АШУДЫ ТЫЮ, НӘПСІНІ ЖЕҢУ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕНІҢ ТҮП НЕГІЗІ
«Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартасың» деген Абай тұжырымы соңғы кездері ойымнан шықпай жүр. Біз бүгін қай қылығымыздың күйігін тартып жүр екенбіз? Алда қазақ әлі көрмеген қандай кеселдер күтіп тұр? Бүгінгі
қазақ – бұрынғы қазақтың жемісі. Алайда, бұрынғы кейпіміз бен бүгінгі қалыбымыздың арасында қандай алшақтық бар? Жалпы, бүгін біз қандай халықпыз?
Өз дәуірінде «Кей жұрт ақыл айтарлық кісіні іздеп таба алмайды. Қылығының қылшығын танитұғын кісіден қашық жүретұғыны қалай? Тоқал қатын өр келетұғыны несі? Кеселді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер келетұғыны несі? Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан кісінің жаман атанып, нәпсісі билеп, мақтанға еріп, пәле шығарған кісі мықты атанатұғыны несі? Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтұғыны қалай?», – деп Абай ортаға тастаған сауалдар бір қарағанда ескі көрінгенімен, үңіле мән берген кісіге әлі де маңызын жоймағандығы байқалады. Батысшылдыққа бет бұрған кейбіреулер бұл сөзімізді кертартпалыққа балары мүмкін. Бірақ Абай сөзінің құдіреттілігі сол өз дәуірінде айтылған ойлары дәл бүгінгі қазаққа арналғандай көрінеді. «Дөңгелек үстеліміздің» бүгінгі қонақтары педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҚМПУ «Жалпы педагогика» кафедрасының меңгерушісі Гүлнар МҰРАТБАЕВА, психолог Ділда САҚТАҒАНОВА, әлеуметтанушы Айсұлу МОЛДАБЕКОВА ханымдарға біз де осы тақылеттес сауалдар қойып көрдік.
– Бұрынғы қазақ туралы айтқанда тектілігін, ұятты, арлылығын, даналығын, жанының ақынжанды нәзіктігін, т.б. қасиеттерін термелеп ала жөнелеміз. Ал қазіргі қазақ қандай деген сұраққа қалай жауап берер едіңіз? Шынында біздің бүгінгі қалыбымыз қандай?
Гүлнар МҰРАТБАЕВА:
– Ғылыми ортада жүргеннен кейін мен бүгінгі қазақты білімді, бойында күш-жігері бар, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін халық ретінде көремін. Әрине, заман өзгерді, заманмен бірге адам да өзгерді деген әңгімелер айтылып жатады. Алайда, мен жастарымыздың ішінде мықты, білімі асқан, мәдениеті жетік, тілі шешен, сөзге тоқтай білетін, тұлғалық қасиеті қалыптасқан жаңа буын өсіп келе жатыр деп айта аламын. Үнемі жаман жағымызға күйіне бермей, жақсы тұстарымызды да ескеріп, жақсылыққа ұмтылып отыруымыз керек деп ойлаймын. Бұл жолда бізге бабалардан қалған мол мұра бағдаршы болады. Мәселен, әл-Фарабидың бақытты қала тұрғындары қандай болуы тиіс, әкім халықты қалай басқаруы керек екенін түсіндіретін еңбектері бар. Иассауидің иманды адам қандай болатынын баяндайтын мұрасы бар. Жырауларымыздан қалған жақсы әйел, нағыз жігіт, жақсы ұрпақ қандай болатыны туралы толғаулар бар. Осы өсиеттерді жадымызда ұстап, өмірімізге бағдаршам етіп алатын болсақ, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ар-ұятымызды бәрінен жоғары қойсақ, бізден бақытты халық болмас еді деп ойлаймын. Әрине, осы күнге дейін туған тілін меңгере алмай жүрген қандастарымыз аз емес. Біздің қоғамның ең осал тұсы да осы болып тұр. Олардың ішінде тілі орыс болғанымен, өмір салты, жаны қазақтардың кездесетінін айтқым келеді.
Ділда САҚТАҒАНОВА:
– Бабаларымыздың өмірлік ұстанымдары мен құндылықтары мазмұнды, терең болған еді. Ал қазіргі құндылықтарымыз қысқа мерзімді, үстіртін. Кейбір кездерде құндылықтың мүлдем жоқ екендігі байқалады. Яғни халықтың моральдық ұстанымдары әлсіз деген сөз.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– Қазақтың «Заманына қарай адамы» деген бір мақалының өзінде терең әдіснамалық мағына жатыр. Қоғамдық құрылыстың даму сатыларына қарай адамдардың да мінез-құлықтық, сапалық жағынан өзгеріп отыруы заңды құбылыс. Ноосфера (ақыл-ой сферасы) ілімі бойынша да адам өзінің қоршаған ортасының жемісі екендігі белгілі. Антропологиялық зерттеулер бойынша да тұлғаның қалыптасуына сол уақыттағы әлеуметтік-мәдени үдерістердің әсері мол. Яғни адамды оның өмір сүрген уақыты мен қоршаған әлеуметтік ортасынан ажыратып қарастыруға болмайды. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі қазақ келбеті капиталистік, нарықтық, ақпараттық қоғамның сұранысына қарай ортағасырлардағы қазаққа қарағанда анағұрлым өзгерген. Сол сияқты, Шекспир заманындағы және бүгінгі ағылшынның да бет-бейнесі екі бөлек. Құндылықтар жүйесі өзгергендіктен мінез-құлықта да өзгерістер бар. Абай айтқан «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» бұрыннан бар болғанымен, осының ішінде, әсіресе, мақтаншақтық пен бекер мал шашу «бес асыл іс» қатарына еніп, бүгінде қалыпты құбылысқа айналып бара жатқандай. Бүгінгі тұлға пиарының-жарнамасының негізі адамның сапалық сипаттамалары немесе интеллектуалдық жетістіктері емес, «өзінде бармен көзге ұру» болып отыр. Сол сияқты, мансапқа ұмтылу да құндылықтар жүйесінде алғашқы орындарға көтерілген, яғни бүгінгі таңда оқу-білімнің де түбі осы мансап қууға, атақ-абыройға жетуге ұмтылу сияқты. Бұрынғыдай «қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дейтін бүгінде ата-ана жоқ…
– Соңғы кездері адамдар арасында бір-біріне деген сенім азайып бара жатқан секілді. Өтірік мақтау, өтірік ақталу, бір-бірін алдау қалыпты жағдайға айналғаны соншалық – шындық пен ақиқатқа ұмтылмайтын да сияқтымыз. Туғанына жақпаса да турасын айтатын бабалар мінезінен айрылып қалғаннан саумыз ба?
Гүлнар МҰРАТБАЕВА:
– Меніңше, мұның барлығы адамның тәрбиесіне, ішкі мәдениетіне байланысты. Біздің қатарымызда да ғалымдығы мықты, бірақ адамшылығы аздау кісілер жоқ емес. Жастарды тәрбиелеу былай тұсын, жанына барып жөн сұрауға үркетін ғалымдар баршылық. Оларды зиялылар қатарына қосамыз ба, қоспаймыз ба, білмеймін. Біз бүгін де бұрынғыдай бабаларымыз ұстанған салт-дәстүрді сақтауға тырысып келеміз, солар дәріптеген құндылықтарды қадір тұтамыз. Қал қадіріміз жеткенше, осының барлығын жастардың бойына сіңіруге бар күшімізді арнаймыз. Алайда, оны барлығы бірдей түсініп, сол жолмен жүріп кетпейді. Қоғам болғаннан кейін, тұлпардың айналасында міндетті түрде жабылар жүреді. Мұның түп тамыры айналып келгенде отбасындағы тәрбиеге байланысты. Кейде балаларға дер кезінде тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтылмай қалып жатады. Әсіресе, бүгінгі күні тұрмыс билеген саналарда, «нанымды қалай тауып жеймін» деген мәселе басты орынға шығып тұр. Ал осы тұста ата-ана назарынан тыс, өзімен-өзі қалған бала – қоғам үшін қауіпті. Жастар арасындағы тұрақсыздық, тез ажырасу мәселелері неге көбейіп кетті? Біз осыны бірнеше сабақ барысында зерттеп көрдік. Қарап отырсақ, балаларға отбасында эмоциясын тия білуге, нәпсімен күресе білуге, кешірім сұрауға және кешіре білуге, адамдарға сенім артуға, сенімді ақтай білуге және бір-біріне сүйіспеншілік, мейірім сыйлауға үйретпейтін отбасылар көп екен. Осының салдарынан туындаған әр түрлі келеңсіздіктерге куә болып келеміз. Кезінде бір отбасындағы балалар өзара ренжісіп, түсініспей жатсақ, әке-шешеміз әділ төрелігін айтып, тиісінше жазалап отыратын. Өтірік айтқаным үшін анамнан таяқ жегенім де есімде. Алайда, одан біз жаман болған жоқпыз.
Ділда САҚТАҒАНОВА:
– Шыншылдарды мүлдем жоққа шығаруға болмас, дегенмен, айтқаныңыздың жаны бар. Себебі, бүгінде адамды қалыптастыру жолында кетіп жатқан қателіктер баршылық. Біз комформды тұлғалардың (кез келген өзіне тиімді жағдайларға тез бейімделетін адамдар) іс-әрекеті мен мінез-құлығындағы келеңсіздіктерді ақылға сыймайтын іс емес, қалыпты жағдай ретінде қабылдауға бейімделіп барамыз. Тума-туыстық, жегжаттық қатынастар бұрынғы құндылығын жойып, оның орнына мансабына, дәулеті мен әсер ету қабілетіне қарай сыйласу етек жайса, қоғамдық қатынастарды реттеуші механизм болып табылатын көпшіліктің пікірі құнсызданып барады. Ойы өте дұрыс бола тұра үндемей, біреудің сөзіне қалғаннан гөрі, ешкіммен араласпай тыныш өмір сүргенді жөн санайтын адамдар бар. Осындай сенімсіздіктің, күмәнданудың салдарынан адам өз-өзімен тұйықталып қалады. Осыдан келіп ішкі толымсыздық, жарымжандылық мінездері қалыптасады. Ал мұның түп негізінде жеңу мен жеңілуді дұрыс қабылдай алмау, қанағаттың жойылуы жатқан сияқты.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– Бүгінгі қоғамда индивидуализм мен эгоизмді шатастырып алғандаймыз. Жеке тұлға болып қалыптасудан гөрі өзімшілдік басым. Ұжымдық сана ескіліктей көрінеді. Әркім өзін, тағы да айтамын, эгоистік тұрғыдан ойлаған заман. Бұл, әрине, қауіпті. Ал негізі индивидуализмнен аса қорқудың керегі жоқ. Бұл қоғамда адамдардың тұлғалық ерекшеліктерін сақтап қалуына мүмкіндік береді. Ал эгоизм басым қоғамда, әрине, адамдар да бір-біріне сенбейді: өсек те, өтірік те осыдан шығады. Сонымен қатар, ашықтан-ашық шындық айтуға қоғамдық деңгейде белгілі бір цензуралар бар, бір жағы шындық дегеннің өзі абсолюттік ұғым емес, әркімнің өз шындығы бар. Жеке адамдар арасында да ақты ақ, қараны қара деп айтуға жібермейтін этикет бар. Бірақ бұл ақты қаралау, қараны ақтау деген сөз емес.
– Мақтау айтудан алдымызға жан салмайтын болып барамыз. Әдеби шығарма, жаңа қойылым, ғылыми жоба, әйтеуір, нені болса да жатып кеп мақтауға бейім тұрамыз. Осы құр мақтау халық талғамына қалай әсер етеді деп ойлайсыз? Талғамды дұрыс тәрбиелеу үшін не істеу керек?
Гүлнар МҰРАТБАЕВА:
– Бала тәрбиелегенде олардың өз қолынан жасаған дүниелері мен өз еңбегімен жеткен жетістіктеріне мән беріп, маңдайынан иіскеп, арқасынан қағып, ерекше бағалап, мақтап отыруымыз керек. Маңдай термен, адал еңбекпен келген дүниенің қастерлі болатынын түсіндіріп отыру маңызды. Сонда олар еңбекті адал бағалауға бейімделіп өседі, шынайылық пен жасандылықтың ара жігін ажыратуға үйренеді. Меніңше, жаңағы сіз айтқан жалған мақтау орта буын өкілдерінде көп кездесетін секілді. Ал жастардың арасында өз ойын жасқанбастан әділ айта алатын толқын қалыптасып келе жатыр.
Колледжден кейін университетке тапсырарда баламмен бірге отырып, қазақ тілі мен Қазақстан тарихы пәндерінен бақылау тестіне дайындадым. Еңбек демалысымның қырық бір күнінде ертеден кешке дейін тек қана баламның қасында болдым. Телефонымды өшіріп қойып, ешқандай қонаққа бармай, уақытымды балама арнадым. Екеуміз күніне алпыс сұрақтан талқылап отырдық. Нәтижесінде ұлым екі пәннен қырық екі балл жинады. Яғни ол өз еңбегімен жеткен таза білім деңгейі. Кейін ұлым: «Өз біліміне сүйенген 3-4 бала ғанамыз. Қалғандарының бәріне сырттан көмек келді.Мама, бұлай қатты дайындалмасақ та болады екен ғой», – деді. «Жоқ, балам, сен бәріне өз еңбегіңмен жетуің керек», – деп түсіндірдім.
Ділда САҚТАҒАНОВА:
– Талғамды дұрыс тәрбиелеу үшін адамның дүниетанымы мен көзқарасы дұрыс, адал екендігіне көз жеткізуіміз қажет.
Қазақта «балық басынан шіриді» деген сөз бар. Бүгінгі біздің қоғамдағы бар келеңсіздіктерді осы сөзбен сипаттауға болады.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– Талғамды дұрыс тәрбиелеу үшін неге болсын шынайы сын-пікірді (рецензия) қалыптастыруымыз керек. Ол үшін кез келген нәрсенің артықшылығымен қатар, кемшілігін, әлсіз тұстарын көрсетуге именбегеніміз абзал. Бұл керісінше, мінді түзеуге, жетілуге жол ашуы тиіс. Ал қандай да бір ғылыми еңбек жарық көрсе жабыла мақтау деген әдет қалыптасқан. Олқылықтарын айтатындар аз. Осындайда келеңсіздіктерге куә болып жүрген ҚазҰУ-дегі бір ғалым ұстазымыздың: «мен бүгінгі ғылыми жиындарға барғым келмейді», – дегені есімде. Себебі, шын сын айтатын болса, ғылыми жаңалықтың құны қалмай қалады, ал өтірік көлгірсуге ол кісінің жаны қас…
– Адал еңбекпен мал табу, адал біліммен оқуға түсу, тура жүріп қызметін жоғарылату мүмкін емес деген түсінік бар. Мен адалмын деген кісіге сенімнен гөрі күдігіміз басым тұрады. Сонда біздің қоғам үшін адалдықтың құны жоқ па?
Гүлнар МҰРАТБАЕВА:
– Қазақта «жатырында оңбаған» деген сөз бар ғой. Адалдық та меніңше жаратылыстан келетін қасиет секілді. Адал бол деп тәрбиелегеннен гөрі, баланың бойына ғибратты әңгімелер, жыр-толғаулар арқылы адамдық қасиетті сіңірген тиімдірек. Әкем дастархан басында үнемі төгілтіп жыр-термелерді айтып отыратын еді. «Жақсылық деген не? Жамандық деген не?» деген сөздер әлі күнге дейін құлағымда қалып қойған. Мен үшін адалдық деген – еңбек. Қандай жетістікке де маңдай терімді төгу арқылы қол жеткіздім. Бүгінгі таңда ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп ісін алға жылжытып жүрген адамдар көп. Десе де, еңбекпен жеген нан қашан да тәтті болады. Бірде Өзбекәлі Жәнібековтің мерейлі тойына арналған жиынға қатыстым. Сонда жиналған қауымның бәрі ол кісінің адал адам болғанын жарыса айтты. Дүниеден өтерінде өзі де: «Менің жүрегім де адал, алақаным да адал», – деп айтып кеткен екен. Яғни адалдықты көрмеу, бағаламау мүмкін емес. Өзің таза болсаң, өзгелер саған қара күйе жағуға именіп тұрады. Осы күнгі жастар қиындықтан, жауапкершіліктен қашады. Сол себепті өз мамандығымен жұмыс істегеннен гөрі, әйтеуір басын ауыртпай бос отырып, бірақ жақсы айлық алатын жұмыс іздейді. Сол жолда аға-көкелерін жағалайды.
Ділда САҚТАҒАНОВА:
– Қазірде адалдық өзінің негізгі мазмұнынан алшақтап, үстіртін, ыңғайлы мазмұндағы адалдыққа айналып барады. Теріс түсініктегі адамның өзі де, өзінің іс-әрекеті мен қылықтарын өте адал деп есептейді. Бұл жерде наным мен сенімді қалыптастыратын классикалық таптаурындар заманауи, қандай болса да өзін дәлелдейтін, терең болмаса да қанағаттандыратын болып отыр.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– Меніңше, «мүмкін емес» деген түсінік жоқ. Адал еңбекпен байып, оқуға да түсіп, қызметте де жоғарылап жатқан замандастарымыз жоқ емес, бар және мен оларға күдіктенбеймін де, басқалар да күдіктенбейді. Себебі, олар таза білімнің арқасында осындай дәрежеге жетіп, өзгелерді де мойындап отыр. Бүгінде білім – бұл үлкен әлеуметтік капитал. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды». Әсіресе, ғылымда, әдебиетте атың қалуы үшін шын талант болуың керек. Ал материалдық игілікте де адал еңбекпен байығандар бар. Тек мәселе, солардың үлесінің аздығында болып отыр. Жалпы, табысқа жеткендерді 100 пайыз десек, олардың кем дегенде 20 пайызының адал жолмен жеткеніне мен сенемін. Бұндай мысалдар көп-ақ. Сондықтан адамдар өздерінің интеллектуалдық капиталын шынайы бағаламай, «мен қаншалықты жоғары жалақы алатын жұмыс істеуге лайықтымын, қандай талаптарға сай емеспін» деп өзіне үңілмей, «мүмкін емес» деген жалған стереотипті ұстанып алып, жарты жолда қолды бір сілтеп жатады. Бұл дұрыс емес. Адам өзінің мүмкіндіктерін шынайы бағалап, өзін-өзі жетілдірумен айналысуы тиіс деп ойлаймын.
– Қоғамымызда жалғызбастылардың көбеюі қалыпты жағдайға айналып кетті. Жалғыздыққа еті үйрену, жалғыздықтан қорықпау, жалғыздығынан ұялмау бізге қаншалықты зиян?
Гүлнар МҰРАТБАЕВА:
– Жалғыздардың көптігі ең алдымен біздің халық санының көбеюіне кедергісін тигізуде. Қазақта «жалғыздық Құдайға ғана жарасады» деген сөз бар ғой. Қазіргі күні жастар алдымен әлеуетімді жақсартып алайын деп материалдық құндылықтарға ұмтылады. Сөйтіп жүріп уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалады. Бір мысал келтірейін, бір танымал ғалым кісі отбасын құрып, ұрпақ жалғастырмаған ұлына ренжіп, үйінен қуып жіберіпті. Өзі ауырып, бақилық болар алдында қасына келген ұлына: «Сен мен үшін шіріген жұмыртқасың, кете бер жөніңе, мені халық көмеді», – деген екен. Қазіргі отбасы алдында жауапкершілік арқалап, отбасы қамы үшін тер төккеннің орнына, жақсылығын қара басынан асыра алмай жүрген әрбір жігітті мен де шіріген жұмыртқаға балар едім. Жігіттеріміздің жігерсіздігінен қазақ қыздары өзге ұлт өкілдерінің етегінен ұстап кетіп жатыр. Қан бұзылса, ұрпақ та бұзылады деген сөз.
Ділда САҚТАҒАНОВА:
– Одан зиян көп. «Салт басың, сабау қамшың» білгеніңді қылып, шектеу сезінбей, еркін өмір сүрудің негізгі себебі жауапкершіліктен жалтару. Кемелденуге ұмтылмай, мақсатқа мүдделі болмай жай әшейін күн өткеру. Дегенмен, ондай көзқарастағы адамдардың да өзін ақтайтын себеп-салдары мен негіздемелері жетерлік. Яғни ондай адамдар – принципшілдік ұстанымда боламын деп өзінің ыңғайын ойлайтындар.
Жалғыздықтан ұялмау себебі, олардың қоғамнан қолдау табуларына байланысты. Яғни отбасылық өмірден гөрі өзі би, өзі қожа тірлікке еті үйреніп, өзін «жалған» бақытты сезініп жүре береді. Жалғыздықты қаншалықты жақсы десе де, нағыз байлық, бақыт тұтастықта. Оны өмір дәлелдеген. Біреуге қамқор болу, жаны ашу, өзара келісім адамға қуат беретін қайнар көз екенін олар қайдан білсін?
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– Индивидуализм мен эгоизмнің ара-жігін жаңа айтып өттім. Жалғыздықтың салдарына одан да тереңірек үңілсек, қазақта «көмусіз қалу» деген ұғым бар… Жалғыздықтың соңы не болатыны бүгінгі Жапония қоғамында көрініс тауып отыр. Дамыған, әлемнің ең бай мемлекеттерінің бірі болып саналатын бұл елде бүгінгі таңда жалғыздық өмір салтына айналып кеткен және оның салдары ретінде жалғызілікті өлім немесе жапонша «кокодуши» әлеуметтік проблемаға айналып отыр. Дүниежүзі бойынша ұзақ өмір сүретін жапондар болса, олардың көбі 65 жастан кейін өмірін жалғызбасты болып өткізеді. Бар өмірін жұмысқа сарп еткен жапондықтар отбасы құруға асықпайды да, кейіннен жалғыз қалып жатады. Бұл, әсіресе, ер азаматтардың арасында жиі кездеседі. Жылына 30 мыңнан астам қарт адамдар жалғызілікті болып дүниеден өтіп жатады. Тіпті, пәтерлерден 5 күннен 1-2 айға дейін байқаусыз тұрып қалған өлі денелер табылады. Оларды төленбеген комуналдық қызметтер арқылы немесе мүңкіген иіс арқылы тауып жатады екен. Қазір Жапонияда көптеген жеке компаниялар «кокодушиді» тазалау, қалған мүліктерін жинау, т.б. қызметтерді ұсынады және оны пайдаланушылар да көбейіп отыр. Жалғызілікті өлімнің себептерінің бірі – отбасы құрмау немесе кеш отбасы құру. Жапонияның Халық және әлеуметтік қамтамасыз ету ұлттық институтының зерттеуінше, егер 2010 жылы жалғыз тұратын адамдардың саны 32,4 пайызды құраса, бұл көрсеткіш 2035 жылы 37,2 пайызға артпақ. Сонымен қатар, 2010 жылғы санақ бойынша да 50 жастағы жапон ер азаматтарының 20,1 пайызы, әйелдердің 10,6 пайызы ешқашан отбасы құрмағандығы анықталған. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Міне, жалғыздықтың осындай өте қорқынышты салдары бар…
– Ұрпақ тәрбиесінде нені ұмыт қалдырып жүрміз деп ойлайсыз? Жалпы, біздің қоғамда бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлініп жатыр?
Гүлнар МҰРАТБАЕВА:
– Жуырда екі қызы екі елде білім алып жүрген бір кісіге: «Балаларыңызды қалай сағынбайсыз? Мен ұлымды бір күн көрмесем тұра алмайтын сияқтымын», – дедім. Сонда ол кісі: «Сіз бір аптада ұлыңызға қанша сағатыңызды бөлесіз?» – деп сұрады. Есептей келе «төрт сағат» деп жауап бердім. «Ал мен екі қызыммен аптасына он сағат сұхбаттасуға уақыт табамын», – деді. Мүмкін балама әлі де болса көбірек уақыт бөлуім керек шығар деп ойланып қалдым. Әрине, біз балаға уақыт бөлгеннен гөрі үйде бір шаруамызды тындырып қойғанды тиімді көреміз. Жақында қаладағы бір орыс мектебінің оқушылары арасында сауалнама жүргіздік. Онда «Ата-анаңызбен қанша уақытыңызды бірге өткізесіз? Анаңызбен әңгімелесесіз бе? Ата-анаңыз сізге көңіл бөле ме?» деген секілді сұрақтар қамтылған. Нәтижесін көргенде жағамызды ұстадық. Жүз елуге жуық оқушы қатысқан сауалнамада қатысушылардың тек жиырма пайызы ғана ата-анасымен үнемі байланыста, жақсы қарым-қатынаста екенін айтқан. Қалған сексен пайызының жауабы: «Мен ешқашан да әке-шешеммен сұхбаттаспаймын, анамды кей күндері көрмей қалам. Әкем үнемі жұмыста болады», – дегенге саяды. Міне, осылай өз мәселесімен өзі қалған балалар өз-өзіне қол жұмсауға баруы әбден мүмкін. Сонда ата-ана үшін бала тәрбиесі бірінші орында тұратын заман өтіп кеткен бе? Отбасы алдындағы жауапкершілік тек қана материалдық құндылықтармен шектеліп қалғаны ма?
Ділда САҚТАҒАНОВА:
– Ұрпақты үлкен өмірге даярлап шығаратын – отбасы. Алайда, жастардың ата-анасынан алған азығы мазмұнды тірлік кешу үшін жеткіліксіз болып жатыр. Яғни әке мен шешенің ұрпақ бойына дарытатын құндылықтары тектілікті сипаттайтындай емес болып тұр.
Бүгінгі күнгі әр ата-ананың тәрбие ісіндегі қателігі – қалайда баламды жан-жақты, барлығынан артық етіп шығарамын деп ұмтылуында. Екі арада даналық және данышпандық ұғымдары мүлдем жойылып кету алдында тұр. Қарқынды алға ұмтылыс мазмұндылықтан гөрі процеске көп көңіл бөлуге итермелеуде.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– Бүгінде бала тәрбиесін бала-бақша, мектеп, оқу орны деген сияқты әлеуметтік институттарға артып қойғанбыз. Олардың негізгі функциясы баланы біліммен қаруландыру екендігін ұмытпаған жөн. Ал тәрбие ол – ең бірінші отбасында қалыптасуы керек. Себебі, «ұшқан ұяның» маңызы орасан. Адамның әлеуметтену үдерісі де бірінші реттік және екінші реттік болып бөлінеді. Біріншіге отбасы жатса, ал жаңағы жоғарыда аталғандар екінші реттік деңгейге жатады. Тұлға әлеуметтануы бойынша да адам өзінің әлеуметтік ортасының айнасы, яғни отбасыдағы тәрбиенің әсері көп. Сонымен қатар, бүгінде балаға сапалы білім беріп, тілдерді меңгертсек, оны материалдық қамтамасыз етсек болды дейтін ата-аналар көп. Бұның бәрі дұрыс, бірақ ата-ана баланың ең бірінші рухани-психологиялық қажеттіліктерін қанағаттандырмаса, есейе келе бала өзін-өзі жоғалтып, деградацияға ұшырауы бек мүмкін. Неге суицид көп дейміз, себебі, біз балаларымызға олардың қазақи түп негізін дарытатын тәрбие беріп отырған жоқпыз. Қарапайым қазақи ертегілерді оқып өскен бала арманшыл болады. Балаларымыз не ойлайды, нені қалайды сырласпаймыз. Сондықтан балаға тек дүниелік ілімдерді емес, рухани ілімдердің негіздерін, қазақы тәрбиені де бергеніміз дұрыс.
– Әңгімелеріңізге рахмет!
P.S.:
Балаларын елден артық киіндіріп, ішіндіретін бір көршіміз бар еді. Пенде болғаннан кейін, әрине, бәріміз қызыға қарайтынбыз. Үстілерінде соңғы үлгідегі киім, қолдарында соңғы үлгідегі ұялы телефон сол үйдің екі қызы үнемі ары-бері өтіп көшеде жүретін. Ата-анасы күндіз-түні базарда саудамен айналысатын. Бір күні үлкен ұлдары істі болыпты деп естідік. Кейін кіші қызы үйде отырып босанып қалды. Әшейінде жарқырап жүретін кісілер осыдан кейін шақырған жерлерге бармайтын болып кетті. Бір күні екі кештің арасында көрші әйел үйге жүгіріп кірді. Кенже ұлының мас болып келіп үлкен көлемде ақша сұрап, жанжал шығарып жатқанын айтып, мені көрмедік дей салыңдаршы деп түпкі бөлмеге өтіп кетті.
«Құдайға қай қылығым жақпағанын білмеймін, өмірімнің мәні осы балаларым деуші едім. Ештеңеден таршылық көрсетпей өсіріп едік, енді бізге не опа көрсетті? Әлде, Құдайдан бір тілеуім кем болды ма екен?» – деп мұңын шақты. Осы біздің болған жайға біреуді кінәлауға дайын тұратын, кейде бәрін Құдайға жаба салатын мінезіміз-ай. Шындығында балаға жақсы киім мен тәтті тағамнан бұрын, ыстық мейірім мен дұрыс тәрбие қажет екенін қашан түсінер екенбіз?
«Дөңгелек үстелді» жүргізген Айнара АШАН.