СОҚТЫҚПАЛЫ, СОҚПАҚСЫЗ ЖОЛДАН ӨТКЕН
12.10.2023
345
0

Күні кешегі қадірлі биі ғана емес, бір рулы елдің екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстаған атақты зәңгісі Ахмадидің ішкені алдында, ішпегені артында болған еркетотай, шолжаң ұлы тағдырдың тауқыметін молынан тартармын деп ойлап көріп пе? Қайдан ойласын. Қытай еліндегі қазақ жұртына да қанды шеңгелін салған, малын тәркілеп, жанын атып-асушы, түрмеге қамаушы «қызылдардың» жаңаша мизамы уайым-қайғысыз толысып отырған Ахмадидің отбасының да ойранын шығарыпты.
Сөйтіп, жасөспірім Жанат та ала баған асып, атажұрты – қазақ еліне 1962 жылы аяқ іліктіріпті. Айтуға ғана оңай. «Бабаларыңның ту тіккен мекеніне қош келіпсің» деп, оны ешкім құшақ жая қарсы алған жоқ еді.
Таныс-білісті сығалап жүріп, екі-үш жыл Ұлт­тық мұрағат­та қызмет істеп, ес біліп, етек жапқалы «қалайда жазушы боламын» деген мақсатын жүзеге асыру үшін еркіндікті, өмірді танып-біле жүріп, қаламгерлікті біржола қолға алмақ болған. Алғашқы туындыларының бірі – «Зар-заруқа» хикаяты қағазға түскен еді. Үлкен үмітпен алғашқы туындысын алып, Қазақ­стан Жазушылар одағының есігін тұңғыш рет ашқан. Бұл шығармасын «Кітап етіп шығарып бере қояйық» деп ешкім қабылдай қоймаса да, дәл сол сәт­те Жанат осынау киелі ғимаратқа біраз жыл өткен соң өзінің де белгілі қаламгер, жұрт мойын­даған романист-жазушы ретінде именбей, еркін басып кіретінін білген жоқ еді…
Алайда оның «қаңғыбас», «үйі жоқ-күйі жоқ», «қонарын – сай, ұшарын – жел білетін», «кезбе», «бәлкім, қытайдың шпионы болар» деген сияқты түрлі-түрлі атақ арқалаған азапты өмірі енді басталған. Іздеп келген Отаны бірден отқа түсірген болатын.
«Өмірді танып-білу» сапары 1972 жылға дейін Семейдің
Ақсуаты, Алматының Ұзынағашы, Талдықорғанның Қапалынан басталып, қиямет­ті қисық тағдыр жетелей жөнелген. Не отбасы жоқ, не тұрақты жұмысы жоқ, соңғы екі жыл бойы еш жерде жұмыс істемей, мүмкіндігінше өкімет адамдарынан жырақтау жүрген күдікті жігіт­ті үш әріп – КГБ-ның қырағы қырандары қалайша еркіне жібере қойсын. Өзі о баста Қытайдан келген, өзі шекараға жақын Қоғалы ауданының «Қаспан» кеңшарынан біраздан бері шықпай жүрген соң, оны емін-еркін қыдыртып қоюға қауіпсіздік қызметкерлері де әрі қарай шыдамап еді. Ертелетіп келіп, оны қонып жатқан үйінен тұтқындаған. Түрмеге қамап, «Қытайдан не мақсатпен келдің?», «Кімдермен не жөнінде сөйлестің?» деген таусылып бітпейтін жосықсыз сұрақтарды неше дүркін қайталай беретін. Енді оны шындығында нағыз жындылардың ортасына апарып, денінің ауытқығанының бар-жоғын тексеріп көрген. Ақыры мінезінің көп иіліп, бүгілуді білмейтін қиямпұрыстығы болмаса, денінің саулығына көздері жеткен соң, шекараға жақын жерде тұруға болмайтын сенімсіз кісі ретінде аймаққа ат­тандырып, «15 жылға дейін басқа ел аумағына жолауына болмайды» дейтін қатаң үкім шығарады. Оның ендігі «үш әріп» таңдаған бағыты – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының «Келінтөбе» кеңшары еді… (Ол екеуміз бір сырласқан кез­де көрген құқайының бәрін жіпке тізгендей етіп айтып еді).

* * *

Ұмытпасам, өткен ғасырдың аяқталуына оншақты жыл қалған уақыт. Жаңа шыққан кітаптарға үңіле жүретін кез. Жанат Ахмади дейтін бейтаныс автордың «Дүрбелең» ат­ты дүмдей романын ашып, аңдатпасын оқысам, Шығыс Түркістан қазақтарының «арғы-бергі» екі жақты езгіге ұшыраған тіршіліктерін арқау еткен шығарма екен. Оқи бастағаннан-ақ Шеру тайпасы жұртының басына күн туып, ел ағасы Керімбектің Гүлназым есімді қызын қытай ұлығының тартып алып, ашынған жұрт­тың азат­тық үшін атқа қонуы сияқты қат-қабат оқиғалар жетелей жөнелген. Оның үстіне, автордың мүдірмей, сар желіп отыратын шұрайлы тілі, тамаша тіркестер, бұрын көп естіле қоймаған мақал-мәтелдердің ерекше молдығы қызықтырған еді. Халқымыздың этнографиялық мол қазынасын, әдеби тіл-байлығын жаңаша үнмен баяндаған романды түгел оқып шығып, өзіне хабарласып, ризалығымды білдірдім.
Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына Жанат Ахмадидің кезекті бір романы ұсынылғанда, менің: «Жігіт­тер, қазақ сөзінің қадір-қасиетін түбінде Жанат­тан үйренесіңдер. Бұл жігіт­ті бір Алланың өзі о баста-ақ жазушы болу үшін жаратқан. Сыйлық берілу керек» деген сарында айт­қаным бар еді. Содан кейін-ақ Жәкең мені өзіне жақын тұт­ты. Араға ұзаса екі жыл салып, жарыққа шығарып жататын романдары мен хикая, әңгіме жинақтарына қолтаңба қалдырып, сыйлайтын болды. Кітапқа жазған қолтаңбаларының өзін ерекше ілтипатпен, мақалдатып жазатын.
Жақсы мен жаман деп іріктеп-сұрыптап жатпайтын «тәжді тажал» дейтін індет Жәкеңді де ортамыздан ерте жұлып түсті. Соншалықты қиындықпен Жаратушы маңдайына жазған жазушылық өнердің биігіне шығып, қалың қазағын мойындатқан, әлі де жаза берер кезі еді-ау.
Бір-бірімізді тауып, біліп болдық дейтін кезге жеткенде өзінің соқтықпалы, соқпақсыз өмір жолының кей сәт­терін әңгімелеуші еді. Кей жандардан жақсылық көріп жаны жадыраса, әлдекімдердің «шпион екен, сиқыршы екен» деп таратқан өсектеріне жабырқап қалатын. (Мен кейде «Жәкеңді түрмеге, жындыханаға қамап, қорлаған кәззаптар оның тіршілікпен ерлерше күресіп жүріп, айтулы жазушы болғанын естіп-білді ме екен?» деп ойлаймын). Майысса да сынбайтын қайсар жаратылысының арқасында талай белестерді бағындырды. Содан кейінгі қасиеті – өз мақсаты үшін соңына дейін белдесетін күрескерлігі еді. Кеңшар басшылары ғана емес, аудан, облыс басшыларына, тіпті күні кеше республика басшыларының бірі болған Исатай Әбдікәрімовке кіріп, оны өзінің Алматыға оралуына себепкер болдыруы, тіпті Бішкектегі Шыңғыс Айтматовқа жолығып, Қазақ­стан жазушылар одағына хат жаздырып, алғашқы кітабын шығаруға себепкер болдыруы – іскерлігінің арқасы болатын. Исекең бейтаныс жігіт­тің ділмәрлығына, шешендігіне иісе, Шыңғысты оның қазақ тіліндегі «Абай жолы» мен қырғыз тіліндегі «Жәмиладан» екі тілде кідіріссіз-мүдіріссіз үзінділерді жатқа айтуы таңдандырады. Ұлы жазушының бұрын-соңды көріп-білмеген жас жігітке пейілінің құлауы оның алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын жүрегіндегі қайтпас жігерін танығаны еді.
Иә, ол әр сөзін айт­қанда да, жазғанда да құнарлы – тіркес, мақал-мәтелдермен тұздықтап отыратын, бір естігендері жадыларына жат­талып қалатын баяғы от ауызды, орақ тілді билердің сарқытындай болып көрінер еді.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, ҚР Мемлекет
сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір