Еселенген айыппұл жолдағы қауіпсіздікті арт­тыра ма?
21.06.2024
190
0

«Қауіпсіз қоғам» бастамасының нәтижелі болуына ең алдымен ел тұрғындарының өздері мүдделі болуға тиіс. Бұл пафос та, пропаганда да емес, қалыптасқан жағдайға нақты баға беру болса керек.

Әрі мұның астарында қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың бірнеше саласы бойынша ашықтық пен жариялықтың да сипаты тұр. Оған қол жеткізу үшін заң талабын күшейтудің маңызы артады. Ал талап күшейген соң жазалау да қатая түспек. Өкінішке қарай, қазақ қоғамында қауіпсіздікті арттыру үшін жазалау механизмдерінің іске қосылуы оң қабылданбайды. Тіпті мұндай тақырыпқа қатысты тараған ақпарат­тарда сананы манипуляциялау белгісі басымдау. Мәселен, биылдан бастап жол ережесін бұзуға қатысты талаптар күшейтіліп, сәйкесінше ереже бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемі де өсті. Дәл осы бағыт­тағы қоғамдық пікір «Қазақстан – штрафстан» дегенге де­йін барып, басылды. Ал шындығына келгенде талаптың күшеюі заңды сыйлайтын, ережеге бағынатын адамдар санының артуына әкеледі екен. Мұны адам жанына үңілуші психолог мамандар да, тәртіпті қадағалаушы орган өкілдері де айтып отыр.
Жол ережесін бұзу демекші, мұның артында адам өмірін жалмайтын қайғылы деректер тұрғанын ашық айтайық. Ішкі істер министрлігінің дерегіне көз салсақ, биылғы 5 айда ғана елімізде болған көлік апатынан 500 адамның өмірі қиылған. Бұл бұрнағы кезеңдермен салыстырғанда азайған дерек екен. Былтырғы 9 айда 9,8 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Соның салдарынан 14 мың адам зардап шеккен. Өкініштісі, 1,6 мың адам қаза тауыпты.
Мамандар апат­ты жағдайдың барлығы дерлік жол ережесін өрескел бұзудың кесірінен болған дейді. Әсіресе жылдамдықты арт­тыру мен жолдағы ескерту белгілерін елемеудің соңы қайғылы жағдайға душар етуде. Өткен жылы болған жол апат­тарының статистикасына қарасақ, 2 381 оқиға жолдағы жылдамдықты қасақана асырудың кесірінен болған екен және осындай сипат­тағы заң бұзушылықты азайтуға айыппұлдың артуы да аса бір әсер етпегенге ұқсайды. Дегенмен, айыппұл сомасының көбеюі көптеген көлік жүргізушісін тәубесіне түсіргені анық.
– Рас, біз жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін төленетін айыппұлдардың көбейгеніне шағымданушылардың бар екенін білеміз. Басын ашып алайық, бұл айыппұлдың бәрі жол ережесін өрескел бұзған адамдарға қатысты. Ал заң бойын­ша жүретін адам ешқандай айыппұл төлемейді. Мысалы, жылдамдықты арт­тырған адам қалай жазасыз кете беруі керек? Алыс жолдарды былай қойғанда, Астанада сағатына 200 шақырым жылдамдықпен жүретіндер бейнебақылауға түсіп қалған. Бұл бір ғана жағдай емес. Мұндай жүргізушілер тек айыппұл төлеп қана қоймай, жазалануы керек. Сондықтан айыппұлдың көп болуы осындай жағдайларды азайту үшін қабылданған шара, – дейді әкімшілік полиция комитетінің басшысы Қайсар Сұлтанбаев.

Қалмаханбет Мұқаметқали

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір