ДАРА ДАРЫН
Адам ғұмыры ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді. Сөзімен емес, тындырған ісімен танылып, саналы ғұмыр кешкен адамды қазақ «Ақсақал» деп зор құрметке бөлеген. Қ.Сәтбаев, Е.Бөкетов және Е.Бекмахановтай қазақтың маңдайына біткен нар тұлғалардың өмір жолын зерттеуге, ел тарихын қайтаруға жарты ғасыр ғұмырын арнаған жазушы, драматург, «Құрмет» орденінің иегері, Шығыс Қазақстан және Семей университеттерінің Құрметті профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясы мен Тарих және қоғамдық ғылымдар академияларының толық мүшесі, Абыралы және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Медеу Cәрсеке де осындай сүйіспеншілікке ие болып отыр.
Семей облыстық тарихи өлкетану музейінде Медеу Сәрсекенің туғанына 80 жыл толуына орай «Дара дарын» атты кездесу кеші өтті. Музей директоры Б.Теміров жазушы еңбектерінің тәрбиелік мәніне тоқталып, шығармашылығын сөз етті. Жазушының қаламгерлік лабораториясы жайлы филология ғылымдарының докторы, профессор А.Еспенбетов, т.ғ.к. А.Рахметуллин баяндама жасады. Жиын барысында ақындар Д.Омарбаева, Т.Әбдікәкімов кеш иесіне арнау айтса, Семейдің Ә.Қашаубаев атындағы филармониясы және қалалық мәдениет сарайының өнерпаздары жиналған жұртшылықты ән мен күйге бөледі.