АҚЫН ЗИЯШ
Зияш Қалауованың қолда бар мұрасын бізге аманаттап тапсырған Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжанова апай еді. Ішіндегі тізіп көрсеткен бар дүниесі де, өзі де музейдің баға жетпес асыл қазына жәдігеріне айналған сол қолхат іспетті хаттың қысқаша мәтіні мынау:
«Құрметті Абдулла. 1989 жылдың 15 сәуірінде сен Алматыға келіп, Зияш туралы пікірлескен едің… Содан кейін Зияштың дүниесін ақтарып, бар қолымдағыларды жинастырып, тексердім. Бар қолымдағы суретін, 1936-38 жылдары өлеңмен жазылған «Аппақай» атты пьесасының үш дәптер түпнұсқа қолжазбасын, басқа да мұраларын жіберіп отырмын. Ендігі жауапкершілік өзіңде. Бәрі саған аманат. Қазақ киімімен түскен суретін үлкейтіңкіреп, бір данасын маған салып жіберуіңді сұраймын. Менің қолымда болғаны теріс емес…
Ескерту: Зияштың қайтыс болғандағыдан бес сурет, Зияштың тірі күніндегіден үш сурет, Төкеңмен /Зияштың әкесі / байланысты үш сурет, үш түрлі суреттің негативін – сыңарын да жіберіп отырмын. Мүмкін керек болар деп. Өзімнің елу жасымда түскен суретімді музейіңе сыйға тарттым. Барлығы он жеті сурет жіберіп отырмын.
1968 жылы Төлеу қартты қонаққа шақырдым. Ол кезде ол кісі көзден зағип болған еді. Менің үйімде он күн жатып, Зияштың басына молда апарып құран оқытып еді. Зияшымды тәрбиелеп, шапағаты тиген ағаларын, апаларын шақырып, Зияштың атынан қонақасы берді. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбу Сәрсенбаев, Әбділда Тәжібаев, тағы-тағылар. Содан соң жазушылар да Төкеңді қонаққа шақырып, сый-сияпат жасады.
Сәбит ағаның машинасымен зиратқа әлденеше рет барды. Медеуге апардым. Сонда Төкең: «Зияшым тірілгендей болды-ау, қарағым. Көзім көрмесе де таза ауаға кеудем ашылып бойым жазылып, сергіп қалдым», – деп маңдайымнан сүйген еді.
Ләзиза Серғазина екеумізді кезек сүйіп, жылап: «Зияшым сендерге аманат», – деген еді аяулы қарт.
Басқа не айтайын келінге, балаларға, қаламдас достарыңа менен арнайы сәлем.
Өзің толық етіп хат жазарсың.
Хош, көргенше. Тілектес апаң М.Хакімжанова.
11 сәуір, 1991 жыл. Алматы қаласы».
Зияшпен сонау 1939 жылы алғаш танысқан күннен бастап-ақ, апалы-сіңлілі болып кеткен, өмір бойы «Зияшым» деп, оның мұрасының нағыз жанашыры болған Мәриям Хакімжанова апай қазір өмірде жоқ.
Өзі айтқандай, ол кісі Зияш үшін қолынан келгенін аяған жоқ. Ең соңында күш-қуаты сарқылған шағында өзі тірнектеп жинап сақтаған Зияштың бар мұрасын оның туып-өскен өлкесі, елі Отырардағы «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби мұражайына» өз қолымен тапсырып кетті. Ол енді бізге аманат.
Мәриям Хакімжанова Зияштың өмірбаяндық деректерін негізінен көзі тірісінде Зияштың өз аузынан, әкесі Төлеу қарттан жазып алған. Мәриям апайдың бұл өмірбаяндық зерттеулері Зияштың 1986 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Алғыс» жинағында алғысөз, өзінің 1995 жылы «Дәуір» баспасынан жарық көрген «Естен кетпес бейнелер» атты естеліктер кітабында «Ақын Зияш» деген тақырыппен естелік ретінде жарияланды.
1953 жылы Қалмақан Әбдіқадыров құрастырып Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы арқылы жарыққа шығарған «Зияш Қалауова» атты таңдамалы жинақта, кейін ақын мерейтойына орай қаламдастарының, замандастарының мерзімді баспасөзде жарияланған мақалаларында ақынның шығармашылық өмір жолы баяндалады.
Зияш Қоңыраттың ішінде Саңғыл руының Қошқар атасынан тарайды. Қошқардан Ханкелді және Өтеп деген екі бала болған. Ханкелдіден Түкібай, Түкібайдан Әйтпен, Әйтпеннен Қалау, Қалаудан Төлеу, Төлеуден Зияш туады. Ал Өтептен Меңлібай, Меңлібайдан Кемел, Кемелден Құлыншақ туады. Заманында ұлы жыр алыбы Жамбылдың өзі «Майлықожа, Құлыншақ, пірім еді бас ұрған» деп өлең өнерінде пір тұтқан атақты ақын Құлыншақтың Зияшқа жақындығы осы.
Зияштың әкесі Төлеу алты айлығында әкеден жетім қалып үлкен атасы Әйтпеннің бауырында тәрбиеленеді. Шешесі Ұлбике 24 жасында жастай жесір қалғанмен, атасы мен балаларын бағып-қағып, қанша қиыншылық көрсе де күйеуінің әруағын сыйлап, ешкіммен отаспай жесір күйінде отырып қалған. Сондықтан, ол кісіні атасы да, ауыл-аймағы да қатты құрметтеген.
Қалаудың кіндігінен екі ұл, бір қыз бала тараған. Үлкен ұлы Саққа Рахима деген қызын айттырап қояды. Сақ 16 жасында «домбырашы», «өлеңші» бала атанып ел аузына іліне бастаған шағында кенеттен ауырып қайтыс болады. Сөйтіп айттырған қызы Рахима оң жақта қалады. Ата жолымен Рахиманы 1902 жылы Сақтың інісі Төлеуге алып береді. Төлеу Рахимадан 1914 жылы Төлеген атты бір бала, 1921 жылы Зияш атты бір қыз көреді. Рахима Зияшты туғаннан соң сүзектен он бір күн ауырып дүние салады да, Зияш анадан бес айлығында жетім қалып, әжесінің бауырында өседі. Әжесі Ұлбике атасы Әйтпен қайтыс болғаннан кейін ауыл билігін өзі ұстаған есті кісі еді. Зияшты анасын жоқтатпай тәрбиелеп өсіреді. Ал Зияш қарғадайынан өлең айтып, ән салып қарт әжесін жалғызсыратпайды.
1930 жылы Зияштың ағасы Төлеген екі-ақ күн ауырып дүние салады. Бұл қаза болашақ ақынның әжесі мен әкесінің қабырғасын қайыстырып кетсе, 8 жасар Зияш сұм ажалдың суық лебін ес білгенде алғаш рет сезеді. 1932 жылы күзде Төлеу жалғыз қызы Зияшты Шәуілдірдегі «Кеңес» колхозындағы бір жұрағаттарының үйіне әжесімен екеуін орналастырып, осындағы «Кеңес» жеті жылдық мектебіне оқуға береді. Бұл кез Шәуілдірде жергілікті басшы Дүйсенбай Алтынбековтың ұйымдастыруымен колхоздар құрылып, социалистік еңбек майданы қызған шақ болатын. Осы еңбек майданын көзбен көріп, жазу үшін 1934 жылы Шәуілдірге шығармашылық сапармен көрнекті ақын Асқар Тоқмағамбетов келеді. Ақынды облыс басшыларына айтып, үкімет тарапынан шақыртқан Дүйсенбай Алтынбеков болатын. Асқар ақын Шәуілдірге келісімен ел ішіндегі Қызыл Жырау, Сәдуақас, Айтбай, Елеусіз, Балтабай, Махан ақын секілді әдебиет жанашырларының басын қосып, әдебиет бірлестігін, мәдени-үгіт бригадасын құрады. Осы мәдени-үгіт бригадасының, әдеби бірлестіктің белді мүшелерінің бірі Зияш Қалауова болды.
Зияштың замандасы Саттар Сыздықбековтың айтуынша Зияш мектеп өміріндегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, сабақты үздік оқып, мұғалімдер кеңесінің мүшесі болған. Оның өлеңдерін мұғалімдер сабақ алдында оқушыларға үнемі оқып береді екен.
Зияш «Аппақай» пьесасын «Кеңес» мектебінде оқып жүргенде жазған. Пьеса алғаш рет осы «Кеңес» мектебінде қойылады. Мәриям апайдың айтуынша, бұл Шәуілдір тарихындағы тұңғыш драматургиялық қойылым екен. Пьесадағы қойшының рөлін басына құлақшын киіп Зияштың өзі ойнаған. Саттардың куәлігінше, Зияш «Аппақай» пьесасын Шәуілдір ауданының (қазіргі Отырар) Сталин атындағы колхозда тұрған Шамбау деген жесір әйелдің Аппақай деген қызының бас бостандығына арнаған. Сірә, пьеса сюжетін Зияш, Шамбаудың өз аузынан жазып алса керек. «Аппақай» пьесасының латын әріппен жазылған үш дәптер қолжазба нұсқасы Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайының қорында сақтаулы тұр.
Зияш Қалауова 1934 жылдың жазында 13 жасында Алматыға, Қазақстан Жазушыларының бірінші съезіне шақырылады.Төлеу қарттың айтуынша, Зияшты Шәуілдірден съезге делегат боп барған Елеусіз ақынға тапсырып, ертіп жібереді. Осы жолы ақын Зияш алғаш рет съезд мінберінен сол кездегі әдебиет майданының небір сарбаздарының алдында балауса жырларын оқып, оларды ақындық талантымен таң қалдырады. Жазушылар ұйымының басшылары қаршадай қыздың ақындық өнеріне риза болып, оған патефон, тігін машинасын сыйға береді. Ол кез үшін бұл үлкен сыйлық болатын. Бұған Зияштын әжесі қатты қуанып, бір тоқтысын сойып, үлкендердің батасын алады.
Зияш 1938 жылы жеті жылдықты бітірген соң, Алматыға барып оқуға түссем деп армандай бастайды. 1939 жылы жазда Қазақстан жазушыларының ІІ-съезі болады. Сол съезге Зияш облыстан делегат болып сайланады.
Алматыға жүрер алдында, дастархан басында Зияш әкесіне: «Көке, мен осы барғанымда мүмкіндігін тапсам, Астананың бір оқу орынына түссем деп ойлаймын. Егер түсе алмасам, үлкен ауылда шығатын газет-журналдардың бірінде қызмет істеп, тәжірибе алып, кітап оқып білімімді кеңейтсем деймін. Өмірді білмей, білім алмай, жақсы өлең тумайды ғой. Әжем болса қартайды. Бұрынғыдай қуаты жоқ. Табысымыз жаман емес. Әжеме ерекше қамқорлықпен қарай көріңіз, менің сізден өтінерім осы», – деген екен.
Зияш Қалауова 1939 жылы жазушылардың ІІ-съезінде Мәриям Хакімжановамен танысады. Осы кезден бастап екі ақынның апалы-сіңілі қарым-қатынасы, рухани жақындығы басталады.
Зияш Алматыда онжылдықты, 1942 жылы Алматы облысының Түрген деген жеріндегі мұғалімдер даярлайтын он айлық курсты, 1945 жылы ҚазПИ-дің филология факультетін бітіріп, мұғалімдік қызметін бастайды.
Зияш Түргенде оқыған курстағы күндері туралы, курстас құрбысы Латипа Құрманбекованың «Зияш қандай еді» деген 19 беттік естелігі сақталыпты.Естеліктен үзінді келтірейік: «…Кешқұрым қасында екі жолдасымен Зияш келді. Зияш талдырмаш, үлкен қара көзді, мінезі салмақты, тұйықтау, сыпайы жас ұлан екен. Он бес жасында өлеңдер жинағы жарық көрген Зияшты осылай көрдім. Біз Түргендегі педагогикалық училищенің қасынан ашылған он айлық қысқаша курста оқыдық. Соғыстың нағыз қызу кезі, мұғалімдердің бәрін шетінен армияға алып жатыр. Студенттер Зияшты бірден қабырға газетінің редакторы етіп белгіледі… Зияш совет әдебиетінен басқа, сол кезде Шекспир, Шиллер, Байрон, Гете, Гейне шығармаларын жастанып жатып оқушы еді.
Зияштың досқа, жолдасқа деген кісілігі зор, қайырымды болатын. Бір күні Зияш Алматыға оқудан сұранып кетті. Сол жолы «Шолпан» деген өлеңдер жинағы жарық көрді. Алғашқы қаламақысына Зияш қоңыр мауыт, қара жағалы пальто киіп келді. Ескі байпағын біреуге берді, жаңа етік сатып алыпты. Мен бар киімімнен жолда, пойыз үстінде айрылып қалғам. Өзінің көнетоз қызыл қоңыр, түгінің бәрі түсіп қалған пальтосын аударып, маған тігіп кигізді. Осыдан бастап Зияш іс тіге бастады. Ол ақындықпен қатар, он саусағынан өнер тамған ісмер-ді. Зияш сурет те салатын. Оның жаны жомарт, адамгершілік қасиеті мол, өзге бақытын көре алмауды, іштарлықты білмейтін, нағыз жаны жомарт қыз болатын…».
Зияштың ата-әжесінің де, ата-анасының да, өзінің де өмірлерінің қуанышынан қайғысы көп болған сыңайлы. Шешесі Рахима Зияшты туған соң, ақ сүтін сәбиіне жарытып емізе де алмастан, аналық мауқын баса да алмай дүние салды. Ал әкесі Төлеу ұлдан жалғызы Төлегеннен айрылған соң, Зияшына Алладан шүкірлік қып, енді осы жалғызым тірі болсын деп жүргенде 1952 жылы бала үстінде аяулы Зияшы мәңгіге көз жұмды.
Ана болғым келеді, ана болғым,
Бөбегі жоқ ананың жүзі солғын.
Нәрестенің иісін аңсағанда,
Күмбірлеген көкірегім шерге толдың.
Ана болғым келеді, бала сүйіп,
Бала десе кетеді кеудем иіп.
Бір перзенттің зар болып іңгәсіна,
Құпия түрде күңіреніп, тарттым күйік…
Ана болғым келеді, арманым сол.
Ақ күн туып алдымнан, ашылсын жол.
Ата-ана атансақ бақыттымыз,
Бір Аллаға табынып, созамын қол! –
деп Алладан пәрмен сұрап, бала көтеріп еді аяулы Зияш. Бірақ бала қызығын көруді Алла жазбапты. Артында анасынан ақ уызын ембей, шырылдаған жетім сәбиі, жары қалды. Сонау Түркістан мен Кентау арасындағы Күшатада:
Менен асып жетті ажал жалғызыма,
Қара басы тең деуші ем хан қызына.
Қайран Зияш, қайғыңа кеттің тастап,
Көкең отыр қасқайып жел-құзына,–
деп әкесі Төлеу қарт қалды күңіреніп.
Мариям апамыздың бізге айтқан бір аманатын орындауға тырыстық. Зияш Қалауованың есімін Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Шәуілдір кентіндегі бір мектепке беруге, Әбу Насыр әл-Фараби мұражайының экспозициясынан «Ақын Зияш» бөлімін ашуға септігіміз тигеніне қуанамыз. Сондай-ақ, бір топ ақындардың қатарында Зияштың да шығармашылық өмірі туралы зерттеу мақаламызды топтастырып, «Отырар алқабының ақындары» (2011) атты кітабымызды жарыққа шығаруымыз – ақын апамызға қойған әдеби ескерткішіміз гой деп ойлаймыз.
Абдулла Жұмашев,
Әбу Насыр әл-Фараби
музейінің директоры,
әдебиетші, этнограф.
Отырар ауданы.