Жартыжылдық жұмыс сараланды

Мәдениет және ақпарат министрлігінде жартыжылдық қорытындысын жариялаған жиын өтті. Онда жыл басынан бері атқарылған жұмыстар сараланды.
Жыл басында Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлы Отан соғысы қаһармандарын ұлықтайтын «Батырларға тағзым» порталын іске қосты. Бүгінде онда 100 мыңнан астам жауынгер туралы ақпарат бар.
Тағы бір маңызды оқиға – министрлік жанынан жастар әдеби клубы құрылды. Клуб 18–35 жас аралығындағы қазақстандық талантты қаламгерлерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған. Әдеби клубтың отырыстары еліміздің аймақтарында көшпелі негізде өтуде. Оған қатысушылар қазіргі әдебиет, аударма, кітап шығару мен баспа ісі, балалар әдебиетін дамытудың өзекті мәселелерін талқылайды.
Сондай-ақ кітапханаларды цифрландыру, кітап қорларын жаңарту, кадрларды дайындау және дамыту, халықаралық ынтымақтастықты ынталандыру бойынша «Кітапхана желісін дамыту жоспарының» жобасы әзірленді.
Бұдан бөлек министрлік елді мекендердің байырғы тарихи атауларын зерттеу бойынша ,«Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» үлкен жобасын қолға алып отыр. Жобаның мақсаты – ономастикалық атауларды ретке келтірудің негізгі ғылыми дәйектерін басшылыққа ала отырып, жер-су атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру болып отыр.
Айтпақшы, ел аумағындағы топонимдердің электронды 3D форматтағы картасын әзірлеу де жолға қойылды. Сол арқылы топонимдердің өзгеру динамикасын көрсету әрі бірізділендіру мақсатына қол жетпек. Жоба барысында Қазақстан мен Латвияның, Ресей федерациясының, Түркия Республикасының, Әзербайжанның, Моңғолияның, Қытай Халық Республикасының мұрағаттарында және кітапханаларында елді мекендердің тарихи атауларын анықтау бойынша тиісті ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.
ПІКІРЛЕР1