БАУЫРЖАН НӨГЕРБЕК МҰРАСЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ
26.04.2023
185
0

Астана төрінде сәуір айының 20-сы күні Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Бауыржан Нөгербек мұрасы: теория, сын және кинопедагогика» атты еліміздегі кәсіби кинотанудың негізін қалаған кинотанушы, профессор, өнертану кандитаты, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Бауыржан Рамазанұлының 75 жылдығына арналған Халықаралық форум өтті. Форумды Қазақ Ұлттық өнер университетінің 25 жылдық мерейтойы аясында «Театр өнері және өнертану» факультеті, «Өнертану» кафедрасы ұйымдастырды. 

Екі күнге жоспарланған шара ғылы­ми-тәжірибелік конференциямен басталды. Жиынды ҚазҰӨУ-нің ғылым істері жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Ғайни Мұхтарова құттықтау сөзімен ашты.
Қазақстанда кинотану мектебінің негізін қалаған Бауыржан Нөгербек мұраларының бүгінгі киноүрдіс пен кинотану саласындағы маңызы туралы форумға отандық және шетелдік кинотанушылар мен кинематографистер қатысты. Онлайн режимде Алматы, Бішкек, Ташкент қалаларынан білікті мамандар қосылды. Сондай-ақ кинотанушы, Аберистуит университетінің құрметті профессоры Биргит Боймерс (Ұлыбритания), кинотанушы, профессор, PhD докторы, Болгария ғылым Академиясының өнертану Институты директорының орынбасары (Болгария) Андроника Мартонова Бауыржан Нөгербек және ол көтерген тақырыптар аясында жазылған мақалаларын конференция жинағына ұсынған.
Конференцияда сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, Абай атындағы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері Сауытбек Абдрахманов өзінің де осы мамандықта оқығанын айта келіп, Бауыржанмен студент шақтан сырлас, дос болғанын тілге тиек етіп, құнды естеліктермен бөлісті. Одан кейін сөз алған «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли сөзін «өз басым Бауыржан Нөгербектің төл шәкіртімін» деп бастап, ұстазының тәлімгерлік қырларын баяндады.
Ал жазушы, драматург, Қазақ Ұлт­тық өнер университеті «Өнертану» кафедрасының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Мұқанова: «Ол – руханияттың үлкен қайраткері. Жазушы, драматург Әкім Тарази мен театр сыншысы Әшірбек Сығайды шәкірт тәрбиелеуге алғаш шақырып, өнертану саласының болашағын нығайтуға күш салды. Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің қабырғасында кәсіби мамандар даярлайтын оқу бөлімін жандандырды. Бауыржан Нөгербектің қазақ киносына сіңірген еңбегі зор. Оның арманы кинодағы ұлттық келбетті күтумен болды, тиісінше ұлттық кинода ұлттық болмыстың жетіспеуі жайында өзінің өткір ойларын қалдырды», – деді.
Белгілі кинорежиссер, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Дәрежан Өмірбаев: «Қазір өнертанушылардың ешкімге керегі жоқ, жойылып барады. Кинотануға түсуге қазір қатты талас та жоқ. Актерлікке түсе алмағандар, режиссерге түсе алмаған жігіттер осы мамандыққа келе салады. Бұдан оның беделі төмендеп бара жатқанын көруге болады. Жылына 60 фильм шықты дейік, соған 60 кинотанушының жоғары деңгейде талдап жазған 60 мақаласы шыға ма? Кинотанушыларға ортақ жеке бір киноинститут ашу керек деп ойлаймын. Оны Алматыдан ашу керек. Өйткені кино саласының мамандары негізінен Алматыда тұрады», – деді. Ал өз кезегінде кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Назира Мұқышева қазіргі кинотанушыларға төленетін қаламақы мәселесін тілге тиек етіп, бүгінгі дені орысша жазылатын сценарийлер мәселесіне тоқталды. «Ұлттық кино түсіретін адамның ішінде ұлттық сезім болуы керек. Біз киноны әлемге өзіміз арқылы беруіміз керек», – деген пікірін жеткізді.
Конференцияда Әсия Сүлеева, Ақыш Омар, Әубәкір Сүлеев, Болат Қалымбетов қатарлы профессорлар мен режиссерлер, киносаласының білгірлері өз ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ аталмыш Форум аясында қазақ киносының белгілі шеберлері – кинорежиссерлер Дәрежан Өмірбаев пен Болат Қалымбетовтің фильмдері көрсетіліп, шеберлік дәрістері өтті. Сонымен бірге кинотанушы, өнертану докторы Гүлнар Әбікееваның шеберлік дәрісінуниверситет студенттері қызыға тыңдады.
Конференцияны Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, продюсер, кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тәуекел жүргізді.

Гүлістан ТОҚАЕВА,
студент

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір