«Халық заңгері» көптің көңілінен шықты
17.06.2024
832
0

Қазіргі күні еліміздің барлық ірі қалаларында дәстүрлі «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өтіп жатыр. Ел үкіметінің қолдауымен халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсету мақсатында қолға алынған бұл бастама 2016 жылдан бері жалғасып келеді.

Жуырда Қарағанды облысында өткен «Халық заңгері» жалпыреспубликалық әлеуметтік науқан барысында өңірдегі 7 қала мен 6 ауданның халқы тегін заңгерлік көмек алды. Тұрғындарды Мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығында прокурор, адвокат, нотариустер, сот орындау­шылары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қабылдап, әркім өзін мазалаған, ойда жүрген көп сауалға жауап алды, түсініксіз жайттар да аяқсыз қалмады, жан-жақты мағлұмат берілді.
– Бүгінде дәстүрге айналған бұл шараның халықтың құқықтық сауат­тылығын арттыру және тегін заңгерлік көмек көрсетуде маңызы үлкен. Бізге әр түрлі жастағы және әлеуметтік жағдайы әртүрлі адамдар келді. Оларды мазалаған сұрақтар көп. Соның біразын атап өтсем, мәселен, жылжымайтын мүлікке құқықтарын қалай тіркеу, қорғаншылықты ресімдеу, алимент өндіріп алу үшін қандай құжаттар қажет? Осы тұрғыда қарағандылықтар заңгерлер, адвокат­тар мен мемлекеттік орган өкілдері тарапынан өз сұрақтарына нақты жауаптар алып, ұсыныс-пікірлерін білді. Заңгерлер қылмыстық және азаматтық құқық бойынша кеңес берді. Бастапқы кезге қарағанда жыл сайын акцияға қатысушылар саны артып келеді. Бұл, әрине, азаматтар тарапынан өзінің құқықтық сауаттылығын көтеруге деген ынта-ықыластың артып отырғанын көрсетеді. Біз үшін бұл – қуанарлық жайт, – дейді Қарағанды облыстық Әділет департаментінің бөлім басшысы Ғалым Әбдібаев.
Жылжымайтын мүлікке құқықты даулау мәселесі бойынша кеңес алуға келген қарағандылықтардың бірі Марат Исин облыстың заң қоғамдастығы өкілдерінің жұмысына ризашылығын білдірді. «Шындығында, заңды бүге-шігесіне дейін білмегендіктен, біраз уақытымды босқа өткізіп алдым. Мұнда келгенім өте дұрыс болды деп есептеймін. Кеңесшілер сауатты, маған көп көмектесті. Мәселенің мән-жайын жан-жақты түсіндіріп, қай бағытта жұмыс істеуім керегін айтты. Мен үшін бәрі түсінікті және пайдалы болды. Меніңше, бүгінде көпшіліктің қолдауына ие болған бұл шараны жиі өткізген жөн. Сонда білікті мамандардың тегін заңгерлік қызметін барынша көп адам пайдалана алмақ», – деп есептейді М.Исин.
Айта кетейік, 2016 жылы бастау алған акцияны ұйымдастырушылар – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары және еліміздің үздік заңгерлері. Содан бергі уақыт ішінде осынау әлеуметтік шараға 8 000-нан астам сарапшы мен мемлекеттік органдардың өкілі қатысып, құқықтық көмекке жүгінген 165 мыңнан астам азамат тегін заңгерлік кеңес алған.

Р.КӨКЕНАЙҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір