Жазуы – ерен, ойы – терең
31.01.2023
697
0

Көрнекті жазушы-драматург, аудармашы, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты һәм қоғам қайраткері Баққожа Мұқаи көзі тірі болса өзінің қалың оқырман, көрерменімен 75 жылдық мерейжасын атап өтіп жатқан болар еді. Өкінішке қарай, ол осыдан он бес жыл бұрын жасы асқаралы алпысқа бір ай қалғанда келместің кемесіне мініп, өмірден ат­танып кете барған-ды. Солай дей тұрғанмен, бір шүкіршілік ететін жайт – оның артында әдеби мол мұрасы қалды. Көзі тірісінде бес томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді. Соның бірқатары бірнеше тілге аударылып, шетел оқырмандарына да жол тарт­ты. Қазақ қаламгерлері ішінен драмалық шығармалары ТМД елдерінің сахналарында көптеп қойылған да Баққожа Мұқаи. Бір абзалы сол, оның өзі өмірден өткенімен ел алдындағы ерен еңбегі ескерусіз қалған емес. Соның айғағындай, осыдан бес жыл бұрын жетпіс жылдығына орай өзі оқып, түрлі деңгейде жемісті қызмет жасаған Алматыдағы бір көше мен туған жері Нарынқолдағы мәдениет үйіне есімі берілді, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында, сол заңғар жазушы есімін иеленген академиялық драма театрында мазмұнды шаралар өткізілді.
Баққожа – шығармашылығы көзі тірісінде де, өмірден өткен соң да зиялы қауым өкілдері: алдыңғы толқын ағалары мен өзі тұстас замандастары, сонымен бірге кейінгі толқын інілері тарапынан да лайықты бағасын алған бақыт­ты қаламгер. Жазушының 75 жылдығына орай әр кезде мерзімдік баспасөзде жарық көрген соның бір парасын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Соның бірі «Жазуы – ерен, ойы терең» деген тақырыппен берілген екен. Бұл енді дөп сөз бе дейміз!

«Өмір тынысы» (1978 ж.) – жас прозашы Баққожа Мұқаевтың небәрі екінші кітабы екен. Оқып шығып ой бөлісуді хош көрдім. Екінші кітап – автордың оң-солын, жолын тауып үлгеретін сәт. Баққожа да тапқандай…
… Жалпы алғанда жас автордың аяқ алысы, танымдық өресі сүйсіндіреді. Жаңа шығармасын оқып отырып, оның жақсы келешегін көргендей боламыз.

Әзілхан Нұршайықов,
жазушы, Қазақ КСР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты

…Өлеңнен гөрі прозаға, хикая, роман жазуға бейім болып қалыптасты. Қолыма берген туындыларының бәрін дерлік оқып шығып, терең мазмұнына, шебер тіліне разы болатынмын. Шығармаларындағы сирек кездесетін сөздерді, қазіргі қолданыста жоқ көне сөздерді жеке карточкаға жазып алып, институт­тың картотекалық қорына тапсыратын едім…
…Баққожаның «Қош бол, менің ертегім», «Сергелдең болған серілер», «Тоят түні», «Дүние кезек», «Өмірзая» ат­ты пьесаларының премьераларына үй-ішімізбен барып, зор қуаныштарға ие болып, риза көңілмен қайтушы едік.

Телқожа Жанұзақ,
филология ғылымының докторы, профессор, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты

…Баққожа романында күрес жолындағы азамат­тардың бәрі де шейіт болады. Сұмпайылар мен опасыздар ғана қалады. Бірақ халық рухының өлмегені, елдің әлдебір терең қойнауында жаңа ұрпақ өсіп келе жатқаны – оймен аңдалып, көңілмен ұғылғандай. Роман-трагедияның ең басты мұраты – отарлық заманның қара түнек зұлматын айғақтау екен. Бұл мақсат өз үдесінен шыққан. «Өмірзая» романының қасиеті де осында.

Мұхтар Мағауин,
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты

Мен қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Баққожа Мұқаиды тым ертеден білемін. Анығын айтсам, бала кезінен танитынмын. Оның жасөспірім кезі, жігіт­тік шағы, есею жылдары, бәрі де менің көз алдымда. Баққожаның туған ағасы, белгілі публицист-аудармашы Тельман Жанұзақовпен көрші тұрдым. Ол тырнақалды туындысымен-ақ болашағынан үлкен үміт күт­тіріп еді. Алғашқы прозалық дүниесі «Жалын» журналы жариялаған бәйгесінен жүлделі орынды иеленгені бар. Ол әдебие­тші ағаларының үмітін ақтады. Қазақ әдебиетінен өз биігін алды.

Әбілмәжін Жұмабаев,
аудармашы-қаламгер

Інім десем, Баққожа туралы ештеңе айтпағаным болар еді. Баққожа – мәуелі, саялы бәйтерегім. Жасының кішілігіне қарамастан қарулас, майдандас серігім еді.
Әдебиетке біздерден бір мүшел жас кейінірек келген алымды, дарынды топтың ішінде дара тұратын, дара жүретін сырлас тірегім еді.

Баққожаның ағасы
Тельман Жанұзақов

– Мына баланы оқып көрші! – деп кезінде бір кітап ұсынған. Бала дегені Баққожа екен. Мұқабасына «Жалғыз жаяу» деп жазылған сөзі бар кітапты оқыдым. Қат­ты ұнат­тым. «Казахстанская правда» газетіне құлшына қуанып, мақала жаздым. Әлгі бала жайраңдап күліп келетін шығар деп ойлағам. Бірақ ол көрінбеді. Күндердің бір күнінде Жазушылар одағында екеуміз ұшырасып қалдық. Ағалық жолмен бірден бас салдым.
– Әй, бала, сен неғып қашып жүрсің?
Баққожа ұялып, төмен қарады.
– Қашып жүрген жоқпын. Маңайы­ңызға баруға сескеніп жүрмін! Өзіме-өзім сенбей жүрмін! Мен кім едім сонша деп… Сіз мақтайтындай деп…
Өзі құралпы жігіт­тердің арасынан соншама кішіпейіл қаламгер табылғанына риза болдым. Сол күннен бастап ол менің сырлас бауырыма, қимас бауырыма айналды. Өмірінің соңына дейін…

Әкім Тарази,
Жазушы-драматург, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты

…Ол «күн сайын бір-бірімізді көріп жүрелікші» деп еді. Мен оны жан до­сым Тельманның көзіндей көретін едім. Ол мені аға тұтатын. Мен оны көрген сайын көз алдыма баспалдық үстінде қоңыр қаздың қоңыр үлпіл балапанындай жүрелеп отырған қара торы баланы елестетінмін…
Амал қанша, Нарынқол перзентінен айырылды. Зиялы қауым талант­ты бір жазушысын жоғалт­ты. Менің көңілімде ол балапан болып қалды…

Қалихан Ысқақ,
жазушы, Мемлекет­тік
сыйлықтың лауреаты

«Өмірзая» – тұнып тұрған өмір трагедиясы. Роман трагедиялық әуенде аяқталады. «Тіріге опа бермейтін жалғанды қап-қара түнек басты, дүниені өлі тыныштық құшағына алды…»
…Автордың түпкі мақсаты, айта­йын дегені де осы. Өткеніңді ұмытпа! Қазақ екендігіңді ұмытпа! Құл болма! Асыранды ит болма! Оян! Серпіл! Үндемей қалма! Ақиқат­ты пір тұт! Қоғамның дертін тек шындықпен емде! деп жар салады автор.
Әлбет­те бұл идеялар жалаң ұран, публицистикалық сарында айтылмай, сан алуан әдеби тәсілмен, көркем сөз қуатымен, астарлы уақиға желісімен, толыққанды кейіпкерлер жүйесі арқылы бейнеленіп, кестеленіп, қиыннан қиылыстырылып көрсетілген.
Менің пайымдауымда, «Өмірзаяны» бүгінгі таңдағы қазақ әдебиетінің тамаша бір табысы деуге болады.

Герольд Бельгер,
жазушы-аудармашы

Баққожа менен он жастай кіші еді. Қаламы қарымды қаламгер, ар-ожданы биік қалпында кет­ті.
Баққожаның «Өмірзая» романы – қазақ әдебиетіндегі ең таңдаулы шығарма…
Баққожа өмірден кеткен жоқ, оның тек жүрегі тоқтады. Ол әрқашан бізбен бірге. Біз онымен енді кітаптары арқылы сырласамыз, театрға барсақ пьесаларын көреміз. Ол – бар қазақтың жүрегінде қалатын азамат!

Асанәлі Әшімов,
актер, КСРО Мемлекет­тік
сыйлығының лауреаты

Баққожа Мұқаи бауырым менің көкірегімде бәрінен бұрын аяулы азамат ретінде сақталады.
…Біздің театрда Баққожаның қаламынан туған пьесалар бойынша бірнеше спектакль қойылды, солардың арасында «Тоят түнінде» ойнаған кезде драматургтің сахна табиғатын сергек сезінетініне көзім анық жеткен. Оның маған әдейі арнап «Өмірзая» ат­ты шығарма жазғаны да бар.

Сәбит Оразбаев,
актер, Мемлекет­тік
сыйлықтың лауреаты

Баққожа… Осы бір қоңыр қозыдай ғана мөлдіреген бып-биязы, сырлы сезімді сырбаз жан әркез сол бәз баяғы қалпында еске түседі…
Қаламгер ініміз 1995 жылдан бастап «Парасат» (бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс») журналында бас редактор боп қызмет ете бастады. Журнал бетінде халқымыздың арғы-бергі тарихының ғасырлар бойы булыққан, тұншыққан, тыйым салынған тұңғиық сырларын ашуға еш жалтақсыз батыл кірісті…
Сөйтіп, аз уақыт ішінде «Парасат» журналының сан-салалы айдарларының мазмұны мен идеясын байыт­ты. Көркемдік дәрежесін күшейт­ті. Жұртшылық «Парасат» журналына іздеп жүріп жазылып, қызыға оқыды. Журналдың беделі көтерілді.

Илья Жақанов,
жазушы, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

…Беу, дүние-ай! Беу, жалған дүние-ай! Бұ қалай? Бұ не деген сұмдық?.. Ақылға сыймайтын да ажал болады екен ғой. Баққожаның ажалы ақылға сыймайды, ағайын! Еш қисынға сыяр емес! Қырық жыл қатар жүрген сырласың, сыйласың, досың…табан астында көзі жәудіреп кете барады… Және көз жұмарының алдында «Бәрі біт­ті..» депті. Біздің ойымыз, сырымыз, арманымыз, жанымыз мидай араласып кеткен еді… Сондықтан ажалдың оған қол салғаны, бізге қол салғанмен бірдей болды…Біз сені өмірден өт­ті деуге қимаймыз! Сен бізбен ылғи да біргесің!

Смағұл Елубай,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері

Мен соңғы кездері жастық шақты бірге өткізген замандастарым туралы, жарым Сағат­тың кезінде бірге жүрген достарымыз жайында жиі ойланатын болдым. Олардың әрқайсысын еске алып, оңаша ой кешемін. Қатарымыз түгел, төрт құбыламыз тең кезіміз есіме түскенде, көкірегім шуаққа толғандай, сол жақсы күндердің жарқын сәт­терін бастан қайта кешкендей әсерге бөленетінім бар.
…Сағат­тың достары өте көп еді. Әрқайсының орны ерекше мен үшін. Соның ішінде Бәкеңнің жөні бір бөлек. Бәкең деп отырғаным – кең тынысты романист, Мемлекет­тің сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқаев.
…Бәкеңнің бір жақсы қасиеті бар еді. Ол – жиі-жиі телефон шалып, хабар алып, халімізді біліп тұратындығы. Сәкең барда да, Сәкеңнен кейін де Бәкең осы әдетінен жаңылмады. Телефонмен сөйлескенде көңілімізді аулап, жігерлендіріп қоятын. Басымыз қосыла қалған сәт­терде: «Әлі жақсы күндер туа­ды. Көрер қызықтарың алдыңда. Көп қуаныштар күтіп тұр сені» дейтін. Дәл сол сәт­тте сене қоймасам да, «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген ғой, кәдімгідей үміт­теніп қалатыным рас еді. Бәріне тәубе деймін. Енді бүгіндері сол сөздер есіме түскенде «Бәкең шын әулие екен ғой!» деп ойлаймын.

Шәрбану Бейсенова,
жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Баққожа – досқа дос бола білетін байсалды да байыпты адам еді. Асықпай сөйлейтін. Сөзінің жерге қалғаны жоқ әңгімесімен еріксіз мойын бұрғызатын. Өзіне тән, өз бойына жарасымды мінезді жан еді. Көп адамды мойындай бермейтін. Көп адаммен араласа бермейтін.
Баққожа – мен үшін өмірде өз орны бар адам, жарық дүниені көрген адам, өзі айтқандай тарихта қалған адам. Қазақ тарихында Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев шыққан жерден дүниеге келіп, дүниеге өз көзімен қарай білген. Өз көзімен көркем дүние сала білген суреткер… Менің ақындық ұғымымда осылай болып қалыптасты. Менің бірге оқыған досым – Баққожа Мұқаев – қазақ әдебиетіндегі, оның ішінде проза мен драматургиядағы көрнекті тұлға.

Шөмішбай Сариев,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

…Екінші курста оқып жүргенде Баққожа бірге оқитын Смағұл екеумізді Нарынқолдағы үйіне ертіп апарды. Аңқылдаған ақкөңіл әкесі Сейдін ақсақалмен таныстырды; ауылдың сыртына алып шығып, тауды аралатты. Қызылорда мен Жезқазғанның арасындағы шөл далада өскен маған жап-жасыл тау қоршаған Нарынқолдың табиғаты керемет әсер етті. Мұндай жерде тұратын адамдар міндетті түрде керемет ақын не жазушы болуы керек деген ойға келдім. Бүгін де сол пікірімнен айныған емеспін – Баққожаны жақсы жазушы еткен ең алдымен туған топырақтың қасиеті, туған өңірдің сұлулығы!

Сұлтанәлі Балғабаев,
жазушы-драматург, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

1969 жылы біз Алматыға келіп, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түскенде осы күнгі қазақтың көрнекті жазушылары Баққожа Мұқаев пен Смағұл Елубаевтар соңғы курста оқып жүр екен. Ол кезде жыл сайын бірінші курс пен соңғы соңғы курстың дәстүрлі танысу кеші өтетін. Қазір де солай шығар. Баққожамен таныстығымыз сол кештен басталды. Кеште Баққожа бастаған аға курстың қыз-жігіттері сөйледі… Біз де қарап қалмай жиырма шақтымыз өлең оқыдық.
– Ой, курстастарыңның тең жартысы ақын екенсіңдер ғой, неге филфакка түспегенсіңдер? -деп күлді Баққожа. Біз «ақын екенсіңдер» деген сөзге арқаланып, марқайып қалдық. Кеш өте қызықты, тартымды өтті. Әсіресе жоғары курс студенттерінің бауырларына тарта сөйлеген мейірімді жылы сөздері республиканың әр түкпірінен қалаға жаңа келген біздерге демеу, арқа тірек болғандай әсер етті. Соның ішінде көбірек есімізде қалғаны – Баққожа мен Смағұл.

Несіпбек Айтұлы,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Баққожамен бес жыл бірге оқығанымыз өз алдына, университеттің әр жердегі жатақханаларында бір бөлмеде бірге тұрдық. Жасы менен бір жыл ғана үлкен болғанмен, қамқор көңіліне орай оны мен аға тұттым, ол да маған аға бола білді.
Бәкең күнде кешілік жатақхананың оқу залынан ол қашан жабылғанша шықпай жазумен айналысатын. Сонда бірде маған алдымен әңгімелер, сонсоң хикаяттар, тағы сонсоң романдар сериясын жариялайтынын, пьеса жазумен де шұғылданып, драмалық шығармаларының театрға да жол табатынын айтып сыр ашқаны бар. Менің оның түбі қабырғалы қаламгерге айналатындығына шүбә келтірмесем де, соның бәрі курстас достың айтқанындай болатындығына шексіз сендім десем өтірік болар. Себебі сол шақта тек әңгіме жазумен ғана айналысатын оның пьеса жазғанын көрген жоқ едім.
Бірақ жел сөзге жоқ досымыз өз сөзінде тұра білді. Солайша Бәкең тек курстастардың ғана мақтанышы болумен шектелмей, қазақ әдебиетіне олжа сала білген көрнекті жазушы-драматургке айналды. Ал мұндай қатарласыңды қайтіп мақтан тұтпассың!

Дәулет Сейсенұлы,
халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір