ЖАНСҮГІРОВ ТАҒЫЛЫМЫ
Таяуда Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Жансүгіров тағылымы» атты дәстүрлі республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияны университет ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, з.ғ.д., профессор Әбдіманап Бектұрғанов ашып, Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова жиынға қатысушыларды құттықтады. Пленарлық мәжілісте Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық мұрасын орта, жоғары мектепте оқыту мен зерттеу бағытында бірнеше жылдан бері ауқымды жұмыс жасап отырған І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті «Ілиястану» ғылыми-тәжірибелік орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Сыздықов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Қанипаш Мәдібаева, Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі Нұргүл Жаңабаевалардың жазушының шеберлік ерекшеліктері туралы баяндамалары тыңдалды. Екі күнге созылған конференцияда «Гуманитарлық ғылымдар», «Мәдениет және өнер», «Жаратылыстану, техникалық ғылымдар», «Педагогикалық білім беру саласындағы инновациялық технологиялар», т.б. секциялар жұмыс жасады. Конференция барысында қысқа ғұмырында туған халқының өркениет өрісіне шығуы бағытында тынымсыз еңбек жасап, дәстүр байытқан, тыңға түрен салған, үздік шығармалар жазған қазақтың біртуар перзенті Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұрасы білім беру мен ғылыми зерттеулер жүргізудің заманауи жаңа талаптары ауқымында жан-жақты сараланып, пысықтала түсті. Конференция материалдары ғылыми жинақ болып басылып шықты.