Анау мен мынау
Үмбетбай УАЙДИН
Ду қолшапалақ.
Қыран-топан күлкі.
Сахнада Анау мен Мынау

Анау: Ассалаумағалейкум халайық.
Театрдан ду қолшапалақ,
Қыран-топан күлкімен тарайық.
Шап… Шап…
Мынау: Біз қазақпыз мың өліп, мың тірілген.
(Жұбан Молдағалиев).
Анау: Қазаққа ұқсайды зәу мұзарт,
Аппақ шың бұлтпенен таласқан.
Сол шыңнан биіктеу
Жалғыз-ақ –
Дүниеге шаңырақ – көк аспан.
(Ду қолшапалақ,Қыран-топан күлкі).
Мынау: Біз найзаға үкі таққан батыр халықпыз.
Анау: Қазақтар өздерінін кім екенін білсе, дүниежүзін жаулап алады.
(Екатерина ІІ).
(Ду қолшапалақ,Қыран-топан күлкі).
Мынау: Бір фриц маған мынадай бір әңгіме айтты. «Сұмдық бір қорқынышты солдаттар бізге қарсы шабуылға шықты. Олар бораған оқты елемей, бізді басып-жаншып өтетіндей атой салып келе жатты. Бұлардың қазақтар екенін кейін барып естідім. Әлемде мұндай халық бар екенін білмеуші едім. (Илья Эренбург, «Қазақтар»).
(Ду қолшапалақ,
Қыран-топан күлкі).
Анау: Солай, біз батыр халықпыз. Біз арақтан да қорықпаймыз. Арақ ішуден Орталық Азияда алдыңғы орындамыз. Жемқорлық бойынша 158 елдің арасында 107-ші орында тұрмыз.
(Ду қолшапалақ,
Қыран-топан күлкі).
Мынау: Біз сонымен қатар қонақжай да халықпыз. «Қазақ жеріне өттің екен, әмияныңды қалтаңа салып қой. Жылтыратып тиын санап отырғанын бұл елдің әдет-ғұрпына ерсі.
(Владимир Даль).
Анау: Оның рас, біз қонақжай да, дархан халықпыз – кім сұраса бақыртып бала да бере саламыз. «Қайдансың», «кімсің» деп те сұрамаймыз, бүгінде дүниежүзінің отыз мемлекетінде шамамен 60 мыңдай қандас жаутаңкөздеріміз «елім Қазақстан» деп теледидардан жыларын да, күлерін де білмей қол бұлғайды.
Анау: Біз жас мемлекетпіз. (Залдан ер адамның гүрілдеген дауысы шығады).
– Атаңның басы!
Мынау: Биыл елімізде қазақ хандығының 20 мың 500 жылдығы тойланады. (Залдағы жаңағы дауыс):
– Отта! Ұйқыңды аш! 5 жүз 50 жыл:
Мынау: Олардың әубастағы ат-есімдері қандай? Ринат Әлімов, Айдос Сәдуақасов, Санжар Жайлаубаев, Гүлзира Батталбаева. Қазір? Кевин Ринат Тэйлор, Айдос Норвуд, Санжар Джеймс Бордвей, Лайла Солейл, Гүлзира Хани Напарст.
(Ду қолшапалақ,
Қыран-топан күлкі).
Анау: Біз егеменді елміз. Бізде нағыз демократия. Бұрынғылар он жерден, жүз жерден «жақсыңды жатқа жіберме», «Қыз – өріс» дей берсін, қазір қыз беріп, дүниежүзінің барлық халықтарымен құда-жекжатпыз. Шетелдіктерге келін дайындауда біз «завскладпыз». «Қыз – өріс»…
(Ду қолшапалақ,
Қыран-топан күлкі).
Мынау: Бізде солай. Бізде демократия. Бізде әйелдер мен әйелдер, еркектер мен еркектер «любовь» боп үйленіп, қыздарымыз кілем мен рингте алысып-жұлысып төбелесіп жатады. Демократия.
Анау: Біздің жеріміз ұлан-ғайыр. Көлемі жағынан дүниежүзінде ондықтың ішінде.
Мынау: Осындай ұлан-ғайыр жерге иелік ету оларға оңай болмаған. Сондықтан бір Алаштың баласымыз деген ой-тұжырым тамаша идея болды. Себебі, осы идея қазақтардың басын қосты.
(Профессор Марта Олкот).
Анау: Біз мәңгілік ел боламыз.
Мынау: Көк байрағым көкке өзін танытты.
Көк аспанмен астасып-ақ қалыпты.
Жүрегім ғой…
Жүрегіме көрдің бе,
Күн қонақтап, қыран ұя салыпты.
Анау: Біз мәңгілік ел боламыз. Қазіргі уақытта бізде әрбір төртінші жұп – ажырасу.
Ендеше, жаһандану деген «жалмауызға» қалайша жем боламыз?!
(Ду қолшапалақ,
Қыран-топан күлкі).
Мынау: Қазақ халқы – ақын халық. Бүкіл қазақ даласы әндетіп тұрғандай.
(Григорий Потанин).
Анау: Біздің қазақтың тоғызқұмалағына бүкіл әлем жұртшылығы құмар.
Мынау: Буданбаған қазақ малының етін «шіркін-ай» қашан жер екенбіз деп, бүкіл әлем тамсанып отыр.
Анау: Әлемдегі ең әдемі, ең әңгімешіл халық – қазақ халқы.
(Ду қолшапалақ,
Қыран-топан күлкі).
Мынау: Мақтау мен тақтануда алдымызға жан салмай, әлемдегі елдердің алдында көш бастап келеміз.
(Амангелді Кеңшілікұлы).
(Ду қолшапалақ,
Қыран-топан күлкі).
Анау: Біз асылып өлуден Түркия, Орталық Азия және …Шығыс Европа елдерін басып оздық.
Мынау: Өткен жылы 98 бала өз еркімен көз жұмды. Арттарында: «қош бол, мәңгілік ел» деген хат қалды.
(Ду қолшапалақ,
Қыран-топан күлкі).
Анау: Биыл Алматыда қар тазалауға 497 арнаулы техника жұмылдырылды. Мемлекеттік тілді жетік білетін толыққанды адам Шымбұлақта шаңғы теуіп жүр. Сосын, соңғы алты айдың ішінде 900 пәтер судан ажыратылды.
(Ду қолшапалақ,
Қыран-топан күлкі).
Мынау: Дүниежүзінде 6000-ға жуық тіл болса, оның ішінде үш тіл – ұлы тіл. Олар француз, орыс тілі, қазақ тілі.
(Академик Василий Радлов).
Анау: Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ.
(Мәшһүр Жүсіп).
(Ду қолшапалақ,
Қыран-топан күлкі).
Мынау: Біз мәңгілік елміз. Олай болса, тіліміз де мәңгілік.
Анау: Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде сөйлей алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – қазақтар.
(Ренальдо Гаспирин. Италиялық кәсіпкер).
(Ду қолшапалақ,
Қыран-топан күлкі).
Мынау: Орыс тілін бүлдіріп жүрміз. Шетел тілдерін орынсыз қолдана береміз. Кемістіктер немесе олқылықтар деуге бола тұрса да «дефектілер» деудің не қажеті бар?
(Владимир Ильич Ленин).
(Қалта телефоны қоңыраулап, оны құлағына апарады).
– Да? Сенін аты кім? Керуха? Менін аты – Эбола. Ой блә… блин, ты живой қара пиар? Чо? Әйелдер киім бутигі? Ну? Керуха, ғапу прошу, саған много уақыт хабарласа алмадым. Потому что, қол тимеді. Вчера бір мощный сатананың имениесін өткіздік. Танец «животаны» биледік. Конечно, өлең пели и аздап пили. Чо? Спальнидың кроваты? Единицасы бітіп қалды ма, мынау дұрыс естілмей қалды. Домашни телефонға звандашы. Не дейсің? Бәтеңкенің подъемы? Не дейсің? Кесерово? Ол не? Ой, блин, мынау тағы да контачит етпей қалды. Сен нервничть етпей нормально сөйлеші. Мен қазір бір жерде отырмын, үйге барған соң домашныйдан звандаймын, хорошо? Не дейсің? Проститутка? Средадан кейін? Прямо по Абаймен жүріп отырасын. Ну, пока. Менде изжога. Айттым ғой, прямо по Абая. Кел, природаға шығамыз. Слушай, сен мені комаға салайын деп тұрсын, кончай сатана. Жақсы, пока. Проезнойынды ұмыт қалдырма. Пока. Жаропонижаюши іш. Уһ-х! (Залға қарап) кешірім прошу. Біздің двордың болтуны ғой. Біреу мұрынын орнынан қозғап кетіпті. Қасқаның қазақшасы жанағы. Қазақша сөйлесей десең: «благодаря тому, что мы получили русское образование» дейді.
(Ду қолшапалақ,
Қыран-топан күлкі).
Анау: Сөзің аузыңда. Әр он бес күн сайын жер бетінде бір тіл жойылып отырады. Соңғы жылдардың өзінде-ақ 25 мың тіл жоғалып, сол тілдерде сөйлейтін 8-10 адамнан ғана қалған.
Мынау: Біз батыр халықпыз, құрып кетуден қорықпаймыз. Біз мәңгілік елміз. Лайф-слайф, бенефис, шоу-моу, супер-мупер, ток-шоу, колготки, памперс, фейсбук, лайк, айфон, ламирин, рептинг, манитор, брифинг, кастинг, тренифинг, левы табыс…
(Ду қолшапалақ,
Қыран-топан күлкі).
Мынау: Бәрекелді, бәрекелді.
Сөз түсінгендеріңізге рахмет!
Енді күлкілеріңізді тия тұрып,
Қолшапалақты қоя тұрып,
Кішкене тыныс алыңыздар.
Бұдан былай күлетін нәрсеге күліп,
Жылайтын нәрсеге жылаңыздар.
«ойын – арзан, күлкі – қымбат».
Мынау: Не нәрсеге күліп, не нәрсеге жылауды білмесеңіздер,
Ауызша, жазбаша түрде
Мына бізден сұраңыздар.