Сұлтанәлі – «құрметті профессор»
Жазушы-драматург, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры Сұлтанәлі Балғабаев ұзақ жылдан бері Алматыда тұрса да, туған жері Сыр өңірі – Қызылорда облысымен шығармашылық байланысын үзген емес. Қаламгердің кейінгі уақытта жарық көрген «Сыр мен Сарысу», «Алтын сағым», «Ауыл мен Алматы» атты үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы осының нақты көрінісі.
С.Балғабаев драматург ретінде де Сыр өңіріндегі театрлармен үнемі тығыз байланыс жасап келеді. Н.Бекежанов атындағы облыстық театрда қаламгердің бірнеше пьесасы сахналанған. Сондай-ақ жаңадан ашылған Қызылорда қалалық жастар театрына арнап «Қызылорданың қыздары» атты пьеса жазып, ол туынды да кезінде көрермен көңілінен шыққан.
Қаламгер жақында жерлестерінің өтінішімен «Бағаналы батыр Тауасар» атты жаңа пьеса жазған болатын. Тауасар туралы тарихи деректер Қазақстан ұлттық энциклопедиясында, Ақселеу Сейдімбектің еңбектерінде, басқа да тарихи құжаттарда кездеседі. Қызылордалық белгілі журналист Әзиз Батырбеков осы мәліметтер негізінде Тауасар батыр жөнінде көлемді зерттеу еңбек дайындаған екен. «Бағаналы батыр Тауасар» пьесасы осы тарихи зерттеулердің негізінде дүниеге келіп, жақында облыстың Шиелі ауданындағы халық театрында сахналанды. Премьера қарсаңында Тауасар батырды ұлықтау мақсатында бірнеше салтанатты іс-шара өткізіліп, аудан орталығындағы бір көшеге Тауасар батырдың есімі берілді. Ал батырға арналған пьесаның премьерасы Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өтті. Премьераға, осы салтанатты іс-шараға арнайы шақырылған пьесаның авторы Сұлтанәлі Балғабаев та қатысып, қойылымның режиссері Зүлфия Шалабаева мен орындаушы актерлерге шын көңілден ризашылығын білдірді.
Қаламгер осы шығармашылық іссапарында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Гуманитарлық-педагогикалық институтына да барып, кездесу өткізді. Кездесуге университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Дана Абдрашева, институттың директоры Сағат Тайман, белгілі қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір, университеттің бас редакторы Қали Омаров, сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының және тарих, дәстүрлі өнер мен хореография кафедраларының профессор оқытушылары, жас ғалымдар қатысты.
Кездесу барысында проректор Дана Абдрашева университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен Сұлтанәлі Балғабаевқа «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры» атағы берілгенін жариялап, бұл жөніндегі аттестатты қаламгер-ұстазға салтанатты түрде тапсырды.
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ