ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ ІСПЕТТІ ГАЗЕТ
12.01.2024
291
0

«Қазақ әдебиеті» газеті – қазақ әдебиетіне қызмет етіп жүрген ең үлкен газет. «Қазақ әдебиеті» еліміздің, жұртымыздың, Отанымыздың ең бірінші газеті болуға тиіс. Әрі апталық бетінде тек әдебиет туралы ғана әңгіме болу керек. Дүниеде біз білмейтін нәрсе әлі көп. Енді-енді ғана айналамызды танып жатырмыз. Тәуелсіздік алған тұстан бері жан-жаққа шығып, түрлі елдердің өнер туындыларымен танысып жатырмыз.

Ашығын айту керек, біздің тұстастарымыз әлем әдебиетін алғаш рет орыс тілі арқылы тани бастады. Дегенмен оған да кез келгеннің қарымы, сауаты жете қойған жоқ.
Бір жылдары дүниежүзінің барлық ақын-жазушыларының ең мықты деген шығармалары топтастырылған екі жүз томдық жинақ шыққан болатын. Сонда сол кітаптарды, керек емес-ау деген қағаздарды жинап, макулатураға өткізіп, жүріп, сатып алғанбыз. Таласа-тармаса оқыдық оны. Оқығандарымызды талқылайтынбыз. Ондағы әр туындыны орыстың мықты-мықты деген қаламгерлері тәржімалаған еді. Әрі олар аудармаға аударма деп емес, жеке шығармашылық ретінде үлкен жауапкершілікпен қарайтын.
Өкінішке қарай, елімізде «Әдебиет сұйылып бара жатыр», – деген сөз жиі айтылып жүр ғой соңғы он-жиырма жыл көлемінде. Қазақ әдебиетінің дамуға бет алғаны кеше ғана. Тұлғаларымыздың бәрін дерлік патша үкіметі жойып отырды. Ақылды адамдарымызды ысырып, билікке жолатпай, шеттетумен болды. Репрессия жайлады. Әуелгіде Алашорданы сылтауратып, ұлт қаймақтарын жойса, уақыт өте коммунистік билікке қызмет еткен, еңбек сіңірген коммунистердің көзін де құртты біртіндеп, бірін-біріне жау етті. Міне, осылардың бәрін өткере келе элитасы жоқ халыққа айналдық. Алла Тағаланың өзі сақтап келе жатыр, әйтпегенде енді бір 30-40 жылда «Иван Иванович» болып кетер ме едік… Осы тұрғыдан алғанда «Қазақ әдебиеті» газетінің әдебиетте ғана емес, руханиятта, қоғамда, қазақтың ұлттық негізінде рөлі орасан. Нан да болар, ән де болар, басқаның бәрі табылады, қазақтың қазақтығын сақтап қаламыз десек, қазақтың тілін, ділін – дінін, бәрін түгелдей қазақша етіп болашаққа жеткізгіміз келсе, «Қазақ әдебиеті» газетіне айрықша назар аударуға, оның бүгінгі замандағы рөлін күшейтуге тиіспіз. Билік тарапынан қолдау болған дұрыс. Одан бөлек, «Жұлдыз» журналы сияқты әдеби журналдарды көбейту керек. Соның бәрі жан-жақтан арна болып қосылып, үлкен дария пайда болмай ма?.. Өзім бірнеше жыл бұрын «Адырна» атты әдеби журнал шығардым. Соның таралым саны 1300-ге жетті бір жыл ішінде. Елдің бір шеті Ақтөбеде шығатынына қарамастан өзінен-өзі көптеп сұранысқа ие болды. Бертін келе анау жоқ, мынау жоқ… Әкімдердің мәселесі бар… Бәз біреулердің көзінің қырына ілініп қалдық та, сол журнал жабылып қалды біржола.
«Қазақ әдебиеті» дейтін қасиетті газетке басымды ием. Шынын айтқанда, «Қазақ әдебиеті» қазақ ұлтының тағдыры іспетті. Соның жайын іштей ойлап-ойлап қартайдық, міне. Газеттің қаржылық ахуалын ойлағанда, апталықты аяймын шынымды айтсам. Кезінде өзім де қызмет еттім ғой осы ата басылымда. Әлі күнге дейін алғысым шексіз.
Мысалы, басылымның бір жылына жұмсалатын әрі кетсе 30 миллион теңге – қазір көрінген байшыкештің қалтасында жүрген қаражат. Осындай жағдайда әдебиеттегі негізгі газетіміз не үшін қиналу қажет? Әдебиетке қызмет етіп жүрген жандар, әдеби басылымның көшін өрге сүйреп жүрген жандар патшаның баласы құсап жүру керек. Әдебиеттен басқа уайымы жоқ адам жауапты болуға тиіс осы салаға. Қазақ әдебиетінің потенциалы ешқандай ұлттыкінен кем емес.
«Қазақпыз» деп құр әләуләйімді айт­қаннан реалды дүниелерді іске асырған ілдеқайда нәтижелі, жемісті болмақ. Қазақты шынымен жақсы көрсек, әдеби басылымдарға жағдай жасау қажет. Қазіргі уақытта тіл мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, көптеген жұмыстар қолға алынып жатыр ғой. Тілді ұшпаққа шығаратын да осы әдеби басылым. Мемлекеттік билік тарапынан ықпал етсе де, барлық интеллигенцияға, тиісті мекемелерге «Қазақ әдебиетін» талап етіп тұрып жаздырсын. Бұл газет өзінің жағдайы жақсы болып, өзге қаламгерлерге, жастарға жағдай жасай алатындай, көмектесе алатындай деңгейде болғаны жөн.
Айтса, әңгіме көп. Тоқсан жылдық мерейтой құтты болсын! Бәріне бақыт, табыс тілеймін.

Мейірхан АҚДӘУЛЕТ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір