ЖАМБЫЛ МЕН ҚҰЛМАМБЕТ АЙТЫСЫНЫҢ БЕЛГІСІЗ БЕТТЕРІ
Жамбыл мен Құлмамбет айтысы жайлы да әр түрлі ұшқары пікірлер айтылып жүр. Жамбылдың 1946 жылы шыққан академиялық жинағында Құлмамбетпен айтысын 1881 жылы болды дейді. Ол кезде Жамбылдың ақындық аты ел арасына кеңінен тарала қоймаған кезі болатын. Оның ұстазы ақиық ақын Сүйінбайдың кемеліне келіп, қырандай түлеп тұрған кезі еді. Құлмамбет Жамбылмен айтысында Жамбылға былай деген:
Базарбек АТШАБАРОВ,
Жамбыл атындағы Халықаралық
сыйлықтың лауреаты
Сүйінбай сенің де ағаң, менің де ағам,
Меніменен айтыссаң Жамбылым кетер бағаң.
Мұндағы Құлмамбет түгіл, үш жүзге аты мәлім Түбек ақын Сүйінбаймен айтысамын деп келе жатып, жол-жөнекей «Жаман түс көрдім, Сүйінбаймен айтыспайды екенмін» деп орта жолдан қайтса керек. Ал негізінде Жамбыл мен Құлмамбет айтысы Сүйінбайдың ауырып әл үстінде жатқан кезінде 1897 жылы болған. Мұнда айтыстың қайда өткендігі туралы талас-пікір бар. Жамбылдың туғанына 100 жыл толуы мерекесіне орай Қазақ ССР Ғылым академиясы басып шығарған Жамбылдың толық жинағында Құлмамбет пен Жамбылдың айтысын 1881 жылы жазда Іле өзені бойында өтті дейді. Ал кейбір зерттеушілер Албан елінде жайлау үстінде үлкен шілдехана той болып, оған Жамбыл барыпты. Айтыс сол тойда өтіпті дейді. Тарихи деректерге байланысты қарағанда бұл тойға Шапыраштының тізгінін ұстаған: Құтық Сейіттің Құдайбергені де барыпты деген сөз бар. Шынжыр балақ шұбар төстің нағыз өзі болатын. Осындай белді де беделді, ел тізгінін ұстаған, ел билейтін дәрежесі бар адамның келін түсірген немесе шілдехана тойына баруы неғайбыл болатын. Негізінде сол елде не атақты адамның асы немесе үлкен бір жиын топ болуы мүмкін. Ал кішігірім той-томалаққа ел адамдары бара қоймайды.
Жамбыл мен Құлмамбет айтысы жайлы 1971 жылы Қырғызстан өлкесін аралап жүріп мынадай әңгіме естідік. Жамбылдың туғанына 125 жыл толуы қарсаңында Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің тапсырмасы бойынша Жамбылдың естеліктері мен өлеңдерін жинау үшін көршілес Қырғыз еліне іс сапармен барған едім. Алатаудың күнгейі Қырғыз елі болса, теріскейін Қазақ ауылдары қоныстанған. Сондықтан да Ұлы Жамбылдың жарты ғұмыры бауырлас қырғыз ауылында өткен. Жәкең өзі де Қырғыздың Тоқтағұлынан бастап Тоғалақ молда, Халық Акиев, Қуанышбек Маликов сияқты саңлақ ақындармен сырлас, пікірлес болған. Қырғыз күйшісі Мұратәлімен Ыстықкөлде күй тартысып, бір күйден ғана жеңілген екен. Жамбылдың өлең-жыр толғау айтуда өзіндік ырғақ үні болған дейді. Ал айтыста үн ырғағы ерекшелігімен тіптен басқаша екпінді дауылпаздай сазды болып келген. Сондықтан да Жамбыл қайтыс болғанға дейін өзі аралаған Қырғыз елін, ондағы белгілі адамдарын зор ықыласпен есіне алып, әрдайым туыс-бауыр тұтып келді. Қырғыз Қарабұлағындағы «Бейшеке» колхозының бастығы Ленин орденді Әшекей Боранбаев пен Кебекбай қартқа жолығып, әңгімелерін тыңдаған едік. Бұлар кезінде баспасөз бетінде жарық көрген болатын. Қарабұлақ маңындағы Жамбыл облысы Қордай ауданы «Алмалы» совхозында тұратын Белғожы Қыпшақпаев Жамбыл мен Құлмамбет айтысы қандай жағдайда болғанын қызықты етіп айтып берді. Ол әңгімесін былай бастады:
– 1923 жылы Қарақыстақтан Ұзынағаш базарына бармақ болып, Қызылқамшы ішіндегі Доспанбет, Исабек деген нағашыларыма қонағаға бардым. Күз айы болатын. Күн екіндіге барған кезде, астында ақбозаты, үстінде жұқа түйе жүн шекпені, басында қара бұйра бөркі бар Жамбыл ақын келді. Бұрында бала кезімде еміс-еміс көргенім болмаса, өлеңін естіген жоқ едім. Мен барған ауылдан Ералышан деген қария Жамбылдың замандасы амандық-саулықтан соң бірден:
– Үйге қонғын, мал сойылып, тамақ асқалы жатырмыз, бізге де бір күн өлең айтып, көңілімізді көтерсең қайтеді, бір жылы туған төл емеспіз бе, – деп жата жабысты.
– Мына Айқым ішіндегі Көнтекте аздаған шаруам бар еді, соны бітіріп қайтамын. Жолымнан қалдырма, – деп Жамбыл атынан түсер болмады. Сол кезде Екей ішіндегі Байсалбайлар: «Түсіңіз, қонақ болыңыз» деп қолқалады. Ақырында Жамбыл мен барған нағашыларымның ауылына қонатын болды. Намазшамда шай ішіп, біраз сусындаған соң, қалақ домбырасын қолына алып, құлақ күйін келтірді де, «Ау» дегенде ақын қыранның даусы саңқ ете түсті. Содан барып «Е ағайын, ел-жұрт не айт дейсіңдер», – деп алып, екі иығын бүлкілдетіп:
Айтқаныма құлақ сал,
Шабыстан Жамбыл тана ма,
Мынау тұрған ағайын
Көрғұлыны айтсам бола ма?
Манасты айтсам көпшілік
Көкейіңе қона ма?
Өтеген мен Сұраншы
Оны да айтса бола ма?
Айқымдағы Көнтекке,
Бармақшы едім қонаға.
Сүйінбай мен Қатаған
Айтыстың асқан пірі еді.
Сұлу сөздің сыры еді,
Қатаған Қырғыз бұрында
Бес жүз жылқы матаған.
Қызыл жебе Сүйінбай
Ер болып туды атадан.
Ағайын қыстап қоймадың
Кім қашқан берген батадан,
– деп бір қайырып, алдындағы кеседегі құюлы тұрған шайын бір-екі ұрттап алды. Тағы да ақынның құрдастары Басалбай, Ералышандар:
– Сен Құлмамбетті жеңдім дейсің, қалай жеңдің соны айтып берші, – деп қолқалады. Жәкең аз толғанып отырды да:
– Ойбой, оны мен жеңгенім жоқ, атамыз Қарасай мен ақиық ақын Сүйінбайдың әруағы жеңдірген. Әйтпесе, Құлмамбет дегендерің ол кезде аузымен құс тістеп, шүйлігіп тұрған кезі еді. Болмаса үш дуан бас қосқан сол топта он бір ақынды жеңіп, домбырасын керегеге байлап қоя ма?
Сол жолы үлкен жиынға Үйсіннен Жалайыр, Албан, Суан, Дулат, Шапырашты, былайша айтқанда, Үйсіннің барлық рулары жиналды. Ар жағынан Найман мен Садыр Матай да келді. Тумысымда мұндай ұлан-асыр үлкен жиын, үлкен топты көргенім жоқ. «Құлмамбет он бір ақынды жеңіпті» деген соң мені шақыртар деп бір кедей шаруаның үйіне қашып барып сонда өлең айтып отырғанымда екі жасауыл келіп алдына салып айдап әкелді. Он екі қанат қазақ үйде Албан, Шапырашты болып толып отыр екен. Төрде шүйдесі шоқпардай Құтық Сейіттің Құдайбергені маған адырая қарады. Ол Жамбылды табыңдар таздан басқа ақын құрып қалып па? Сүйінбайдың інісі Жамбыл қайда» деген екен. Ояздан сәл төмен күшігендей көзін сүзіп Құлмамбет шүйлігіп отыр екен, босағаны аттағаннан-ақ жер-жебіріме жетіп өлеңнің дауылын боратты. Шапыраштыдан оның ішінде өз руым Екейден түк қалдырған жоқ. Өзімді де, руымды да оңдырмады. Сонда Құлмамбет былай деген еді.
Екейді ер дейміз бе, бел дейміз бе,
Көтеремді көктемде жемдейміз бе,
Жалаң аяқ жарлыны ерттеп мініп,
Қой соңына салып бір желмейміз бе,
Екейді тозып жүрген ел дейміз бе,
Қаптаған жердің жүзін сел дейміз бе,
Пұл таппай қаңғып жүрген қу кедейді,
Терекке асып, тірсегінен ілмейміз бе,
Қызықты уа халайық көрмейміз бе,
Жыртық тонды Жамбылдан жеңілген соң
Тамам, Албан ұяттан өлмейміз бе,
Ақын деп бір тулақты алып кепті
Албан, Суан ортаға алып көрмейміз бе, – деп борандатқаны-ай келіп. Сонда менің тізем қалтырап, алғашында не айтқанымды білмей қатты састым. Өйткені, Албан аға болғанда Дулат, Шапырашты іні емес пе, бұрын-соңды ағайын арасында мұндай айтыс болып көрген жоқ. Сүйінбай болса Қырғыз Қатағанмен айтысты. Осыны ойлап аузыма сөз түспеген еді. Сонда төрдегі Құдайберген жанында отырған Шапыраштыларға сыбырлап, «Жамбылға айтыңдар, Албан екен деп аянбасын, Құлмамбеттің түбі Уақ. Албанға сіңбе» деген екен. Соны естіген соң мен де Қарасайлап бір бүйірден кірістім:
Құлмамбет заманыңда болдың құлан,
Аузыңда Алла, кәпірім қолда құран.
Арқадан кісі өлтіріп қаңғып келіп,
Албанға дінін сатқан сен бір жылан.
Шаласың ақиланып бір қиядан,
Мерт боларыңды білмейсің қапиядан.
Түбің жоқ Арғын да емес, Албан да емес,
Құдайым сақтай көрсін сұрқиядан.
Оңа ма елін сатқан, жерін сатқан,
Саудагер сарт емес пе ең әуел бастан.
Әруаққа тіл тигізбе жүзі қара,
Арғы атам Ер Қарасай жауға шапқан, – деп мен оның арғы түбінің шикі екенін өзінің Албанға сіңбе екенін бетіне бастым. Сол жолы Құлмамбеттің жеңілгені анық еді. Оның айтысынан, алысатын ақындары Сүйінбай, Түбек, секілді өрен жүйрік ақпа ақындар болмаса, мен оның теңі емес едім. Ол жолы Ұлықтарға арқа сүйеген Құлмамбет менің жер-жебіріме тағы да жете түсті. Ол былай деді:
Кездестің Құдай айдап мешін жылы,
Ақын деп алып келген несін мұны.
Болғанда мен арыстан сен бір тышқан.
Арыстанның бола ма тышқан құрлы,
Жамбыл-ау қобыз шалған жын емес пе ең,
Кезінде Қоқандардың құлы емес пе ең.
Жүрген мықтылардың атын байлап,
Қапияда қаларсың бұл егестен.
Рас сенің Сұраншың батыр болған,
Оқ тиіп шайт болды тақыр қолдан.
Сарыбайың Сайранда қашып кетіп,
Талай ел соңы ерген опат болған.
Ешкінің көң тулағын киген Жамбыл
Жын қуып, қобыз шалып жүрген Жамбыл,
Тең келе ме жапалақ ақ сұңқарға,
Көтерілді бұл жерде іргең Жамбыл.
Жамбыл қашан батыр болып сауыт кидің
Ұран салып қашан сен жауға тидің.
Қызып тұрған темірге қарылам деп,
Сексеуілдің артындай босқа күйдің.
Жұртта қалған Екей ең,
Есқожа саған ес болды,
Тыраштанба Жамбылым,
Енді саған кеш болды.
Бадана сауыт киіп пе ең,
Ұрандап жауға тиіп пе ең,
Сұраншы Саурық болмаса,
Құл болып кетіп қоқанға,
Өртеніп едің күйіктен.
Қу домбыра өңгеріп,
Қобыз шалып сенделіп,
Шолақ етек, қу Екей,
Айтыспақшы боласың
Өзіңе мені тең көріп,
Елу бақсы Екейде,
Алпыс ақын тағы бар.
Кешке жақын болғанда,
Жын қуғандай қағынар,
Диуана бақсы сен едің,
Қай Үйсінмен тең едің,
Қоңыз теріп жеп едің,
Осы топқа тағы да
Тиын-тебен табуға,
Алатаудан кеп едің.
Лақ текедей бақыртып,
Пірлеріңді шақыртып
Қайтсем де сені жеңемін, – деп Құлмамбет оңды-солды сапырып, борандатқанда сондағы отырған Шапыраштылар «Бұл Жамбыл не тауып айтады?» деп бәрі де жер шұқып, жаңа түскен келіндей бастарын көтере алмады. Сонда мен былай деп жауап қайтардым:
Кедейсің деп Екейге жаптың жала,
Түк таппасаң Іленің құмын сана.
Суға батып тал қармап жүргеніңде
Байқұс тазым Арқадан ауып келдің,
Мият тұтып Албанды тауып келдің,
Албанменен Суанды жаудан қорғап,
Қарасайлап Қалмаққа шауып па едің?
Тағы да таз Құлмамбет ауып келдің
Төбеттей өз ағаңды қауып келдің
Кісі өлтірген қарақшы жүзі қара
Ойраңдап ошағыңды шауып келдің,
Сөз дегенің Іледей су болды ма?
Сорпасы бұл Албанның бу болды ма?
Құлмамбет ақиланып ақырасың,
Сен өзің кірме емес пе ең Құлболдыға,
Замана түлкі мінез сұм болды ма?
Құлмамбет ақын емес жын болды ма?
Деуші еді Құлмамбеттің түбі Уақ
Халайық мұның өзі шын болды ма?
Жоңғарлар зар жылатып елді шапқан
Сондықтан қалың қазақ қанға батқан.
Айқасқан жау Қалмақпен Қарасайым,
Келгенше бізге көмек Арқа жақтан.
Табынасың қу тазым Ұлықтарға
Елдің қамын ойлайтын Ұлық бар ма?
Албанның итаяғын жалаған таз
Басасың не түрлі бір сұмдықтарға, – деп Құлмамбеттің түп атасының кім екендігін отырған қауым алдына әшкерелеп бердім (Ескерте кететін бір жайт, мына айтылған өлеңдер еш жерде жарияланбаған. Жамбыл мен Құлмамбеттің бұрынғы айтыстарында да жоқ. Жинақтарына да кірмеген). Осы айтысқа екі елдің билеушілері мен ұлықтары 500 сом бәйге тіккен екен. Ондағы жылқы құны 10-15 сомнан аспайтын. Құлмамбетті мен жеңуін жеңдім, ақшаны жуандар жеді. Осы айтыстан соң бір жылдан кейін Құлмамбет мені ертіп Қырғыз Шабдан ауылына барған еді. Сонда ақындық өнерін бір көрдім. Құлмамбет Айтұлы үлкен ақын еді ғой. Солай шырақтарым, – деп Жамбыл қой қоралағаннан ертеңгі бозторғай шырылдағанша Құлмамбетпен айтысын айтқан еді. Ал Жамбыл жинақтарындағы оның Құлмамбет пен айтысын небәрі бірер сағаттың ішінде оқып шығасың. Әттең Жамбылдың өз аузынан жазып алған адам болса, бұл айтыс кітаптағыдан әлдеқайда қызық та тамаша еді. Сонда Жамбыл: «Құлмамбетті жеңіп едім» деп асып-тасып отырған жоқ. Оны жеңгізген ұстазы Сүйінбайдың айтыста нені айтып, нені қою керектігі туралы өсиеті несіне алып отырды. Ертеңіне Ұлы Жамбыл Айқым ауылына бармақшы болып ақбозатына мініп, аттанып кетті. Содан бері көп жылдар өтсе де, Жамабыл мен Құлмамбет айтысын тыңдаған түн есімнен кетпейді. Бәрі күні кеше болып өткендей, – деп Белғожа қария әңгімесін аяқтады. Ол сол кездің өзінде 68-69 жаста болатын. Есқожа ішіндегі Дәулет руынан енді біздің Жамбыл мен Құлмамбет айтысы 1896-1897 жылдары болды дейтініміз Құлмамбеттің Жамбылға айтқанында мешін жылы деген сөз бар. Жыл санаудың тарихын ақтарсаң мешін жылы 1897 жылдың наурызынан бастап кіреді екен. Негізінде айтыс сол жылдың ел жайлауға шығар мезгілінде болған.
ПІКІРЛЕР2