СУРЕТКЕРЛІК ӘЛЕУЕТІ
22.02.2016
1729
0

СултанбекБелгілі ұлт қайраткері Сұлтанбек Қожановтың ақындығы жайында бүгінге дейін көңіл қуантарлық көп әңгіме айтылды. Бұл арнадағы  Ә.Қоңыратбаевтың, Р.Бердібайдың, Т.Қожакеевтің, М.Жармұхамедұлының, Ж.Әлмашұлының, А.Шәріповтің, Б.Сарбалаевтың еңбектерін сұлтанбектанудағы елеулі табыстар деп бағалаймыз.

С.Қожановтың ақындық ерекше­лік­те­рінің де денін заман шындығы ай­қын­­дай­ды. Сол себепті, әңгімемізге кі­ріс­пес бұ­рын сол тұстағы әдеби-мәдени үдеріс­тер­­ге жалпы көз жүгіртіп өткеніміз жөн. ХХ ғасырдың басында Еуропа және орыс әдебиеті реализмнен, бұрынғы көркемдік дәстүрлерден жеріп, түрлі бағыттағы із­деністерге бой ұра бастаған-тын. Алайда, бұл жаңашылдық қоғамдық құлдырау­лар­ға орай, құндылық бағыттан гөрі жал­­пыға ортақ міндеттер мен адам­гер­шілік нормаларды терістеуге, дарашылдыққа, эстетикалықты бәрінен артық санауға ден қойған декаденттік ағымдарды туғыз­ды. Осы бағдардың ішінде аксиологиялық мәні бар деген эстетикалықтың өзі жалаң күйінде өзге рухани құндылықтардан жоғары қойылуы зардапты нәтижелер әке­летінін әлемдік алыптар әр кезде-ақ айт­­қан болатын. Мәселен, Л.Н.Толстой: «Сұлулық махаббатты туғызбайды, махаббат сұлулықты көруге мәжбүрлейді» («Соғыс пен бейбітшілік»), – деді. Сол се­­бепті декаденттер үндеген пішіншілдік принциптердің ғұмыры ұзақ болған жоқ. Оның үстіне, ұраншылдық тұрғыда болса да, жоғары адамгершілік қасиеттерді дә­ріптеген кеңестік идеология дека­дент­тік­ке әу бастан-ақ майдан ашып, желкесін қи­ды. Классиктерді «қазіргі заман ке­месінен лақтырып тастау керек» деп ұрандаған, бұрынғы мәдени дәстүрлерді терістеуі жөнінен кеңестік саясатқа не­ғұр­лым жақын футуризмнің өзі өткен ға­сыр­дың 20 жылдарынан бері асқан жоқ.Кеңес үкіметі қоғамдық тәрбиенің кредосы есе­бінде ұстанған коммунизмнің моральдық кодексіне ең қабысатын ағым реализм еді. Алайда, прототип пен көркем бейнені барынша жақындататын реа­лизмнің тоталитарлы идеологияға тиімсіз жағы да болды. Өйткені, кеңестік сая­саттың айтылмауы тиіс жақтары жеткі­лікті-тін. Осы­ның тігісін жатқызу мақса­тында атал­мыш ағымның аса жасанды түрі – социалистік реализм мәдениет төріне оз­ды.

Ал қазақ әдебиетіндегі үдерістік да­му­дың жөні басқа болды. Мұнда реализм саяси күштеудің салдарымен емес, әдеби-мә­дени өркендеудің табиғи жолындағы зәрулікпен келді. Ғасырлар бойы асқақ арман-аңсарына ертелі-кеш жетуі тиіс меже етіп қойып, соған ұмтылған қазақ халқының, сол биік мұраттарға шақырған әдебиеттің, яғни ақын-жыраулар поэ­зия­сының нақты өмір шындығынан алыстап бара жатқаны ХХ ғасыр басында әбден айқындала бастаған еді. Енді арманды алдыңғы орынға қоятын романтизм емес, танымдық қуаты күшті реализмнің қа­жет­тілігі артты. Сонымен бірге, жаңа әде­­­биеттің қажеттігін түсініп қана қой­май, соның негізін қалаған Абай, Ыбы­рай­лардың шығармашылығына енді бой­лап, әлі тұшынып болмаған халықтың эстетикалық талғамы дәл осы реализмді тілейтін еді. Оны ақын-жазушылар да қа­жетсінді. Социалистік құрылыстың әл­гі айтыла бермейтін шындығын ре­листік әдебиетке тән «әдебиет – өмір ай­насы» деген тезистің аясында емеурін­мен болса да, көрсете алудың мүмкін­дік­тері бар еді. Бұл тезис кейде оның «социа­листік» шекарасынан өтіп кетуге де жол ашатын. Сондықтан кеңестік шындықтың көлеңкелі беткейін ашуға ынтасы зор жазуышылар осы принципке бейім болды. Бұл, әсіресе, Ж.Аймауытов пен Б.Майлин шы­ғармашылығынан жарқын көрініс тап­ты. С.Қожановты да осы қатарға қоса­мыз. Бұл – бір жағы. Екін­ші­ден, шын­шыл­дық қасиет осы жазушы­лардың ада­ми болмысынан да туындады. С.Мұ­қановтың Сұлтанбекті: «(…) Ста­лин­нің өзімен де жұлқыса кетуге тайынбайтын адам», – деп бағала­ға­нындай, турашыл­ды­ғы мен шыншылдығы шы­ғармаларында қа­лай із қалдыр­масын?!

Сұлтанбектің ақындық қарым-қуаты өте жоғары. Алайда, ол осы қабілетін өзі­нің шағын шығармашылығында толық көр­сете алды деу жаңсақтық болар еді. Ақын­нның дарын өрнегін барынша әйгі­лей алмауының да өз себептері бар. Бірін­шіден, оның көркем шығармашы­лық­пен ай­налысуға қолы тие бермеген. Екін­ші­ден, сонау ортағасырлық сопы-ақын­дар­дан, одан бергі жыраулардан, халық ақын­дарынан келе жатқан поэзияны әлеу­меттік мінберінің құралы ету дә­с­түрін Сұлтанбек те берік ұстанды. Оның қоғамдағы орны да осыны талап етті. Мұн­дайда көркемдік мәселесінің екінші орын­ға ығысатыны аян. Ақынның көр­кемдік туралы:

Сырын біліп, үйреніп алар едім,
Келтірмей барад, шіркін бір жақынға, –
(Қожанұлы С. Шығармалары. Алматы. «Арыс», 2009, 217-б.) деуі осы екі жайға да қатысты айтылған.

К.Бальмонттың кейінгі жинақтарына енбей қалып жүрген, «Ресей таңы» («Утро Рос­сии») газетінің 1905 жылғы 2 науры­зын­дағы санында шыққан бір өлеңін ау­дарғанына қарап, Сұлтанбектің сурет­керлік қуатын тани аламыз. Бірінші орыс төңкерісінің алдында жазылған бұл өлең сол тұстағы қоғамдық көңіл-күйді бейне­лейтін рәміздік мәнде жазылған. Өлеңнің мән-мәтінінен төңкерістің сәуегейлік бол­жалы айқындалады. Бір қызығы, осы өлең кейінгі екі төңкерістің (Ақпан, Қа­зан) алдында да жарияланды (Киевская мысль. 1917, 6 марта. № 65, с. 2.). Мұндағы Сұл­танбек аудармасының ең басты ерек­ше­лігі – түпнұсқадан ауытқымау. Шебер­лігін  әлемге мойындатқан К.Балмонттың астарлы да көркем туындысымен ой, образ өрелестіріп жазу хас суреткердің қо­лы­нан ғана келетіні анық.

Ақынның поэзиялық мұрасы шағын. Оның үстіне, қаламгер туындыларын зерт­теу, іздестіру жұмыстары да тоқтап тұр деуге болады. Солай болғанымен, оның зерттелуі тиіс мәселелері өте қо­мақ­ты. Оның әрбір өлеңінің, сыни мақа­ла­ларының жазылу тарихы, олардың түпкі ойының пайда болу себептері, өзге де кон­текстік мәселелері тек Сұлтанбек шы­ғар­машылығының әдебиет тарихындағы орнын анықтау үшін ғана емес, әдеби дамудың дәуірлік сипатын дәл бағалау үшін де ділгір. Шынайы түпкі пиғылды тү­гел жеткізудің мүмкіндіктері шектеулі за­манның өнімдері болғандықтан С.Қо­жановтың әдебиеттанушылық, сын­шылық, ақындық туындыларындағы ой­лардың мән мәтіндік астарларын да дұрыс аша білуге тиіспіз. Алайда, ол ал­дағы уақыттың еншісінде.

Болат ҚОРҒАНБЕКОВ,
филология ғылымдарының кандидаты.
Қызылорда қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір