ҰЛТТЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДЫ ҰЛЫҚТАҒАН…
Сайлаубек Жұмабек ана бір жылдары көрнекті жазушы Тахауи Ахтанов шығармашылығы мен азаматтығы туралы жазған «Талант тектоникасы» роман-портретінің кіріспесінде:
«Ұлы Абайдың: Өзім де басқа шауып төске өрледім, Қазақта қара сөзге дес бермедім», – дейтін әрі ақындық, әрі өмірлік шындығы даусыз афористік жолдарын әр талант иесі салыстырмалы түрде өзіне қарата айтып жататыны бар. Әрине, мұны сондай тұста әбес көрудің жөні жоқ.
…Міне, Абайдың осынау афоризмін өзінің өр де батыр тұлғасымен, ерек те еңселі болмысымен, жалпақ қазақтың жағасы болып жүрген сирек ағаларға тән көсем парасатымен, көшбасшылық қайраткерлігімен қайталаған ірі дарындардың бірі – көрнекті суреткер, халық жазушысы Тахауи Ахтанов еді», – депті.
Енді уақыт келгенде, өзі де сол алыптар қатарында аталатындай кезең кезде Сәкеңнің Тахауи атына қарап айтқан сөзін өзіне қарата айтып, Сайлаубек сыншы, азаматқа бағыштап: «Әрине, мұны сондай тұста әбес көрудің жөні жоқ» десек артық айтқандық емес. Өйткені, «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» дегенге саятын қағидаға ден қойсақ, бүгінде жетпіске ден қояр сыншының жөні де, жосығы да сондай.
Ол ешкімнен, еш уақытта қысылмай, қымтырылмай арқын-жарқын жүретін. Бар болмысы – етжеңді тұла бойын ашық та – еркін күлкісіне қосып, рахаттана, барынша ынта-шынтасымен күлетін;
Ол қандай тақырыпты, кім, не туралы айтып-жазбасын, оларға терең де ойлы мазмұн-мән мен сын теориясының салқын-салмақты қалпына қан жүгіртіп, көркем де жылы лепті лирикалық көңіл-күй қосып, асқақтатып та, шалықтата көтеріңкі көңіл-күй беретін;
Ол білім мен біліктілік көрсетуге келгенде де, артық мақтанға бармай, нендей тақырыптағы болмасын мәселеге батыл араласып, өзінің ойын ірікпей айтуды бойсіңді де, ойсіңді білімпаздығын танытатын;
Ол, сосын, ешкімді ешқашан жатсынбайтын, нағыз демократиялық бағыт-бағдардағы ашық қоғамның азаматы, сарабдал да, шыншыл сыншысы еді. Әдебиетіміздің ардагері, құрметті Шерағаң Шерхан Мұртазаның: Анда-санда Мәскеуде, яки Ташкент, не Бішкекте кездесе қалсам, Шыңғыс Айтматов ағамыздың алдымен сұрайтын адамдарының бірі – Сайлаубек Жұмабек.
Иә, Шыңғыс шығармалары туралы Сайлаубектің сын жазғаны рас. Сонда, Шыңғыс сын көрмей жүр ме екен? Мақтау естімей жүр ме екен.
Демек, мәселе басқада. Ол – Сайлаубектің шығарманы, жалпы әдебиетті өзге сыншылардан гөрі жете танитындығы. Сол танығанын бүкпесіз, риясыз, тек өзіне тән турашылдықпен айта білетіндігі. Бірақ «турасын айтсаң – туғаныңа жақпайсың» деген де бар. Шын сыншының тағдырын Құдай солай жаратқан. Бірақ өйтіп үркектеп қалған Сайлаубек жоқ, қарағай тектес. Сынса да шарт сынады. Әсте иілмейді. Есесіне түзу, – дей келе ағынан ақтарылып, ағалық та әріптестік ниетпен;
Көп сыншылар иілгіш, икемделгіш, яки күйдіргі, жала жапқыш. Олардан әділ сөз есту қиын. Ал өтірік мақтау – өз сорың. Оны Абай баяғыда айтқан: «Сенбе жұртқа тұрса да сені мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап…».
Қазір қазақ әдебиетінде сын жоқ. Сондықтан динозаврлар дәуірінен жалғыз тұқым сияқты Сайлаубектің зәру сыны да бұл заманда таңқаларлық ерлікпен тең.
Бірақ еңбекті, ерлікті елеп жатқан кім бар?..
Елу деген ердің жасы, ерлік істердің жасы.
Қарағай туралы бірдеңе деп қалдық.
Қасиетті қарағай тек түзу ғана емес, мәрт қана емес, ол әрі көп жасайды және мәңгі жасыл боп тұрады. Сайлаубекке қарағайдың сол қасиеттері де жұғысты болсын!..– деуінде де, сол қадір-қасиеттің ұшқыны, ұштығы, шындығы жатыр. Сайлаубек көкем Жұмабектің адами- азаматтық тұлғасы мен сыншылық-сындарлығын дөп басқан Шерағаң, оның әдебиеттегі ұстаным, бағыт-бағдарын да тамыршыдай анықтап бере алған. Иә, Шерағаң сөзінің жаны бар. Сайлаубек Жұмабектің сыншылық қадір-қасиеті «Бәрібір бүгін болмаса, ертең еленеді. Табанақы, маңдай тер текке кетпес». Кетпес емес-ау! Кетпей де жатыр. Бұлай дейтініміз, қазіргі өзін сыншы санайтын немесе әдебиетші танитын қауым оның еңбектеріне иек артып, тілге тиек етіп жатуы соның көрінісі.
Шерағаң, елу жасқа толған Сайлаубек Жұмабектің «Сын симфониясы» кітабына жазған «Қарағайдың қарсы бұтағындай» атты алғы сөзінде жоғарыдағы біз тілге тиек еткендей жайларды баса көрсетіп, ерекше екпінмен айтыпты. Біз бұдан артық айта да алмаспыз. Соған қарамай, Сайлаубек сыншы алпыс жасқа толғанда, оның сын шығармасындағы ұлт сүю үрдісінің ұлағаттылығына тоқтаппыз. Онда біз бүй дейміз:
«Егер ХІХ-ХХ ғасыр әдебиет тарихына көз жүгіртсек, оның даму негізінің «өлшем бірлігі» он жылдықтар болып саналады. Әлі де солай. Бұл әлем әдебиеті деген ұғымнан өсіп-өнген өлшем. Ендеше, оны тілі мен ділі бар, дәстүр мен салты, әрі әдет-ғұрпы қалыптасқан қай ел-жұрттың болмасын әдебиеті мен мәдениетіне тең телитін ұғым-түсінік ретінде қабылдау керек. Біздің поэзияға, прозаға, драматургияға, сынға 20-30-40-50-60-шы жылдары келген толқын деп жататынымыздың да сыры сонда. Әлі, не бұл мәселе туралы алуан-алуан пікір айтып, сан түрлі ой түюге болады. Бірақ соған қарамастан ол тарихи шығармашылық факті».
Енді біз аталған фактіге, яғни жайға неге соншалықты шүйлігіп, барынша індетіп кеткеніміздің сырын айтайық. Оған себепкер, тілімізге тиек, әңгімемізге арқау болып отырған белгілі сыншы Сайлаубек Жұмабек. Өйткені, ХХ ғасырдың 60-шы жылдарындағы әдеби-мәдени ортаның көрігін алдыңғы толқын қазақ әдебиеті алыптарының көзі тірі М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин бастаған топтардан именбей «Сын шын болсын, шын сын болсын» деген принципті ұстанған жастар Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғалиев секілді азуы алты қарыс сыншылар қалыптасып, олар келе-келе салиқалы да, салмақты ой-түйіндерге бет бұрып, сабырлылыққа көшкен тұста, сынға 70 жылдардың түлектері Сағат Әшімбаев, Сайлаубек Жұмабек, оның ішінде ақын Жарасқан Әбдірашев бар бір топ келді.
Міне, сол тұстан бастап қазақтың әдеби көркем сынының тұғыры нықтала, көркемдік көкжиегі кеңейе, Кеңістік пен Уақыт деп аталатын мәңгілік ұғым түсініктерге қазақ сынында да тосын түрен салына бастады. Сөйтіп, Сайлаубек Жұмабек айтып жазғандай, «неғұрлым шоқтықты шығармаға, көшелі туындыға қамшы салу үрдісін» нық бастаған алдыңғы толқын ағалар үрдіс-үріміне сол Сайлаубек Жұмабек толқыны қосылды. Олардың ұстанымы тағы да сыншы Сәкең айтқандай, «сын – тек көркемдік ақиқаттарға ғана қызмет ету керек» принципі болды. Бұл сын саласындағы алдыңғы толқын сыншылардың айтқан «Сын шын болсын, шын сын болсын» принциптегі ұстанымына қарағанда, қазақ әдебиетінің көркем сынын нақтылай түсетін мақсат-мүддедегі принципшілдік болатын. Сонымен бірге, ол сол бір кезеңнің әдебиеттегі бағыт-бағдарын түзеген Темірқазығы да еді. Бұл күнде қазақ сынының алдыңғы толқынында жүріп, тіпті қазақ тілімен айтқанда, ақсақалдыққа қарай бет бұрған Сайлаубек Жұмабектің сол бір жас кезінде ұстанған принципі бүгін де өзгермеген. Әлі де сол кредо, сол бағыт-бағдар, сол ұстаным-ұстын, сол ар-ождан санайды. Өйткені, ол оны өзінің парызы санайды, әрі оған өзіндік ешкімге ұқсамайтын, ұқсауға тырыспайтын талант-танымының парасат-пайымымен қызмет етеді. Оның жақында ғана жарық көрген әдеби толғаныстар мен мақалалардан тұратын таңдамалысы «Сын симфониясы» кітабы соның айғағы. Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сайлаубек Жұмабектің аталған таңдамалы кітабына оның 1970-2005 жылдар аралығындағы баспасөз беттерінде жарық көрген, кезінде әдеби жұртшылық пен оқырмандардың назарын аударған, соған қарамай басым дені бұрынғы сын жинақтарына енбеген толғаныстар мен мақалаларының бір тобы топтастырылған.
Нағыз сыншы қай кезең, кезде де, қандай да болмасын әдеби процеске белсене араласушы және оның көрсеткіш барометрі болып табылады. Ал оның сол жолда талантының талғам-таразысы, өзі сөз еткелі отырған немесе болашақта сөз ететін шығарма-материалына өзіндік пайым-парасатпен өрген тұжырым-түйіні, содан соң, оған деген қарымды көзқарасы болмаса, онда оны сыншы деп айдарлап-асқақтату артық іс. Міне, мәселеге осы тұрғыдан келген Сайлаубек Жұмабектің «Сын симфониясы» кітабы сол талап-тілектер мен талғамдардан табылған жинақ. Оның үстіне әдебиетте кәсіби сыншы болып қалу екінің бірінің қолынан келе бермейтін жағдай. Өйткені, сыншы тартатын азапты кез келген жанрдағы творчестволық адамның басына бермесін. Олардың қай ұлттың болмасын әдеби-мәдени өміріндегі жүріп жатқан процесте аз болатыны да содан. Әдеби сын мақала жазуға болады. Бірақ сын тарихында нағыз сыншы болып қалу қияметтің қайымы. Сыншы Сайлаубек Жұмабек сондай ұстанымдағы әрі бағыт-бағдардағы «от пен судан» аман өтіп, сын тарихында өзіндік қолтаңбасы мен көзқарасы бар нағыз сыншы ретінде қалыптасқан қаламгер. Оның аталған кітаптағы беташар сөзіндегі «…жоқ жерден шала бүлініп, ретті-ретсіз «сын жоқ, әсіресе шын сын жоқ» немесе «сын түзелмей, мін түзелмейді» дейтін жалған жанашырсымақтардың өзеурей даурығып не даурықтырып жүретіні бар. Олардың бүркемеленген түп мақсаттары ежелден бері бір-ақ нәрсені көздейді. Онысы, мәселен, тек өздері туралы, тек солар туралы ғана үстін-үстін төпеп жаза берсе, жазыла берсе делінетін эгоистік мүдде ғана. Егер осындай ой-мүдделер жүзеге асып жатса ғана, әдебиетте көркем сын – шын сын бар болып шығады, шын сыншылар – нағыз сыншылар бар болып шығады. Ал бұл біздің әдеби процесімізде әлі бір толастаған емес» деуінің өзі соның айғағы. Сонымен бірге, осынау бір ағынан ақтарылып, ақжарма көңіл танытқан сырында, оның көркем сын саласындағы еңбегінің талғамы мен талабынан туған принципшілдік ұстанымы байқалады емес пе. Мұның барлығына сыншы Сайлаубек Жұмабектің қансіңді еңбекқорлығы арқылы қол жеткізген табысы бар.
Жалпы, шығарманы немесе дәлірек айтқанда, қолдағы материалдың жақсы-жаманын ажыратып беруге болар, бірақ оның көркемдік ақиқатына қызмет ету өзінше бір игеруге келе бермейтін, игергенде де нағыз таланттардың еншісіндегі өлшем. Қандай да бір сыншыға қояр талаптың басты критерийі де coнда. Бұны айтып отырған себебіміз, Сайлаубек Жұмабектің аталған кітабында «Көтеріліс және көркемдік танымдар генетикасы» атты сыни мақала бар. Сыншының аталған әдеби көркем сын мақаласындағы М.Әуезовтің «Қилы заман» және Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» кітаптарын «роман-трагедия» жүгін көтерген шығармалар ретінде айдарлап, оларға «христоматиялық-канондық» құндылық санатында баға беруінің өзі сол шығарманың көркемдік ақиқатына қызмет ету болып табылады емес пе. М.Әуезов пен А.Сүлейменовтің аталған шығармалары ұлттың сана-сезімін көтеруге қаншалықты қызмет етсе, олардың қазақ әдебиетіндегі орнын анықтап және аталған шығармалардың тарихи-табиғи көркемдік болмысындағы ақиқатын ашып берген сыншы Сайлаубек Жұмабектің сыны да өзінің туған халқына соншалықты қызмет еткен құбылыс.
Сыншы Сайлаубек Жұмабек аталған екі ұлы жазушының төлқұжаттарындай қос шығармасын талқылау барысында өзінің сыншылық қадір-қасиетін ғана емес, сонымен бірге, әдебиеттанудағы хронологиялық-монографиялық стильде жұмыс істеудің озық үлгісін көрсетеді. Бір тақырып – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті сөз еткен қос ұлы шығарманың ішкі-сыртқы және бір-бірімен психологиялық және көркемдік байланыстарын нақты да жан-жақты жеткізе білген сыншының алымдылығы осы тұста анық байқалады. Автордың талап-талғамымен айтқанда, шынында да ұлы суреткер Мұхтар Әуезов пен көрнекті суреткер Асқар Сүлейменов өздерінің атақты «Қилы заман» және «Бесатар» шығармаларына неліктен келген? Бұл жәйден-жәй көтерілген мәселе емес. Міне, өзі көрнекті сыншы дәрежесіне жеткен Сайлаубек Жұмабек осыған жауап іздейді және оны өзінің қашан да биік деңгейден қарап үйренген сыни талап-талғамы арқылы табады да: «XVIII-XX ғасыр басындағы әр алуан көтерілістер туралы тарихи шындықтар мен тарихи жырлардан ұлы Мұхтар Әуезов те, суреткер Асқар Сүлейменов тe қыруар тағылым алған. Шынайы тарихи құжаттардан қанатты қорек алған. Суреткерлік пен көркемдік образдар жүйесіндегі тапқырлықтар; тарихи-әлеуметтік шындықтардың монументальдық бітімдері; қос суреткердің әрі ашық, әрі астарлы көркемдік-философияяық өлмес-өшпес ойларындағы ұлттық-тәуелсіздік рухы; азаттық пен еркіндік сүйгіш халқымыздың әрі қымбат, әрі қастерлі, қайсар болмыстары; жігерлі де табанды шайқастары өміршең асқақтығымен ерекше шоң көркемдік биіктерге жетелейді» дейді.
Ендігі тағы бір тынысты да терең әдеби көркем сын пішім-порымының үлгісі – Сайлаубек Жұмабектің «Ой олимпіндегі ойшыл суреткер» және «Ұлы Даланың ұлы эпосы» атты сыни көркем мақаласы. Онда ол: «Тәуелсіз жаңа әдебиетімізде бірі – прозамен жазылған; бірі – поэзиямен жазылған Ұлы Даланың ұлы эпостары жарқ ете қалды!
Алғашқысы – ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлының он екі томдық шығармалар жинағы!
Екіншісі – ұлы шайыр Қадыр Мырза-Әлидің тандамалы туындыларының (әзірше он екі том) көп томдығы!» дейді. Көрдіңіздер ме, сыншының алдына қойған мақсаты ұлан-ғайыр әрі күрделі. Бұлай дейтініміз,шынында да аталған жазушы мен ақынның қалам-қарымдары мен талант-тарының өзі сол эпикалық тыныстың озық үлгісі ретінде танылған, содан соң, мойындалған құбылыстар. Сыншы автор осыны жақсы біліп, сезінген. Яғни оны сыншылық интуиция объекті таңдауда да еш жаңылыстырмайды. Маған осындағы жазушы мен ақынның эпикалық тынысына сай сыншының да өз материалдарына соншалықты дәрежеде «қызмет» етіп, асып-тасқан сезім легінің тасқынында қалмай сыни көркемдік ақиқатқа оқырманның көзін жеткізе білуі ұнайды. Өйткені, тұла бойдан шымырлай шығып, кейде ақылға, оның ішінде сыни талдап-талқылауға бой бермейтін тұстан аман өтіп, оны көркем сыни пікірге бағындыра білу кез келген сыншының маңдайына жазыла бермеген жағдай. Бұдан сыншы Сайлаубек Жұмабек мүдірмей өтеді. Кез келген көркем шығарманың қадір-қасиеті мен құндылығын қалтқысыз анықтап, оған нақты бағасын беру үшін сыншы алдымен ақиқат арашасы бола алатын қасиетке ие болумен бірге, ол нағыз өнерді объективті және терең түсіне білуі тиіс. Сонан соң, нағыз сыншының ең үлкен қасиетінің тағы да бір қыры ретінде қарайтын жағдай, ол қай мезгілде де әдеби процестегі қарама-қайшылықтарда қалыс немесе қалтарыста қалып немқұрайдылық танытпай, өзінің азаматтық-сыншылық позициясын білдіріп отыруы. Сонымен бірге, сыншы оқырман мен творчество адамы арасындағы алтын көпір немесе делдал деуге келетін құбылыс. Мұнда да, сыншы Сайлаубек Жұмабек өз ісін адал атқарып, азаматтық танытады. Мұны біз аталған жинақтағы «Ата-қазақ – Ахмет», «Қасірет пен қайсарлық жырлары», «Титан талант – тұрлаулы өнер», «Құдіретті талант, сөнбейтін жұлдыз», «Тағдыры – сын, жаратылысы – сыншы», «Шын сын да – шын сыншыда» атты әдеби көркем сын мақалаларынан анық байқаймыз. Сайлаубек Жұмабек сыншы, сонымен бірге, жеке тұлғалардың шығармашылық және азаматтық бейне, болмыс-бітімдеріне, олардың көзі тірісінде жан-жақты зерттеп-зерделеп жазу арқылы салмақты да салиқалы пікір білдіруші де. Олардың арасында әдебиет алыптары М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиннің көзін көріп, пікірлес болған Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Қалаубек Тұрсынқұлов туралы жазған «Талант тектоникасы», «Жұлдызы нұрлы суреткер», «Қазығұрт перзенті» атты сыни көркем шығармалары да бар. Бұлардың қай-қайсысы да қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлкен үлес қосқан сол қаламгерлердің ғұмырнама-шығармашылық төл құжаттарын анықтайтын дүниелер десе де боларлық өзінше бір сырлы дүниелер.
Жалпы, «Сын симфониясы» кітабы – белгілі сыншы Сайлаубек Жұмабектің шығармасындағы ең үлкен құбылысқа келетін еңбектің жемісі. Ол онда XX ғасыр және қазіргі қазақ әдебиетінің тұтас бір понорамасы деуге келетін сыншы ретінде көз алдымызға келеді. Қазақ әдебиеті тарихы қашанда өздерінің сыншыларының еңбектері арқылы оқырманға жан-жақты әрі сан қырлы пішім-порымда, кескін-келбетінде, болмыс-бітімінде жетіп отырған. Оны жеткізуші сынның авторлары сол Сайлаубек Жұмабек сынды, Шерағаң – Шерхан Мұртаза тілімен айтқанда, «Қарағайдың карсы бұтағындай» сыншылар. Солардың бірі де, бірегейі Сәкең – Сайлаубек Жұмабек.
Осындайда есіңе қай-қайдағы оралады. Уақыт оралдырмай қоймайды. Өйткені, уақыт – сыншы да, емші де деген сол. Сайлаубек көкем Жұмабектің өмірден өткеніне де едәуір уақыт болыпты. Соған қарамай, білгір де, білікті сыншының жоғарыдағы біз сөз еткен сын мақалаларының құндылығы жоғалуын былай қойғанда, олар қайта айшықтанып, айқұлақтана түскендей. Күні кеше ғана,«көзі тірі болса, жетпіске толып – айналасына толысқан ой, толғамды пікірлерімен қарап тұрар еді-ау» деген сыншы өзінің «Сын симфониясы» атты таңдамалы әдеби толғаныстар мен мақалаларына жазған «Сын – тек көркемдік ақиқаттарға ғана қызмет ету керек» деген беташар сөзін оқып, жоғарыдағы айтып отырған сөзіміздің нақтылығына көзіміз жеткен үстіне жете түсті. Сыншының уақыт пен кеңістік талап-талғамынан табылып, сыншы мен оқырман арасындағы байланыстың үзілмеуінің сыры да, оның артына өлместей сөз қалдырғанында болса керек. Сөз болғанда қандай сөз. Қазіргі сөз бостандығы мен ерік еркіндігінің көрінісіндегідей болып жатқан әрі өтіп жатқан жайлардың барлығын сыншы сол кездің өзінде-ақ сезініп, білген секілді. Сайлаубек сыншы көзі тірісінде-ақ, өзінен кейінгі жас ұрпақ сыншылардың не айтып, қалай жазатынына дейін біліп, түйіндеп кеткен секілді. Соның бір парасы, біз тілге тиек етіп отырған беташар сөзде бар. Онда ол бүй дейді: «…көкжасық, бірде әлеуметтік – бірде тарихи-ұлттық жадағай желпінісі мол туындыны тым жалаң мадақтаған, тым жалпылама жарылқап тастаған, мүшелтойлық-мерейтойлық тостарға лайық марапаттаулар – (әр алуан мақалалар, пікірлер, лебіздер, экспромттық тапқырлықтар) ешқашан шын сын – шынайы сын, көркем сын болған емес. Меніңше, мұндай «сын мақалалар мен пікірлер» шынтуайтына келгенде, зоопарктердегі әрі тар, әрі тор кетекханаларда анда-санда таңсық асы – банан жеп, есіріп бәңгі болған мешін – маймылдардың бір сәттік сайқымазақ іс-әрекетінен басқаны білдіртпейді. Ал бұл біздің әдеби процесімізде әлі бір толастаған емес, – дей келіп, ол былайша толғайды: – Енді базбірде, жоқ жерден шала бүлініп, ретті-ретсіз «сын жоқ, әсіресе, шын сын жоқ» немесе «сын түзелмей, мін түзелмейді» дейтін жалған жанашырсымақтардың өзеурене даурығып, не даурықтырып жүретіні бар. Олардың бүркемеленген түп мақсаттары ежелден бері бір-ақ нәрсені көздейді. Онысы, мәселен, тек өздері туралы, тек солар туралы ғана үстін-үстін төпеп жаза берсе, жазыла берсе делінетін эгоистік мүдде ғана. Егер осындай ой-мүдделер жүзеге асып жатса ғана, әдебиетте көркем сын – шын сын бар болып шығады, шын сыншылар – нағыз сыншылар бар болып шығады. Ал бұл біздің әдеби процесімізде әлі бір толастаған емес».
Міне, көрдіңіздер ме, сыншы бүгінгі күндегі әдеби процестерде жүріп жатқан сын саласындағы кетік-кемшіліктерді сол кездің өзінде-ақ, Алла берді түйсікпен біліп, сезінгендей жазады. Шындығында да, қазір мақтаудың жөн-жосығы осы екен деп мүшелтойлық, мерейтойлық тостарға лайық марапат-мақалаларды оқығанда, Сәкең, Сайлаубек сыншы сөзін еріксіз есіңе аласың. Ал енді өзі қарық қылып жаза алмай немесе атүсті, ет пен терінің арасындағы қалам қарыммен жазғандарын шедевр санап, менің жазғандарымды жан-жақты талдап беретін сын жоқ деушілердің «температурасын» көрсететін жоғарыдағы сөздерге неге қосылып, қол қоймасқа. Мен бұны сыншының бақыты дер едім. Бақытты болатыны сол, оның көзі тірісінде айтқан сөздері, оның өмірден өткеніне қарамай актуальдылығын жоғалтпай тұрғанында.
Бейопа дүние кімнен қалмаған, кімдерге мекен болмаған. Болмай тұр. Осыны сезініп білгенде Сайлаубек көкем Жұмабек сияқты аптал азамат, әдебиет сыншысы өмірде жүре тұрғанда көп болар ма еді, деп те ойлайсың пенде басыңмен. Шүкірлік ететіні, оның артында өлместей сөз, айтудай айтылған сындарлы сын қалғанына қуанасың. Ол сынның кейіпкерлері кімдер дейсіздер ғой. Айтайық, олар: Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, Тәкен Әлімқұлов, Бердібек Соқпақбаев, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақов, Фариза Оңғарсынова, Зейнолла Серікқалиев болып ары қарата кете береді. Оған сыншының өз қатарлы – ақын-жазушылар туралы жазғанын қоссақ, онда сыншының шығармашылық ауқымы әрі сыншылық көңіл көкжиегі одан да ары кеңейе түседі. Бүгін сондай сарабдал сыншыны еске алып, оның қазақ әдебиетінің ішіндегі сын жанрына қосқан үлесін әңгіме ету біздің пешенемізге жазса, онда ол да ниет-көңіл түзулігі. Өйткені, Сайлаубек Жұмабек сын саласының сарабдал-сардары ұлттық шығармаларды ұлықтаған сыншы еді. Оның жан жүрегіне, әдеби әлеміне үңілу біздей пендеңізге қуаныш қана.
Аманхан ӘЛІМҰЛЫ.