Күрсінемін іңірге ұзақ үздігіп…

Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрінің бірлескен жобасы «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебіне» қатысқан бір топ жас ақынның туындыларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Де жа вю
(Інім Жанболатқа)
Бошалап түнім, атқанда бозғылт таңым
Жөңкілуші еді төбемнен қозы бұлттарым.
Дәл сендей мен де даланың еркесі болып,
Дәл сендей мен де бабалар сөзін ұрттадым,
Сенің жасыңда…
Анамның жайған ақ құрты таңдайымда еріп,
Даланың ерке самалы маңдайымды өбіп.
Арманымды ерттеп кетемін арғымақ қылып,
Қиялмен кезіп қиянды әрдайым желіп.
Сенің жасыңда…
Жүгірдім қанша жеткізбес жылқы-сағымға,
Қаламын, сосын, қамығып мұң құшағында.
Даламды ерен сидырды әсершіл кеудем,
Далама келіп қидырдым жыр «тұсауын да».
Сенің жасыңда…
Таңғала қарап дүние масатын көріп,
Ғаламмен бірге жан дүнием қоса түрленіп.
Жығыла қалсам…
мейірмен көк майса болып,
Алақанын да Жер-Анам тосатын келіп…
Сенің жасыңда…
Ашқарақ ойым бір сәтке тыным таппаған
Кездерімде бір әрнеге ұрынбақ болам.
Ішімде бейне бір әуен ойнайтын сонда,
Әуенді сол бір жүруші ем ыңылдап қана.
Сенің жасыңда…
Бүгінде соның барлығы безінді менен,
Өзіңді көріп кешегі кезімді көрем.
Кезімді көрем кешегі содан соң келіп,
Айнаға қарап өзгерген өзімді көрем.
Дәл сендей мен де болғанмын, сенесің бе, інім?!
Оралса деймін…
Оралмас сол есіл күнім.
Сол есіл күнім әлі жүр бейнеңде сенің,
Бейкүнә менің балалық елесім бүгін.
Қайда сол енді кеңістік кезген көңілім?!
Безбүйрек өмір бүгінде безгелдегімін.
Сенесің бе, інім, дәл сендей болғанмын мен де,
Дәл мендей енді бірақ сен өзгерме, күнім,
…Менің жасымда!
Наурызбек Сарша
Ауысым
Күздің алғашқы күні…
Ұйқымнан тұра, тоқыма көйлегімді кидім.
Қоп-қоңыр қалам ұстап ап,
Сап-сары күзді қашап тастадым
Әр бұрышына үйдің.
Аспанға қарап бұлт іздедім – таптым.
Терезені сүрттім, сыбдырын есту үшін
жапырақтың.
Жеңіл жамылғыны қалыңымен ауыстырдым,
балмұздақты шаймен.
Терезенің алдына қоңыр орындық қойдым…
Жаймен:
Күнтізбедегі тамыз парағын жыртып
тастадым.
Көзәйнегіме жаз салған суретті сүртіп
тастадым.
Мен осы терезенің алдында қанша күзді қарсы алдым екен?
Кері қарай жүрмейді енді ай тілі.
Кері өмір сүрмейді енді күн жүзі.
Дәл осы күн тоғыз ай түсіме кірді
Жаз менің үстімнен өткен еді,
Күз ішіме кірді.
Қыркүйек осылай басталады екен…
Сандуғаш Серікқызы
«Түйреуіш»
Қаланың түндегі алуан,
Шамдарын жақты іңір де.
Екеуміз бірге барған,
Той болып жатты бірде.
Мен саған ғашық едім,
Қараймын жанарыңа.
Көйлегің жасыл еді,
Жарасқан жамалыңа.
Қылықпен сонда әдемі,
Баурап ең небір мені.
Бір қызық болған еді,
Сол тойдың төріндегі.
Кенеттен сөйледің бір,
Қысылдың аздап әрі:
– Түймесі көйлегімнің
Үзіле жаздағалы
тұр, – дедің.
Қайтпек керек?!
Сен соған өкпелісің.
Шешімін айт, – деп кенет
Шешіліп кетпеу үшін.
Таққанмын түн ішінде,
Сол сәтте жаңа білдім,
Түйреуіш тігісінде
Бар еді балағымның.
Бермесем бұл – айыбым,
Лезде алып ұсынғамын.
Сейілді уайымың,
Сейілді қысылғаның.
Жымиған күйде күшті,
Жиынға күле кірдің.
Шаншыпсың түйреуішті,
Тұсына жүрегіңнің.
Бір сезім сүйген іште,
Тосылдым сұраққа бір.
Түйірдей түйреуіш пе
Жүргізген жүрекке әмір?..
Жоқсың ғой сенген-дағы,
Көрді ме көзің, жаным,
Сен үшін кеудемде әлі,
Түйірдей сезім барын.
Жөнім жоқ оны даулар,
Азайды ақ таңымыз.
Азайды қоңыраулар,
Азайды хаттарымыз.
Бөлді екен кім араны,
Сүйген кім,сүймеген кім?!
Кетпей жүр бірақ әлі
Кеудемді түйреген мұң.
Тойдамын тағы іңірде
Тек сенсіз тағы, құсым,
Кеудемді әлі күнге
Түйрейді сағынышым…
Жақсылық Асқарбек
Сәттер
«…Уақыт өтіп барады-ау, оны қойшы,
Сәттер өтіп барады, осы жаман».
Қадыр Мырза Әлі
Сәттерім менің, сәттерім,
Ұрынбас жерге ұрынған.
Өзіме аян өткенім,
Жығылмас жерде жығылғам.
Жастықтың буы бұрқырап,
Сыңар ғып көңіл сәйкесін.
Өткінші сәттер ұмтылады,
Өкінішті сәтті қайтесің?..
Тағдырдың соқса бораны,
Сыйламас шаттық әр күнің.
Қас-қағым сәттер болады,
Тастағың келер барлығын.
Жалғанда жүйрік ой кезбе,
Қиялдағыға сенгендей.
Жұлқынып тұрам кей кезде,
Жұлдызды сәтім келгендей.
Болмайды мұнда келісім,
Береді жылдар бағаңды.
Бәрінен қымбат мен үшін,
Қуантқан сәттер Анамды.
Сағаттың тілі – данышпан,
Қоймайды жоспар құрмасқа.
Төзімді талай тауысқан,
Сезімнің сәті бір басқа!..
Бұл өмір бізге бақыт па?
Көңілде көп қой «әттең-ай».
Қайталанатын уақытта,
Қайталанбайтын сәттер-ай!
Мұқағали Сейтқазы
Періштем
Біз бұрын,
Сен бөлек,
Мен бөлек,
Күн кештік.
Бір күні,
Сәт түсіп,
Екеуміз тілдестік.
Сен ғана білмейтін,
Мен ғана көретін,
Бар бізде үндестік.
Мен жүрдім,
Сен болмай,
Жүректі жамау қып.
Саған да, маған да,
Бұл көңіл,
Жасамас жамандық.
Үндестік заңымыз,
Мендегі адамдық,
Сендегі адалдық.
Қыраны мен едім,
Елігі сен едің,
Даланың.
Көргеннен өзіңді,
Көз алмай қарадым.
Қаратқан «жанарың»
Жанарың үшін сол.
Садаға жан, арым.
Ессізбін,
Есімін қайталар,
Тек іштен.
Ішпесін өзгелер,
Сол «у»-дан мен ішкен.
Кешірші жаратқан!
Махаббат – құдайым.
Ол менің – періштем.
Ернұр Әуезхан
Толғану
Айта алмаспын, жаза алмаспын
ақпар мың,
Ақпар іздеп, сөз қоржынын ақтардым.
Оқырманмен тілдесуге келгенде,
Тиек болар, сүбелі сөз саптармын.
Күннен туған, шуағымын, ақ таңның,
Түн бойласа, кеште бірге батқанмын.
Таласып-ақ, ұясына жеткізбей,
Түлетіп ем, тастүлегін қатпардың.
Тарих бетін, қалқам, қанша ақтардың,
Жалғасы едің, рухы биік сақтардың.
Адамзатқа дейін қанша күн өтсе,
Куәсімін сол бір өткен шақтардың.
Сөз – құдірет, тулағанда шаттандым,
Іздеп тауып, бізден кейін жаттар кім?!
Соңымыздан өшпестей із қалар ма,
Жазуындай тасқа түскен хаттардың?!
Абзал Рымбек
***
Жұпары да таңсық қала мұң жаудырған
кеудеме,
(Түс жоримын кей кештерде шаһарды
аңсап ең көне).
Шамдары да ада мендік сезімдерден
аяулы.
Ұзап кетпей жүр екенмін мен неге?
Іңірдегі сағынышым – жетім күйші
төккен күй.
Түс көремін кешегімді тағы кешіп
өткендей.
Сирень гүлдеп оятатын сезімдерді,
ойларды,
Сәуір ендігі ілестіріп кеткендей?!
Көңіл сынық қанатымен су бүркіген
шоқтарға,
Үміт – көкірегіңдегіні күрмеп алып, жоқ
қармау.
Мезгіл мендік қимастарды сүйрей берді
келмеске.
(Сен қаларсың сағынышым боп, қарғам).
Түндеріме майда шамдар тізді үміт.
Аспан жаққа ақтара алмай кеудемдегі барымды,
Күрсінемін іңірге ұзақ үздігіп…
Сен де көшесің көңілден.
Аманжол ИСЛАМҒАЛИ