МҰСТАФА ШОҚАЙ: КӨЗҚАРАС ЭВОЛЮЦИЯСЫ
Біз бүгінгі күн биігінен Мұстафа Шоқайдың азаттық үшін күрестің қазақ тарихындағы мүлдем жаңа түрі мен кезеңін бастап бергенін, оның «Жас Түркістан» сияқты журналдардың, «Түркістан кеңестер билігі езгісінде» сияқты белгілі еңбегінің оның айғағы екендігін мойындауымыз керек. Революциялық өзгерістен күткен үміті ақталмасына көзі жеткен Мұстафа Шоқай да А.З.Валиди сияқты «Россияның ішіндегі күрес мұсылмандардың құқын қамтамасыз ете алмады, әрине, бұл өкінішті-ақ, сондықтан да күрес енді халықаралық сипат алмақ. Менің мақсатым – бұл елдердің талап-тілегін әлемдік қауымдастыққа жеткізу», – деп айтуға толық құқы бар еді. Ол өз заманында саяси-әлеуметтік қатынастарды зерттеп, күрделі құбылыстардың тұтас болмысын талдап, тұжырымдап отырды. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін шетелге ауып, большевиктік саясатқа қарсы күресін Мұстафа Шоқай өмірінің соңына дейін тоқтатпады. Мұстафа Шоқай Ақпан төңкерісінің нәтижелерінен үлкен үміт күтті. Бұл төңкерісті Түркістанға, қала берді қазақ халқына бостандық, мемлекеттілік береді деп үміттенді. М.Шоқай: «Патшалық құлап, революцияшыл демократтар билік басына келсе, орыс мемлекетінің бізге жасаған қиянаты жойылатынына әрі басқа өлкелерде кең ауқымды «ішкі ұлт мәселесі» құрылатынына бұл өлкелерде (Түркістан) орыс қоныс аударушыларының үдере кешуі, тоқтатылатынына сенетінбіз», – дейді.
М.Шоқайұлының саяси-әлеуметтік көзқарасының өзгеруі көп нәрсені аңғартады:
1. Патшалық Ресейдің бұратана деп аталған халықтардың қатаң езгіге салғанын сыпайылап, «қиянат» жасады деп көрсетеді. Ол қиянаттың мені – отарланған халықтардың соның ішінде қазақ ұлтын да барынша езіп әлеуметтік дамуын тежеп, Қазақстанды бүкіл Түркістанды империяның шикізат көзіне және дамып келе жаткан орыс капитализмінің рыногына айналдырды.
2. Екіншіден, ұлт мәселесі деп ұмтылғанда Мұстафа қазақ сияқты ұлттар өзінің саяси-әлеуметтік, мемлекеттік құрылымын автономия ретінде алады, мұның өзі бұратаналарды отарлық езгіден құтқарып, халықтың әлеуметтік халін жақсартады деп күткен еді.
3. Үшіншіден, Қазақстанға орыстардың қоныс тоқтатылса, қазақ жерін отарлау да тыйылып, қоғамдағы әлеуметтік қатынастар шиеленгені бәсеңдер еді деген терең ой жатыр.
Мұстафаның бұл үміті ақталмады. Орыс демократтары іс жүзіңде сынақтан өте алмады. Мен әділмін деп кеуде соққан революционерлер үкімет басына келгеннен кейін орыс емес халықтар өкілдерін биліктен шеттетіп, маңайына жолатпай қойды. Ақпан төңкерісінің нәтижесінде үкімет басына келгендердің империялық, шовинистік пиғылы қозып, ұлттық қозғалыстарды қолдамады. Осыған орай Мұстафа: «Қазақ арасындағы ұлттық қозғалыстың бәріне де орыс әкімшілігі қарсы», деп жазды. 1917 жылы 10 сәуірде Ташкентке келіп, «Түркістан» өлкесін жұмысшы солдат депутаттары кеңесінің құрылтай жиналысында сөйлеген халықтың социалист Никора дегеннің: «революцияны орыс революционерлерінің орыс жұмысшы солдат депутаттары жасады. Сондықтан Түркістанда барлық мекеме билігі орыстардың қолында болуы тиіс, жергілікті халық біздің бергенімізге қанағаттануы керек», деп айтқанын ашына жазады. Мұстафа өз естеліктерінде демократтардың мақтап жүрген Ақпан төңкерісінің қазақ даласында әрі саяси, әрі әлеуметтік теңсіздікті күшейте түскенін көрсетеді.
М.Шоқай автономияның мәнін былай түсіндіреді: «Түркістанның дербес ел басқаратын мекемелері мен атқару органдары, яғни заң шығаратын Парламенті және іс жүргізетін үкіметі болуға тиіс. Сыртқы саясат, қаражат, жол, әскери істер Ресей федерациясының үкіметінің ісі деп есептеледі. Оқу, ағарту жұмыстары жергілікті мекемелер заң және жер мәселелері бәрі жергілікті автономиялы үкіметтің ісі деп қаралады».
Ташкенттегі орыс қауымы, – деп көрсетті М. Шоқай, – тек Түркістандағы автономиялық басқару мекемесінің ашылуына қарсы болып қоймастан, барлық түркістандықтардың орыстармен құқы тең болуына да қарсы.
Мұстафа Шоқай Қазан төңкерісі қазақ даласына бостандық, әлеуметтік әділдік емес, қайта кедейлік, құқықсыздық, қырғын әкелді деп тұжырым жасайды. Түркістан халқының әлеуметтік ахуалын сипаттаған Мұстафа Шоқай: «Түркістандағы Кеңес үкіметі Түркістандық кедейлердің, Түркістандық әйелдер мен балалардың сүйегінің үстіне орныққан», – деген. Кеңестік Қазақстандағы әлеуметтік проблемаларға арналған «Қазақ жеріндегі ашаршылық» деген очеркінде Мұстафа Шоқай 1921 жылғы қазақ қоғамының үлкен дертке, қатты ашаршылыққа ұшырауының басты себептерін көрсетеді. Қазақтың малы жұттан ғана қырылмай, Қызыл Армия пайдасы үшін халықтан малды тартып алудан да күрт кеміп кеткенін нанымды деректермен дәлелдеп отырады.
Мұстафа Шоқай, Кеңес Үкіметінің 1920 жылдары Қазақстанда жүргізген жер саясатына талдау жасап, бұл жөнінде өз ойын айқын баяндайды. Оны да большевиктер партиясының құжаттарына, Голощекиннің баяндамасына сілтеме жасай өз ой-пікірлерін білдіреді. Голощекин: «Бізде жаппай жерге орналастыру (қазақтарды) жөніндегі жобаларға патшалық болмаса да бәрібір кедейлер бұдан ешқандай пайда көрген жоқ» дегеніне ой жүгірте отырып, Мұстафа Шоқай оның себебін – қазақтарға тек жарамсыз жердің тигендігінен, құнарлы, сулы жерлерді орыстар иелігінде қалып отырғандығынан іздейді. Шындығында оның бұл ойында үлкен шындық бар еді.
1936 жылы Берлинде Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзінде Шоқай: «Түркістан жастары, бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-біріңе күш қосуларың еліміздің бағытына қызмет етпек. Мұны ешқашан ұмытпаңдар! Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің ата жұртымыз, еліміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру бәрімізге бір мақсат, бір махаббат уазифа болмақ. Мұны ұмытпау керек!» деген.
Тоталитарлық жүйенің бірден-бір ерекшелігі – ел ішіндегі құрылысқа қатысты ресми биліктің пікірінен өзгеше көзқарастың болмауы. 1920-30 жылдары қалыптасқан осындай жағдайда қоғамдық өмірде болып жатқан түбегейлі өзгерістерді сыни көзқарас тұрғысынан талдауға алған жалғыз басылым «Яш Түркістан» еді. Егер біз жоғарыда көрсетілген мәселелерге XX ғасырдың соңындағы биіктен емес, Мұстафа Шоқай белсенді саяси қызметте болған 1920 жылдардың тұрғысынан көз салар болсақ, әрине, Мұстафа айтқан идеялар толық негізді болғандығын аңғарамыз.
Пірімбек Сүлейменов,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті.
ПІКІРЛЕР1