САХНАДАҒЫ КӨРІНІС – ӘЛЕУМЕТТІК ШЫНДЫҚ
М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры орыс драматургі А.Володиннің «Қоштасқым келмейді!» спектаклін қойды. Драманы аударып, сахналаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.Бірнеше отбасының тағдырын алға тарта отырып, бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік, психологиялық мәселелерді қозғаған қойылым туралы театртанушылардың ой-пікірі төмендегідей.
Аманкелді МҰҚАН,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр және кино бөлімінің меңгерушісі:
– Театрдың Кіші залын жас режиссерлердің экспериментті ізденістерін танытатын орынға айналдыру театр үшін тиімді, бұл мәселе мамандар тарапынан да бұрыннан айтылып келе жатқан болатын. Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтетін театрда осындай тәжірибелік бағыттың басталғаны құптарлық жәйт.
Британдық Economist атты белгілі басылымның 2015 жылғы статистикалық санағы бойынша ажырасудан Қазақстан әлем елдерінен алғашқы ондыққа кіреді екен. Ал еліміздің статистика агенттігі берген соңғы мәліметтерге назар аударсақ, 2014 жылы 160 мың отбасы құралса, 52 мың жұп айырылысып кетіпті. Бұл – әрбір үш отбасының біреуі ажырасып жатыр деген сөз. Бір қарағанда, бұл тек сандар тізбесі ғана секілді, бірақ байыптап қарағанға, бұл көрсеткіш ұлт болашағы үшін оңай қауіп емес. Әлеуметтік ахуал осындай болып тұрған шақта жаңа спектакль көрерменге көп ой салатыны сөзсіз.
Режиссер отбасылық кикілжіңнің неден туатынын, неге апарып соғарын түсіндіруге ұмтылады, қойылым арқылы халыққа ой тастағысы келеді.
А.Володиннің бұл шығармасы кеңестік дәуірдің тоқырау жылдары (1972) жазылғанымен көтерген мәселесі, айтар ойы ескірмеген, психологиялық иірімдері мол. Шығармадағы отбасылар осы өмірде бар, бір-біріне ұқсамайтын, бірақ проблемалары ұқсас тұрғындар. Көз алдымызда адамдар.., адамдар.., қанша адам болса, соншама мінез-құлық, көңіл-күй, қызуқанды бейнелер галереясын көреміз. Театрдың бірнеше буын актерлер құрамы сахна алаңқайында бос орын қалдырмайды. Режиссер орындаушылар құрамының көптігін тиянақты, жинақы пайдалана білген.
Академиялық театрдағы алғашқы жұмысына уақыт сынынан өткен драматургиялық материалды таңдау арқылы режиссер ұтымды қадам жасаған. Екіншіден, сол материалдың ішкі өзегін айқындап, оны түрлі кейіпкерлер образымен ашуға бар күшін салған. Қойылымда актерлердің орындаушылық шеберлігін шағын эпизодтық көріністерден анық көруге болады. Десек те, бұл құбылыстан спектакльдің көркемдік сапасын түсіру, бастапқы ой идеясы мен режиссерлік шешімінен ажырап қалу қаупі жоқ емес. Бұл бірі екіншісіне ұқсамайтын екі құрамдағы актерлер ойынын тамашалағаннан кейін түйген ойымыз.
Қазақ сахнасына ыңғайланған шығарманың азын-аулақ өзгерістерге түскені, толықтырылғаны байқалады. Аудармашы-режиссер жас жұбайлар Митя мен Катя арасындағы істің мән-жайына әу бастан түсінік бере кетуді жөн көріп, олардың түсініспеушілігіне себеп ретінде Катяның фотосуретшімен «махаббаты» жайлы тарихты алға тартып, өз тарапынан шағын кіріспе жазыпты. Спектакль де осы кикілжіңнен басталады. Драматургтың ертеде жазған материалын сахналауда жергілікті көрерменнің сұранысы мен уақыт талабын ескеру құптарлық. Бірақ спектакльдің алғашқы аккордынан бастап-ақ кейіпкерлердің үзік-үзік диалогтары көрерменге кереғар пікір қалыптастырады. Бұл, біздіңше, кейіпкерлер мінезін ашып, келбетін айқындайтын сөздерге атүсті қараудан туындаған. Қойылым оқиғаның қай ортада, қай уақытта болып жатқандығы жайлы ақпарат бере алмай, көрерменді екіұдай күйге түсіреді. Режиссер ұстанған шарттылықпен келіскенімізбен, спектакльдің екінші жартысында Катяның, жүк машинасы қағып кете жаздағаны жайлы сөздеріне Алматыдағы баршаға таныс Абай көшесін қоса айтуын немесе Мироновтар отбасы сахнасында кейіпкердің сотқа Айгүл, Нұргүл есімді қыздары өсіп жатқандығы жайлы анықтамалар көрермен құлағына оғаштау естіледі. Осы тұста режиссердің жанрдың стилистикалық тазалығын аяғына дейін бірізділікпен алып шыққаны жөн болар еді.
Қойылымның көркемдік тұтастығына арқау ретінде неміс композиторы Ф.Шуберттің «Кешкі серенадасы» таңдап алынған.Музыкалық фрагментті режиссер көрерменге «қуырып та, асып та, пісіріп те» берді. Сөзсіз, жағымды музыка, көрермендердің бәрі сол «Серенаданы» ыңылдап айтып, түні бойы миынан шығара алмаған да болар. Дегенмен, спектакльді музыкалық тұрғыдан әрлеудің басқа да жолдары бар-ау деген ой келді. Мүмкін қателесермін…
Спектакльдің басынан-аяғына дейін оқиға желісін үлкен экраннан әр сахнаға сай фотосуреттермен иллюстрациялау басы артық дидактикалық қайталауларға ұрындырған. Режиссер мен қойылым суретшісі Е.Тұяқов тарапынан көрермендер сахнадағы оқиға желісіне ілесе алмай қалар-ау деген сенімсіздік байқалады. Бұл – жаңа спектакльден алған алғашқы әсеріміз. Қойылымның өзге компоненттері, актерлік ойындар, салыстырмалы талдаулар жеке, арнайы тоқтауды қажет етеді. Мұндай тақырып театр репертуарына қажет екені белгілі, тек біраз пісіп-жетілген соң, көрерменге бұдан да жақсы әсер етеді деген ой бар.
Салтанат ӘБІЛҒАЗИЕВА,
театртанушы:
– М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 1986 жылы А.Володиннің «Кесіртке» пьесасы бойынша режиссер С.Асылханов «Мың жылдық арман» спектаклін қойған болатын. «Қоштасқым келмейді» драмасын режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров сахналады. Шығармашылық жолын Батыс Қазақстан облыстық драма театрында бастаған режиссер көпшілікке Орта Азия мен Қазақстан театрлары фестивалінде жүлде алған «Хайуатхана» (Э.Олби), Ғ.Мүсірепов театрындағы «Қара шекпен» (Г.Хугаев), Бекжан Тұрыстың 50 жылдық мерейтойына байланысты «Ұлым, саған айтам…» (Б.Беделханұлы) қойылымдары арқылы жақсы таныс.
Режиссер өз спектакльдерінде адамның жан дүниесі мен тағдырын терең зерттеуге тырысады. Қай қойылымда да актер мен көрермен арасында шынайы рухани байланыс орнатуды көздеп, сахнадағы ойынның пафоссыз, барынша табиғи болуын жіті қадағалайды. Оның бұл ерекшелігі жаңа жұмысы – «Қоштасқым келмейді!..» спектаклінде де анық байқалды. Қойылымда жекелеген адамдардың өмірі арқылы жалпы қоғам мәселесі көтеріледі. Отбасы – шағын мемлекет, ал, рухани-адамгершілік құндылықтар тәрбиенің тал бесігі – отбасында қалыптасады. Қойылым авторларының көрерменге айтқысы келгені де осы.
Спектакль теміржол бекетінде поезд күтіп отырған екі адамды көрсетуімен басталады. Алдыңғы планда жаңадан шаңырақ көтерген жастар Митя мен Катя. Көпшілік арасынан шығатын тағы жеті ерлі-зайыпты ендігі жерде жұптасып өмір сүрудің еш мәні жоқ екенін ұғынады. Оқиғалар желісі өмірдің сан түрлі сынақтарына ұшырап, ажырасуға бел буған сол адамдардың тағдыры арқылы өрбиді. Бұл ретте қоюшы-режиссер мен актерлер көп еңбектенген. Актерлер өздері сомдаған тағдыры әр түрлі кейіпкерлердің жан дүниесін ашуға, жай күні көзге көріне бермейтін, тек жүрекпен сезінетін нәзік байланысты нәзік жеткізуге ұмтылады. Сүйген жарға деген махаббат, қимастық сахналары ерекше лирикалық әсерге толы.
Спектакльдің негізгі желісін алып жүретін Митя рөлінде актер Азамат Сатыбалды, ал, Катя – актриса Зарина Карменова. А.Сатыбалды өз рөлінің кілтін жақсы тапқан. Оның кейіпкері – сырт көзге өз-өзіне сенімді, намысқой жігіт, ал, оның ішкі арпалысын бірде елеусіз штрихтардан, енді бірде аста-төк эмоциясынан көреміз.
З.Карменова осы театр сахнасында А.Чеховтың (ауд. Ә.Бөпежанова, реж. Р.Андриасян) «Апалы-сіңлілі үшеуінде» Ирина, Ж.Ерғалиевтің (реж. Е.Нұрсұлтан) «Қас-қағымында» Жазира сынды бейнелер жасаған жас актриса. Оның кейіпкері махаббат бар жерде кіршіксіз сенім болуы керек деген қағиданы ұстанады. Сондықтан да күйеуінің алдында есеп беріп, ақталуды өзіне намыс көреді. Актриса Катяның ішкі жан-дүниесін, жұбайына деген махаббатын, қоштасқысы келмейтінін шынайы түрде бейнелейді.
Митя мен Катя рөлдерін келесі құрамда жас актер Абзалбек Асхатұлы мен актриса Салтанат Бақаева орындады. Бұл актерлік жұптың ойынынан балаң сезімнің шынайылығын көре алдық. Катяны актриса ерке, балаңдығымен есте қалатын кейіпкер етіп бейнелейді. Бір-бірін сүйетін екі жас жар таңдауда қателескендей, өзара ортақ ештеңе байланыстырмайтындай күй кешеді. Дегенмен, олардың бір-біріне деген махаббатын көздерінен байқау қиын емес. Тәкаппарлау Митяның жанын жылытқан Катяның бойынан албырт сезімнің ұшқыны сезілді. Ал, Валерамен (актер А.Шаяхметов) диалог сахнасында айғайлағаны актрисаның әлі де шыңдалуы керек екенін байқатады.
Жас актер А.Асхатұлының орындауында Митя еркін де ерке, тәкаппар, бір жағынан әлсіздеу жігіт. Жасы кейіпкерімен шамалас болғандықтан актердің ойыны табиғи шықты десек, қателеспейміз. Ол барынша шынайы болуға тырысты. Қойылым соңында жарына деген күдігі сейіледі. Жарын шын сағынғанын, қоштасқысы келмейтінін жан жүрегі елжіреп, ерекше қимастықпен жеткізді. Кей тұста жас актердің тәжірибесінің аздығы байқалды, қобалжыған, толқыған сәттері де болды.
Ажырасуға мәжбүр болған ендігі бір отбасы – Козловтар мен Мироновтар. Козлов қарапайым жұмысшы, әйелі актриса. Козлова рөлін алғашқы құрамда актриса Ш.Жанысбекова орындады. Өмір мен өнерді ажырата алмай, үнемі рөл ойнап жүргендей сезініп, сотқа келгенде де образға еніп кете беретін кейіпкерді актриса нанымды сомдады.
Козлованы екінші құрамда сомдаған Д.Жүсіптің трактовкасы мүлдем бөлек. Оның кейіпкері бір жастыққа басы түйіскен екі адамның дүниетанымының алшақтығынан жапа шегеді. Көйлегінің етегіне қайта-қайта шалынып жүрген, ептеп қызып алғандай көрінетін әйел, кейде аянышпен қарауға мәжбүр етеді. Дегенмен де, кей тұста актрисаның рөлді әсірелеп алатыны байқалады.
Қойылымда ерекше есте қалар бейнелер аз болған жоқ. Солардың бірі – Никулина рөліндегі актриса К.Шаяхметованың ойыны. Ол сахнада өмір сүреді, әр сөзі анық, шынайы, жүректен шығады. Кейіпкер Никулинаның күйеуінен, өзінен, өмірден жалыққанын актриса терең психологиялық иірімдермен жеткізе білді. Бұл кейіпкерді келесі премьерада Ә.Сайлауова орындады. Жас актриса кейіпкерінің күйеуімен арасындағы келіспеушіліктерден туындайтын ішкі қыжылын, ажырасудан кейінгі қуанышын пластикамен ұтымды жеткізеді. Дегенмен, біздіңше, рөл өрнегі әлі де айшықтала түсуі тиіс. Әзірге ішкі психологиялық тебіреніс кемдеу түсіп жатыр.
Театрдың бірнеше буыны қатысатын қойылымдағы рөлдердің бәріне бірдей тоқтау қиын, десек те Әйел рөліндегі актрисалар Ғ.Әбдінәбиева, Д.Темірсұлтанова, Миронов – Б.Тұрыс, Никулин – Ж.Толғанбай, Шумилов – Ғ.Оспанов, Ж.Садырбаев, Козлов – Е.Дайыров, Керилашвили-Ж.Байсалбековтер шебер ойын көрсеткенін айту парыз.
Спектакльдің лейтмотивіне австриялық көрнекті композитор Франц Шуберттің «Кешкі серенада» әні алынған. Бұл классикалық туынды спектакльдің өн бойында кейіпкерлердің көңіл-күйлері мен тағдыр талайына қарай әр түрлі рефренде естіледі.
Сахнада декорация жоқтың қасы. Ортада темір кереует және кейіпкерлердің қолдарындағы қолшатырлар мен шабадандар ғана. Шабадан көп функционалды, ол бірде ажырасудың, бірде ірге-тіректің символы. Спектакль соңында кейіпкерлердің барлығы шабадандарымен алға шығып, жас отаудың қабырғасын биіктете қалап шығатын үнсіз сахна өте әсерлі.
Сахна өнерінің негізгі мақсаты – қоғам мен әлеумет өмірінің көркем бейнесін өз уақытымен үндестіре жасау болса керек. Бүгінгі күнмен үңдестік тапқан «Қоштасқым келмейді!..» осы мақсат үдесінен шықты. Қойылымда режиссердің, сондай-ақ, актерлердің де ой-толғам, позициялары шынайы айшықталған.
ПІКІРЛЕР1