ТЕРЕҢДІК пен КЕМЕЛДІК
18.04.2025
170
0

Сегіз қырлы, қос тұғырлы

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты, әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахмановтың «Корифей. Культурология Абиша Кекильбаева» кітабы тереңдік пен кемелдікке толы. Автор қазақтың көрнекті жазушысының болмыс-қасиеттерін асқан дәйектілікпен ашып берген. Аталған еңбекті ғалымдық, әдебиетшілік және саясаткерлік қырлары үйлесімді ұштасқан, аса көрнекті санаткер жазғаны айқын көрініп тұр.
2024 жылдың соңында «Художественная литература» баспасында жарық көрген кітапқа Қазақстан мен Ресейде айтылып жатқан оң пікірлер аз емес. Мысалы, жазушы, ақын әрі әдебиет сыншысы Александр Балтин «Литературная газетада» автордың зияткерлік ойлардың тұнбасындай кітабын бейнелі түрде, қысқа-нұсқа «Әбіш Кекілбаевтың ғарышы» деп сипаттады. Айтқандай, жақында, 26 наурызда «Литературная газета» бұл тақырыпқа тағы оралып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы кітапқа жазған алғы сөзін тұтас күйінде, айшықты аннотациямен жариялады.
Жанай Омаровтың «Казахстанская правдадағы» мақаласы «Іргелі еңбек» деп аталды.
Бұдан бұрынырақ, 2019 жылы кітаптың бастапқы, қазақ тіліндегі нұсқасы шығуына орай («Абыз Әбіш», «Фолиант» баспасы) көсемсөзші һәм аудармашы Ғ. Төлеғұл («Кітапты дайындауда үлкен көмек көрсеткен тамаша адам Ғосман Төлеғұлды риясыз алғыс сезімімен еске аламын» деп жазады автор) С.Абдрахмановқа лайықты бағасын берген еді: «…Осынау алып тұлғаның барлық қырларын ашу, мынадай, шын мәнісіндегі, энциклопедиялық сипаттағы туынды жасау – ерлікпен пара-пар. Өйткені Әбіш аға білімінің бүкіл «сарқылмастығын» (Шыңғыс Айтматов), оның қаламгерлік қарымының «құрлықтарға құлаш ұрғанын» (Қалтай Мұхамеджанов) көрсету тек шынайы шебердің, ойшылдың ғана қолынан келмек».
Ал мәдениеттанудағы жаңалықпен әсерленген эссеші Мақсат Тәж-Мұрат өзінің журналистік жолындағы тәлімгері Сауытбек Абдрахманұлын сегіз қырлы «октаэдр» және «айсберг» деп атады. Октаэдр дегені, әрине, дарынның әмбебаптығы үшін, айсбергке балағаны тұлғалық қасиеттері мен тақырыпқа, зерттеу нысанына «бойлау» тереңдігі үшін деп ойлаймын.
Бір ғажабы, «Корифей» де «октаэдр» десе, дегендей. Өйткені ол «Кекілбаев құбылысының» әртүрлі қырларына арналған сегіз тараудан тұрады.
Менің жолдастарымның бірі алғыр ақылы және сырттай бір ұқсастығы үшін Сәкеңе «Ақылман үкі» деген айдар таққан-ды. Бұған қоса оған болмыс-табиғатындағы бірегейлік, қажымай-талмай тынымсыз еңбек етуге қауқарлы қарымдылық тән. Бір мезгілде бір емес, бірнеше бағытта қатарынан жұмыс істей береді. Ол ғылыми ізденістерінен де қол үзбеді, үлкен редакцияның жұмысын да ұйымдастыра білді (елдің қазақтілді бас газеті – «Егемен Қазақстанды» 16 жыл бойы басқарды), сөйте жүріп, әріптестеріне үлгі көрсетіп, өзі де көп жазды, іссапарларға жиі шығып, соның ішінде, президенттік һәм парламенттік, үкіметтік баспасөз сапарнамаларына да талай қатысты. Осындай сапарлардан кейін кетпектей кітаптарға айналған іргелі мақалалар, мемлекеттердің бірінші басшыларымен жүргізілген сұхбаттар туындады.
Сондай-ақ оның ондаған жылдар бойы үзбей жазған, журналистер «өзекті» деп атайтын тұрақты тақырыптары да болды. Әбіш Кекілбаев – өмір бойғы ынтық, іңкәрі деп айтуға болатын сондай құштарларының бірі.
Бір айта кетерлік жай, жауһар кітап авторының ылғи өз қаһарманының ізімен жүріп келгені де осынау құштарлықты ерекше мәйекпен айшықтайды. С. Абдрахманов өзіне тән ашық-жарқын әзілімен Әбіш ағаның нешеме мәрте қызмет бабындағы ізбасары болғанын еске алады:
«Университеттің бесінші курсында мемлекеттік кинокомитетке жұмысқа шақырылдым. Бірер күн екіойлы жүрдім. Журналистиканы оқып, өз кәсібімнен бас тартып, басқа салаға ауысқаным қалай болады? Сонда ойыма «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы Әбіш Кекілбаев екені түсті. «Әбіш Кекілбаев кинода жүрсе, демек, бұл ұсыныс дұрыс болғалы тұр ғой, ондай кісі ненің не екенін біледі ғой» деп ойладым. Бір жылдан кейін «Социалистік Қазақстанға» шақырылдым. Енді «Әбіш Кекілбаев қаламгерлік жолын газеттің редакциясынан бастап еді ғой, демек, бұл ұсыныс дұрыс болғалы тұр ғой» деп ойладым. Редакцияда он екі жыл жұмыс істегеннен кейін партияның Орталық Комитетіне шақырылдым. Енді «Әбіш ағам ЦК-да он жыл отырып еді ғой…» деген ой келді. Орталық Комитеттің аппаратында, Президент Әкімшілігінде сегіз жыл жұмыс істеп, Мәдениет министрінің бірінші орынбасарлығына шақырылдым. Енді «Ол қызметті Әбіш ағам атқарып еді ғой, оның үстіне дәл сол кабинетте отырады екенмін» деген ой келді. Біраз жылдан кейін «Егемен Қазақстанды» басқаруға ұсыныс жасалды. Енді «Ол газетті Әбіш ағам басқарып еді ғой» деген ой келді…»
Парламенттік «қиюласу» да болды. С.Абдрахманов Мәжіліске екі рет сайланды, Ә. Кекілбаев болса Қазақ КСР және ҚР Жоғарғы Кеңестерінен, содан кейін Республика Парламентінің Сенатынан өтті.
Міне, екі өмірбаян да, негізінен, қамтылды, арнайы шегіністер қажет емес. Лайықты адамдардың тағдырлары мен мансап баспалдақтарының ұқсастығы (оған қоса тағдыршешті «қиюласулары») еріксіз жан дүниелерінің де жақындығы туралы ойға жетелейді. Бұл ойдың да дұрыстығы кәміл. Себебі Ә.Кекілбаев лауазымдық тұғырлар бойынша жасы кіші әріптесінің еңбегін дәйім бағалап отырды, оның өсу жолын қамқор әкедей бақылап, қолдады. Бір жолы, тіпті оған газет мақаласын да арнаған екен.
Мойындауымыз керек, абыз тұлға шығармашыл адамның еңбегін мадақтау мен ынталандыруға келгенде дәйім жомарттық танытатын еді. Бұған өзім де куәмін. Бірде мен журналистика саласындағы президенттік сыйлықтар мен гранттарды беру жөніндегі комиссия жұмысына қатыстым. Комиссияға ҚР Мемлекеттік хатшысы лауазымындағы Әбекең басшылық етті. Ережеге сәйкес сыйлық тек екі үміткерге ғана берілуі тиіс болса да, комиссия төрағасының жомарт­тығы арқасында бұл мерей-мәртебе алты, әлде жеті адамға бұйырған болатын.
Шын мәнісіндегі, асыл ағаның ғұмырбаяншысына айналған алғыскер іні Сауытбек Абдрахманов өз қаһарманының қызметін көсемсөзбен айшықтаудан танбады. Осылайша, дүниеге келуін өмірдің өзі пешенеге жазып қисындаған болашақ кітаптың бөлімдері мен тараулары ақырындап жинақтала берді.
Түптің түбінде эпопеялық еңбек заңды түрде лайықты бағасын алды: 2020 жылы С. Абдрахмановқа «Абыз Әбіш» кітабы үшін еліміздің әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Сол кезден бері кітап үш мәрте қайта басылды – бұл ғылыми әдебиет үшін сирек жағдай.
«Корифей», бәлкім, «сарқылмас» Абызды танып білудің жаңа сатысы болар. Иә, ол енді, шын мәнісінде, құрлықаралық мәшһүр тұлғаға айналып барады.

Кекілбаев кеңістігі

«Кекілбаев кеңістігі» – Ә. Кекілбаевпен бірлескен сапар қорытындылары бойынша белгілі қазақстандық саясаткер һәм қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов жазған мақала осылай аталады. Сол мақаладан зияткер жазушының таңғажайып өнімді еңбекқорлығын көрсететін бірнеше дарабоз жолдарды келтірейін: «Шандоздың» көп тарауларын Алтайдың көкмайса сұлу шатқалында біз атқа мініп, сауық-сайран, серуен құрып жүргенде, сол рақаттан өзін тежеп, Махамбетпен «оңаша қалып», тарих беттерін қайта ақтарып, бұрқыратып жазды», яғни ол, шын мәнісіндегі, шексіз-шетсіз кеңістікті көзбен шолып, ойша қазақ жерінің мүлде басқа қиырларында жүрді.
Кекілбаев кеңістігі – әрі соның ішінде бүкіләлемдік, тарих қабаттары, әрі қоғамдық-әлеуметтік ғылымдардың өзекті мәселелері, әрі ғаламшарлық ауқымдағы әдеби үдеріс, әрі қазіргі заманның саяси ахуа­лы, әрі егемен Қазақстанның құрылуы. Оның тынымсыз болмысын, тіпті ғарыш сеңгірлері де ынтықтырды. Бұл оның бәрін қамтитын әмбебаптығының онша елеулі қыры демесек те, Әбекең астрономияда да айрықша білгір болыпты. Кітапта көрсетілгендей, бұл қасиетін жерлестері сүйсіне айтып отыратын.
«Корифейді» оқыған кезде соншалықты ірі тұлғаның «қабаттары» мен «кеңістігін» зерделеп ұғу оңай емес. Бұл үшін «баяу оқу» керек. Мұндай айдар 1992–1995 жылдары «Аз и Я» мемлекетаралық орталық-азиялық апталығында шығып тұрды. Бұған қадау-қадау, алтындай асыл мақалалар іріктелді. Күрделі айдардың күрмеуін табуда даңқты классигіміздің қызы Шұға Нұрпейісова ерекше көзге түскен еді.
Салмақты томның парақтарын бірінен соң бірін біртіндеп еңсере отырып, сен құдды баһадүр батырлар, дарындар мен данышпандар мекендейтін, уақыт шекарасынан шеткері байтақ әлемге кіріп кеткендей боласың. Мұнда ғылыми талқы-таластар өтеді, заманалар келбеті жайып салынады, тағдырлар киноленталар сияқты тізбектеледі, кескін-келбеттер құбылып алмасады. Кей-кейде ақпарнама тұңғиығына «батып» кетесің. Кітапты жобалап ашасың да, бірақ баяндау арнасына кіргесін-ақ автордың соңынан қызыға ілесесің. Ал, сосын, әлдебір маңызды нәрсені жіберіп алмас үшін міндетті түрде артқа қайтып ораласың.
Жекетұлғаларды қамту, тақырыптың сан алуандығы, қарастырылған мәселелердің біліктілігі жағынан «Корифей» энциклопедия мәртебесінің жүгін әбден көтереді. Дұрысында, нақ сондай. Артық-кемі жоқ «Әбіш Кекілбаев» энциклопедиясы. Абыздың шығармашылық, ғылыми мұрасы, ең бастысы, тұлға бойын­дағы рух, материалдық емес, ұлылық арқау-өзегіне айналған.
Осы басылымдағы ең басты жай мынау.
Кітапты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғы сөзі ашады. Содан бірнеше өзекті дәйектеме келтірейін:
«…Ол – біздің халқымыздың рухани өмірінде қайталанбас із қалдырған, мемлекетіміздің дамуына орасан зор үлес қосқан бірегей тұлға және классик-жазушы.
Ол мағынасыз бос әңгімелерден өзін аулақ ұстады, бүкіл адамзаттың өткеніне, бүгініне және болашағына қатысты тақырыптарда көп ойланып-толғанды. Бір сөзбен айтқанда, Әбіш Кекілбаев үлкен зияткер әрі дана адам болды.
Әбіш Кекілбаев – әлемге халқымыздың ұлы перзенті ретінде көрсете алатын тұлғалардың бірі. Заңғар қаламгердің сан қырлы шығармашылығы – қазақ рухының асқақ көрінісі».
Осы қасиет әдебиет айдынында неғұрлым жарқын көрініс тапты. Тек «Әдебиет әлемі» ғана емес, сонымен қатар «Мәдениет мәйегі», «Өнер өрісі» де, басқа барлық тараулар сияқты, классиктің таным шыңдарына өрлеуін, оның ақыл-ойдың абызына айналуын тұтастыра сипаттайды.
Тырнақалды әңгімелерімен-ақ ол өзін жазушы ретінде кәдімгідей танытты. Зұлқарнай Алдамжар және Байтұрсын Ілияс («Барша қазақтың Әбіші» мақаласы): «Оның тілі Маңғыстаудың жантағындай жалпақ қазақы, түйенің қомындай қоңды, жаядай дәмді, қазыдай шұрайлы болып келетін. Айтар ойын айтсаңшы. Оны оқығанда Каспийдің толқынында есіп жүргендей, Сарыарқаның жазығында кең даланы кезіп жүргендей…рақатты сезінетінбіз».
Болмаса мынадай төтенше жайт:
Ә.Кекілбаевты сонау студент кезінде-ақ «Соғыс және бейбітшілікті»… қазақ тіліне тәржімалауға үлес қосқан екен. Өйткені бұған дейін ол Мопассанның «Өмір», «Пьер мен Жан» романдарын аударып, олар басылуын күтіп жатқан еді. Сонда әуелі романның бірінші томының бес баспа табағын аударып, сосын, бұған шамасы жетпегендерден қалған жұмысты да (!) тындырып береді.
«Қолдауға өзімнің шығармашылығым жол ашты» деп қазіргі шенеуніктердің қайсысы мақтана алады? Кекілбаев та нақ осылай болды. «Ұйқыдағы арудың оянуы» кітабы шыққаннан кейін оның партияның Орталық комитетіндегі кабинетіне соны оқыған Өзбекәлі Жәнібеков келіп, былай деді: «Мен өзіңе сырттай «құда түсіп қойдым». Егер біреу әңгімеге шақыра қалса, айдан түскендей болмас үшін не нәрсеге де іштей тас-түйін дайын болуға тиіссің». Шынымен де көп ұзамай мұндай әңгіме өтті және мәдениет министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
«Сөйтіп, әуелгі «әуейілігінен» кітапқұмар болып, одан қаламгер болып шыққан жазушы «Ұйқыдағы арудың оянуының» себебімен лауазымды қызмет жолын бастайды», – деп түйіндейді «Корифейдің» авторы.
Классиктің барлығы елуден астам кітабы шықты. Бұлардың қатарында ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленген «Үркер» және «Елең-алаң» романдары, «Аңыздың ақыры» романы, «Күй», «Ханша-дария хикаясы», «Шыңырау», «Дала балладалары», «Бәсеке», «Шеткері үй» және көптеген тілдерге аударылған басқа да хикаяттары бар.
Әдебиет әлеміндегі аса беделді неміс баспасы «Фольк унд Вельт» құрастырған «ХХ ғасырдың жүз үздік жазушысы» тізіміне бұрынғы Кеңес елінің ақын-жазушылары Шолохов, Пастернак, Ахматова, Айтматов, Ғамзатов, Евтушенко, Бондаревтармен қатар, қазақ көркем сөзінің мерейін асырып Әбіш Кекілбаев та кірді.
Оның қазақ әдебиетіндегі мән-маңызы хақында Олжас Сүлейменов айтқан сөз: «Ресейде сөз шеберлері көп болған: Паустовский, Тургенев…әйтсе де энциклопедиялық біліміне, сөзді алақанда ойнатқан шеберлігіне қарамастан, олар Толстойдан алыс тұр. Қазақ әдебиетінде Толстойға ең жақын тұрған қаламгер – Әбіш Кекілбаев. Ойдың ауқымдылығы, планеталық мотивтер, төгілген тіл міне, Әбіш оқырманын осы қасиеттермен баурап алады».
Бір жерлерінде көркем, енді бір жерлерінде байсалды ғылыми трактатты еске түсіретін кітапты оқи отырып әрі автор қисынына құлай келе: «Әбіш Кекілбаев құбылысы» ел ауқымынан кеңірек екендігіне, басылымның Мәскеуден шығуы тегін еместігіне көзің жетеді. Оның әдеби әлемі республика, Ресей, жалпы бұрынғы Одақ көлемімен шектелмейді.
Баяндаудан Корифейдің ана тіліндегі әдебиетті алға бастырумен, жетекші сөз бен өнер шеберлерін танымалдыққа жеткізіп қолдаумен қалай талмай тынымсыз айналысқаны көрінеді. Бірақ сонымен қатар мәдениет пен тіл салаларының реформалануы заманауи дамудың ортақ арқауына кірігіп, уақыт талабына жауап беруіне қамқорласты. Оған саяздық, оқшаулану дегендер атымен жат. Ол біріктіруші, иә, Қалтай Мұхамед­жанов айтқандай, мән-маңызы жағынан «құрлықаралық» тұлға болды.
Автор өзінің Ақпарат министрі болып тұрған кезінде, 2003 жылы «Әлем әдебиеті» сериясының қазақ тіліндегі аудармаларының 100 томдық басылымы үшін тізім түзгенде ғұлама Әбіш ағаның көмегіне жүгінгенін алғысын жаудыра еске алады. Қонақжай үйде ет былқып піскенше, яғни үш сағат ішінде ұлық ұстаз «жұлдызды шоғырды» жайып салып, онда қандай «шамшырақтардың» һәм неліктен жағылуы тиістігін барынша негіздеп, нақты классиктерге қаламгер-тәржімандарды есім-сойларымен қоса бекітіп береді. Жадының, шын мәніндегі, компьютерлік кереметтігі сондай, ғасырлар бойы қордаланған бүкіләлемдік мәдени мұраны (басына құдды компьютер орнатылғандай) жаңғақтай шағып, жіпке тізіп, мұқият байыптап шығады. Әрбір қаламдас әріптестің тіл мәйегі мен әлеуетін барынша нәзік «түйсінуі» де таңғаларлық. «Адамзат ардақтайтын көркем шығармалардың бәрін де оқыған. Бәрін тоқыған. Өзегінен өткізген. Егер біз сол серияны 200 том етіп белгілеп, Әбекеңнен 200 шығарма саралап беруге көмек сұрасақ та, нәтижесі шамамен солай боларына күмәнданбаймын. Тіпті бар ғой, мысалы, «Әлемнің үздік 100 тарихшысы» деген серия ойластырыла қалып, солардың 100 кітабын іріктеп алу керек болса, Әбекең ол тізімді де ауызша-ақ түзіп шығатынына шәк келтірмес едім», – деп жазады автор.
Үлкен жазушылығына қоса, ол мемлекет пен қоғамның өзекті мәселелеріне баспасөзде үн қосып отырған ірі көсемсөзші де болды. Дәйектемеге Ә. Кекілбаевтың Тәуелсіздік жылдарында жазылған мақалалары мен очерктерінде қамтылған тақырыптардың 52-бетте берілген тізбесін келтіремін: адам концепциясы, Жер тарихы, тарихи сана, этнология, ұлттар табиғаты, демократия, экономика, білім, демография, топонимика, география, этнография, эстетика, өнертану, этика, живопись, музыка, кино өнері, лингвистика…
Шын мәнінде, «сарқылмас»!
«Мәдениет мәйегі», «Тіл тартысы» кітап тарауларының осындай атауларын да Абыз-Корифейдің сипаттамаларына қосқан абзал. Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің мына пікірін де: «Ол – қазақтың саяси ой ағымын қалыптастырып дамытып келе жатқан данагөй саясаткер». Бұған қоса, замандастарының алғыс пен мақтаныш айшықталған басқа да көптен-көп лебіз-лепестері.
Бұл тараушаны кітаптағы мына дәйек­сөзбен аяқтайын: «Әбіш аға өзі «абыздай аруақты, аңыздай ғажайып» деп сипаттаған Серке Қожамқұловтың ме­рейтойына арналған мақаласында: «Оның жетпіске шыққаны – күллі қа­зақ халқы үшін, ұлтымыздың өрге бас­қан өскелең мәдениеті үшін үлкен ме­реке» деп жазған екен. Сол сөзді біз жазушының өзіне де бағыштай аламыз. Ол да – абыздай
аруа­қ­ты, аңыздай ғажайып тұлға».

Пікірлес һәм әріптес

«Корифей. Культурология Абиша Кекилбаева» кітабының табысы бірқатар жағдайда белсенді авторлық ұстаныммен, Сауытбек Абдрахмановтың баяндалған оқиғалардың бел ортасында жүруімен, қоғамдағы және мәдени саладағы жайттарға оның да қатыстылығымен, сүйсінерлік ой-өрісімен, сарапшыл әрі шебер қаламымен тығыз байланысты. Мәтін ізгі парасатпен тыныстайды, әрбір жолдан жарқын ұлағаты қанаттандыратын ұстазға деген құрмет оқылады.
Осы арада жан жылуын себелеген мына лебізді келтірмеске болмайды:
«…Осы жолдардың авторына Әбіш Кекілбаевпен замандас болу бақыты ғана бұйыр­ған жоқ. Тұтас қырық жыл бойы інісі, пікірлесі, ниеттесі, әріптесі болу да бақыты бұйырды. Бірге жұмыс істеген кезім де бар, қарамағында жұмыс істеген кезім де бар. Одан кейін де ұдайы араласып-құраласып жүрдік. Қуанышта да, қайғыда да Әбіш ағамның жанынан табылдым, ондайда ағам да менің жанымнан табылды».
Мұндай алыппен достыққа сақадай-сай болу да оңай емес-ау.
Кімге қалай екенін кім білсін, ал Сәкең бұл үдеден шықты. Өйткені оның өзі де салмақты, беделді тұлға деңгейіне көтерілді, тамаша әкімшілік мансабына қарамастан, ғылыми ортада мойындалды, қызметтен күні-түні қолы босамай жүрсе де, көрнекті әдебиетшілердің қатарына қосылды. Ақырында, тарихта есімінің мәшһүр боп қалуын қамтамасыз етті. Себебі ол жазған еңбектердің бірқатары үлкен құндылыққа айналып, іс жүзінде шығармашылық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар әрі мәдени мұра ретінде жоғары бағалануда.
Отандық тәржіматанудың көшбасшысы Сауытбек Абдрахманов Абай-аудармашының айкөл шеберлігінің болмыс-бояуы мен табиғатын ізерлей зерттеп, абайтануға айшықты үлес қосты. Бұл ізденістер «Төлтума мен телтума» (2007), «Перевод поэзии и поэзия перевода» (2008), үш тілдегі «Аударма алыбы. Конгениальность. Congeniality» (2020) еңбектерінде жинақталды.
Әйткенмен таза теоретик қана болып қоймай, өзін шебер аудармашы ретінде де танытып, қазақ оқырманына арабтың халық романы «Әз-Зәкір Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасы» (1999) мен Виктор Гюгоның «Аласталғандарын» (2010) ана тілінде оқу ләззатын сыйлады.
Сондай-ақ оның еншісінде «Тәуелсіздік шежіресі» (2001), «Адамзат күнтізбесі» (2002), «Елдік сыны» (2003), «Календарь человечества» (2007) кітаптары, «Қашаған құрықтаған Қазақстан» атты шетелдік репортаждар жинағы (2019), Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарық көрген көсемсөздің бес томдығы т.б. бар.
Абдрахмановтың өмірінде, шығармашылығында әмбе ғылыми ізденістерінде пушкинтану айрықша өрнек тапқан. Әлемнің 62 елінде болған ол қай қиырға жолы түссе де Александр Сергеевич пен оның туындылары туралы бұған дейінгі белгісіз, жаңа бірдеңе табу үшін кітап жаймаларына асығады. Оның Токиода орыс кітаптарының дүкенін тауып алғаны есімде. Соның арқасында өзінің тұтас пушкиннамасы қалыптасты. 1999 жылы «Біздің Пушкин» зерттеу кітабы жарық көріп, ол «А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романы қазақтың әдеби және фольклорлық дәстүрлерінде» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясына негіз болды. Кейінірек, 2006 жылы «Вер бана ат» (Пушкин шығармаларындағы түркизмдер), «Коран и Пушкин» кітаптары басылып шықты. 2007 жылы Сауытбек Абдрахманұлы докторлық диссертациясын қорғады. Өлең аудармасының теориясы мен поэтикасы бойынша. Бұл жағдайда да тағы абайлық-пушкиндік негізге арқа сүйеді. Бұған қоса, Абай Лермонтов, Крылов, Мицкевич, Байрон, Гете, Бунин, Полонскийлерді де дәл осындай даналықпен аударды…
Пушкинтану саласындағы қазақ­стандық тамаша зерттеушінің еңбегі лайықты бағаланып, С. Абдрахманов Ресей сөз өнері академиясының айтулы «Ревнителю просвещения» медалімен марапатталды.
Олай болса, «Корифей» авторының аса көрнекті еңбектері елдің назарында. Әбіш Кекілбаев та өзінің серігін жоғары бағалап, құрмет тұтты, оның сирек әлеуетін көре білді, мүмкіндігінше қолдады, лауа­зымдық өсуіне қуанды, туған ағасындай қамқор болды. Сонымен бірге оның алдына күрделі міндеттер де қойып отырды.
Бір жолы тіптен бесжылдық міндетті бір-ақ арқалатты. С. Абдрахманов сол жайды былай еске алады: «Сондай әңгімелердің бірінде Әбекең: «Сексенінші жылдардың соңында Жорж Помпиду француз поэзиясының антологиясын құрастырған, оған француз ақындарының тек өзіне ұнаған өлеңдерін кіргізген еді. Евгений Евтушенко «Строфы века» деген өз антологиясын шығарды. Сондай антология бізге де керек» деген. 2000 жылдың аяғында «Егемен Қазақстанға» қызметке қайта оралған тұсымда: «Ал енді газет қолыңда. Баяғы айтқан шаруаны қолға алмайсың ба?» деп тағы еске салды. Бірер ай ойланып-толғанып жүріп, 2001 жылдың наурызында ол жұмысты тәуекел деп бастап кеттім… Күн сайын әріп түзеткен, түн сайын қаріп күзеткен редакторлық жұмыста жүріп, әр айда бір ақынның шығармашылығымен толық танысу, кейде оншақты кітаптан оншақты өлеңді іріктеп алу оңай шаруа болған жоқ. Әйтсе де өз басым авторлық антология құрастырған сол бес жылды (2001–2005) қазір бір түрлі қимастықпен еске аламын».
«Салмағы» мың (!) беттен астам қостомдық авторлық антология («Жиырмасыншы ғасыр жырлайды») 2007 жылы баспадан шығып, ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясын жүйелеудегі маңызды белес болды. Нағыз кәсіпқойлар мен зияткерлер іске кіріскенде осындай тапсырмалар беріліп, олар осылай орындалады.
«Корифейді» дайындауға ешкім тапсырма берген жоқ, толағай ой-ниет жан құлшынысымен жүзеге асты. Әрі соншалықты тыңғылықты, кәміл сеніммен орындалғаны сонша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де сөзін аяп қалмапты: «Сауытбек Абдрахмановтың кітабы – Әбіш Кекілбаевтың ұлан ғайыр ойшылдығын кешенді түрде талдаған күрделі еңбек, яғни кекілбаевтануды кеңейтетін кітап. Мұнда аса қомақты фактологиялық материалдың негізінде Ә. Кекілбаевтың мәдениеттанушылық, өнертанушылық, әдебиеттанушылық, тарихшылық, саясаткерлік қырлары, нағыз энциклопедиялық білімі, терең танымы, академиялық универсализмі жан-жақты ашылған».
Сонымен, кітап басылып шықты, бірақ тақырып пен образды сомдау аясындағы жұмыс аяқталмағанына мен сенімдімін. Сізге жаңа сеңгірлер тілеймін, Сәке!

Александр ТАРАКОВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір