Әткеншектей тербелген күндерім-ай!
21.12.2024
525
0

Сабыржан АХАН

Әткеншек

Жел бұл күн:
– Енді ол сендік емес, – дейді,
Олай болса жадымнан неге өшпейді?..
Көзімді жұма қалсам, сол қалқаның
Пәкиза, жәудір көзі елестейді.

Әткеншек көрсе болды ол елпелектеп,
Бұрқан-талқан сүйрелеп, желкелеп кеп,
– Тербетші, – деп қиылып тұрушы еді,
Қылушы еді амалын еркем ептеп.
Сол – сол екен, күлкі ойнап келбетінде,
Ең бақыт­ты жан болар жер бетінде.
Жел екеуміз таласып қалатынбыз,
Ол мінген әткеншекті тербетуге.

Еркем солай «билейтін» түрлі «биді»,
Қолаң шашы желге ұшып үлбірейді.
Қос аяғын алдыға созған қалпы,
Әрлі-берлі ауаны тілгілейді.

Ұғынбаппын, мен сол бір шақта нұрлы,
Шат­тығымды тербетіп жатқанымды.
Жастығыңды тербетіп жатқанымды,
Жастығымды тербетіп жатқанымды…

Оралмайды енді оның бәрі кері,
Сол өкініш өртеп жүр әлі мені…
Балалығы болмаған жәудір көзім,
Жастығын да жоғалтып алып еді.

Шоқ түскір, өзек қалай өртенбейді?..
Жел мазақтап:
– Қайда енді еркең? – дейді.
Іргемді аулақ салғам сол әткеншектен.
Ендігі оны мен емес, жел тербейді.

Бірде былай құбылып, бірде былай,
Әткеншектей тербелген күндерім-ай!
Төгілер деп көз жасым ойлап па едім,
Сөгілер деп ойлап па ем, ірге бұлай?..

Ескі бақ.
Әрлі-берлі сенделіп құр,
Осқылайды арқамнан жел жонып бір.
Қос әткеншек, бірінде мен отырмын,
Бос әткеншек жанымда тербеліп тұр…

18

Түбіне жеткен қара түн…
Күрсінем көрсем іздерін.
Ол кез­де көктем болатын,
Мен онда он сегізде едім.

Күндер ол – «жұмағымда» өткен,
Қалмаған шатаққа басы.
Алматы,
Гүл.
Ару-көктем,
КазМУ-дің жатақханасы.
Тигенде қала шамына,
Күлкісін талақ қылатын.
Сол бала болашағына,
Балконнан қарап тұратын.

Сол уайым түбі расымен,
Сор болды, әріге кеткен.
Көзімді жұмып ашып ем,
Жоқ болды, бәрі кенет­тен.

Бөгде боп үлгерсем де анық,
Арда мұң қалмайтын еді.
Сол күнді бір көрсем барып,
Арманым болмайтын еді.

Қалды әт­тең ол күн жырақта,
Төгіліп көзімнен нала,
Мен бәрін жеңдім, бірақ та,
Жеңілдім өзімнен ғана!..

«Шат­тығың қайғыңдай бопты» –
дерсіз-ау көрсеңіз мені.
Сол көктем қайрылмай кет­ті,
Ал сол қыз он сегізде еді…

Маусым

Көктем кетерде бұлт назданады,
Күрт жаз болады, соңы елес.
– Маусым келді, – деп, жұрт
мәз болады,
Жұрт мәз болады, мен емес.

«Құдай-ау, неткен жансың қапалы?
Маусымда тағы күрсіндің.
Жаныңды бір мұң жаншып жатады,
Жатқаны хақ қой бір сырдың.»

Өткен бір сонау аңсап күнімді,
Жылжыпты-ау жылдар шетінен.
Мен сол бір жазда бар шат­тығымды,
Сорға айырбастап кетіп ем…

Соны ойлай беріп таусылдым түбі,
Өз қолым қазған көрімді…
Шыжғырып жат­ты маусымның түні,
Бейкүнә сезімдерімді.

Ол менің сәруар жарығым еді…
Жалт етіп сөніп жоғалған.
Түсіме бірақ әлі кіреді,
Қансырап жатқан көп арман.

Бөлініп қалған жолы жырақта,
Еді бұл сондай түн ескі.
Кінәләй алман, оны бірақ та,
Ол бақыты үшін күресті.

Сол күндер мені сағынады әлі,
Сағынсам-дағы менде оны,
Жұрт құсап бірақ жадырамады,
Қу жаным сол түннен бері.

Түбінде бізді Тәңір алады,
Бәрі қалады, бәрі әлі.
Оған де­йін де жадырағаны,
Жадырағаны шамалы.

Көз жасым қанша ыршыды налып,
Қырсығып алып бәрі де.
Ең соңғы мәрте күрсініп алып,
– Салауат, – дедім бәріне.

Қалды екен енді қанша әл-дәрменім,
(Десе де қанша айлам бар).
Маусым келді ғой, ал сендер менің,
Қасіретімді тойлаңдар!..

Түс

Кеш.
Іңір.
Мұнда шуақ күнде өледі.
Жылымаған мен сынды
мүлде реңі.
Менің жадау жанымның дүрбелеңі,
Аздан ке­йін киелі түн келеді.

Арылмай қойды бастан неге бұл күй?
Түн ішінде, түсіме сол өрімдей
Жанарынан жас емес,
қан сорғалап,
Бара жатқан бір бейне енеді ылғи.

Сағындырып шақтары керім, әйбат,
Мына сайқал тірліктен жеріді-ай, нақ!
Талайлы тағдырына лағынет деп,
Соры қайнап барады ол,
«Өмір-айлап».

Түнге кіріп барамын, түнге кіріп,
Жарыместей бір жылап,
бірде күліп.
Іңір түсе туылған сезімдерді,
Жерлеп жатам таң ата мүрде қылып.

Құлатпады қорғанын күдік кімнің?
Десе де медет тілеп, үміт қылдым.
Жанымды күйдірерін біле тұра,
Дәрге­йіне басымды тігіп тұрмын.

Тәңірінің бұйрығы екі етілмей.
Бір азалы үн үзіліп жететіндей.
Көз ілуге қорқамын.
Сәл мызғысам,
Сайтан біткен оянып кететіндей.

Қу жаныңды шідерлеп шерлі өлеңге,
Нең қалды деймін іштей, өлмегенде.
Пенде байқұс тағдырын таңдамайды,
Көнбегенде қайтесің, көнбегенде?..

Қапияда от басқан, сорға құлап,
Менің жаным бебеулеп болды аңырап.
Әнекей, қыр астынан күн көрінді,
Батпайды ғой деймісің ол да бірақ?..

* * *

«Төрт жыл өт­ті алды жөн,
арты сырдаң»
Есенғали

Бәрі басқа.
Бәрі де өткен енді.
Сол күндерден қалмады көп те белгі.
Сен кеткенде туылған қарындасым,
Көз алдымда күлімдеп, төртке келді.

Өт­ті жылдар сен де өстің, мен ер жет­тім,
Тек сен менен…
А жоқ, мен сенен кет­тім.
Тағдырымды басқаға тапсырарда,
Өтер деппін,
Сеніппін…
Сөнер деппін…

Бәрі жалған боп шықты, расында,
(Күндер – айға, ай – жылға ұласуда).
Мен басқаның жылытып жүрмін жанын,
Жылытып қана жүрмін, ұғасың ба?!

Өлгенім жоқ, әйтеуір, басым аман,
Тек сол бір сағынышты, шашыраған
Жұртқа мейлі, білдірмен,
Ал бірақ та,
Өз-өзімнен қалайша жасыра алам?

Өт­ті жылдар, ұқпады ешкім мұны,
Сол ескі әннің төрт қырдан естілді үні…
Ендігі жыл – мерей той,
Келер көктем –
Ұлы сағынышымның бес жылдығы!

Күз

Жанымды жаншып, жаныштап,
Күз келе сала сары ала,
Туған жерімнен алыстап,
Мен кет­тім басқа қалаға.

Сағынуменен, күтумен,
Өтуде күздің көп күні.
Жанымды мүжіп бітірген,
Келетін жанның жоқтығы.

Ақиқат бізге бір өлім,
Ерте ме, кеш пе келеді.
Ауырады әлі жүрегім,
Тоқтаған жоқ ол себебі!

Сарылып сонша мен күткен,
Сол күздің таңы атпады.
Амалсыз іштей көндіккем,
Маған да оңай соқпады.

Көктемнің анық келмегі,
Ал оған кім бар шүбәлі?
Миықтан күліп ол мені,
Келеке қылып тұрады.

Сеземін, бәрін сеземін,
Жетелер тағы орға кіл,
Төзбегенде ше, төземін,
Үйренген жау ғой, ол да бір

Күз келсе күтіп көктемді,
Көктем келгенде күзді аңсап.
Сағынып жүріп өткенді,
Өтіп кетерміз біз болсақ.

Күн өт­ті қанша түнерген,
Алдады қанша арманым.
Көктем келерін білем мен,
Құдай біледі қалғанын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір