ҮШ ФИЛОСОФИЯ: ӘДЕБИЕТТАНУ, РУХТАНУ, ДҮНИЕТАНЫМ
гносеологиялық, логикалық және онтологиялық жазбалар
(эссе)
1. ӘДЕБИЕТ – ӘРІП!
Меніңше, әдебиет – әріптен басталады. Бұл жерде біз, әрине, жазба әдебиетін айтып отырмыз. Әріп – ауызекі тілде айтылатын сөздің мәнерін, ойдың формалық нұсқасын өзгертеді. Сөйтіп, көтеріңкі пафостың қуатын, екпінін, арынын азайтады, пәрменді серпінін қажетті шамаға дейін бәсеңдетеді. Әңгіме шабытынан айырылып, бірқалыпты, қоңыр дауысты нақышқа, әуезге түседі. Әйтпесе, пафосқа құрылған шығармада жалған әуен (фальш) пайда болады, ол, задында, оқырман тарапынан сенімсіздік тудырады. Міне, хатқа түскен графикалық белгілердің осындай әсері, ықпалы бар. Суық жазылған мәтін неғұрлым бейтарап болса, оның оқырманға етер әсері де күшейеді. Жазба әдебиеті дегеніміз осы.
Ізденістердің мұраты да мәтінді пафостан, жалған әуеннен (фальштен) мейлінше тазарту екені рас. Өзіне сендіре алмаған уақиға не болмаса атмосфера түптің түбінде макулатураға айналады, оны ешкім оқымайды, ол сәтсіз ізденіс ретінде ел жадынан өшіріледі.
Қалам ұстап үйрену, тегінде, жазудың сол замандағы тәртібін, низамын меңгеру, сосын қалыптасқан машықты игерген соң, сара жолдың жеткен мұратынан ары, жаңа мақсаттарға қол созу деп білеміз. Мәдениетті қалам ешқашан жалған пафосқа жоламайды, өзіне пана, қорғаушы іздемейді, ол қашанда ағып жатқан өзен тәрізді өз тыныштығынан айырылмайды. Жақсы мәтін сабырға жүгінеді.
Әріп – civilis (civility), әдебиет – cultura.
Жазба әдебиетінің бейнеті көп. Басу технологиясы кемел дамуына жетіп, эстетикалық талғам, этикалық талап электрондық нұсқаға көшкенде, салыстырмалы Эйнштейн теориясындай, күтпеген жерден, алдымыздан, жеке заңдылық, оқшау тәртіп ретінде көзден жасырын қалыптасып келе жатқан… жазу технологиясы ашылды.
Проза кәсіп түріне айналды. Өлең жасалу жолдарын, өнімді жазылу амалын, өндірістік сипатын тапты.
Бірақ мәтінді тез жазып, соңына, нәтижеге асыққан шығармашылық тасқа басылып алдына түскен, мұқабаға түптелген қалың тексті қайта мұқият оқығанда, тәртіп сақтап маржандай тізілген әрбір өркениет сөзінен әрнеге алаңдаған қаламның қауырт жүрісін, өкініштің сұлбасын, сөйлемдердің жансыз табиғатын, мұратынан адасқан ойдың сілемдерін, технология іздерін көріп тұрады.
Ұшқыр қалам бейнеті асып, азапқа түскенде, алаңсыз көңіл сәтті шығарма, сабырлы күйден бақыт кешеді.
2. ҚАЗАҚҚА ТИІСКЕН АДАМНЫҢ ТҮСІНЕ ҚАСҚЫР КІРЕДІ
Сақарада еркін жортқан көк бөрі бетпақ даламызды тастап кетті.
Сындық!
Қазақы интеллигенция – сағы сынған интеллигенция.
Жалтақ зиялы қауым кісі бетіне тура қарауды үйрене алмапты.
Үнсіздік те – айқын позиция.
Деп жаздық. Кезінде, 1997-1998 жылдары.
Қара орман халық бәрін көріп отыр, деп жалғастырдық ойымызды. Халыққа үйдегі сөздің керегі шамалы. Не айт, не үндеме! Мінбеге шықтың ба, туралғанша айт, тура айта алмайсың ба, мінбеге шықпа.
Қасиеттің қасірет шегіп, тауқымет тартқанда ғана келетінін меңзедік.
Жалпы, бүгінгі зиялы қауымды халық атынан сөйлеу құқынан айыру қажет, зиялы қауым – әкім-қараның суын тасып, отынын жарады, деп те қатты айттық.
Күл шығарып, от жағады, дедік.
Бірақ зиялы қауым – өмірде, адамның ой-санасында бар ма, жоқ па, ойланбадық.
Қазір интеллигенция деген сөз кешегіден қалған, Кеңес Одағы идеологиясынан туған ұғым-түсінік тәрізді көрінеді.
Интеллектуалдар бар. Қасқырдай жалғыз жортқан ойшылдар бар.
Дей тұрғанмен… қазақтың бойындағы қасқыр өлген. Рухымыздың бастауындағы бөрі оққа ұшқан. Кімнің қасқыры тірі? Бізге қасқыр қажет. Қайдасың, қасқыр бабалар? Серік Ақсұңқарұлы. Әмірхан Балқыбек, қайдасың қасқыр құдай болған кез, дер еді.
Мүмкін, түрте берсек, түртпектесек, халықтың бойындағы қасқыр қайта тірілетін шығар. Қасқыр тірілсе, оның не Махамбет, не Сыздық төре, не Мағжан, не Сұлтанмахмұт, не Бауыржан, не Мұқағали, не Жұматай, не Қайрат бейнесінде келетінін білемін. Сол кезде қыр астынан ана қасқырдың қатты ұлыған дауысы шығады. Дабысы қыр даланы дүрліктіреді.
Қыр астынан қасқырды күтіңдер, жас ұрпақ, рухтың белгісі сол! Көксерек қайта айналып соғады. Өздеріңді қайдам, мен әйтеуір осыған қатты сенемін. Көксерек! Көксерек!
3. БОЛМЫС ТУРАЛЫ
Бірінші нұсқа
Болмыс дегеніміз не?
Шынтуайтына келсек, болмыс – тілдің туындысы. Сөзден туған перзент.
“Пристуствие”. Бар болу.
Философияда сөздің мәніне ерекше назар аудару қажет.
Бар. Болу.
Басты айырма-белгісі – бар екендігі. Бұл – болмыстың негізгі қасиеті.
Тегінде, болмысты сонау замандағы көне гректерден бастап, жиырмасыншы ғасырдағы Мартин Хайдеггер (“Болмыс және уақыт”), Эдмунд Гуссерль (“Формалды және трансценденталды логика”, 1929; “Рене Декарттық (Картезий) ой-толғаулар”, французша, 1931; “Еуропа ғылымының дағдарысы және трансценденталды феноменология”), Жан-Поль Сартр (“Болмыс және ештеңе”) тәрізді пәлсапашыларға, ойшылдарға шейін түгел зерттеді. Бірақ кешегі танымнан әрі аса алған жоқ.
Болмыстың қуаты – тілдің құнарында. Тіл, Хайдеггердің айтуынша, болмыстың мекені. Тіл – болмысқа пана, уақытқа – серік.
Тіл уақытты мәңгілікке сүйрейді.
Болмыс – қатысушы, қатынасушы нәрсе, болмаған нәрсе – болмыс емес.
Құнарлы тіл болмысты мәнге толтырады. Құрдымнан құтқарады. Болмыстың қазасы – тілдің абстракциялық күшінің жойылуы.
Түсінік неғұрлым айқын болған сайын болмыс соғұрлым көмескіленеді.
Болмысты айғақтайтын – абстракциялық категориялар.
Анық түсінік болмысты жояды.
Болмыс екінші атауына көне замандардан бастап ие болды: оны анықтап айту мүмкін емес. Түсініктемесі күңгірттенгенде мәні толық ашылады. Анық-танығы тілдің табиғатына тәуелді философиялық категориялық ұғым.
Табиғат анық айтылады – болмыстың тілдік бейнесі кейіптелгенде – бұлыңғыр тартқандай көрінеді. Бірақ болмысқа қатысты қолданылған сөздер бұлыңғыр тартқан сайын болмыстың мәні айқындала түседі.
Көне лұғаттар мен заманауи кітаптардың бәрінде жазылғандай, бүгінгі таным онтологияны болмыс туралы ілім деп түсінеді. Болмыстың мәніне тереңдеген сайын аталған ілім туралы таным түсінігі де өзгеріп отырады.
Задында, ілімсіз таным, танымсыз ілім жоқ. Ілім – танымның жолы. Кең мағынасында. Танымның жаратылысты тану әдіс-тәсілі – ілім.
Ілім – таным-түсініктің жеткен тереңі. Задында, ілім таным-түсінікті жетелеп отырады. Бірақ Абай айтпақшы, бір қайғы жүз қайғыны қозғайды. Немесе, ақыл алтау, ой жетеу, дейді Абай. Бір сөзінде, қайғы шығар ілімнен, дейтіні тағы бар. Сондықтан сауал таусылмайды.
Абайдың түсінігінде, ой да, қайғы да – сауалдың баламасы.
Қайғы сауалдан туады, оймен аяқталады. Ой мазалайды, мазалап сұрақ туындатады, сосын, жауап іздеген ойдың сауалы біртіндеп, баспалдақтап қайғының өзіне айналады.
Пәлсапаның даңғыл жолы осы: ой – сауал – қайғы. Жауабын тапқан пәлсапа – пәлсапа тарихына айналған жүйе. Енді, ол – өмір сүріп отырған пайымдаушы пәлсапа емес, ізденісі тоқтаған, ойы тоқтаған пәлсапа. Мұражайда тұрған тарихи жәдігер.
Пәлсапа сауалдан басталады. Көнерген қағидат. Яғни ескі түсінік. Бүгінгі заманда ойды туындатушы – таңырқау. Біз қоғамда ар-ождан жоқтығына емес, бар екендігіне – кездейсоқ куәға тартылғанда, тіпті, тосын көргенімізде, жалпы, көзіміз жетіп, көңіліміз толғанда – таң қаламыз.
Демек, көзден қайтқан – адам да, адами қасиет те – көңілден де түпкілікті жоғалады. Негізінен, сирек құбылыс, тосын жайтпен қайта қауышқанымызда риясыз қуанып, қатты толқып, артынан қалың ойға батамыз. Бұл ненің белгісі екен, астарынды қандай мән жатыр екен деп ұзақ топшылап, күдік пен күмән бейнетін кешеміз, жанымызды қинаймыз.
Сұрақ – пәлсапаның азығы. Жақсы сұрақ – терең пәлсапаның алғышарты. Яғни сауалын таппаған пәлсапаның өмір сүруге қабілеті жоқ.
Жалпы, пәлсапаның басты тақырыбы – шексіз кеңістік пен шектеулі уақыттың мұратын, шалқар ғарыштың түп мағынасын, ғаламның мәнін, дүниенің негізін іздеген сауал.
Құбылыстың сипатын көріп, заттың құпиясын ашқан, өзара байланысын, дамуы мен өзгеруін топшылаған, табиғат пен қоғамның сырын аңғарып, әлемнің құрылымын пайымдаған, мазмұны терең, түсінігі кең болмыс категориясы – кез келген пәлсапалық жүйенің іргетасы.
Ертеден келе жатқан шежіредегі ғұламалар мен данышпан ойшылдар бұл ұғымды телегей теңіздей ой-толғаныстардың пәлсапалық қайнары, түп қазығы, бастапқы негізі тұрғысында санады.
Болмыс ұғымын тұңғыш қолданған Парменид еді: ол, дүниеде бар нәрсе – бар, жоқ нәрсе – жоқ, деген пікір ұстанды.
Парменид жаратылыс нағыз болмыс емес, ой елегі арқылы жете алатын дүниеміз – болмыс, деп екі жарым мың жыл бұрын қорытынды жасады.
Яғни ойлау мен болмыс бір-біріне тең.
Болмыс – көне грек дәуірінен бері өзгермей келе жатқан категория.
Дидар АМАНТАЙ.