МЕН ОЛ КІСІНІҢ ӨЛІМІНІҢ ДЕ СЕБЕБІН БІЛЕТІН СИЯҚТЫМЫН…
07.10.2023
186
0

Көк өрімдей шағымда Оралхан Бөкей өзіне орынбасарлыққа шақырды. «Көк өрімдей» деп отырған себебім, ол заманда әдеби басылымның басшылық қатарына жас адамдарды жібермейтін.

Жазушылар ұйымының сірескен ортасынан Орағаң сең бұзғандай жарып өтіп алып шықты. Тыныш жүре алмайтын басым, кеңес өкіметі тарқар-тарқамастан «Ендігі қауіп орыстың өз ішінен» деген бір мақаланы көстең еткіздім. Газет шыққан күні таңертең жұмысқа келсем, Орағаң сол тұста «үлкен үйде» қызмет істеп жүрген әріптесіміз Шәкизада Құттаяқовпен қызылшеке болып, айтысып отыр екен. Білсем, Шәкизада «үлкен үйдегілердің» жұмсауымен: «Мына мақалаларыңызды орыстар оқып, реніш тудырып жатыр», – деп жоқ жерден шүйліге қалыпты. «Әй, қарағым, таң жаңа атты ғой, бұл нөмірді орыс түгіл, қазақ та оқып үлгерген жоқ емес пе әлі?!» – деп шарт кетті Оралхан Бөкей. Бұдан біраз бұрын сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров туралы «Батыр қазақ» деген мақала жазып, ертесіне Орталық комитетке шақырылғаным есіме түсті. «Бүкіл қазақты батыр деп отырсың» деген пәлеге қалғам. Бірер күн өткен соң «Батыр қазақты» сол кездегі үкімет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі Әділ Ыбыраев арқылы сұратып алып оқып, «ғарышкеріміз дайын» деп хабарлап та жіберген.
Осыны айтып, Орағаңның ашуын бастым. «Үндеместер» мен «көрінбестердің» айтағына ол кісі де қыңа бермейтін. Өйткені Орағаңның редакторлық мектептегі ұстазы Шерағаң құртымдай маған: «Не жазбақсың?!» – дейтін мұрты тікірейіп. «Қайрат» футбол командасында басқа ұлттар қазақтарды ойнатпай жүргенін жазбақпын», – деймін мен, мысалы. Сөйтіп, ол заманда ұлт қамын күйттейтіндер бірін-бірі қайрақша жанып жүретін. «Дауға берсе де, жауға бермейтін», соның өзі де кісілік, соның өзі де мектеп. Ондай жігер, ондай күш, ондай қуат қазір де керек. Заман өзгерсе де, сана өзгермей тұрғаны өтірік емес. «Не досыңды бер, не қосыңды бер» дегенге ердің ері ғана шыдас берсе керек.
Иә, сонымен біздікі неғылған үрей?! Дауысымыз қаттырақ шыққан
сайын, бойымызды үрей буып тұратын сияқты ма, қалай? Осы біздің қаттырақ шыққан айқайымыздың бәрі түптің түбінде ешкінің бақылдағанындай өтірік айқай болып жүрмесін?! Қолына бақан алғанның бәрі бір ғана жақпен дүрдараз болып жүргенде, екі жақпен де дәм-тұзы жараспай қалған біздікі не осы?! «Жансебіл» деп жандасқандағы мұратымыз әлдекімдерге ұнамай ма екен, әлде?!.
Орағаңның қасында жүргеннен кейін, Орағаң құсап осылай көсіп-көсіп сөйлейтін болдым. Шерағаң мен Орағаң «Жансебілді» «Қазақ әдебиеті» газетіне басқан. «Жансебіл» кино болып шыққанда, Кино үйіндегі алғашқы көрсетіліміне Шерағаң мен Орағаң бірге келген. Орағаң Шерағаңның өзіне жасаған жақсылығын ұмытқан жоқ. Орынбасар болуға таласқан небір қасқалардың ішінен мені таңдап алды. Маған бола «бірінші орынбасар» деген қызмет ашты. Себебі бұрынғы бір ғана орынбасардың орны Тұтқабай аға Иманбековке бұйырып тұрған. Мен ол күндерді қалай ұмытайын.
Өткен көктемде жоғары оқу орындарында Оралхан Бөкей туралы әрқайсы екі сағаттан лекция оқыдым. Соның өзінде айтылмай қалған әңгіме қаншама. Оралхан Бөкей шығармашылығына мүлдем жаңа қырынан келіп, жаңалық аштым десем де болады. Алдағы күндері кітап жазуға да ойым кетіп жүр. Орағаң туралы білетіндерім сыйса, сол кітапқа ғана сыяды. Мен тіпті ол кісінің өлімінің де себебін білетін сияқтымын…

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір