АҚТАРЛАН ӘНШІ, АҚЫЛШЫ АҒА
Дәнеш Рақышевтің жақсы қасиетінің бірі – өзінің жеке басын мақтап, мадақтауды, көтермелеуді ұнатпайтын. Ондай қошемет пен қолпаш бола қалса: «Әсіре қызыл тез оңар» деп отыратын. Ән құмар, өнер сүйгіш халықтың Дәкеңнің өнеріне тәнті болып, таңдай қағып, тыңдауы 1960 жылдан басталды ғой деп ойлаймын. Себебі, 1960 жылы астанамыз Алматыда Ұлттық Ғылым академиясының үлкен залында республикалық ақындар айтысы өтті. Мен сол жылы КазМПУ-дің физика-математика факультетінің бірінші курсында оқитынмын. Республикалық ақындар айтысына Жаркент өңірінен Дәнеш, Асылақын, Тоқбай, Сағындық ағалар келген.
Мен айтысты көріп, тамашалауға барғанда осы өнер иелерімен сәлемдесіп, мәре-сәре боп қалдық. Айтысқа академик-жазушылар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндермен бірге әйгілі халық ақындары Қалқа Жапсарбаев, Кенен Әзірбаев, Темірғали Рүстембековтер қатысты. Айтыстың ара-арасында Дәкеңе ән салдырды. Дәкең
ә дегенде, «Аңшының әнін» асқақтата шырқағанда, зал іші сілтідей тынып қалды. Академияның үлкен залына қазақ даласының сері-салдарының әруақтары тіріліп келіп, ән шырқап тұрғандай сезілді, онан кейін Ақан сері мен Әсеттің «Мақпалын», Әсеттің «Қысметін», қырғыздың халық әні «Бұлбұлды» орындағанда, академик-жазушылар мен халық ақындары, бүкіл дүйім халық ерекше серпіліс жасап, көңіл көк жиектері көтеріліп, Дәкеңе деген сүйіспеншіліктерін сатырлаған шапалақ ұрумен жеткізді. Дәкең әндерді ерекше шабытпен, жігерлі айтты.
«Пәлі, ой, мына жігіттің үні Әміренің үнінен кем емес қой, нағыз сал-серілер салатын әндерді іріктеп алуын-ай, ә!», – деп Мұхаң Сәбеңе бұрылды. Ұлы жазушының осы сөзінің өзі Дәкеңнің әншілік өнеріне тәнті болып, үлкен ризашылық білдіргені еді.
Айтыс аяқталды. Дәкеңе шапан жабылып, домбыра, кітап сыйланды. Асылақын, Тоқбай ағалар жүлделі орындарға ие болып, сол жылы жарық көрген Сәкеннің, Ілиястың, Бейімбеттің таңдамалы томдарымен марапатталды.
Айтыс аяқталғаннан кейін айтысқа қатысқан ұлы ақын-жазушылармен бірге суретке түстік. Сол мезетте Мұхаң (Мұхтар Әуезов) Дәкеңді жеке шақырып алып: «Асқақ әндерді жақсы айтады екенсің, оныңа рахмет, өзің уақыт тауып маған келіп, жолықшы», – деді. Мен Дәкеңнің қасынан қалмай жүріп, ұлы адамнан осындай ұлағатты сөздерді естіген едім.
Дәнеш аға дегенде 1980 жылдар мен 1985 жылдар арасында Белжайлаудың Үйгентас белінде, Басатқарағайда, Суықтың сайында бірге дем алып, сайран құрған кездеріміз еріксіз еске түседі.
Дәкең дархан көңілді, кең пейілді, жібек мінезді, ағынан жарылып, әңгіме айтып, ақтарыла асқақ ән шырқайтын, ақтарлан әнші еді. 1982 жылдың жазында өзімнің отбасым, бала-шағаммен Үйгентас жайлауына шыққам. Жақсы көретін бауыр ағамыз Қақаңа (Қалмақбай) бие байлатып, марқамызды сірне жасап, сары қымызды сапырып ішіп жатқан кез еді. Дәкең жайлауға шығыпты, Суықтың сайында демалып жатыр екен деген хабарды естіп, Қақаңа Айбын мен Думанды, Ақберенді ертіп алып, Дәкеңе сәлем беруге келдік. Дәкең Суық өзенінің бойында Жалғызқарағай деген жерге орналасқан екен. Қоныс тепкен жерінің табиғаты өте әсем, екі жағы қырат, беткейі толған қарағай, ортасында Суық өзені ерекше екпінмен құлай ағады. Ол кісімен бірге белгілі жазушы Қойшығара Салғарин да отбасымен демалып жатыр екен. Амандық-саулықтан кейін таныстық, Қойшығара екеуміздің жас айырмашылығымыз алшақ болмай шықты. Құрдас ретінде етене таныс боп кеттік. Сол күні Дәкеңді, Қойшы-
ғараны отбастарымен Суықтың басында отырған шопандар тойға шақырған екен. Дәкең бізді де ерте жүруді жөн көрді. Той болатын үйге жақындағанымызда, той иелері арнайы жігіттер жіберіп өнер иесін үлкен құрметпен қарсы алды. Аттарды кермеге байлап, тойханаға беттегенімізде, өзен жағасынан сылқылдаған қыз-келіншектердің күлкісі естіліп еді. Дәкең Қойшығара екеумізге қарап: «Күлкі көңілдестіктің қалың малы, сендерден бұрын, қыз-келіншектер қалың мал төлеп қойды», – деп бізді күлдірді. Бұл сөзді Қойшығара қойын дәптеріне жазып қойды.
Той иелері шын ықыластарымен күтіп, Дәкеңнің келгеніне төбелері көкке жеткендей көтеріліп, шаттанып қалды. Дастархан аяқталғаннан кейін Дәкең өзінің сол жолы шығарған «Белжайлау сазы», «Туған ел», т.б. әндерін шырқап, мұз жастанған Суықтың басын, әннің ыстық лебімен жылытып, малшы қауымды бір сергітіп тастады. Әншінің жасынан атпоз, ұлттық ойындарды жан-тәнімен сүйетіндігі, көкпар шыққан кезде анық байқалды. Астындағы Қарагердің көбігін шығарып бірнеше рет тақымға түсіп, топ жарып көкпар алып қашты. Дәкеңнің мұндай шеберлігіне ел де, қонаққа келген Қойшығара да таң-тамаша боп таңдай қақты. Дәкеңдердің дем алып жатқан үйіне бірнеше рет көкпар әкеп тастап, жеңгемізден жол алдық.
Біз көкпарды алып қашып, қарағайға кіріп, адастырып кеттік. Бізді қайта оралады деген жұрт Дәкеңнің үйінің төңірегінен кетпей, торумен болыпты. Біз көкпарды қарағайдың бұтағына ілдік те көкпардан адасып қалған адамдардай Дәкеңдікіне келсек, көкпаршылар әлі кетпеген екен. Жиналған жұрт босқа тұра ма, көрші ауылдан барып екінші көкпар алды. Біз сол көкпарды тарта-тарта Аяқсазға түсіп кеттік. Қас қарайып, ымырт жабылғаннан кейін Айбын екеуміз қарағайға жасырған көкпарымызды алып Дәкеңдікіне барайық деп ойлап, көкпар тыққан жерімізге келсек, көкпар жоқ болып шықты. «Ұрыны қарақшы ұрыпты» дегендей, көкпарды басқа біреулер алып кеткен екен деп, ренжи-ренжи ағайдікіне келдік.
Дәкең бізге қарады да: «Ой, сендердің қабақтарың сәл ғой, не жоғалтып келдіңдер, жоғалғандарың табылар, қымыз ішіп, шөлдеріңді басып, дем алыңдар», – деп жайдары ғана күліп қойды. Жеңгеміз жымың-жымың етіп Дәкеңе қарап қояды.
Гүлнәр қарындасымыз ішек-сілесі қатқанша күледі, сөйтсек, біз көкпарды тыққан қарағайды қарсы бетте дүрбі сап көріп отырған Гүлнәр біз басқа көкпар алып, ауылдан ұзап кеткен соң үйге алып келген екен. Жеңгеміз оны қазанға сап пісіріп, дайындап қойыпты. Көкпардың еті пісіп, табаққа түсіп, ас алдымызға келгенше Дәкең бірнеше әнді үлкен шабытпен орындап, біздің жанымызды жадыратып тастады. Әсіресе, халық әні «Сарбидай» мен «Аңшының әні» асқақтаған кезде қарсы беткейдегі сықап өскен қарағайдың арасынан ән өріп бара жатқандай сезіндік. Дәкеңнің қасында отырған Қойшығара әншіге үлкен ризашылықпен қарады да: «Жәнібек (Кәрменов) құйқылжытып ән салады, Ақселеу ойға батып тамсанады» дегендей, сіздің әніңізге тамсанып, таңырқағанымыз сондай, сілекей безімізден сөл бөлініп кетті ғой, – деп шыны аралас әзіл айтты.
Атақты өнер қайраткері Асқар Тоқпанов ағамыздың кезінде айтқан бір жақсы сөзі есіме түсіп кетті де: «Әнші шабыттанса, не сыр туады, не жыр туады, бозбала шабыттанса, не ұл туады, не қыз туады», – деп Асқар ағамыздың сөзін қайталап едім, Дәкең бүкіл денесімен қозғала рахаттанып, ұзақ күлді де: «Сендер де шабыттан кенде көрінбейсіңдер, келіндер алыста емес, жандарыңда ғой, Асекеңнің айтқаны келсін, дәл айтылған сөз екен», – деп қоңыр үнді күлкісін жалғастырды. Тау жуасы қосылып, жер ошақта қайнап піскен көкпар етін де буы бұрқырап алдымызға келді. Асқа қол сала отырып, Дәкең көкпарды алып қашу, тақымнан жұлып алу, жерден іліп алу кез келген жігіттің қолынан келмейді. Көкпар етін де дүйім халықтың көңіл-күйінің жылуы бар білектің күші мен тақымның қызуы бар. Жүйріктің ақ көбік тері мен көкпаршының қайрат-жігерінің таты қалған, сондықтан көкпар етін ырым ғып та жейді, – деді де, Қойшығара екеуміз бен келіндеріне қарап тәтті әзілін айтты. Өнер адамының жаны жаттыққа ағынан жарылып айтуға құмар екені кездейсоқтық емес, ол – табиғи құбылыс.
Дәкең не айтса да, дәл басып тағылым бере айтатын. Елудің бақшасын аралап кетсе де бойынан жастық жігері, өмірлік махаббаты қайрат-күші тасып тұратын, әсіресе, жастықты, махаббатты жыр етіп, сыр етіп, ән етіп асқақтатуға жаны құмар еді.
Мен сонау қырық алтыншы жылдары ағаларымыздың ауызекі айтқанынан жаттап алған «Ең қызық жастық» деген ұзақ өлеңді білуші едім. Бұл өлең бастан-аяқ бозбала бақтың өзіне тән ыстық махаббат шежіресін тарқатуға, жастыққа, албырттыққа, құмарлыққа, сүйген жарын аңсаумен оған қол жеткізудің қиын-қыстау жолдарын жырлауға құрылған, басы былай басталады да:
«Ең қызық жастық,
Көңілде мастық.
Бай, кедейің білінбей,
Қыз десе күліп,
Тұрағын біліп,
Көп шаруаңның біріндей,
Еркін қоймас жастығың,
Ішпей-жемей мас күнің», –
деп басталады да:
Таң келер жуық,
Бой кетер суып.
Жатқаныңда жайланып.
«Қош бол», – деп жарға,
Айтарың бар ма,
Қайтуға үйге айналып.
Кетейін десең, жар қиын,
Кетпейін десең, таң қиын.
Тіліңнен емсе,
Тілекті берсе,
Ақ тамақтан шөп етіп.
Қолыңнан тартса,
Білекті артса,
Сүлдерің қалар ес кетіп.
Ой-хой, дүние-ай, дүние-ай,
Ақылға сонда кім ие-ай», –
деп аяқталатын.Мен осы өлеңді Дәкеңе жатқа айтып беріп едім, ол кісі шапалақ ұрып, шаттанып алды да: «Ой, мынау жастықтың машақатын жеріне жеткізе жырлаған екен. Абайдың өлеңі емес пе?» – деді.
Мен әншіге өлеңнің көшірмесін 1960 жылы, студент кезімде, Қазақтың Ұлттық Ғылым академиясының әдебиет зерттеу институтындағы зерттеуші ғалымдарына апарып көрсеткенімде, олар кімдікі екенін дәл басып айта алмады. Абай қорында мұндай өлеңнің жоқ екенін айтқанын қайталадым.
Дәкең: «Кімдікі болса да ән болып төгіліп тұрған шумақтар екен, мен бұған ән жазам», – деп менен көшірмесін алды. Қойшығара да бір данасын көшіріп, жазып алды.
Айтқанындай-ақ, Дәкең ертесінде «Ең қызық жастық» деген асқақ ән шығарыпты. Мен Дәкең мен Қойшығараны бала-шағаларымен, ат жіберіп Үйгентас белінде қоныс тепкен өзімнің отбасыма қонаққа шақырдым. Бұл жолы Жаркенттен, Үшаралдан Дәкеңе арнайы сәлем бере келген замандас бауырлары Тұрлығазы (Жапарқұлов), Ыбырайым (Әшітаев) ағайлар мен Ақан деген подполковник інісі бірге болды. Тумысында қонақ келмесе қораш тартып, алағызып тұратын Рысжан мен (менің жұбайым) Қалмақбай аға екеуі қайнаға, туыстарының келгеніне ақ ниеттерімен қошемет көрсетіп, қарсы алды. Марқа сойылды, қымыз құйылды. Дастарханды ақ шөпке де, көк шөпке де толтырып тастады. Марқаның балбыраған етіне қосылып асылған сүрленген қазы мен жаялар дастархан төрінен орын алды.
Ас ішіліп болғаннан кейін Дәкең үкілі домбырасын қолына алып, қағып-қағып жіберді де:
«Келем бе туған жерім Бел болмаса,
Ақ ниет, дархан көңіл ел болмаса.
Өмірде жараспайды терезесі,
Әннің де, әншінің де тең болмаса», –
деп аруақтанып, арқаланып алды да: «Мына Әдепханның бала кезінде жанында жатталып қалған «Ең қызық жастық» деген сөзіне жазылған әнімді айтайын. Жазғаныма екінші күн», – деді де шырқай жөнелді.
Ән асқақтап Белден асып, Орбұлақты орап алып, Баркөрнеудің басына өрлеп бара жатқандай сезілді. Дәкең де құшағында бірге кетіп барады.
Ән тыңдап отырған дастархан басындағылардың, әсіресе, Түкең мен Ыбыкеңнің, Қақаңның делебелері қозып, дегбірі түгеп, тағаттары таусылып, қозғалақтай бастады. Ән аяқталғаннан кейін тыңдаушылар шаттық күлкінің, махаббат күлкісінің көрінісіне оранған әншіге, әнге, ән сөзіне дән риза болды. Дәкең ағамен жайлау үстінде бірге өткізген күндеріміз біздің туыстық жақындығымыздан гөрі, шығармашылық ағысымызды бір арнаға қосқандай. Дәкең сол жолы менің «Сағынышым ұларым» деген сөздеріме аз күндік демалыс сапарында, 6-7 ән шығарып, ел-жұртының ыстық ықыласына бөленіп, олжалы, бай қайтты. Құдайым оңдағанда араға он бір ай салмай біздің үйде жақсы қуаныш болды. Ол былай еді. Дәкеңдер Жаркент өңіріне концерттік сапармен келген екен. Көкталдың мәдениет үйінде концерт көрсетіп болғаннан кейін Дәкеңді ұжым мүшелерімен қонаққа шақырдым. Олар шын ықыласымен үйге келіп, табақ тартылып болған кезде, Рысжан толғатып, оны перзентханаға жібердік. Сол сәтті пайдаланып мен: «Дәке аға, бұл жақсылық былтырғы жаздағы «Белжайлау» үстіндегі демалыс кезіміздегі көптің қолы тиген көкпардың етін жегенде, жақсы шабыттанып едім, сондағы айтқан Асқар Тоқпанов сөзінің жемісі болғай», – деп қалжыңдадым. Дәкең қарқылдап күліп: «О, құдайым-ай, сен оны әлі ұмытпаған екенсің ғой, Алла жақсылыққа жеткізсін», – деді. Көп ұзамай өмірге қыз келді, атын Дәкең Елерке деп қойып, сүйіншісіне «Бөпем» әнін орындап берді.
Дәкеңнің өзін, мейірлі көзін, бірге болған кезін еске алу үлкен қуанышқа бөлеумен қатар, қайғылы сәттерді де еске түсіреді. Қайран Дәкең, ақтарлан әнші, қамқоршы аға еді ғой.
Әдепхан ТӨРЕХАНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Алматы облысының Құрметті азаматы.