ӨНЕР АДАМДАРЫ МИНИСТРМЕН КЕЗДЕСТІ
Жуырда Алматыдағы «Достық үйінде» ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өнер адамдарымен кездесіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады.
Министр: «Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігі Президент әкімшілігімен бірлесе отырып, жоспар әзірледі. Ондағы басты мақсат – Тәуелсіздігімізді жыл бойына лайықты деңгейде атап өту. Қазір осы орайда түрлі шаралар жүзеге асырыла бастады», – деді. Сонымен қатар, министр 1 наурызды – Алғыс айту күні ретінде кең көлемде атап өту қажеттігін ескертті.
«Күні кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заң қабылданды. Осы заң аясында 1 наурыз тұңғыш рет Алғыс күні ретінде аталады. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық татулықтың символы ретінде бүкіл әлемге танымал болуда. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Көптеген елдер осы бағытта Қазақстанның тәжірибесін зерттеп жатыр. Сондықтан 1 наурыз Қазақстан халқы үшін өте маңызды күн болмақ. Ұлы Дала елі атану жолындағы тағы бір маңызды қадам», – деді А. Мұхамедиұлы. Кездесуге қатысушылар Ұлт жоспарының негізгі бағыттарын сапалы және дер кезінде орындау Қазақстанның жан-жақты өркендеудің жаңа кезеңіне өтуіне жол ашатынын айтты.