ӘБІШ ТОЙЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ
Әбіш Кекілбаевтың дүниеден озғанына 100 күн болып қалыпты-ау!..
Ел құрметіне бөленген жазушының 60 жасқа толған мерейтойын туған жері қалай атап өткенін ақын Ханбибі Есенқарақызы кезінде тәуір барлап, мерейлі шақтың керемет ахуалын тартымды баяндаған екен. Мемлекет қайраткері, жазушы, ақын жаратылысына үңіліп, сол бойынша жасаған әрбір қорытындысы тағылымға толы. Сондай тұлғаның қадірін жете біліп, жүрек тербер әсерге бөленудің өзі бір ғанибет екен ғой, біле білген кісіге.
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ
– Ау, мен бұл жерде болғанмын!
Алғашында бұл сөзді ішімнен айттым… Дүниежүзілік картада көз жасындай мөлдіреп қана көрінетін қарт Каспий толқындарын көкке атып, аспанға қол созады. Сабырлы да сарабдал жігіттей маңғаз Маңғыстаудың марғасқа ұлы — Ақтау да кеудесін кере тыныстап, тәкаппарлана көкке қарайды. Орталықтан алып қашқан жүйрік көлік мөлтекаудандарды мөлтілдетіп, қоштасқан арудай артта қалдырып, ашық тұсқа алқынады…
– Ау, мен бұл жерде болғанмын! – Бұл жолы даусым бәріне естілді-ау деймін! Бірақ ешкім селт етпеді.
«Бұл жерде кім болмаған? Қызық екен» дегендей, маңымдағыларда үн жоқ. Бұл күнде мұнайлы Маңғыстау түгілі, Меккеге бару да таңсық болмай қалған заман емес пе?! Бірақ менің бұл жерді көруді соншалық аңсағаныммен оны тек түсімде көргенімді жанымдағылар қайдан білсін? Дәл осы көріністерді түсімде көргенім өзіме де жұмбақ күйінде қала берді…
Бағытымыз – Әбіш аға дүниеге келген Маңғыстау ауданының орталығы – Шетпе. МАИ бастаған автокөліктердің жол бастауымен ресми делегация отырған көліктер асфальт жолды қусырап-ақ келеді. Менің жанымда қазақ журналистикасының бірегейі Маңдайлы Қосым
отырды. Ақтаудағы қонақтарға арналған киіз үйлердің бірінде онымен танысқан Зейнолла Қабдолов ағамыз: «Мен сені ер азамат па деп жүрсем, қыз бала екенсің ғой!» – деп таңданысын жасырмап еді. Ағамыздың «жазып-сызатын» әйел баласын көрсе: «Мен сені бұрын неғып байқамағанмын?», – дейтін әзіл-шыны аралас сөзіне бой үйреніп қалған.
Жол ұзақтау көрінді. Облыс орталығында өткен салтанатты мәжілісті ой елегінен өткізіп келемін. Әбіш ағаның нағыз тұлғалы азамат екенін сөз дүлдүлдері – Зейнолла, Манаш Қозыбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағаларымыз жеріне жеткізе айтты-ау!
Бурадай буырқанған арқалы ақын – Темірханның арнау өлеңі-ай!..
Әбіш тойы шын мәнінде табыну емес, тағылым болғанын бәріміз мойындадық. Сондай жерде кежегем кейін тартып, мен неге өлең оқымадым екен, ә?! Әлде ағаға арнаған өлеңім көңілімнен шықпады ма? Әлде батылым жетпеді ме? Көресіні осы жүрексіздігімнен көріп келемін. Былай қарағанда, ұялмай-ақ оқуға болатын өлең сияқты. Ішімнен қайталай бердім:
Елге шықсаң – ұлансың,
Тауға шықсаң – қырансың.
Талға қонсаң – бұлбұлсың,
Тасқа салса – талдырып,
Шынары боп шығарсың!..
Сөз – сұлудың жүрегі,
Шерткен сайын түледі.
Жатты орнынан бір аунап,
Маңғыстаудың түбегі!
Арыстандай айбары,
Шерқаладай жайдары.
Адайының ары да,
Қазағымның қаймағы!
Шарболаттан құйғандай,
Тұлғаң толы имандай.
Он сегіз мың бұл ғалам.
Құшағыңа сыйғандай!
Жайығымда жүзбедім.
Қырыңнан гүл үзбедім.
Атажұрттың айғағын,
Жанарыңнан іздедім!
Наркескені намыстың,
Сәулең болып жарыстым!
Екі әлемнің елшісі.
Белгісі алты Арыстың!
Адамзаттың көксеген,
Арманына жетсе дем:
– Тұранымда тұлғалы ұл,
Өзің барсың! – деп сенем!..
Жол-жөнекей жота-жондар, өркешті түйелер, бұйдалы боталар кинолентадай шегініп қалып барады. Осы сапарда жер биігі Маңғыстау болып көрінді көзіме.
Екінді әлетінде Шетпеге келіп жеттік. Орталық Мәдениет сарайы бүгін ерекше құлпырып тұр. Кең залда ине шаншыр жер жоқ. Халық өз Әбішін, әз Әбішін көруге, жүздесуге тайлы-таяғы қалмай жиналыпты.
Кілем төселінген кең залда сахна шымылдығы үлбіреп тұр. Елдегі жаңару осы арадан көрініс тапқандай. Жаңармай ше? Қос өкпеден қысып, нарық салған қаяуды, көңілдерге жиналған күресінді алыс лақтыру үшін келе жатқан жоқ па Әбіші!
Аз өтпей-ақ сахна төрін талайғы таланттар тобы толтырып жіберді. Маңғыстау ауданының әкімі Қыдырбақыт Сейілхановтың сөйлеген сөзі салмақты да мазмұнды болды.
Сарымайдан айырған торта сынды жүрек айнытпайды, жаныңды жалықтырмайды.
Мінберге сұлу сөзді, сері мінез Зейнолла ағамыз шыққанда, жұрт сілтідей тынды. Қарт тарлан тебіріне сөйледі:
– Әбіш – ұстаздан озған шәкірт, – деді. Сонау 50-ші жылдардың ішінде жас мұғалім едім. Мен сабақ беретін Қазақ мемлекеттік университетінің аудиториясында бір ерекше ұлан отырды. Жүздеген шәкірттер ішінен өзгешелеу көрінген оның жанары ойға тұнып тұрды, көмірдей бұйра шашының әрбір талы ән салып, жанарыңды еріксіз өзіне бұрды… Мен бұл көрген жаңалығымды жасыра алмай, ұстазым Мұхтар Әуезовке қуана жеткіздім! Заңғар жазушымен жас Әбішті осылай табыстырған едім, — дегенде, аямай соғылған алақаннан кең зал тебіреніп, тербеліп кетті.
Бүгінгінің Қаз дауысты Қазыбегі – Манаш Қозыбаев:
– Нағыз Адай, Нағыз Құдай, тірі Әулие – Әбіш жасасын! – деп, көпшілікті тағы да бір серпілтіп тастады.
Сахна төріне марапаттаушылармен қатар жайғасқан Әбіш аға арнасынан асып жатқан таңғажайып теңеулерді де, «әттеген-ай» дегізетін кейбір селкеу тұстарды да бірқалыпты қабылдап отырды. Желпінбеді, желікпеді. Ол солай үйренген. Өйткені, ол – арнасынан асып-таспайтын Ұлы теңіз, Ұлы Дала перзенті!
Мектеп оқушыларының Әбіш аға пьесасы бойынша қойылған «Абылай хан» спектаклінің мизансценасы көрермендерді бейтарап қалдырмады. Тағылымдық әсері мол болды. Болмағанда ше?
Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы ақын, драматург Нұрлан Оразалин, жазушылар Марал Сқақбаев, Төлен Әбдіков, Сауытбек Әбдірахманов, Мереке Құлкенов пен ақындар Темірхан Медетбек, Есенғали Раушанов, сондай-ақ, ғасырымыздың біртуар жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, «Ясная поляна» жорналының бас редакторы, мәскеулік Анатолий Ким және оның ақын қосағы Наталья Громовалардың желпіне айтқан сөздері желтоқсан айындағы маң далаға көктемді ала келгендей болды.
Үш сағатқа созылған кездесу аяқталуға таяғанда алғыс білдірмекке мінбеге жақындай берген Әбіш:
– Әй, Әбіш, тұра тұр, бүгінгі кездесуде мен қалай сөйлемей қаламын? – деген, күпілі қазақ тоқтатты. Аға кідіріп қалды.
– Мен Әбішпен бір сыныпта оқыдым, – деді шешен. – Бірақ оның орны ерекше еді. Оқымаған кітабы қалмаған. Ондаған шақырым қашықтықтан мектепке жаяу қатынайтынбыз. Әбіш үйге берілген тапсырманы жолда келе жатып-ақ орындап қоятын. Орысы жоқ ауылда орыс тілін қалай меңгерді десеңізші? Тіптен, орыс газеттерінде де мақалалары жарияланатын. Бірақ жан-жақты керемет екен деп ойлап қалмаңыздар, ол есеп сабағына шорқақ еді… – дей бергенле:
– Әй, болды, аяқта сөзіңді – деп, сахнаға беттеп келе жатқан ақ жаулықты ана шешенді мінберден ысырды. Шамасы, әлгі кісінің сөзіне көңілі толмаған сияқты. Ананың есімі Ақай екен. Үстіне киген ұлттық киімі өзіне айбар беріп тұрған сияқты. Қазір ұлттық киімді әркім киеді. Бірақ Ақай ананың үстіндегісі дүкендерде толып тұратын бірыңғай стильмен тігілген киім емес, көне дәуірдің ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан этнографиялық дүниесі секілді. Кимешегін жөндеп қойып, сөз тиегін ағытты.
– Қарағым Әбіш! Алдымен, сенің анаң, менің абысыным Айсәулеге сәлем айт! Елдің бәрі алпысқа келгеніңді айтып жатыр. Алпыстан кейін де жарық бар қарағым, жасай бер! Сенің анаң тоқсанға жақындаса, мен де ол кісінің аяғын алып келе жатырмын. Әлі жассыңдар. Сенің көзіңдегі жарық менің көзімнен кейін сөнсін! Саған амандық тілеу үшін жүрміз. Алтын басыңа айтылған сөздің бәрі рас. Сен кеңсің, құшағыңа ел сияды, сол елге сен де сиясың! Сөз реті келгенде айтылмаған сөз – ауырып өлген аюдың етін жегенмен тең! Айтайын дегенім, елдегі жаман құрдастарың: «Адайдың қатыны бала емес, банда туады», – деп көкиді.
Сен еліңе анда-санда болса да ат басын бұрып тұр. Көрсін, сезсін. Адайдың қатынының дәл сендей ұл туа алатынын. Мына бізге бәрібір, сенің жақсы қасиетің артыңнан еріп келе жатқан жастарға үлгі болсын!
Сосынғы айтайын дегенім, қазір ел жоғын айтуға әбден машықтанып алған. Үкіметке алақан жаяды. Үкімет қазақты қашан асырап еді? Алдыңда — малың, иек астында – жерің. Ешкім қолдан қағып жатқан жоқ. Еңбек ет те – жоғыңды жеткіз, барыңды түгелде! Ата-бабамыз қамшының күшімен, найзаның ұшымен аман алып қалған өз жерімізде отырмыз. Өкімет болыспай тұрған кезде, неге ата-бабамыз қырылып қалмаған? Қазақтың жауы – жалқаулық. Балаларымызды содан Құдай сақтасын.
Ал, Әбіш сенің жақсы жақтарың еліңдегі әрбір жасқа жұғысты болсын! Мен болдым! – деп мінберден түсіп бара жатқан ананы Әбіш аға тоқтатып, қолынан сүйді. Ол ағаның маңдайынан сүйді. Маған сол анадан артық сөйлеген адам болмағандай. Шынын да, сырын да бүркемелемей, еркін айтып тұрды. Ассимиляцияға талай түсіп, қырық өзгеріске ұшыраған мінез-құлқымыздағы қоспалардың таза тұнбасы осы анада толып тұр еді…
Біз сөйлеуге де, тыңдауға да әбден үйреніп алғанбыз. Бірақ қазақтардың бүгінгі қалпына мәскеулік Анатолий мен Натальяның таңдануында шек жоқ.
– Япыр-ай, нағыз демократия далада екен ғой, – дейді олар қосарланып. — Мемлекеттік хатшыны аяғынан үш сағат тұрғызып қойып сөйлеген шешен елді бірінші рет көріп тұрмыз. Оның үстіне өз балалары болғандықтан ба, Әбіш те мемлекеттік хатшы екендігін ұмытып кетті. Бұны даналық демеске болмас! Ұлы да, халқы да дана екен, – деп, кете-кеткенше бастарын шайқап, таңданысып жүрді.
Шетпедегі әдемі кеш аяқталып, біздер Әбіш ағаның кіндік қаны тамған Мырзайыр қыстауына жол тарттық.
МЫРЗАЙЫР
«Мырзайыр деген жер бар-ды,
Мен үшін жердің кіндігі».
Әбіш.
Шетпенің сері сағынышы серпілмей жатып-ақ, намаздыгер әлетінде көш шеруі Мырзайырға табан тіреді. Кездесуден гөрі қоштасудың ләмі өткір, соңы сағынышқа ұласарын сезінудің өзі ауыр екен. Әр кездесу сайын Әбіш аға біріне-бірі иық тіреп, арқаланған тұтас таулардай биіктеп бара жатты.
Мырзайыр қыстағындағы жазыққа тігілген киіз үйлердің жанында тағатсыздана күтіп тұрған халық асыл ұлын хан көтеріп қарсы алды. Қауымның еңсесі биік, көңілдері жарқын. Қыздары қаздай тізіліп, келіндері басы жерге жеткенше иіліп сәлем салса, ақ жаулықты аналар шашу шашып, мәре-сәре.
Сарабдал жеңгелері мен Айсәуле ананың мұңдас-сырлас болған абысын-ажындары алып тұлғалы Әбішті құндақтағы сәбидей домалатып, туған ошағының орнына аунатып жатты. Халық дәстүрінің алдында сәбидей шарасыз күй кешіп, үнсіз мақұлдаған мемлекеттік хатшыға аяй қараған мәскеуліктердің көзі шарасынан шыға жаздады. Бұл дәстүрдің құйқаңды шымырлатардай-ақ әсері мол болды.
Қалың нөпір өз қызығы өзінде болып жатқан сәтте мен үнсіз Басқұдықтың жанына келдім. Әбіш аға талай рет мына шығыршықтың шылбырын түсіріп, қауғамен су тартқан шығар… Кеудеме өлең жолдары оралды:
Мен Абайды көрмедім,
Бірақ, оны сен дедім.
Әуезовті көрмедім,
Бірақ, оны сен дедім.
Әбіш деген асылмен,
Жасадым бір ғасырда
Деген ойға сенбедім!
Кеудеңе мұң толған соң,
Жазығы жоқ елестің.
Сен аяулы болған соң,
Ұлы көшке ілестім.
Мырзайырда мығым боп,
Жақсылармен кеңестім.
Жалғыз-жаяу келді деп,
Шеттетпеді мені ешкім!
Көзіңдегі кеңдікті,
Кеудеңдегі ерлікті
Аузыңдағы бірлікті,
Артыңдағы тірлікті
Айыруға ақыл мен
Сана керек бір мықты!
Көптен адам ізі түспеген жазық жайлаудың айналасын момын таулар тізбегі қоршап тұр. Көз алдыңа алақандағыдай көрінетін бұл жазықта жарық жоқ. Өйткені, бүгінде ел тұрмайды. Лезде түсіп кеткен қараңғылыққа сеп болар деп орнатылған мотордың себезгі жарығы бір жанып, бір сөнеді. Алла, Құдай-ай, бәрінен де ауыл ағасының арнау сөзін оқи алмай қиналғанын айтсаңызшы! Елдің «қоя ғой» дегеніне қоймай, шам жалт еткен сәтте жазбаларының бір-екі жолын оқи қалып, құдайға жазып ол тұр! Тәңірі адам баласының бәрін бірдей ғып жаратсайшы! Осы Әбіш ағаны сөйлетші. Төрт күн түнек болса да, шешендіктің тайпалған жорғасынан жаңылмас еді-ау. Не дейін? Ел болған соң бәрі де болады ғой. Қараңғыда қағаз оқыдық, қараңғыда ат міндік. Ең негізгісі – туған жердің төріне аунап қайттық. Бұл жердегі кездесу – символикалық кездесу. Кештің үлкені Мырзайыр қарайтын аудан орталығында болмақ.
Қаракөлеңкеде қарауытып, мұңайып Мырзайыр қалды, қауқиып Басқұдық қалды…
Намаздыгер, намазшам,
Ай менен Күн таласқан.
Жамиғатқа жарасқан
Жадырап тұр Қараспан.
Мырзайырдай жалқының
Мұңыменен тел өстің.
Буына сен балқыдың,
Балалық шақ – елестің!
Келдің бе? – деп еміне,
Ту сыртыңда тау жатты.
Туған үйдің төріне,
Аналарың аунатты!
Баса алмастан тасқынын,
Кеудеңнен тау құлады.
Есіне алып жас күнін,
Жеңгелерің жылады…
Бала қыздай сезініп,
Құрбың шықты гармонмен.
Қарадың-ау езіліп,
Аяулы бір арманмен.
…Бәрі де рас. Нанымды
Той да көркем дуымен.
Бастық іште жалынды
Басқұдықтың суымен.
Туған жерге жеттің-ау,
Топырағын өптің-ау!
Жаныңдағы топ мынау,
Келдің-дағы, кеттің-ау!..
Басқұдықтай тұнықтың.
Тұмасынан сыр ұқтым.
Жайы қалай болды екен,
Жалғыз қалған құдықтың?!
Біз бұл күндері уақытпен санаспадық. Оңды совхозының (ауылдық кеңестің) орталығындағы аршылған жұмыртқадай су жаңа Мәдениет сарайына Әбіш есімі берілген. Аяғының астына айна төселген, соңғы дизайнмен салынған бұл сарайда Темірхан бастаған, Есенғали, Мереке және мен қостаған ақындар армансыз өлең оқыдық. Бұл кеш қазақ поэзиясының есте қаларлықтай бір кеші болды-ау деймін!
Қош айтысар сәтте ақ кимешекті қарт ана сөйледі. Алғысын айтты. Ізгі тілек тіледі. Сөз соңында:
– Әбішжан! Маңғыстау – қасиетті түбек. Бұл жерде туған адам түгілі, жоғалған ботасы да өз мекенін іздеп тауып жатады. Қызға жасау ретінде сыйға тартқан буаз биенің құлыны да жер түбінен тауып келеді. «Кім қай жерде туылмаған» – деп, шашыңды қырау шалған тұста облыс орталығынан қайтар болсаң, біз не дер едік?
Кіндік қаным тамған жер деп іздеп келгеніңе, өзіңді аңсап жүрген біздің көзімізге бір көрініп кеткеніңе құлдық, жарығым!
Аман бол, сау жүр! – дегенде бәріміз де көзімізге жас алып қалдық.
Қайтар жолда аға қазалы болған шаңырақтарға бас сұғып, көңіл жұбатты.
Ел есінде осындай қасиеттер қалса керек.
АТЫРАУ АЙМАҒЫНДА
«Мінеки, мінбеге Әбіш Кекілбаев көтерілді.
Шіркін, сіз сондағы қалай сөйлегенін көрсеңіз!
Қандай шешен!
Сені өз көзіммен көре алғаныма шексіз куаныштымын!».
Клаус Шрайдер.
Маңғыстауда өткен мерейтойдан қазіргі қазақ әдебиетінің абыздары мен үзеңгілес, қаламдас, дос-жораларының шынайы мәлімдемелерінен кейін Әбіштанудан мол мағлұматтар алдық. Тал бесікте талпынып жатқан жас сәбидің кіндік қаны тамған жерінде Әбішті мақтадық та, Әбішпен мақтандық та! Өзі аз сөйледі, көп тыңдады.
Атырауға табан тіреген кезде мерейтой бағдарламасының басқа бағытта құрылғаны көзге бірден шалынды. Енді халық мерейтой иесін көбірек тыңдауды жоспарлапты. Бұл да орынды.
Ә дегенде облыстық тарихи мұражайға ат басын тіредік. Бұл заңды да. Болашағыңнан үміт етсең – өткеніңді ұмытпа. Мұражайды сол өлкенің паспорты деп қабылдау керек. Әбіш сөзімен айтсақ, тарих – адамдардың кеңістікті меңгеруі, игеруі. Ата-бабадан кейінгі ұрпаққа қандай мұра қалды? Нені мирас етті? Нені міндеттеді?
Осы тақылеттес ойлар әйгілі Сарайшыққа жеткенше санадан өшер болмады. Міне, кеңістікті меңгеру! Сарайшық – кезінде транзитгік сауда бекеті болған. Жеті ханның көзін көріп, дәл қазір бәрінің де, құлпытасын бауырына басып, үнсіз жатқан кәрі тарих. Ұлы пантеон. Сарайшықтың соңғы билеушісі Жүсіпханның құлпытасы ғаламат сыр шертеді. Ханның ерке қызы Сүйінбике нөкерлерін ертіп, алтындатқан кеме үстінде Ақжайыққа бет алған кеш қызығы көз алдымызға елестеп, Әбіш кітаптарын парақтап отырғандай күй кештік.
Әбіш ағаның «Дүние ғапыл» атты өлеңдер жинағының облыстық ғалымдар үйінде өткен тұсаукесер рәсімі тағылымды жиынның бірі болды. Кітаптың кіндік әкесі десе болғандай, академик-жазушы ағамыз Зейнолла Қабдолов: «Әбіш, жұртқа мәлім, поэзиядан сынға, сыннан прозаға көшті. Осы топтамаға тіпті драмасы да кіріп отыр. Демек, ол – жазушы, сыншы, драматург. Бола берсін, бәрібір… ол осының бәрінде де ақын… Қай жанрда болсын тауық секілді тұғжыңдап, жербауырлап қалмайды, қыранша қанат қағады, кең көсіледі, серпіледі, шамырқанады, шалқиды…» – деп ағынан ақтарылса, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, ақын Нұрлан Оразалин «Әбіш Кекілбайұлының «Дүние ғапыл» өлеңдер кітабы қазақ әдебиетінің алтын қорына қабылданатын сүбелі де қабырғалы дүние екендігін мәлімдеді.
Әр уақытта да ізденімпаз, танымпаз оқырмандардың қардай боратқан сұрақтарына жазушы да әбжіл жауап қайтарып жатты. Көп ішінен оқырманның бірі:
– Біз сізді жазушы ретінде, мемлекет қайраткері ретінде білеміз. Ал өлең жазуға қалай келгеніңізді естігіміз келеді, – деп сұрады. Әбіш аға:
– Жасыратыны жоқ, мен прозаға өлеңнен келдім. Кейінірек қойып кеттім. Әйтсе де, «Ұрыдан шыққан патша таққа отырса да, қасына жақындағанның қалтасын бір сипап қалмай қоймайды екен», — деп оқырмандарын күлдіріп, бір серпілтіп тастады. – Өлең – менің күнделік құралым. Өмір трактаттарымның шифрограммасы сияқты. Мен бұл кітабымның жарық көру-көрмеуін ұзақ ойландым, қабырғаларыммен кеңестім. Сосын жариялауға келістім. Әр оқырманның талғамы әр түрлі. Біреу іздегенін табар, біреу оқымас, ол – оқырманның өз еркі. Ал әрбір жазушының өз оқушысы болады. Баршаға бірдей ұнау мүмкін емес, ал солай боламын деп тырысу – ақымақтың ісі.
Мен де ақындық дертіменен ауыратын болғандықтан ба, «Дүние ғапыл» қолыма іліне сала, беттерін ақтара бастадым.
Ел болмақтың орнына,
Бара жатыр ел іріп.
Ойланбақтың орнына,
Жүргендер көп еліріп.
Сахарада тудық па,
Сағымды көп қудық па,
Желпіл қағып шығамыз,
Етек-жеңді жел үріп.
Желпілдедік, желпіндік,
Шетімізден жел кіндік.
Еркін ойлау орнына
Еліре сөйлер бейпілдік.
Аузымызбен тау жығып,
Тілімізбен жер тілдік.
Басқаны көрсек жағынып,
Бастасты көрсек қағынып.
Тұрамыз дау сағынып,
Жақыннан жау табылып.
Жақсы сөзге тарынып,
Жаман сөзге жарылып.
Су шалаптай шылдырап,
Қу бұтақтай сылдырап,
Қара суық соққанда
Қаптай қашқан тағыдай
Ойдан қырға құлдырап,
Бұралқы сөзге бұлдырап,
Осынша аңғырт болардай,
Осқырынған біздің жұрт,
Бұ Құдайға неғылды-ай!
«Замана термесі» десе болатын бұл өлеңінде өз халқына Абай көзімен қарайтын сұңғылалық танытады. Шындығында да етек-жеңіміз жиналмай, талай мықтының қалпағын теріс кигізіп, қара нарды қамырдай илеген нарық келген шақта, халқына ақын ретінде де, жанашыр ретінде де бұлай айтпай, қалай айтсын?! Шынтуайтқа келгенде, Бұхар жыраудан кейінгі халық жағдаятын жырлаған бірден-бір мемлекет адамы да осы Әбіш емес пе? Бүкіл шығыс халқына аты аян, Бейбарыс Сұлтанның Отаны, ұлттық поэзия сардары Махамбет шыққан Атырау өңірінен Әбіш неге шықпасқа?!
Махамбет атындағы облыстық драма театрында өткен «Зерделі сөздің зергері» деп аталатын сыр-сұхбат кешін айдарлы азаматтардың бірі, мәдениет қайраткері Асқар Харесов деген жігіт жүргізіп отырды. Бұл кештен әсерленбей кетпейтініне сенімді ел зиялыларынан залда ине шаншырға бос жер қалмады.
Әбіш аға кейінгілерге сабақ болсын деді ме, өз өмірбаянынан хабардар ете кетуді жөн көрді.
– Маңғыстау кіндік кескен жерім болса, Атырау – тұсау кескен, менің тағдырыма бағыт, талантыма қанат бітірген жер. Ата-бабаларымның қорымы да Нарын, Тайсойған, Жем бойлай жатыр. Атырау — рухани Отаным. Тәуекел басын бастаған қасиетті жер. Бақыт – қолыңның қимылында, көңілдің пиғылында.
Әлі есімде, бала кезім. Кең байтақ жеріміз бар десек, сол шектеулі кеңістік аймағына тұңғыш рет тау-кен институтынан барлаушылар шықты. Бескемпір ауылы, Уәлі деген жерден бастау алған геологтар мені жолбасшы етіп алды. Бала да болсам – жершілмін. Маңғыстау өңірі кенге бай. Мұнда мұнай да, газ да, түсті металл да бар. Бәрі де шыңырау алыста. Менің еңбегім ұнаған болу керек, оқу бітіретін жылы барлаушылардың жетекшісі Иван Иванович Бог деген ғалым кісі Алматыдағы тау-кен институтына түсуіме көмектесетінін айтты. Бірақ менің ойым басқа оқуда. ҚазГУ-дың журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Оқуға түсетініме сенімді сияқтымын. Қазақстан Республикасының Орталық комсомол комитетінің екі құрмет грамотасы, «Комсомольская правда», «Прикаспийское море» газеттеріне шыққан мақалаларым мен «тілшісі» деген куәлігім тағы бар. Бірақ ол кездің заңы басқа, оқуға екі жылдық стажы барлар кезексіз қабылданады екен де, мен сияқтылар сыпырылып, өтпей қалдық.
Емтиханды дұрыс тапсырдым, оның үстіне балауса еңбектерім ескерілген болуы керек, армандаған журфакқа түсе алмасам да, филология факультетіне қабылдандым. Одан кейінгі өмірбаяным өздеріңізге аян…
Бұл кештегі қойылған сауалдардың шегі жоқ еді десе де болғандай. Ел жағдайы, мемлекет жағдайы, халықаралық қарым-қатынас, Қазақстанның қазба байлықтары, тіпті, кадр мәселелері бойынша да қызығушылық танытып жатқандар болды.
Қара сөздің майын тамызып, біз айтар қарабайыр сөздеріміз шешеннің аузына түскенде қызғалдақтай құлпырып, жауқазындай төгіліп, ауыздан шыққан тұтас сөз түгілі, әріптерге жан бітіп, билей жөнелгендей, көкірек – күйсандықтан уыс-уыс күміс шашылғандай. Көсемдігі мен шешендігі тең түскен осы кісілердің сөзін тыңдай алғанымыз үшін де бір кезде бақыттымыз деп айтармыз.
Бұл аптада көргенім мен көкірек көзіне түйгенім бір әңгіме аясына сия қоймас, дей тұрсам да, жақсыға еріп ел көргенімді, жер көргенімді оқырмандарыма сыр сандықты ақтарғандай өріп бергенімді ешкім әбес көре қоймас деймін.
«Қимас сәттер артта қалды. Маңғаз Маңғыстау, тәкаппар Атырау, аяулы Әбіш аға, хош!», – деп, біз де туған жерге оралдық.
Ел алдында есеп беріп қайтты. Алдағы уақытта не ойлайды екен? Кеше де, бүгін де, ертең де Әбіш ағаның ойын онға, қиялын қырыққа бөлетін бір-ақ нәрсе бар. Ол – елінің ертеңі. «Түнгі Кәлима» өлеңінде:
Аллада сонда бар ма еді соңғы сұрағың,
Алладан не деп ақырғы рет сұрадың?
Аллаға сонда ақырғы қояр сұрағым:
– Қалса орнында мына Жер менен мына Күн.
Жалынамын, жаппар ием, өзіңнен,
Қарағайсың шарапатты көзіңмен
Қасіреті асқан, қасқа маңдай қазаққа.
Көнтері боп, көндігетін азапқа,
Көншімей жатқан көңілі бостан азатқа,
Ұшырата көрме масқара менен мазаққа!
Саппастардың сөзіне ертіп сабылтпа,
Тантықтарға ертіп,
әумесерлерге табынтпа!
Тасынтам деп жүріп,
Тап қылма қайта тамұққа,
Қанағатты білгізбей
Қағынан жерінтіп қағынтпа.
Бекіткенше буынын нық,
Ұстата гөр туын тік.
Соған кәміл сеніммен
Кетуге жазса дәл қазір
Қорықпаймын өлімнен, – дейді.
* * *
Бұл – ағаның шыны да, сыры да.
Алматы-Ақтау-Атырау-Шымкент.
1999 жылғы 5-10 желтоқсан.