ЖАМБЫЛ ӘЗІЛДЕРІ
26.02.2016
2985
0

ЖамбылЖәкеңнің әзіл сөздері ақын дүниетанымының шеңберінде, өмірдің өзінен ойып алынған, таңдап, талғап табылған бейнелітіркестерге толы. Сергек сыншылық, жанашыр сықақ, зілсіз юмор, мерген мысқыл – әзілдердің әрі…
Күнделікті өмірде сан рет айтылып қала берген небір импровизациялық әзілдері Жамбылдың жасы ұлғайып, кеңес кезінде атағы әсіресе дүбірлеген шақтан бері ғана ескеріле бастаған. Қасында жүріп, тәнті болған замандас інілерінің есте қалғандары бойынша, сонымен қатар, арнайы мақсат қойып, ерінбей-жалықпай үнемі жинамаса да, сүйсінгендіктен жадында тұтып қалған әріптестерінің – қаламгерлердің уақыт тауып, хатқа түсіруі арқылы мұхиттай дүниенің бұлақтай бөліктері ғана бүгінге жетіп отыр. Бүгін оқырмандарға ақынның өз өлеңдерімен қатар, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев,  С.Бегалин, Н.Төреқұлов, М.Жолдасбековтың  естеліктері мен мақалаларынан теріп алынған мысалдарды ұсынып отырмыз.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ,
ф.ғ.д., профессор,
Жамбылтану және халық ақындары
институтының директоры

 

Кекілік ұшып дүр етті,

Ғали шошып дір етті,

Қарны ашып қалжырап,

Екі иығы салбырап,

Кешке ауылға құр жетті…

Атқаны – бір сауысқан,

Оқтың бәрін тауысқан.

Ұялғанын байқаймын,

Бәсең шыққан дауыстан.

 

БАЛДЫЗЫМА

Балдызжан, жаба салшы ішігімді,

Шәуілдетпей, байлап қой күшігіңді.

Көрпемді ашып, қойныма кіріп келсең,

Оятып алар ма едім, «бұзығымды».

 

ӘКЕ ӘЗІЛІ

Сойған түлкі секілді

Сатышым жүр ырсиған.

Тұрабымның тұрпаты

Бұқашадай тырсиған.

 

Аққұлаға қарасам,

Ішін алған тораңғы.

Қызық көріп балаша

Отырамын соларды.

 

Жаужапырақ секілді

Жартыбай жүр қаудырлап.

Мазамды да кетірді,

Сөз сөйлесе саудырлап…

 

Құймышағы бүріскен

Нағашыбек ешкідей.

Жымың-жымың күліспен

Жүре беред естімей.

 

Бәрі маған аян ғой,

Айта берсем тағы да.

Бірақ өліп қалам ғой,

Мен солардың «бағына».

 

***

Өзінің күнделікті қызметкерлерінен Жәкеңнің және бір жақсы көретіні – шоферы, өз ауылының жігіті – Нағашыбек Байсабаев болды.

– Ту сырты еліктің артқы сандары сияқты тіп-тік болып, балаша елгезектеніп ұшады да жүреді байғұс, бұл да мені кезеңді жерде балаша арқалап әкетеді, – дер еді, Жәкең Нағашыбек туралы.

Өз туысқандарынан, өз балаларымен қатар Жәкеңнің ерекше жақсы көргені – туған ағасы Тәйтінің баласы Сатыш.

– Тәйті Меккеге қажылыққа кеткен, жолда өлді, – дер еді Жәкең, – қажылыққа аттанарда, үш жастағы жалғыз баласы, осы Сатышты қолынан жетектеп, маған алып келіп: «Құдай алдында сенің қолыңнан алам», – деп еді. «Жарайды» деп уәде бергенмін. Содан бері осы шіркін өз балаларымнан кем көрінбейді.

Жәкең оған да қалжыңдағанда, «аш күзендей бұраңым» деуші еді.

Жәкең ауылы «Жамбыл колхозы» деп аталады. Сол колхоз ұйымдасқаннан бүгінге дейін Жәкеңнің немере інісі Тұрап Мыржиев үздіксіз бастық боп келді.

– Бұл – шаруаға жүйрік, – дер еді Жәкең ол туралы, – бірақ қулау, түлкінің іні сияқты, ішінде қалтарысы көп.

Ауылында Жартыбай Қырықбаев дейтін шамалылау бір ақынды «осы суыр сияқты әрі жалтақ, әрі бақырауық» дейтін еді.

Жәкеңмен біраз жұмыс істеген ақын Қал­мақанның екі танауы көтеріңкі дел­дең­деу кісі. Оны Жәкең «шеміршек болған жыл­қыдай делбеңдеуін қарашы» деп қал­жыңдайтын еді.

Өмірзақ ақын – қара кескінді, ақ шашты, ақ сақалды адам. «Басын ұнға тығып ал­ған қара мысық сияқты» деп ойнар еді Жә­кең онымен.

Оңтүстік Қазақстанда тұратын қарт ақын Орынбай Тайманұлы жіңішке дауыс­ты және шырылдаңқырап сөйлейтін кісі, оны Жәкең «Тауқұдырет» дейтін еді.

Семей облысындағы ақын Нұрлыбек Бай­мұратов денелі, зор мұрынды адам, Жәкең бір күні соған қарап: «Жайылған үйірін шыңның басында күзеткен арқардың қошқары сияқты екен», – деді.

Осылар сияқты, жаратылысында, мінезінде өзгешеліктер бар адамдар туралы Жәкеңнің беретін сын мінездемесі аса көп болатын.

– Шіркін, көз-ай! – деп өкінетін болды Жәкең 1940 жылдың бер жағында көзі бұлдырлана бастаған соң, – «қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар; қара көзден нұр тайса, бір көруге зар болар» деген осы. Көзге не іліксе, сол қызық көрінетін дүние-ай!

 

* * *

Жәкең сәл кідіріп шай ұрттады да, қайтадан Сәбитке қарады.

– Өзің қалайсың? Балуан Шолақ, ән саламысың?

– Саламын, – деді Сәбең үні шырылдап.

– Жоқ, сенбеймін, – деп Жамбыл да күліп алды. – Үніңнің іні тарлау екен. Сенен бәрі шығар, бірақ ән шықпас, – деді.

Біз Жамбылға қосыла күлдік.

 

* * *

…«Жамбыл, әсіресе, ақындарды өзіне жақын көріп, оларды оңдырмай қатты қалжың етуші еді. Жамбылмен ерте жолдас болған, әрі замандас, әрі ақын шәкірті болған – Есқожа руынан шыққан Өмірзақ ақын Қарғабаев. Бұл кісінің өзі қара кісі, кішірек, шоқша сақалы аппақ болып ағарған еді. Соны көріп Жәкең: «Таутекенің сақалындай, немене, сақалың шошаңдап кеткен», – деуші еді.

Кенен кейінгі кезде келіп бір сәлем беріп, басындағы бөркін алғанда, «Басың немене, тұз түйген келсаптың басындай боз ала болып кеткен», – деп бір күлдірді. Бір күні өзінің сақалын ұстап отырып: «Менің сақалым құртқа малған ағаш күрек секілді болыпты-ау», – деп жатып күл­дір­ді.

Дулат ішінде Баба руынан шыққан Ес­дәулет ақынды бір келгенде: «Суық­тө­бенің суыр аңдыған қоңыр ала бүркіті сияқты қо­пайып қайдан келдің?» – деп күлдірді.

Өзінің 75 жылдығын тойлап жүрген кезде, Шымкенттен Орымбай ақын келіп өзі­не амандасып отырғанда, «кішкене өлең айт» деп, болмай айтқызды. Орым­бай­дың дауысы жіңішке кісі, өзі шарылдап сөйлейтін адам. Соған: «Бұрын да дауысты емес едің, тап тауқұдырет сияқты болыпсың ғой», – деп бәрімізді күлдірді.

1943 жылы Киров колхозына келіп, онан біздің үйде отырғанда, бұрынғы Ай­қым­ның өзін көрген шалдарынан бірсы­пыра кісі келіп, сонда Абдыман деген шал келіп сәлем беріп, амандасып отырды. Ол өзі сақалы аппақ, сіріңке қара кісі еді. Жә­кең одан: жасың қаншада деп сұрайды. Ол 55-темін деп еді, «…ұрайын, әлден не көрінді, басын ұнға тыққан қара мысық құсап», – деп күлдірді.

1922 жылы Ұзынағашта бір үлкен жиналыс болып, сонда ақындар да болды, Жамбыл да бар еді. Сол кезде Ұзынағашта милицияда қызмет істейтін Пұшық Жұмық деген кішірек бір белсенді жігіт бар еді. Әлгі жиналған елге «олай жүр, былай жүр» деп атпен шауып дамыл бермеді. Сонда Жамбыл: «Мына «саратан зауза құсап дарылдағаның кім?» – деп елдің шек-сілесін қатырды.

Мақыш Райымбек баласы – әрі
балуан, әрі ақын, Жәкеңнің ең жақын көрген адамы. Ол өзі көбіне демін аузынан алатын аңсағай зор денелі кісі еді. Соны: «Көкпек жеген түйе сияқты демін аузынан алған… ұрайын», – деп отыратын.

Өзіне хатшы болып жүргенде Қалмақан ақынды әзілдеп: «Шеміршек болған жылқыдай танауың шелтиіп келдің бе?» – деп бір отырғанда күлдіріп еді», – дейді Үмбетәлі. Жәкеңнің аузы қалжыңға, адамның бойындағы, ісіндегі мінін айтуға шеберлігін айтып:

Жамбыл өзімен сөйлесіп әңгімелескен, істес болған кісінің қандайы болсын, бір сын тақпай, соның бір кісі күлетін мінезін айтпай қалмайды екен. Мұны бір ғана Үмбетәлі емес, адамдардың бәрі айтады.

Өзінің ауылындағы әрі жақын інілері Жартыбай Қырықбай баласын «суыр сияқты әрі жалтақ, әрі бақырауық, кейде «асыранды жапалақ сияқты қаудырап» дейді екен. Жамбыл кейінгі кездері Совнаркомның больницасына келіп жатып, емделіп жүрді. Сол больницаның директоры Ерастов деген дәрігерді көргенде: «Мына төреңнің жүрісі қалай, ұшуға жақындаған үйректің балапаны сияқты теңселе басып», – дейді екен. Үйткені Ерас­­тов қол-аяғы қысқалау, жүргенде, теңселе басып жүретін адам еді.

Өз елінде Шыныбай деген жігіт бет-аузы сопақ екен және бір жағына қарай бейімдеу екен. Соны Жәкең бір күні көр­генде: «Қисық өскен картошка құсаған не­ме екен ғой», – деп отырған елді күлді­ріпті.

Өзінің неше жыл қасында болған докторы Досымбекті «Қалжаға сойған қойдың мұжыған мойын омыртқасы құсаған енеңді…», – дейді екен.

Өзінің Алғадай деген баласын: «Борбас жерден шыққан бұзаубас құсаған енеңді…» Өзінің жақын ағайындары Ибрайым Бәсімбет баласына (бұл қарт шежіре кісі): «Құрт, айран ұрлап ішкен кісі құсап, немене мұртың аппақ болып кеткенсің», – депті.

Өзінің баласы Аққұлыны: «Іңірде ұшқан қара қоңыз құсаған дарылдаған енеңді ұрайын», – дейді екен. Өзінің ағасының баласы Сәни Төтей баласына: «Ұзататын қыздың жарма шымылдығы құсап, немене аузың ырбаңдап, бір орында тұрмайды ғой», – дейді екен.

Өзінің шөбере інісі және өздерінің кол­хозының председателі Тұрап Мыржиевқа: «Суық бас торғайдың мүйізі құсап, мұртың шелтиіп тұр ғой», – дейді екен. Өз ауылында жақын ағайындарының бірі Әбіл деген жігітті: «Судағы майқоңыз құсап жылпыл­да­ған енеңді ұрайын», – дейді екен.

Өз ауылындағы замандас қарттың бірі Демеқұл Таңсық баласына бір күні кешке жақын үйіне келіп сәлем бергенде: «Аяғын тұсаған қара бура сияқты маталып қайдан келесің?», – депті. Демеқұл тұсаған малдай малтығып жүретін кісі екен.

Тағы сол өз ауылының бір жігіті Қасен Шымырбай баласы балпылдап, көп сөй­лейтін жігіт екен. Сол келіп, бір күні ауызы тиыш­тық таппай, сөйлей отырыпты: «Осы­рақ қоңыз құсап, немене балпылдап отыр­сың?» – депті.

Өз ауылының Жолашар Рахматжан баласы деген жігітке: «Шала түлеген шабдар жылқы құсаған енеңді ұрайын, неғып кержағалданып отырсың», – депті. Ол ши­кіл сары кісі екен.

Өзімен замандас Тойбай деген шалды: «Кәрі жіліктің құрығы құсаған енеңді ұрайын», – дейді екен. Ұзын бойлы, еңкейіп жүре­тін кісі екен.

Өз ауылының адамы Нұрбек деген кісіге, бүкірейіп жүретін кісі екен: «Тышқан аңдыған мысық құсап, жауырыныңды құржитып қайдан келесің?», – депті.

Өзінің Қожаш деген өлген ақын бала­сының әйелі Пәтимені: «Орыстың асыранды ала қазындай байпаңдаған келін», – дейді екен.

Өз ауылының адамы Алтай Сары баласы деген жігітті: «Орыстың шала илеген был­ғарысы құсаған шандыр-шандыр бол­ған неме, оңбай кетіпті ғой», – дейді екен.

Өзінің баласы Аққұлының әйелін: «Ұлу мүйіз құсаған бейбағым», – дейді екен.

Сатыштың әйелін: «Бидай терген көк кептер сияқты», – дейді екен. Тұраптың шешесі Мыржының әйелін: «Оқ жыландай ысқырып отырған шығар», – дейді екен. Өзінің Қожакелді деген баласынан қалған немересі Атакелдінің былтыр туған Қуан­дық деген кішкене баласын алдырып, көзі көр­мей қалған кезде, қолымен сипап көріп: «Жылбысқы қозының елтірісіндей бет-аузы жып-жылмағай екен», – депті.

Өзінің Аққұлы деген баласынан туған не­мересі Жұмақанды: «Сексеуіл бұрау құ­са­ған бұралып біткен неме», – дейді екен.

Өзінің кенже баласы Тезекбайды: «Екі енегі тел қара қозы құсаған енеңді ұрайын», – дейді екен.

Өзінің немере інісі Өмірәлі Жадыра не­мересіне: «Етікші қоңыздың мұрты құсап, ербиген екі тал мұртыңды ұрайын», – дейді екен.

 

* * *

…Бір жолы Самсы ауылындағы жегжаттары Жамбылды қонаққа шақырыпты. Ақынның соңғы әйелі Қанымжанның сол ауылдан екені белгілі. Көптен кездеспей жүрген құда-жегжаттар жиналып қалса керек. Бәрі Жамбылға өлең айтқызады. Өлең арасында әзіл-қалжың да айтылып жатады. Шай құйып, ұсына берген батылдау сөйлейтін, сұлуша келіншек:

– Шай алып отырыңыз, кәрі күйеу, – деп қалжың тастайды. Сонда Жамбыл әлгі келіншекке қарап кідірместен былай депті:

Балдыз деймін, ендеше балдыз деймін,

Су жағалай бітеді жалбыз деймін.

Жасым келді тоқсанның сегізіне,

Жездең қалай жатады жалғыз деймін?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір