сыздық Сұлтанға» дей­тін өлеңі жүз жылдығына орай шыға­рылған толық жинағында беріліп, онан кейінгі жинақтарынан алынып тасталған. Сыздық сұлтан 1884 жылы Жетісуға келіп, өзі­нің қырғызға бара жатқаны туралы бұйымтайын айтып, бір топ жолдастарымен аттанады. Олардың ішінде бір топ ақындар – Жамбыл мен оның шәкірттері, әрі ба­тыр, әрі ақын Мақыш Райымбеков, Ке­нен Әзірбаев, Сарыбай Айдосұлы дейтін қа­зақтың үлкен биі болған. Қырғыздар Сыз­дықтың келуінен қатты сескеніп, әке­сінің кегін алуға келе жатыр ма деген ойда болады. 1946 жылғы жинақта берілген түсініктемеде Сыздық: «Мен сендермен шабысқалы келгенім жоқ, табысқалы кел­дім. Сен де туысқанымсың жан ашуы үстінде әкемді өлтірдің деп кінә қояр жайым жоқ. Жалғыз-ақ тілегім – әкемнің сүйе­гін бер, аталарыма қосайын, алтын жүзі­гін бер, қолыма салайын, сары қасқа ерін бер, астыма мінейін, бұйымтайым осы-ақ», – дейді. Сыздық Сұлтанның келуі жайындағы әңгімені үлкен кісілер айтып отыратын. Сондағы Жамбылдың Сыздық Сұлтанға айтқаны:

Даңқыңды естіп жүруші ем,

Шартарапқа шашылған.

Ақ жүзіңді көрген соң,

Енді мауқым басылған.

Ауылға жүр, қонақ бол,

Атан алып, ат мініп,

Ағайынға беріп қол,

Аттанарсың, Сыдеке,

Ата жолы деген сол!

Сыздықтың жасы Жамбылдан онша үлкен емес. Сыздық Кенесары қайтқанда он-он бір жаста қалған бала, Жамбыл Ке­несары өлердің алдында ғана туған. Ке­несары, Наурызбайдың сүйегі Жамбыл айт­қан «Он бір жыра» деген жер басқа дерек­терде де бар.

Айгүл ІСІМАҚОВА: Жамбыл бастаған қазақ ақындарының өлеңдерінде тарихи шындық пен Ұлт азаттық қозғалысқа қа­тыс­ты басты топонимикалық мағлұмат­тар сақталған. Он жылға созылған Кен­сары­ның соғысы қалай өтті? Жергілікті халықтың қолдауы, соғыс шындығы жа­йын­­да Жамбыл өлеңдерінен мә­лімет ала­­мыз. Толғау былай тұрсын, ол кезде Сыздық Сұлтанның қасында жүру үшін айтарлықтай азаматтық пен ерлік ұста­ным керек еді. Жамбылдың Кенесары хан мен Сыздық бейнесін жырмен суреттеуі ас­қан батырлық. Екіншіден, Ұлт-азаттық кө­терілісті Кенесары елді біріктіру үшін іске асырғанын Жамбыл осы ретте анық аңғартқан.

– Ақын поэмалары мен өлеңдеріндегі ме­тафора, қанатты сөздер, бейнелі сөздер мен символдар, ұлттық құндылықтарды мең­зейтін басты концепциялардың тотали­тар­лық шеңбердегі поэзияда орын алуы ақын даралығының дәлелі емес пе?

Айгүл ІСІМАҚОВА: Жамбыл толғаулары­ мен өлең­дерінің бунақ, буындары жыраулық дискурсты айғақтайды. Қазіргі әдебиет тео­риясы жетістіктері тұрғысынан Жамбыл жы­рау шығармаларын қайта қарап шық­қанда, Мәскеуде қазақ поэзиясынан дис­сертация қорғаған теоретик, ғалым Мүсілім Базарбаев теориялық негіздерін былай қорытыпты:«Жамбыл ауызекі поэзияда кә­дімгі жазба әдебиетке жақын келген ақын. Өлеңді жаңа түр, жаңа сапамен байытты. Жамбыл көп жазған өлеңдік формасы – жыр. Ақынның жырлары көлемі жағынан мол халық мақалы мен мәтелдеріне бай, тарихи оқиғалардың кең қамтитын белгілі бір тақырыпта арналған ұзақ өлең түріне келеді. Жыр қазақтың батырлық эпосына тән өлеңдік форма» дей келіп, совет кезінде бұл жанрдың  да­мы­тылған  түрлерін анықтап береді: «Жамбыл жырының бір қасиеті – оның бас-аяғы жинақы, төгіліп айтуға ың­­ғайлы болып келуі. Жырдың халық ара­сында көп таралуы сонан да болғандай. Жал­пы алғанда, жыр ақынның қалауынша сан алуан ұйқаста шығарылған. Бұл, әрине, ақынның шеберлігіне байланысты. Ақын кейде ондаған жолдар бойы шұбыртпалы ұйқас қолданса, кейде кезек ұйқаспен кетеді. Шұбыртпалы ұйқас өлеңге ырғақтық өткірлік, әуезділік береді. Ақын айтайын деген әсерлі өз ойын сөз тасқынымен дем алмастан бірақ айтып шыққысы келетін сияқты. Жамбыл жырларының осындай ерекшелік қасиеттері жырды құнды ете түскен. Алайда, ақын өлеңін орысшаға ау­дарушылар оны түпнұсқадағыдай әдемі әуезді ұйқасын өз дәрежесінде бере алмай келеді», – деп М.Базарбаев өз сөзін айтқан. Жамбыл ақынның поэтикалық дискурсы мен аудармаларындағы кеткен кемшіліктер осылай айқындалған. Ақынның орысша аудармасында ұйқасы сақталмай тек сөз­бе-сөз тармақтар орын алғаны белгілі. Тео­ретик М.Базарбаевтың келесі пікірі де құн­ды тұжырым: «Жамбылдың өлеңдерінде төрт жолдық қара өлең жиі кездеседі. Бірақ сол төрт жолды өлеңдері қазақтың ауы­зекі қара өлеңдерінен басқаша». Несімен басқаша? Бұл формадағы өлеңдері белгілі бір аяқталған ойды білдіретін көлемі мен ұй­қасы жағынан шебер түзілген он бір буын­ды туындылар болып келеді. Аталған пікір нақты талдаулар арқылы айғақталған. М.Базарбаев анықтаған Жамбыл дис­кур­сындағы көркем эпитет, өткір теңеу, ұнам­ды метафора, кейіптеу, орынды әсі­ре­леу мұның бәрі Жамбыл жыраудың ақындық әлемінің сәулелері.Оққа көзін ойғызып, Қардан кебін кигізіп… – әлем поэзиясында сирек кездесетін метафораны мен бір шет елдік аудиторияда мысал етіп келтірдім. Дүниежүзілік соғыста қаншама мәйіт қардың үстінде көмусіз қалды ғой. «Қардан кебін кигізген» деп соғыста шәһит болған ерлер туралы теңеу тыңдаушыларды таңдандырды, таңқалдырды. Осыны Жам­был айтты десем, Сталинді мақтаған ақынға көбісі мұндай теңеуді қимады.

Жырау үшін халық басты ұғым:

Еріксіз он сегіз жас мінгізді атқа,

Бір Жамбыл бөлінгендей екі жаққа.

Бір жағы қайнап өскен қалың елім,

Бір жағы атқа мінген бай мен датқа.

Жамбыл ел мұңын айта білген, әділдікті жақ­таған. Оған дәлел «Менің өмірім» де­ген мәтінінде былай делінген: Манаптар Жам­былдан «Ханды мақтағалы келдің бе? Дат­тағалы келдің бе?» дегенінде: «Екеуі де емес, елдің мұңын жоқтағалы келдім» деп жауап береді. Бұл сөздерде де Жамбыл ақынның басты концепті айқын.

– Жамбыл шығармашылық әлемінің дис­курсын анықтайтын кез келгені анық. С.Негимов көрсеткендей, Жамбыл мәтін­дерін­де контекстен тыс қосылған «жабайы» сөз­дер бар. Сіздер бұған не дейсіздер?

Рафат ӘБДІҒҰЛОВ: Жамбыл мәтін­де­рінде, ақын­ның төгіліп тұрған сөзде­рі­нің арасында сырт­тан контекстен қо­сыл­ған «жабайы» сөз бар деу арнайы текс­то­логиялық, тео­рия­лық, поэтикалық зерт­теулер қажет ете­тін нәрсе. 1936 жы­лы Жамбыл Мәскеу­ге декадаға барып келгеннен кейін хат­шы­лар тағайындаған, хатшыларға еңбекақы, жолкүре төленіп, Жамбылдың шығар­ма­ларын жазып алу тапсырылды. Бірақ ең не­гізгі нәрсе – Жам­был­ға советтік заманның же­тістіктерін, коммунистік партияның тұл­ғ­а­ларын жаздырту тапсырылған бола­тын. Осы талаптар 1936 жылдан бастап қат­ты қолға алынды. Әйтпесе Жамбыл Ста­линді, Ворошиловты, Чапаевтың кім екендігін қайдан білсін? Жаңағы хат­шы­лар келіп осы тектес тақырыптарға өлең айтқызу керек болды. Мен біраз жыл «Жам­был» музейінде қызмет істеген кезде Жам­былдың тұрған үйлерінің қалай, қа­шан салынғаны, кімдер қызмет еткені жайлы біраз деректер жинадым. 1936 жылы Жамбылға алғашқы үйді, онан кейін 1938 жылы қазір музей болып тұрған үлкен үйді салған. Ауылдағы «Ерназар» атындағы кол­хоздың бастығы Мыржиев Тұрап дей­тін кісі Жамбылдың жақын ағайыны. Жам­былдың хатшыларының, Жамбылға кел­ген қонақтардың тамағы мен басқа қа­жеттіліктерін колхоз қамтамасыз етіп отырды. Сейілхан дейтін кісі завхоз болған. Завхоздың міндеті – Алматыдан Жамбылға келімді-кетімді кісілерге, хатшыларына қа­жетті азық-түліктер алып келу, ауылда шалдар «колбаса, консерві дегенді сонда көрдік» деп айтатын. Сейілхан қазіргі белгілі ақын қыз Роза Сейілханның атасы. Онан кейін ұлты еврей Шустер радио келтіріп, Жамбылдың 1936 жылғы үйінің шатырының үстіне репродуктор қойған. Түстен кейін сағат 4-5 шамасында қосылады екен. Ауылдың адамдары бір-біріне: «Әй, жүр, радио тыңдаймыз» деп Жамбылдың үйінің айналасына келіп, шөптің үстіне жан­тайып жатып, радио тыңдаған. Шустер ша­ғын электр станциясын орнатып, Жам­былдың үйі мен оған көрші 4-5 үйге ток беріп тұрған. Шустер сол кезде әскерге ба­ратын жаста, бірақ осы Жамбылдың үйін­де жүріп радиосын қосып, жарығын жа­ғып соғысқа барған жоқ. Нағашыбек Бай­салбаев дейтін кісі шофер болған. Жам­былға қызмет еткендердің бірі де 1936-1937 жылғы репрессияға іліккен жоқ, әскерге алын­баған. Жаңағы Сейілхан дейтін ата­мыз ғана майданға аттанып кеткен. Военкомат «әскерге кету керек» деп артына түс­кен. Бір күні Жамбыл Алматыға ма ұзап кет­кенде әскерге алып кеткен. Жамбылдың әке­сінің Тәйті дейтін бауыры екі рет Мек­кеге барып, екінші ретте қайтпаған. Со­ның Сатыш дейтін баласының екінші әйелі Қантай хатшыларға, жан-жақтан келген қонақтардың бәріне ас әзірлеп отыр­ған. Сол Қантай айтатын: «Дүр етіп есік­тің алдына мәшине келіп тоқтай қа­латын, ішінен сау етіп жазушылар түсе­тін. Олар келіп Жамбылды қоршап алып, Жәке, мынандай дейтін адам бар, ком­мунист бар соны айтыңыз дейтін, Жам­был үрпиіп, қорқып кететін. «Ей, сендер мені неге зорлайсыңдар. Сендер онан да менің өзімнің айтқандарымды жазып ал­майсыңдар ма?» дейді екен. Бірақ ол тап­сырма, оның артында партия отыр, НКВД тұр, сонан аман қалу үшін жанын қоймай Жамбылға советтік, партиялық тақырыптардағы өлеңдерді айтқызатын. Жамбылға хатшылардың кері әсері дәл осы тұрғыдан ба деп ойлаймын. Ал ен­ді тікелей шығармашылығына әсері де­генде Жамбылдың 1936 жылға дейінгі шы­ғармаларына, жырларына, айтыстарына хат­шылардың көркемдік тұрғыда елеулі әсе­рі болған жоқ. Бірақ бірен-саран бар. Мысалы, ғылыми кітапхананың қол­жаз­ба қорында Жамбылдың Сарбаспен ай­тысының мәшеңкеге басылған, қазіргі кітаптарға шығып жүргені,онан кейін атал­ған нұсқадан үш есе үлкен араб жазуын­дағы нұсқасы тұр. Мәшеңкеге басылған нұсқада қаламсаппен өзгертілген жерлер бар. Мәселен, «орыс» сөзінің үстін сызып «крес­тиян» деп қойған. Арабша қолжазба бір бағанға жазылған, бір жерлерінде параллельный жолдар бар, араб жазуымен жазылған, бірақ сиясы мен қолтаңбасы басқа. Қарап отырсаңыз, тағы да  Жамбылды советтік идеологиялық талаптарға жақын­датуға, интернационалист, атеист қылуға тырысқандары байқалады. Осындай түзе­ту­лер анық көз көрген нәрсе, даусыз мә­се­лелер, ал енді өлеңнің мәтінін оқып, оның ішінен редакцияланған жерлерді тауып алу қиын нәрсе. Шұқшия отырып зерт­теуді қажет етеді. Жамбылдың кенже ба­ласы Тезекбай аға  Жамбылдың өлеңдерін айтатын. Соны естіп, мәз боп жүре бер­ген­­біз. Жазып алғамыз жоқ. Тезекбай аға­­ның тілі өте шешен еді. Қара сөзбен сөй­­леген кезде құйылып өлеңдей болып кете­тін. Шамғали Сарыбаев, Есмағамбет Ыс­майылов, Сапарғали Бегалиндердің, т.б. жазғ­андары бар және ауыл ақсақалдарынан естігенбіз Жамбыл мынандай-мынандай нәрселерді айтқан дейді. Мәселен, Жамбыл бір­неше күн қатарынан «Манасты», «Мың бір түнді», «Шаһнаманы» өлеңмен жыр­лайтын болған. Қобыланды жырын он бес күн айтады екен. Қазіргі біз білетін Қо­­­быланды он бес күнге жетпейді. Осы­лар­дың бәрі жазылып алынған жоқ. Хат­шыларға тапсырма берілген, олар беріл­ген тапсырманы орындады. Кузнецов деген аудармашысы болған. Бірақ оның тағдыры өте қызық. Шығыс Қазақстан об­лысының тумасы, әжептеуір мықты журналист, жақсы прозаик, біршама ақын болған. «Казахстанская правда» газетінде жүрген кезінде, отыз бесінші жылдардың өзінде біреулер артына түсіп соттатпақ болған. Не істеу керек? Амал жоқ, совет үкіметін жырлайтын дүниелер табу керек. Майымбет дейтін ақыннан естідім деп орыс­ша өлеңдер берген. Әне бір жылдары Ұлт­тық кітапханада «Казахстанская правда» газе­тінің 1936-1937 жылғы сандарын оқып оты­рып көрдім, тіпті суреті де тұратын, қол­мен салынған сурет секілді. Сонан 1936 жы­лы Кузнецовқа айтады ғой, Майымбетті тауып бер деп. Майымбет өмірде бол­маған адам, Кузнецов жан сақтау үшін Майымбет айтқан деп советтік, Сталиндік өлеңдер берген. Сонан кейін Кузнецов «се­мьясымен Қытайға өтіп кетіпті» деп әрең құтылған. Сондай қиын кезеңдер болды. Жамбылдың өлеңдерін де аударды, әрине жалғыз емес, осы Кузнецовпен шамалас кө­лемде Константин Алтайский және бас­қа бір топ ақындар аударды. Сабыр Ша­рипов Жамбылдың Сарбаспен айтысын 1927 жылы жазып алған. Қолжазбасы қазір академияның кітапханасында бар. Құл­мамбетпен айтысын Сәкен Сейфуллин 1931 жылы шыққан «Қазақтың ескі әдебие­ті нұсқалары» жинағына кіргізген. Тек қа­на Жамбылдың емес, басқа да халық ақын­дарының, М.Әуезов айтқан дара ақын­­дардың көбінің тағдыры осындай. Шы­ғармаларының көбі бізге жете қойған жоқ.

– Л.Н.Толстой туралы да «Бұзық шал» де­гендей қысыр әңгімелер бар. Бес уақыт на­мазын қаза қылмаған Жамбыл туралы ел әдепсіз әңгімелерді айтуға, таратуға не­ге құмар? Сондай-ақ, Жамбылды сөз ет­кен­де Абаймен таластырудың өзі қазіргі әде­биеттанудың кәсіби әлсіздігін танытпай ма?

Рафат ӘБДІҒҰЛОВ: Бес уақыт намаз жайын­да айтқаның өте дұрыс. Жамбыл му­зейінде істеп жүргенде осы намаз жайында бірталай адамдардан сұрағанмын. Жамбыл бес уақыт намазын қаза етпеген, ал енді Жамбыл арабша хат таныды ма, танымады ма, ол жайында анық мәлімет жоқ. Әдепсіз әңгіме жайында көп нәрсе айтуға болады. Жам­был бір кезде жүрген жәй шал еді, аяқ астынан жаңа киім киіп, мәшине мі­ніп, жақсы үйге тұрып кетті деп қатты қина­лып жазатын естелік иелері бар. Әне бір жылы ғылыми атағы бар әдебиетші жігіт Жам­былдағы Сталинизм, басқа нәрселер жайын­да әңгіме айтты. Әңгімесінде еш­қандай мысал, дерек-дәйек жоқ, сосын сұра­дым:

– Сен осы Жамбылдың кітабын оқыдың ба?

– Оқыған жоқпын, – деді.

– Енді қайтіп айтып тұрсың десем, ел сүйтіп айтады ғой деді. Осы секілді жағ­дай­лар кездесіп тұрады. «Свободное слово» дей­тін газетте бірер жылдай Жамбылға, Қарасай батырларға қарсы мақалалар жа­рияланды. Сол мақалаларды оқып отыр­саң Қарасай мен Жамбылдың «айыбы» Елбасының елінен екендігі. Қарасай ба­тырды жоққа шығарып, «оны Елбасына жағынушылар көтеріп жатыр» дейді. Ал бір тайпа елдің Қарасайды ұран еткені, Қарасайдың ерліктері жайында әңгіме жоқ. Ағынтай батырды Елбасының әйелінің елі­нен болғандықтан жоққа шығарады. Қа­расайды мойындамағанның өзінде оның ұрпақтарына тоқталсақ та жетеді. Бұқар жыраудың «Қалданменен ұрысып» дейтін әйгілі өлеңі – жоңғар-қалмақ соғысының ең негізгі ескерткіші. Сонда қалмақтармен соғысқан батырларды атап: Қаракерей Қа­банбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақ­шақұлы Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай деп келеді де Қаумен, Дәулет, Жәпек дейді. Бұл үшеуі ағайынды. Қарасайдан Түрікпен, одан Түктіқұрт, Түктіқұрттан Қаумен, Дәулет, Жәпек дейтін жоңғар-қалмақ соғысының үлкен батырлары туады. М.Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» дейтін кітабының соңында қазақта батырлар өте көп болды, сонда да ең негізгі батырларды атайын дейді, сол батырлардың ішінде Жәпек те бар. Үшеуі Қарасайдың немересі. Бұқар жыраудан мықты дәлел жоқ. Сұран­шы, Саурық Дәулеттің Кәшке дейтін ба­ласының Стамбек, Ақынбек дейтін екі баласынан туады. Бір-бірімен немере ағайын. Сонда Қарасайдың ұрпақтары бү­гін­ге дейін батырлық дәстүрді жалғастырып кел­ген. Бұған да дау айту керек пе?! Ал Жамбылды алдымен дара ақындық шы­ғармашылықтың поэтикасын аздап болса да біліп барып оқу керек.

Қазақ әдебиетінің әр түрлі саласы бар ғой қазақ фольклоры, халық ауыз әде­биеті. Авторы белгілі суырып-салма ақын­дарды, дара ақындар деген сөзді ең бірінші айтқан М.О.Әуезов. Онан кейін жазба профессионалды әдебиетіміз. Фольклорлық шығарма мен ауыз әдебиеті поэтикасында айырмашылықтар бар. Фольклорды еуропалық, ресейлік ғалымдар әбден зерттеген, теориясын жасаған. Халық ауыз әдебиетінің теориясы жасалған жоқ. Енді оны жасаса қазақ, қырғыз, қарақалпақ – солар ғана жасауы мүмкін. Қазақ әди­биет­тануындағы ең мықты еңбектер фо­льк­лористика саласында туды. Сейіт Қас­қабасовтың прозалық фольклорға, Едіге Тұрсыновтың фольклордың терең кететін тарихына, Шәкір Ыбыраевтың өлеңдік фольклорға қатысты зерттеулері еуропалық деңгейде жазылған еңбектер. Халық ауыз әдебиеті жайында ондай дең­гейдегі еңбектер бізде жоқ. Сондықтан да Жамбыл шығармашылығына баға берген кезде профессионалды жазба әдебиеттің тұрғысынан баға беріледі. Бірнеше ға­сыр­­лық тарихы бар ауыз әдебиетінің ав­тор­лары белгілі ақындық поэзиясының нүктесін Жамбыл қойды. Ең негізгісі осы. Қазақтың жазба әдебиетінде феномендік құбылыс бар. Ол – Абай. Бірден Абаймен басталып кету деген бұл әлем әдебиетінде өте сирек кездесетін мәселе. Мысалы, Го­гольді алуға болады, Гогольге дейін орыс­тың прозасы өте қарапайым болған. Ал Гоголь келді де бірден биікке шығарды. Абай­лық құбылысты Гогольдік құбылыспен салыстыруға болады. Ал енді Жамбылды Абаймен салыстыратын құмарлық белгілі бір деңгейдегі сауатсыздықтан шығады. Жазба профессионалды әдебиет пен ауыз­ша әдебиеттің өзіндік поэтикасы бар. Суы­­­рыпсалма ақындар газет-журнал, ра­дио, теледидар жоқ кезде халыққа көр­кемдік рухани қызмет етті. Олар шы­ғармаларын тыңдаушы ортаға арнады. Ол бірден айтылады, тыңдарман бірден қа­былдайды. Ал өте терең философиялық ойды қағаз бетінде жазып айту керек. Мы­салы, Абайды мектепте, ЖОО, кейін өзің үшін оқисың, соның өзінде түсініп, тү­біне жете бермейсің. «Мынау тұрған Абай­дың суреті ме? Өлең сөздің ұқсаған құді­ретіне…» деп келетін Жамбылдың эксп­ромт өлеңінен артық айта аламыз ба?! Кі­сілік, кішіпейілдік тұрғыда да Жамбылға жете аламыз ба?!

Айгүл ІСІМАҚОВА: Жамбылдың 100 жыл­­дығына арналған «Жамбылдың ай­тыс­тағы өнері» атты баяндамасында М.О.Әуезов былай депті: «Бар айтысында Жамбыл ел қорғаны болған азаматты арман етеді. Ел бағына туған ұлы азамат шықса, ел көзіндегі жасты тыйса екен, қиял ме­ке­н­і­не жеткізсе екен, жаңа күн туса екен де­геннің арманы. Ол арманның екінші жа­ғы өз заманындағы байға, ұлыққа, қажы молдаға, төре, тілмашқа, болыс, биге ызалы кекесін болды. Құлмамбеттің байларын, Сарбастың жуандарын, Досмағамбеттің дін үгітін, Шашубайдың Байбұландай сау­дагерін, Бақия, Барлыбектей шенді төре­шіктердің Жамбылдың кісі құрлым көрмейтіні сол» деген. Жамбыл жырау өз сөзінде байлық пен мансап емес, ұлттық мүддені алға шығарады да, қазақтың ері қорғаны болған батырларды алға тартқан.Қандай да бір дара тұлғаларға қатысты қысыр әңгімелер баршылық. Жамбылды рахат өмір кешкен ақсақал ретінде ғана насихаттау әдепсіздік.

Ғ.Мүсірепов былай деген: «Сол кезге көз салсаң, Абай мен Жәкең бір мақсатқа, бір тілекке ақындықтың екі түрлі саласына өрлей аттаған сияқтанады: бірі жаңа әдебиет өнегесін жазу арқылы, бірі халықтың байыр­ғы өнегесі – суырыпсалма ақындық жолы» Абай мен Жамбыл құрдас, аралары бір жасқа жетпейді. Жазба әдебиеттің, жаз­ба поэзияның Бас ақыны – Абай. Ал Жам­был – біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан ауызша, импровизаторлық, жы­раулық жырдың соңғы тұяғы. Қазақ асыл сөзінің екі арнасын бір-бірімен тікелей салыстыруға болады ма?!  Жамбылды Абай­мен салыстыра отырып, «совет заманын жыр­лады ғой» деп кінә тағуға дейін бара­мыз. Біз Абайды оқығанда міндетті түрде жаз­ба әдебиет өкілі ретінде оқимыз. Абай­дың сөзін оқу үшін кітап ашуымыз керек. Жам­былды түсіну үшін Жамбылдың ай­­тыс­тарын орындалуында тыңдауымыз ке­­рек. Кітаптан оқуға да мүмкіншілік бар. Дегенмен, ауызша тыңдағанда әсері ерек­­­ше.

  Сұхбаттасқан
Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 05.08.2020 | 11:26

#ӘRINE!

Аноним 05.08.2020 | 11:26

ƏRINE!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір