Мен білетін Ібітанов

1. Еркіндікті сүйген ақын
Ендігі жерде қалай деп айтсақ та, әдебиетке Мұқағали ағасынан ертерек келсе де, «бірде кейін, бірде ілгері» дегендей-ақ, басқадан ерте туып, кеш қала жүрсе де, ешкімге есесін, десін бермей өткен, жасы үлкен аға-досы, ақын Жақан Сыздықов арнаған жыр жолдарының әсерімен замандастары арасында «Тянь-Шаньның диюы» деп атанып кеткен Еркін ағамның өзі де жаратылысы бөлек жан еді.
Өз басым Еркін ағамның есімін ес білгелі білемін десем, өтірік емес.
Оның Одақты, Жазушылар одағын айтамын, дүр сілкіндірген атақты «Қойшылар» поэмасы мен сияқты жас әдебиетқұмарлардың талайына қанат қақтырғаны ақиқат. Соғыстан кейін туған біздің ұрпақ поэманың:
Біздің қазақ қой десе, бала жастан
Ішкен асын қоя сап араласқан.
Эстафета таяғы – қойшылықты,
Бір ұрпақтан бір ұрпақ ала қашқан, –
деген әйгілі шумағын жаттап алып, ауылдағы мектеп, клуб кештерінде мәнерлеп оқып жүруші еді.
Сонау жетпісінші жылдары мен үшін үлкен шеберлік мектебі болған «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүрген кезімде Нарынқолға сапар шегудің сәті түскені бар. Осы тұста мен өзімнің кіндік қаным тамған жерім Кеген өңірі болса да, егіздің сыңарындай Нарынқол – екінші кіші отаным. Әскер қатарына шақырылғанша мектеп мұғалімі, кеңсе, сот хатшысы сынды алуан түрлі қызметтер атқардым. Ал әскерден кейін, тіпті аудандық радио хабарларын тарату редакциясында да жұмыс істегенмін. Сөйтіп, ауыл баласы үшін аса таңсық емес қара жұмысты айтпағанда, еңбекке ерте араласып, жастайымнан ысылып, ересек өмірдің баспалдақтарынан жастық жалынмен секіре басып өттім.
Сол бір өмір-бақи есте қаларлық редакциялық жолсапарымда аудан әкімшілігіндегі тиісті шаруаларымды жайғастырып болған соң, «Советтік шекара» газетінің редакциясына арнайы бас сұқтым.
Өзім алғаш көргеннен ағаш үйде орналасқан редакцияның қушықтай бөлмелерінде сығылыса отырған қызметкерлермен бас изесіп амандасып, бас редактордың кабинетіне бет алдым.
Соғыстан кейін бірнеше жыл бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып қызмет еткен, ширек ғасырға жуық редакция тізгінін ұстап келе жатқан майдангер журналист, жазушы Әлнұр Мейірбеков ағамыз мені жылы қарсы алды.
– Ассалаумағалейкүм, аға! – деп дауысымды көтере, нық басып кіріп барған мен өз жөнімді айтып, қалбалақтап жатырмын ғой.
– Сейдахмет інім қалай? – деп сұрады ол өзіне тән биязы үнмен, газеттің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұловты жақсы білетінін байқатқандай болып. Сейдағаңның өзі сол тұсқа дейін бірнеше кітап шығарып үлгерген көпшілікке аса танымал жазушы болатын. Әсіресе оның «Жұмыр жерде теңбіл доп» атты кітабын білмейтін қазақ жоқ еді десем, артық айтқандық емес.
– Сейдахмет ініңіз маған редакцияға ат басын тіреп, сізге және құрдасы Еркін Ібітановқа сәлем беруді тапсырды, аға! – дедім мен ерекше екпінмен. – «Егер газетке берер сәлемдемесі болса, беріп жіберсін» деді.
– Сейдахмет, жөн білетін жігіт қой, – деді Әлнұр ақсақал байсалды түрде. – Еркін ағаң келсін, сәлемдемесін ойластырып көрейік.
Әлнұр аға екеуміз емен-жарқын әңгімелесіп, ел ішіндегі жаңалықтармен бөлісіп, мені іші-бауырына тарта сөйледі. «Мұқағали ағаң редакцияға барып тұра ма?» – деп сұрап, «иә» деп бас изеген маған сыр ашқандай:
– Таяуда ол арнайы келіп, екі-үш күн үйде қонақ болып кетті, – деді мұртын сипалап, – бір үлкен дүние жазғысы келіп жүр екен. Райымбек бабамыз туралы ел ішінде жүрген аңыз-әңгімелерді суыртпақтап сұрап, біраз нәрсені жазып алды. Мұқағали мен Еркін екеуі бала күннен егіз қозыдай жұп жазбай, айнымас дос болды ғой. Мен екеуінің әдебиеттегі қадамдарына әркез қуанып отырамын.
– Патша көңіліңізге рақмет, аға, – дедім мен інілік ізетпен, – ойда біраз дүние жүргенмен, қағазға түсіруге мойын жар бермейді. Негізгі мақсат – журналистиканы меңгеру.
– Сен әлі жассың ғой, қарағым, бойыңда күш-қуатың тасып тұрғанда, еңсеріп тастағаның дұрыс. «Ердің жасы – елу» десек те, елуден асқан мына менің жасыма келгенде, еріншектік, бойкүйездік меңдей бастайды, – деп, езу тартты Әлнұр аға.
Екеуара әңгімеміз жарасып, уақыттың қалай өткенін байқамай қалсақ керек, бір кезде әлдебір әуенді ыңылдай айтып, Еркін ағам кіріп келді. Көңілі көтеріңкі екені көзге ұрып тұр. Менің ойыма бірнәрсе келе қалды да, Әлнұр ағаға көзімді қысып қойып:
– Бас редактордың орынбасары Ібітанов жолдас, сіздің мына жүрісіңіз не?! Партияның тәртіп туралы нұсқаулықтарын мойындамайсыз ба? – дедім жорта түсімді суыта, дауысымды да әдейі гүрілдете шығарып.
– Кешіріңіз, нұсқаушы жолдас, мен дәл осы қазір ғана аудандық партия комитеті бірінші хатшысының алдынан келе жатырмын, – деді ол еш саспай, – бірінші хатшының мені шақырту себебінің өзі менің жеке тәртібіме қатысы бар мәселе екен. Біреулер оған мені «жұмыста ішеді» деп рапорт жазыпты. Мен оған не деп жауап бергенімді білесіз бе?
– Иә, не деп айттыңыз? – деп сұрадым мен дауысымды бәсеңсітпей.
– Мен оған «Бірінші хатшы жолдас, менің ішетінімді енді ғана естіп-біліп жатырсыз ба?» деп жауап бердім, – деді Еркін аға түсін бермей.
Мен шыдай алмай күліп жібердім. Әлнұр аға мырс етті де, қойды.
Еркін аға енді сахнада тұрғандай, әлдекімнің кейпіне кіріп, маңғаздана:
– Мырзалар, мен сіздерді бір орасан зор жайсыз хабарды естіртуге шақырып едім, бізге ревизор келе жатыр, – деді. Артынша бет-әлпетін құбылтып, аң-таң болған екі түрлі адамның үрейлі дауысына салды, – қай ревизор?, Қандай ревизор?
Сол кезде ғана мен оның Гогольдің «Ревизор» атты пьесасынан үзінді келтіріп жатқанын, менің сәл-пәл қиюы келмей қалған қалжың-ойынымды меңзеп тұрғанын түсініп, риясыз күлдім.
– Сен баланың әртістік қабілетің бар екен. Бірақ сенің «ревизор» емес екенің мына жаман ағаңа әу бастан-ақ ашылып қойған. Атағы жер жаратын «Лениншіл жастың» білдей бір тілшісі біздің ауданға командировкаға келгені туралы алып-қашпа әңгіме жел тиген өрттей Нарынқолдың көшелерін қуалап кеткен. Оқасы жоқ, ондай-ондай болады, – деді ол жымиып.
«Ұялған тек тұрмас» дегендей:
– Ой, аға, айыптымын, мен Мұқағали ағам екеуіңіздің өзіңіз құрған халық театрының кәнігі әртістері болғандарыңызды естен шығарып алыппын, – деп жуып-шайғандай болдым. – Үйлеріңіздегі жеңгелерім де осындай да өнерлеріңізге тәнті болған еді ғой.
– Ендеше, Әлнұр аға, өзіңіз бастап үйге жүріңіз. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария келіп, сәлем береді» деген бар емес пе? Сонау астанадан келген тілші балаға жеңгесінің қолынан дәм татырайын, – деді Еркін аға ақ, адал ниетін білдіріп.
– Оның құптарлық. Бұл тілші баладан Сейдахмет құрдасың сәлем айтып жіберіпті. «Егер газетке берер сәлемдемесі болса, беріп жіберсін» депті. Оны да ойластырайық, – деп Әлнұр аға үстелінің үстін жинастыра бастады.
Алтынкүл жеңешем бізді жайраң қағып қарсы алды.
– Алтыкен, мына Жақыпжан деген қайның бізді сонау астанадан іздеп келіпті, – деп таныстырды мені Еркін аға, – сенің ақ дастарқаныңнан ауыл дәмін татып, үзілдіре салған әдемі әніңді тыңдап, құлақ құрышын қандырып қайтсам деп, құлшынып келіпті.
– Е, қайнымнан немді аяйын, барымды салам ғой, – деп сыңғырлай күлді Алтынкүл деген атына заты сай алтын жеңешем.
Еркін аға мені төргі бөлмеге жетелеп әкеп, жүз жасаған әжесін көрсетті. Қаздың балапанындай тізілген немерелерінің ортасында қаздиып тік отырған ол әлі тың көрінді. Еркін баласы мені жақын тұтып, таныстырып жатса, оған аса назар аудармастан: «Өй, айналып кетейін, Жасаған берген», – деп мені омырауына тартып, маңдайымнан өпті. Құдды, менің тоқсанға таяп қалған әжемдей айналып-толғанып отыр.
– Маған сендердің ешқайсыларыңның жаттығың жоқ, айналайын. Менің Еркінімдей, өз баламдайсыңдар ғой, – деп жұмсақ алақанымен қолымнан сипалады. Бір мезетте өзімді жас баладай сезініп, еркелегім кеп кетті.
Дастарқан басына буы бұрқыраған балғын қуырдақ келгенше, оймақтай рөмкелерге мөлдірете құйылған «ақаңнан» тартып жіберген біз әңгіме көрігін қыздыра түскенбіз. Ерекең естелікке елтіп, есіп отыр.
– Жақа, өзің айтқандай, қазақ салтымен біразымыз ата-әженің қолында өстік қой, – деді ол, мені арқадан қағып. – Мұқағали бауырым да мен сияқты әже тәрбиесінде өсті. Тек қана айырмашылығы, ол кісі менің Қалиша әжем құсап есімін құбылтпай, өзінің Тиын атын өмір-бақи сақтап өтті. Сірә да, бұл басқа кемпірлерден айтарлықтай айырмашылығы жоқ, қатардағы қарапайым жандардың бірі болғанынан шығар.
Ерекең тасмүсіндей боп қозғалмастан отырған, сабырлы қалпынан бір айнымайтын Әлнұр ақсақалға мойнын бұрып:
– Әлеке, сізге талай әңгімелеп, құлағыңызды сарсытып едім ғой, – деп сөзін сабақтай түсті. – Қарап отырсам, Мұқағали екеумізде ұқсастық көп-ақ. Рас, оның әкесі Сүлеймен майданнан қайтпай қалды. Мұқағали кемпірдің баласы болғасын әкесін аға деп өскен, шешесі Нағиманды «Нақаң» деп атап кеткен. Сол Нағиман-Нақаң болса, абысыны, яғни менің шешем Дәмеш екеуі колхоздың бір отар қойын бақты.
Әлеке, сұм соғыстан аман-есен оралған менің әкем Жұмәділ екеуіңіздің бағыңыз бар екен. Жұмәділ әкем сіз сияқты соғыстан жараланып оралған соң, көп ұзамай-ақ, бұрынғы мұғалімдік кәсібінен біржола қол үзді де, мына сыртқы Қарасудағы Энгельс атындағы колхоздың қой фермасын басқарды.
– Ереке, сөзіңіз аузыңызда, өзіңіз айтқандай, тағдырласпыз ғой, менің әкем де ферма бастық болды, – деп сөз қостым мен де басымды шұлғып.
– Олай болса, өзің де білесің, Жақа, ол кездегі ферма бастықтары қазіргі бастықтардай машинамен аралап, істі алыстан басқармайды, малшылармен бірге көшіп-қонып, бірге болады, – деді Ерекең, екі кезеңді салғастыра кетіп. – Ал біздің ферма бастықтың үйі, яғни біздің үйіміз көбінесе Мұқағалидың шешесі Нағиман-Нақаңның отарымен қоныстас еді. Әжем екеуміз де қоныс аударып, Мұқағалидың үйімен қоралас Ауғанбай шалдың қоржын тамын мекендедік. Ауғанбай шал өзі қойшы болғандықтан, үйі бос тұр екен.
Осы кезде Алтынкүл жеңешем семіз марқаның етінен жасалған қуырдақ әкеліп:
– Ал енді, ет піскенше, мынаны талғажау ете тұрыңыздар, – деп ортаға қойды. Әлнұр ақсақал алақан жайып, дастарқанға бата берді.
– Содан Мұқаш екеуміз оқуға бір барып, бір қайтып жүрдік, – деп сөзін жалғастырды Ерекең. – Сөйтіп, тыныс-тіршілігіміз аралас болды. Мұқағали екеуміз өлең жазамыз. Олардың кейбірі мектептің «Білім ошағы» деп аталған қабырға газетінің беттерінде жарияланды. Газетті Баданбек Әлімбеков деген майданнан қайтқан жас мұғалім басқаратын. Баданбек ағай егіз қозыдай бірге жүретін біздің қабілетімізді байқап, газеттің жұмысына тартты. Мұқағалидың табан астында тақырып тапқыштығы бар, әжуа суреттердің астына шымыр шумақтар жазуға да аса қабілетті-тұғын. Баданбек ағай мені қатесіз оқып, сауатты жаза алатыным үшін іш тартқан болуы керек. Бірте-бірте ағай, нұсқау болмаса, газет шығару жұмысына тікелей араласуды сирете бастады.
– Тізгін-шылбыр өз қолымызға тиді дейсің ғой, – деді Әлнұр аға, жұмсақ жымиып.
– Ойхо-ой! Еркіндік тиген соң «Білім ошағын» біржола сын-сықақтың ошағына айналдырып жібердік қой біз, – деп арсалаңдай күлді Ерекең, – алайда біздің тәуелсіз журналистік қызметіміз ұзаққа бармады. Баданбек ағамыз Алматыға оқуға кеткеннен кейін, іле-шала, ошағымыздың оты өшті де қалды. Оған не себеп десем, басымызға бәле тілеп алған өзіміз екен ғой.
– «Білім ошағын» сын-сықақтың ошағына айналдырып жібергендеріңіз мектеп басшылығына ұнамай қалды-ау, шамасы, – деп жорамалдадым мен.
– Үндеме, тілші бала, – деді Ерекең, сұқ саусағын ерніне апарып, – бізге жағрапиядан жаңадан көшіп келген Қырылдақов деген мұғалім сабақ беретін…
Алтынкүл жеңешем күліп жіберді. Оған біз де қосыла күлдік.
– Ай, Алтыкен, сен біліп отырсың ғой, ә? – деп қулана сөйледі Ерекең. – Сол Қырылдақовтың өзінің жүріс-тұрысы да оғаш, сөзі де одағай еді, сабағы да тартымсыз өтетін. Біздің Қарасаздың қорасалпақ тірлігіне де әлі үйрене қоймаған кезі болса керек және оның бір қасиеті – айрықша малжанды-тұғын. Көшіп келісімен мектептің завхозы Мойдынбектен құнажын сатып алған. Бір қызығы, онысы өріске шықпай, ылғи мектеп маңында жайылады. Бірде Қырылдақовтың сабағында ұйқысы кеп, есінеп отырған бір қуақы бала терезеге жалт қарап: «Ағай, көк сиырды бұзау еміп жатыр!» – деп айқай салып еді, малсақ мұғалім сабақты тастай салып, тайлақтай тапырақтап есікке қарай тұра ұмтылды. Бәріміз аңтарылып қалғанбыз. Артынша ду күлдік. Осы оқиға бірнеше рет қайталанды. Көбінесе бұзау емген сиыр бөтен болып шығады.
Содан Қырылдақовтың қылығын әжуалап мен қабырға газетіне мына бір өлеңді шығардым:
Мөңіреді көк сиыр,
Еңіреді көк бұзау!
Қырылдақовтың мұндайда
Малжандығы шексіз-ау!
Туа біткен дағдысы
Тұлабойда қалады, ә?
Тастай салып сабақты,
Тұра ұмтылды далаға!
Ерекеңнің қырылдаған дауысымен оқып берген өлеңіне бәріміз ду етіп, бір күлісіп алдық. Ерекеңнің өзі күлместен, әңгімесін жалғады.
– Еркін, мына өлеңің үшін бізді оңдырмайды, – деді Мұқағали, қауіп қылып, – Қырылдақовтың орнына Қадырбекті жаз.
Сөйтіп, өлең кейіпкері мұғалім емес, оқушы, өзімізбен бірге концертке қатынасатын қалжыңбас Қадырбек болды. Әрине, оқушыны малжанды етіп шығарғанымыз еш келіспей қалды. Қош. Газеттің осы санында Мұқағалидың «Қасыққа ілінген қара бақа» фельетоны да жарияланды. Ол фельетон өзеннен алатын сумен бірге қазанға түсіп, асханадағы кешкі тамақта оқушылардың бірінің қасығынан шыққан бақа туралы болатын.
– Ереке, газет саны «қара бомба» боп шыққан екен де, – деп күлдім мен.
– Дәл айттың, Жақа, – деді Ерекең, сұқ саусағын шошайтып. – «Білім ошағының» жаңа саны түске дейін ғана өмір сүрді. Бірақ оны бәрі де оқып үлгерді. Қырылдақов газеттегі өзін танып қойды, әрине. «Мені мазақ қылды» деп ашық айта алмаса да, газеттің қабырғадан алынып, жойылуын талап етті. Оған интернат балаларын бақамен асырағаны әшкере болған директорымыз Үлкенбаев ағай да қарсы келмесе керек.
– Содан сіздерге қандай жаза қолданды? – деп сұрадым мен.
– Оқушылар комитетінде газетті шығарушылар алқасы қайта сайланды. Оның құрамына Мұқағали екеуміз енбей қалдық, – деп тақ-тұқ етіп рапорт бергендей нақты айтты Ерекең.
Кенет Ерекең маған жалт қарап:
– Жақа, «Дерсу Узала» дегенді естуің бар ма? – деп сұрады.
– О-о, ол орыс халқының атақты саяхатшысы Арсеньевтің есімін әлемге әйгілі еткен шығармасының аты ғой! – дедім мен. – Оқығам. Онда Уссурий өлкесіне жасалған тұңғыш экспедиция жайлы, адам аяғы баспаған жерлерді жүріп өткен ержүрек саяхатшы мен оның жан досы, құралайды көзге атқан мерген, ізкесер аңшы Дерсу Узала жайлы аса қызықты да, бай көркем тілмен суреттелген.
– Міне, бірде сол «Дерсу Узала» деген кітабы бар екенін айтып, Мұқаш мені қатты ынтықтырып қойды, – деп бастады әңгімесін Ерекең. – Көргенше асықтым. Мұқағали үйіне ертіп барғанда, Тиын әже қатық сығымдап, құрт жасап, тоқымдай өрешеге тізіп отыр екен. Құрсағымызда бөрі шулап келген. Тиын әже соны бірден ұғып, шаруасын доғара салып, тамақтандыруға кірісті.
«Дерсу Узала» шым-шытырық оқиғалы, шымыр жазылған дүние екен. Мұқағали «Мә, оқи бер», – деп өзі қозы-лақтарын түгендеуге шығып кетті. Мен кітапқа бас қойып, оқиғалар желісіне қалай көгенделіп қалғанымды өзім де аңғармай қалыппын. Терезеден іңір қараңғысы құйыла бастағанда бір-ақ бас көтердім. Әйтсе де, қиялдап жатып, ұйықтап кеткенімді байқамаппын.
Ерекеңнің әсерлі әңгімесі менің де балалық шақтағы күндерімді көз алдыма келтірді. Етпеттеп жатып алып, кітап оқушы едім ғой.
– Мен оянғанда, екі әжеміз шырақтың әлжуаз, ала көлеңке жарығымен шай ішіп отыр екен, – деп сабақтай түсті әңгімесін Ерекең. – Дауыстары сары самаурынның дамылсыз ызыңынан да бәсеңдеу шығады. Мұқаш екеуіміздің ұйқымызды бұзбайық дегені болар, сыбырмен тіл қатысады. Төрдегі ағаш төсекке екеумізді жатқызып, Сүлейменнің сеңсең ішігімен қымтап жауыпты. Іле-шала Мұқағали да оянды. Әжем мені үйге ертіп кетпек болғанда, оған абысыны: «Еркін бүгін осында-ақ қона салсын. Таң да таяу қалды ғой, екі бала оқуына бірге барар», – деп қолқа салды. Мұқағали да қуанған шырай білдірді.
Мұқағалидың Тиын әжесіне деген ықыласы арада қанша жыл өтсе де, суыған емес. Ол кісі дүние салғанша, Нақаңды анам деп мойындамады, өзін Тиын кемпірдің ұлымын деп санады. Әжесіне арнап «Ақ кимешек көрінсе» деген өлең жазды.
Мен күні кеше ғана жүз жасап, ғұмыры ғасырмен жанасқан әжеме арнап «Менің әжем, міне, биыл жүзге келді, жарықтық» деп басталатын екі шумақ өлең жаздым. Соны мына Жақыпжан арқылы сәлемдемем ретінде «Лениншіл жас» газетіне ұсынғалы отырмын. Әлеке, соған қалай қарайсыз?
Әлнұр аға оған ойлы жүзбен қарап:
– Еркін-ау, сен өзің еркіндікті сүйетін еркін ойлы ақынсың ғой, – деді биязы ғана. – «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, төл туындыңды қай басылымға ұсынамын десең де, өз еркің. Әрине, көптен бері көзге түспей жүріп, өзіңнің төл басылымың – «Советтік шекарада» бір жарқ ете қалсаң, біз үшін де қуаныш, оқырман үшін де елеулі жаңалық. Десек те, кезінде әдебиет майталмандарының ақ батасын алған «Қойшылар» поэмасы еліміздің маңдайалды басылымы «Социалистік Қазақстанда» басылуы үлкен құбылыс болды ғой. Қазір де сонда берсең, оны басқарып отырған Ұзақ Бағаев ағаңның қуана-қуана басары сөзсіз. Дегенмен, әже жайлы жүрекжарды өлең жазғаның жас оқырманы көп «Лениншіл жас» газеті үшін ұрпақтар жалғастығын көрсететін ұлағатты дүние болар еді.
– Рақмет, аға, осындай ақсақалдық сөз айтып, абыздық ойыңызды бір білдіріп қоятыныңызды жүрегім сезіп еді. Дұрыс па, Жақыпжан бауырым? Олай болса, Алтыкен, ау, Алтыкен! Алтын бәйбішем менің! – деп қамыр тамақтың қамымен ас бөлмеге шығып кеткен жарын дауыстап шақырды Ерекең. – Келші бері, мына қайныңның құрметіне мақпал әніңді салып берші.
2. Нарынқолдың нары
Жиі-жиі болмаса да, жылына бір-екі рет Хантәңірінің баурайында, асау Байынқолдың жағасында орын тепкен Нарынқолға ат басын бұрып тұратын әдетім бар. Не үшін, не себепті, не тартып тұрады мені Нарынқолға?
Осыдан он алты жыл бұрын шыққан «Замана сарыны» атты кітабыма енген «Мәңгілік жыр-ғұмыр» деген эссемде оның жауабын былай беріппін: «Өйткені мұнда бізге ағалықтың, кейінгі ұрпаққа даналықтың үлгісін беріп келе жатқан, ерлік пен өрліктің айшықты белгісіне айналған ардагер ақсақалымыз Әлнұр аға Мейірбеков пен сонау бір жылдардағы сұхбатында айтқандай, «Ауылына кіндігінен байланған ақын» атанған Еркін ағамыз бар».
Сол бір сұхбат-эссем мынадай өкінішті жолдармен аяқталады: «Жаңа сөйлескенде оттай жанған жанары тұңғиық ойға батып, бізге қимай қарап қалғанын аңғардым. Бұл соңғы сұхбаттасуымыз болып шықты».
Асыл ағаларыммен талай мәрте сұхбаттасып, талай мәрте сыр шертістім ғой. Десе-дағы, солардың бастау-бұлағы болған ең алғашқы кездесуім естен кетпес кино кадрларындай көз алдыма қайта айналып келе береді. Алғашқы таныстық кезінде айтылған сөздер, ой ұшқындары уақыт өткен сайын толыға, молыға түсетіні тіптен ғажаптандырады.
Әлнұр ағаның сезімталдығы, қолына қалам ұстағандарға жанашырлығы тұлабойынан сезіліп тұратын. Алғашқы таныстықта-ақ оның маған айтқан «жазуға ебің бар сияқты» деген кез келген жазушылықты армандайтын жас кісіні қанаттандыратын сөзінің өзі не тұрады?! Ең бір ғажабы оның сол тұста Мұқағалидың өзін іздеп келгенін, батыр бабасы Райымбек батыр туралы дүр-дастан жазғысы кеп жүргенін айтып, шежіре-тарихқа жүйрік ағаның аузынан біраз дүниені қойын дәптеріне түсіріп алғаны туралы әңгімелегені болды. Ақиық ақынның көзі тірісінде ол дастанын еш жерде жария етпегені дүйім жұртқа жақсы белгілі. Ал 1982 жылы содан алты жыл бұрын дүниеден өткен аяулы ақынның «Райымбек! Райымбек!» поэмасы «Лениншіл жас» газетінде жарқ ете қалғанда, таңданбаған кісі қалмаған шығар.
Дәл сол тұста мен «Нарынқол қайдасың?» деп салып ұрып, Әлнұр ағамды іздеп барып, сол баяғы әңгімемізді есіне салдым. «Иә, мен де ойлаушы едім, «Мұқағалидың сол айтқан дастаны қайда екен?» деп. Бар екен ғой, тірі екен ғой, жарықтық», – деді ол, өзінің баяғы биязы мінезінен аумай. «Аға, сіз сол әңгімені маған не үшін айттыңыз?» – деп сұрадым мен. «Біле жүрсін деп айттым», – деді ол. Мен үндемедім.
«Біле жүрсін…» Біле жүрдім ғой, әлбетте. Ешкімге айтпастан, Мұқағали ағама қатысты дүниенің бәрін-бәрін жылдар бойы тірнектеп жинап жүрдім. «Мұқағали» журналының негізін қаладым. Сол еңбегім зая кеткен жоқ. «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» деген жеті жүз беттік көлемді кітап болып шықты. Алайда Әлнұр аға бұл тірлігімнен еш хабарсыз еді. Хабары болмаса да, «біле жүрсін» деп, маған соны сыр ғып айтты ғой. Сонда ол болашақтағы Мұқағали тақырыбына бағыттағысы келді ме екен? Оны енді ешкім айта алмайды.
Әлнұр ағама көзі тірісінде Мұқағали менің басты өмірлік тақырыбыма айналғанын айтқан жоқ едім. Кітабым шыққанда, ол бақилық боп кеткен. Ал ағамның маған сыр ғып айтқан сол әңгімесі мен үшін таптырмас құнды дерек боп қалған-ды. Оны кітабыма енген «Ақ атан шөккен жер» деген әңгімемде пайдаландым. Әлнұр ақсақал мен Мұқағалидың кездесуін былай суреттедім:
«…Әлнұр ақсақал мұның әңгімесін ұйып тыңдады да, басын изеп, тамағын кенеді.
– Әй, бәсе, «сонау Алматыдан мені іздеп келуі тегін емес, өзін қатты мазалап жүрген бір нәрсе бар-ау» деп ойлап едім өзім де… Райымбек бабамыз туралы дастан жазу оңай шаруа емес, әрине. Егер мұндай үлкен дүниеге бел шешіп кірісуге даяр болсаң, менің де батам дайын, Мұқаш айналайын.
Білемін намыстылық құдіретін,
Көкірек көз тереңге үңілетін.
Бойда қуат болғанда, ойда шабыт,
Жан емес сын сағатта мүдіретін…
Мен бар білгенімді жайып саламын, қарағым, сен қағазға түсіріп ал. Жазудың жөнін білетін адамсың ғой, керегін өзің іріктеп ала жатарсың…
– Ойбүу, аға, мені жазу өнеріне баулып, алғашқы қадамыма жол көрсеткен өзіңіз емес пе? Осылай алдыңызда отыруымның өзі сіздің арқаңыз ғой…
– Жарайды, мені ұстаз санасаң, оныңа рақмет. Шәкіртінің озғанына қай ұстаз қуанбасын! Қуанбаса, нашар ұстаз да… Жә, жұмысқа кіріселік…
Мұқағали блокнотының алғашқы бетіне ұсақ әріптермен «Майдангер журналист, ақын, жазушы Әлнұр Мейірбековтің әңгімесі. 27.VІІІ.70» деп жазып қойды да, «мен дайынмын» дегендей, ағасына қарады…
…Әлнұр ақсақалдың бәйбішесі дастарқан басына шақырғанша Мұқағали ағасынан біраз аңыз-әңгіме естіп, қағазға түсіріп те алды. Олардың кейбірін өзі бала күнінде Тиын әжесінің аузынан естіген де екен. Сонда да блокнотына түртіп алып отырды…
…Ақсақалдың әңгіме айтуға ықыласы артып, екеуі таң атқанша отырып қалыпты. Әтештер шақыра бастағанда ғана «көз шырымын алайық» десті…
…Түс әлетінде Мұқағали Әлнұр ақсақал мен оның бәйбішесіне алғысын жаудырып, Қарасазға жол тартты…»
«Бәрін айт та, бірін айт» деген айта берсек, Нарынқол өңірінен шыққан мүйізі қарағайдай дейтіндей ақындардың, жазушылардың, журналистердің біразы Әлнұр ақсақалдың мектебінен өткені, ақ батасын алғаны – үлкен мақтаныш, үлгі етуге тұрарлық өнеге. Бірақ олардың бәрін тізіп айтуға мақаланың көлемі көтермейді. Басқасы басқа, Әлнұр ақсақалдың биыл жүз жылдығы тойланып жатқан Бердібек Соқпақбаевпен достығының өзі – бөлек әңгіме.
Қош. Естелігімнің негізгі кейіпкері Еркін ағам бола тұра, Әлнұр ақсақал туралы әңгімелеп кетуім – екеуінің аға-інілік достығының көрінісі. Жас кезде Мұқағали мен Еркін екеуі ажырағысыз болса, есейген шағында Еркін Әлнұр ағасының қасынан шықпай қалды. Тіпті Нарынқолды қиып кете алмауының басты себебі – Әлнұр ағасын қимауы. Оны маған Еркін ағамның өзі сыр ғып айтқан-ды. «Маған жұрттың бәрі: «Нарынқолдан неге кеткің келмейді? Өз бағыңды өзің байлап отырған жоқсың ба? Алматыға келгін, бағың ашылар», – дейді. Ал маған керісінше, Алматыға бара қалсам, бағым ашылмақ түгілі, сорым қайнап, барымнан айырылып, бейбақ боп қалатындаймын. Нарынқолды қимаймын, Әлнұр ағамды қимаймын», – деген ол сонда.
Алғашқы таныстықтың, алғашқы кездесудің әсерлері көз қарықтырардай қаншалықты жарқын, ыстық болса, оның жарығы, қызуы соншалықты ұзақ уақытқа созылатыны бар екен және де сол кездегі бастамалар ғажайып бір жалғасын тауып жатады. Айтайын дегенім, Еркін ағамның «Лениншіл жас» газетіне ұсынған әжесі туралы екі шумақ өлеңі туралы оқиғаның жалғасы былайша өрбіді.
Бір күні Еркін ағаның өзі Алматыға келіп, редакцияға телефон соғып, мені іздепті. Орнымда болмай қалған едім, баратын адресті белгілеп, айтып жіберіпті. Алып-ұшып барып едім, ардың-гүрдің қарсы алды.
– Қайда жүрсіңдер, ей?! Мұқағали ағаң ол жоқ, ел жаққа кетіпті. Сен де орныңда отырмайды екенсің, – деп өкпе-назын білдіріп жатыр.
– Өй, аға, редакцияның жұмысын өзіңіз де бес саусақтай білесіз ғой, – деп жұмысбастылығымды айтып, ақталып жатырмын.
– Өлеңді жақсы беріпсіңдер, рақмет, – деді ол сабасына түскесін.
Арада біраз уақыт өткен ғой, қарбалас тірлікпен ұмытыңқырап қалыппын, шынымды айтсам. «Қай өлеңін айтып отыр?» деп ойланып қалсам керек:
– «Менің әжем, міне, биыл жүзге келді, жарықтық» деп басталатын екі шумақ өлең ше? Сен арқылы беріп жіберіп едім ғой, – деді ол гүр етіп.
– Аға-ау, ол өлеңнің жарыққа шығуына менің қатысым шамалы, бірақ сәлеміңізді Сейдағаңа айтам ғой, – деп күлдім мен.
– Қалай ойлайсың, жақсы өлең бе? – деп сұрады ол маған сынай қарап.
– Өтірік айтқым келмейді, аға, мен сыншы емеспін ғой. Мұқағали ағадан сұрамадыңыз ба? – дедім мүдіріңкіреп.
– Сен оның «Ақ кимешек көрінсе» деген өлеңін жатқа айта аласың ба? – деп өзіме қарсы сұрақ қойды ол.
– Бірер жолдарын болмаса, өлеңді толық есіме түсіре алмаспын, – дедім желкемді қасып. Еркін аға менің қиналған түрімді көріп, өзі айтып берді.
…Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса…
Нені көрем? – деп жыр жолдарын аяқтай келе:
– Асылы, Мұқаңның жырларында әжелердің, аналардың, қарттардың қасиетін қастерлейтін тұстары жетіп жатыр, – деді ол ойлы жүзбен, – менің ойымша, қыран секілді тұғыры тұңғиық ақын қарттардың сом тұлғаларын қитұрқы-құбылмалы, жасанды-жәдігөй құбылыстарға қарсы қою үшін қару, қалқанға балаған сияқты…
Ойға шомып кеткен Еркін аға кенет дүр сілкінді.
– Бір күні Мұқаш аяқ астынан Нарынқолға, біздің үйге жетіп келді, – деді ол күлімсіреп. – Қолында «Лениншіл жас» газеті бар. Алдымен, әжеме сәлем беріп: «Апа, балаң саған арнап өлең шығарды», – деп бетінен сүйді де, артынша мені құшақтай алып, маңдайымнан иіскеп: «Құтты болсын өлеңің, арыстаным!» – деді. Дардай болып қалдым. Алтынкүлдің де қолынан сипап: «Қуаныштымын», – деп, разылығын білдіріп жатыр.
– Бәрекелді, аға! Мынауыңыз керемет қой! Мұқағали ағамыз өлеңіңізге мықты бағасын беріпті ғой, – дедім мен қуанып. Сөйтсе-дағы, «ағаларымның өлеңдерін жаттап жүруім керек екен, білмей қалғаным тіпті ұят» деп, іштей қысылып барамын.
– Жоқ, Жақа, – деді Еркін аға. Жаңа ғана жайраңдап отырған ағамның қабағы түксиіп шыға келген, – біле білсең, Мұқағалидай талғампаз ақынға менің жазғанымның айрықша ұнағаны – оны таңғалдырып тастағандығымнан емес. Ол көңілде жүрген бір түйткілге таяу барып, кездейсоқ болса да, өзімен үндес сезімге бір сәт жарағаныма елжіреп, еміренгені болар, бәлкім. Міне, мен осындай ойдамын. Әйтпесе, мәймөңкелейтін несі бар, Мұқағалидың «Ақ кимешегінің» қасында менің өлеңім қатар тұра алмайды.
– Білмедім, аға, – дедім мен, ой тереңіне батып.
– Ендеше, сөз түсінетін қазақсың ғой, мына өлеңді тыңда, – деп ағам буырқанған жыр жолдарын оқи жөнелді.
Жыр қаламын қолыма ерте алғанмын,
Ел аяғы бармаған жер шалғанмын.
Жалғандықты жат көрді, шіркін, көңіл,
Ол рас қой, аз жаздым, кем толғандым.
Тым ертерек жыр болып соқты демім,
Ерте сездім өлеңнің отты лебін.
Тықылдатып есігін қаққан жоқпын,
Мен өлеңнің қақпасын тепкіледім.
Жасқанбадым, төріне кіріп бардым,
Жаутаңдамас жанымнан сыр ұққанмын.
Жұрт тайсалған биікке қарғып шығып,
Сол биіктен түсе алмай, тұрып қалдым.
– Аға, сіздің «Тянь-Шаньның диюы» атанған жас пері кезіңізде жазған «Қойшылар» поэмасынан кейін біраз уақыт бойы жазбай, жаңа дүние бермей кеткеніңізді енді түсінгендей болдым, – дедім мен.
– Түсінгендей болсаң, сол айналайын, – деді аңқылдақ ағам.
* * *
Нарынқолға тағы да жол түсті. Бұл жолы қасиетті Қарасаз ауылына соқпай өте алмадым. Оның себебі жоқ та емес. Осыдан екі жылдай бұрын Еркін Ібітанов атындағы мәдениет үйінің алдында Еркін ақын ұрпақтарының мұрындық болуымен ақынның бюст-мүсіні қойылған-ды.
Міне, сол бюст-мүсіннің алдында тұрып, тірі кісінің жүзіне қарағандай, барлай қарадым. Еркін ағаның өз аузынан естіген мына бір өлеңі есіме түсе кетті де, «әулие екен ғой» деп ойладым.
Қанат бітіп, қаз болып ұшқаныңда,
Алыста,
Қиыр шетте, тысқарыда…
Қарасаз деп аталатын бір мекен бар,
Ілінбеген картаның пұшпағына.
Пұшпағына картаның ілінбеген,
Жөн-жосығы беймәлім білінбеген,
Айқыш-ұйқыш қайшылы қара сулар,
Кеудесін осып түсіп тілімдеген.
Шалажансар талықсып жатқан жерге,
Салақ сөзге тіл бітті…
Тірілді өлең!..
Содан соң Қарасаздың – Қара жұрттың
Атағы аспан шарлап дүрілдеген…
Амал қанша, картаға ілінбеген…
– Жыр дәнін Қарасазға шаштың ба? – деп,
– Тегіне теңестім бе? Астым ба? – деп,
Осынау ел-жұртымның көз алдына
Мұқағали орнады тас тұлға боп…
Өз қанымен суарып алмас жырды,
Өлседағы өмірін жалғастырды.
Жалқы тұрған перзентін жағалап кеп,
Албан Асан атасы малдас құрды…
…Осынау қара бұлтта мағына көп,
Қара тікен қадалған санама кеп…
Мен қорқамын Қарасаз – Қара жұртта,
Тек қана ескерткіштер қала ма деп?!.
Бір жас қаламгермен болған диалог та есіме түсті.
– Аға, Мұқағали Мақатаевқа «Қазақ поэзиясының Хантәңірі» деген атаққа бергісіз атты кім қойған?
– «Хантәңірі, қайдасың?» деген дүр-дастанның авторы Еркін Ібітанов атаң ғой. Оның өзі жас кезінде «Тянь-Шаньның диюы» деген атаққа ие болған. Бар болғаны жиырма жасында «Қойшылар» атты дастан шығарып, атағы күллі Одаққа дүрілдеген.
– Солай ма? Білмеппін.
– Ендеше, біле жүр, оқы, жатта. Еркін Ібітанов «Хантәңірі, қайдасың?» өлең-романымен Мұқағали Мақатаевқа қана емес, өзіне де өлмес ескерткіш орнатып кетті.
Жақыпжан Нұрғожаев,
жазушы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері