Жайнасын өмір, жадырасын көңіл
25.04.2023
3499
0

Ұлықбек
ЕСДӘУЛЕТКЕ

Туа сала жабысқан
қаламсапқа бұл балаң!
Он үшінде қыздарға ғашық
болып жырлаған.
Он жетіде тілші боп облыстық газетке,
Жиырмада өлеңін ұлы ақындар тыңдаған!

Талықсыған талай қыз құшағында Ұлқаш! – деп.
Жырлары – жүрек сырлары, қуаламас ұйқас тек.
Қазіргі түрін қарасаң, Абай келе жатқандай,
Ал мінезі «шатақтау», ешкімнен жасып ықпас тек.

«Қара пима» киіп ап, ақ арақты «таптаған».
«Жаңаөзенді» жыр етіп, билік жаққа жақпаған.
Тауда өскен тарлан ұл, текті ақыны қазақтың,
Қаламы түспей қолынан жыр – тұлпарын баптаған! 

 

Қазыбек ИСАҒА

Жыры отты ақын ол, елдің қамы – тілегі,
Қазыбекті депутат – барлық қазақ біледі!
Жетім тілін сорлаған, Парламентте қорғаған: —
«Тілім, тілім, тілім!» – деп, тілімделді жүрегі…

Мәжілістің жартысы «пысқырмайды» мемтіліге,
Қазыбекті кекетіп, ол мәңгүрттер күледі.
Ата заңнан жойылса орыс тілі көрерсің,
Өздері тұрмақ, олардың иттері қазақша үреді!

Еркін
ЖАППАСҰЛЫНА

Айтатыны қыздарға:
«Қымсынбашы, қылықтым».

Жазатыны жасқанбай
кем-кетігі ұлықтың.
«Қалжыңы бар қалтада»,
«Күлкі мен түлкі сойғызған»,
«Жатыпатар» жауы сен шылық
пенен былықтың.

Қара құлы «Қазақ әдебиеті» газеттің,
«Оты мен кіріп, күлімен
шығып» шынықтың.
Еңбегің жанып, қос
орденің кеудеңде,
«Бір бейнеттің – бір зейнетін»
шын ұқтың!

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВКЕ

Орда бұзып отызда,
«Жерді адамға табынттың»!
Өлеңдеріңмен орысша,
Қазақты әлемге таныттың!
Мақтаны елдің – Олжасым!
Орыс тілді ақын болған соң,
Орыс тіліне жақын болған соң,
Орыс тілің үшін шырылдап,
Ана тіліңнің «жағасына жармастың»!
Алматыны – Алма-ата деп атауды,

Ұсынып тағы таластың.
Ұлтыңа ұнамас пікірді,
Қазағың қалай қолдасын?
Тілін сүйіп орыстың,
Қызын сүйіп орыстың,
Орыстан алған жолдасын,
Қазақтың ұлы ақыны,
Олжекеңді – Алла қолдасын!

Исраил САПАРБАЙҒА
«Махаббат маусымым енді басталған секілді» – серінің 70 жасқа толғандағы сұхбатынан

«Жүрегінде ұя салған қарлығаш»,*
Ғашықтықпен ағарыпты қара шаш.
«Тар төсекте»* «Қызыл жасыл дүние»,*
Талай «төсті иіскепті жалаңаш».*

«Телефонның ар жағынан үн қатып»*,
Талай қызды кеткен екен «жылатып».
Қалмай қойса қыр соңынан «зар илеп»,
Жүреді екен ән-жырымен уатып.

Ақын бала – бала жасар сан қылық.
Ақын сері – айлап кетер «қаңғырып».
Шабыттанып жыр маржанын арқалап,
Келеді екен жеңгемізді таң қылып!

Сарай жақта сайрамаған «бұлбұл» боп.Содан болар Мемсыйлық жоқ,
орден жоқ.
Бәрінен де биік қойып Алашын,
Кеуде керер:
«Мен халқыма құлмын!», – деп.

Ақын аға! Ақиығым – қыраным!
Махабаттың шалқыта бер жыр-әнін!
Аман болсақ тоқсандағы кешіңде,
Мен де шырқап «Телефонды»* тұрармын!

* – «Жүрегіме ұя салған қарлығаш», «Телефонның ар жағынан үн қатшы»,

«Қызыл жасыл дүние», «Тар төсекте төсіңді», «Махаббат маусымы» – ақының өлеңдері мен жыр кітаптарының аты.

Светқали НҰРЖАНҒА

Нұржан шалдың баласы – бойында бар құдірет!
Махамбеттей айбарлы, өзі – батыр, өлеңі – өрт!
Шешендігі бір басқа, абыздығы бір төбе,
Көне тарихты ақтарған – көсем сөзі керемет!

Маңғыстауда Айтмандай эпик ақын аз туған!
Аласа бой мен жыраулық – Қарға бойлы Қазтуған!
Бозбала кез. Алматы. Жатақханасында КазГУ-дің,
Өлең оқып кештерде, ал түндерде қыз қуған!
Әулиелі Маңғыстау – ақынның шабыт киесі.

Жырына арқау теңізі,
тау мен дала, түйесі.
Алматыда тұрмай-ақ, улиятта жүріп-ақ,
Кеудеде «Құрмет» ордені, «Алтын Барыс» иесі!

Алпысыңды берші бауырым, құрығанда бір айға?
Жетпісімді берейін, 7 миллион қосып, жарай ма?!
Сахнаға шығып шырқасам,
«Махаббат серенадасын»,
«Ескірмеген махаббаттарым» –
құшағыма құлай ма?!.

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫНА

Ақындар бар Атағын ақтамаған.
Халық сөзін ешқашан жақтамаған.
Мемсыйлықтың иесі кей ақынның,
Бір өлеңін бір қазақ жаттамаған.

Сені оларға қоспаймын, қосылмайсың.
Оқырманның күнде іздер досындайсың!
Тыныш жүріп «тынықты» толқытатын,
Тыныштықбек бауырым осындайсың!

Бір ақын жүр билікке «құлдық ұрып»,
Атақ, орден арман боп «зыр жүгіріп».
Мемсыйлықты
«қалпақпен ұрып алып»,
Сен жатырсың
Семейде «шырт түкіріп»!

Бақ кетпеген қашанда баталы ұлдан!
Талантың сенің көп биік – атағыңнан!
Абай, Мағжан, Шәкәрім мемсыйлықсыз,
Сен де олардың кеттің бе, қатарынан?!…

Ғарифолла ЕСІМГЕ

Кім білмейді қазақта Ғарифолла Есімді!

Абайды айтса абыздай, қазанаттай көсілді!

Өзі ғалым, жазушы, профессор, ұстаз ол,

Сусындатып біліммен мыңдаған шәкірт өсірді.

Сенатта сынап билікті, «артын қысып» отырмай,

Депутаттыққа енді оның, бір жола жолы кесілді! 

Аймұханбет
БЕЙСЕМБЕКОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір