АҚЫНҒА ҚҰРМЕТ
Таяуда Қызылорда облысы, Арал қаласындағы №64 мектепке қазақ поэзиясына өзіндік үнімен келіп, айрықша із қалдырған көрнекті ақын Жарасқан Әбдірашевтің есімі беріліп, ескерткіш бюсті орнатылды.
Жиынға ақынның жары Нәзігүл Мергенбаева, ұлы, режиссер Рүстем Әбдіраш, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, жазушы Қуандық Түменбай, сатирик Көпен Әмірбек және Арал ауданының тұрғындары қатысты.
Замандас қаламгерлер ақын туралы естелік айтып, оның шығармашылығына тоқталды. Рүстем Әбдіраш мектепке компьютер сыйға тартты. Алдағы уақытта мектеп жанынан Жарасқан Әбдірашевтің мұражайын ашу да жоспарланып отыр.