Пейиң Кристин Чен: Он мың кітап оқы, он мың миль саяхатта
Пейиң Кристин Чен – жаңазеландиялық қытай ақыны, жазушы, аудармашы. 2019 және 2021 жылдары екі рет Жаңа Зеландия әдеби сыйлығы «Қытай әдебиеті» номинациясының иегері атанған. Ол – Жаңа Зеландиядағы қытай жазушылары қауымдастығының бас редакторы. Сондай-ақ, Жаңа Зеландия мен Аустралияға тарайтын газетте әлем әдибиетіне арналған арнайы айдарды жүргізеді.
– Пейиң ханым, әдебиет әлеміне қалай келдіңіз?
– Бала күнімде қаламгер боламын деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмейтін. Себебі сөз өнері мен үшін қол жетпейтін шыңдай көрінетін. Бірақ қазір әдебиет соншалықты күрделі дүние емес екенін түсінемін. Бар болғаны жүрегіңдегі сезім мен күйді сөзбен жеткізуің керек. Дегенмен әлбетте, тілің көркем болуы тиіс. Оқушы кезімізде оқыған лирикалық жырларымызды сыныптастарымызбен түрлі әуендерге салып, ән қылып айтатынбыз. Уақыт өте келе, кей өлеңдердің соншалықты әсерлі емес екенін байқап, кей сөздері мен шумақтарын өзгертіп айтатын болдым. Бірте-бірте өзім де жыр жаза бастадым. Сөйтіп, поэзияның табалдырығынан қалай аттағанымды өзім де сезбей қалдым. Кейін ойыңдағы кей дүниелер өлеңге сыймайтынын аңғарып, әңгіме, роман және әдеби сын жазуды қолға алдым. Қытайша түсінбейтін көптеген туысым мен достарым болғандықтан, жазғандарымды өзім ағылшыншаға аударып, тәржімаға да кірістім. Осылайша әдебиеттің әртүрлі сатыларынан өтіп, әрқилы жанрларда қалам тербеп келемін.
– Бұрын Қытайда Гуаңжоу университетінде сабақ беріпсіз. Жаңа Зеландияға қоныс аударған соң, талай жыл трансұлттық компанияларда басшылық қызметте болдыңыз. Мұндай лауазымдар шығармашылыңызға тұсау болған жоқ па?
– Әдебиет дегеніміз – әрқилы хикаяларды әңгімелеу. Демек, жазушының оқырманға айтары көп болуы қажет. Ол үшін көптеген саладан хабардар болуың керек. Ел-жұрттан оқшауланып, жалғыз өзің оңашалана берсең, жазған дүниелерің нәрсіз шығады.
– Жаһанның бірталай еліне саяхаттағаныңызды да білемін. Бұл да сол шығармашылық дамудың бір тәсілі ме?
–Иә, Азия мен Оңтүстік Америка елдерінің біразында болдым. АҚШ-ты, мұхиттардағы арал мемлекеттерді тағы басқа талай өлкені көріп, араладым. Өйткені «Он мың кітап оқы, Он мың миль саяхатта» деген сөз – менің ұстанымым. Әртүрлі халықтардың тыныс-тіршілігімен танысу Батыс пен Шығыс мәдениетін қатар сіңіруге ықпал етеді. Сонымен қатар белгілі бір шекті шеңберден шығып, таным көкжиегін кеңейтуге әсерін тигізеді. Бұл қаламгерге керек қасиеттер деп ойлаймын. Бұдан бөлек жазушы үшін көрген-білгенін іштей сараптап, талдау, ой түю де аса маңызды.
– Ал қазір Жаңа Зеландия мен Аустралияға қытай тілінде тарайтын газетте жұмыс істейді екенсіз…
– Иә. Әйтсе де, біздің басылымда тек қытай қаламгерлерінің туындылары ғана жарияланбайды. Сонымен бірге «Шетел әдебиеті бағы» деген арнайы бет бар. Онда апта сайын дүниежүзі ақын-жазушыларының шығармаларын аударып, жариялаймыз. Олардың арасында Нобель сыйлығын алған немесе осы марапатқа үміткер болған атақты авторлар да бар. Осылайша, әлем халықтары қаламгерлерінің өзара байланыста болуына, бір-бірінің үнін «естуіне» жағдай жасаймыз. Гүлдердің нәрін таситын ара болу деген бір ғанибет қой. Мен қазақ ақындарының да жырларын тәржімаладым. Олардың өлеңдеріндегі терең сезім мен табиғат-анаға деген құштарлық, құрмет мені тәнті етті.
– Өмірбаяныңызды толығырақ айтып берсеңіз.
– Қытайда туып-өстім. Бакалаврде Оңтүстік Қытай педагогикалық университетінде Білім беру коммуникациясы мамандығы бойынша оқыдым. Ал магистратурада Жаңа Зеландияның Окленд қаласында Бизнес әкімшілігі мамандығы бойынша білім алдым. Содан соң оқуымды денсаулық сақтау саласында жалғастырдым. Қазір осы бағытта жұмыс істеймін. Дәрігерлік қызметім шығармашылығыма кедергі емес. Туындыларым көптеген антологияға енді. Мәселен, былтыр ғана Сиднейде жарық көрген «Тұрақсыздық патшалығы арқылы» деген жинақта шығармаларым жарияланды. 20-дан енді асқан шағымда елімнен көшіп кеттім, Жаңа Зеландияда тұрып жатқаныма 20 жыл болды.
– Өміріңіздегі әдебиеттің орны қандай?
– Психолог Маслоу адамның қажеттіліктерін 5 категорияға бөліп қарастырады. Америкалық маман бұларды төменнен жоғары қарай былай жіктейді: психологиялық, қауіпсіздік, әлеуметтік, сыйластық және өзін-өзі дамыту. Осылардың ішінде ең маңыздысы «өзін-өзі дамыту» болып тұр. Меніңше, материалдық қажеттіліктерден анағұрлым жоғары тұратын «өзін-өзі дамытуға» біз әдебиет пен өнер арқылы жете аламыз. Әдебиет менің ғұмырыма ең қажетті әрі ең таза нәрселерді алып келді.
– Сізге шабыт қай кезде келеді? Жабырқағанда, мұңайғанда қолыңызға қаламыңызды аласыз ба?
– Көңіл күйі болмағанда, әр адам өзін әртүрлі жолмен алдарқатады. Мәселен, біреулер дүкен аралап кетсе, біреулер ішімдік ішеді. Ал кей кісілер қайғысын жеңілдету үшін жұмыстан бас алмайды. Өз басым сүйікті шығармаларымды оқимын. Сондай-ақ қолыма қалам алып, жазуға отырамын. Өзге дүниенің бәрін ұмытатын мұндай уақытта жүрегіме әрқилы кезеңдерде, яғни, балалық шағымда, жасөспірім кезімде, жас күндерімде «жерленген» қазыналы әрі бақытты сәттерімді қайта «қазып» аламын. Өмірімде өкінішті жағдайлар көп екенін түсінгенімде, ескі жаралардың беті ашылып, жаным ауырады. Бірақ мұндай кезде санам сергиді.
– Төрт-бес жыл бұрын «Сәттер «қартаймайды» («The General Never Ages») деген туындыңыз оқырмандарға жол тартып, кең тарады. Бұл романды жазуыңызға не түрткі болды?
– 2018 жылдың сәуір айында Қытайдан жайсыз хабар алып, әкемнің ауыр науқас екенін білдім. Асқар тауымды көріп, демеу болу үшін бірден тарихи Отаныма тарттым. Әкемнің жүрегі әлсіреп, күш-қуаты кеміпті. Дені сау адамның қайратымен салыстырсақ, 10% ғана әл-дәрмені қалыпты. Ол теңіз жағасында туып, өмір бойы сонда ғұмыр кешті. Сондықтан айдыннан энергия алатын. Әкемді сергітейін деп Батыс көліне алып келдім әрі қайыққа мінгізгім келді. Алайда кәрі әрі сырқат әкемді қайыққа отырғызуға бақылаушы рұқсат бермеді. Бұл жәйт оған қатты батып, іштей мүжілгенін сездім. Көп ұзамай қайтыс болды. Асқар тауымның соңғы тілегі мен қалауын орындай алмағаным мен үшін орны толмас өкінішке айналды. Арада бір жыл өткен соң, «Сәттер қартаймайды» деген романымды жазып, онда өз қиялымда әкемнің арманын орындадым. Яғни, қайыққа мінгіздім. Іштей жеңілдеп қалдым және о дүниедегі әкемнің де жаны жай тапты деп сенемін. Бұл туындымды оқыған көптеген оқырман маған хат жазып, пікір білдірді. Олардың ата-аналарының да өлер алдында орындалмай қалған соңғы тілектері бар екен… Демек, менің шығармам өзіме ғана емес, оқырмандарға да жан тыныштығын сыйлағаны ғой. Әдебиет адамдарға осылайша жылылық пен бақыт әкеледі.
– Оқырмандарымызға қандай тілек айтасыз?
– Әлем халықтары сөз өнері арқылы бірігіп, әртүрлі мәдениет пен тарихтан хабардар болса деймін. Өлең де ән сияқты. Өзге тілдегі жырларды жұрт түсінбегенмен, барлық поэзияда адамның сезімі мен махаббат тұнып тұр. Сондықтан өлең үшін шекара болмайды. Ғаламшардың әр түкпіріне тарай береді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА