СОЗАҚ КӨТЕРІЛІСІ БЕЙНЕТАСПАДА
26.06.2015
2332
0
890458_1595024428_DSC_0010Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетші­лер үйінде белгілі режиссер, продюсер, Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Сәбит Әбді­халық­ов­тың «Зұлмат» қысқаметражды фильмі­нің тұ­сауы кесілді. Жарты са­ғат­тық туын­дының алғашқы көрермендері ақын-жазушылар мен актерлер, өнер иеле­рі болды. Олар көрсетілімнен соң 1930 жылдардағы Созақ көтері­лісі­нің қасіретін көрсеткен бұл киноның қазақ тарихы мен мәдениеті үшін өзектілігі туралы әңгімеледі…

Қоюшы-режиссер Сәбит Әбдіхалықовтың өзінің айтуынша, «Қазығұрт» киностудиясының жетінші жобасы болған бұл тарихи кино өзек еткен оқиға сол бір сұрапыл кезеңдегі ел басына түскен қиындықты шынайы көрсетуге тырысқан. Режиссер С.Әбдіхалықов Молдасын Тастанов деген азаматтың Созақ көтерілісінен кейін бір үйдің 6 баласын қатар ату жазасына кескен кезде ең кенжесін аман алып қалғаны туралы шынайы оқиғаны айтып бергенін, кино желісі сол тақырыпқа арналғанын, сол бір оқиға арқылы қазақтың жартысынан астамын қырғынға ұшыратқан кезеңді тұтас бейнелеуді мақсат еткенін тілге тиек етті.
Иә, тарихқа жүгінсек, 1928 жылдың тамызында Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің «Ауқатты байлардың мал-мүлкін тәркілеп, жер аудару» жөніндегі қаулысы шығады. Сол кездегі Қазақ өлкелік партия комитетін басқарған Голощекин елді неғұрлым қысқа мерзім ішінде отырықшылыққа көшіруді бұйырады. Орталық биліктің жергілікті белсенділері халықтың қолындағы соңғы малына дейін сыпырып алып, қарсыласқандар қамауға алынып, сұраусыз атыла бастаған кезде елдің «соңғы тұяқ серпуі» – түрлі ұлт-азат­тық көтерілістер қазақ даласының әр қиырынан бұрқ етіп жатты. 1930 жылдың ақпан айында, яғни осыдан дәл 85 жыл бұрын дүбірі Мәскеудің өзін алаңдатқан Созақ көтерілісі де қазақтың оққа байлаулы жанын арашалап қалғысы келген, соңы қанды трагедияға ұласқан ұлт-азаттық көтеріліс еді. Сол зұлмат күндердің, елді қидай сыпырған қанды жылдардың қасіреті ешкімді айналып өтпеді. Ай мен Күннің аманында ұрпағы, ертеңгі үміті – балаларынан түгелдей айрылған отбасылар аз емес. Әкесінен айырылып, анасымен шырылдап қоштасқандардың көбі – зұлматты жылдардың құрбандары еді. Сол құрбандар жайлы әңгімелейтін «Зұлмат» – зұлматты жылдардың шындығын көрсетеді. Басты рөлдерде Райхан Айтқожанова, Сафуан Рысбай, Мұхамеджан Байзақ, Ержан Жарылқасынұлы, Әлішер Әркембай, Айдар Ақылбай, Асылхан Төлепов ойнайды.
Сонымен, халық Созақ көтерілісіне неге шықты? Қызылдар жергілікті жұрттың қорадағы малын ғана тартып алумен тынбай, адамдардың да ар-намысына тиді. Қазақ қыздарын, әйелдерін қорлады. Фильм кейіпкерінің сөзімен айтсақ: «Сол жерде неге жүрегің жарылып кетпеді?!». Соңғы малын тартып әкеткелі тұрған шолақ белсендіге сәби қолымен қауқарсыз қарсылық көрсеткені үшін ғана «айыпты» болып, ату жазасына кесе салатын үкім елдің ашу-ызасын туғызбай қоймайды, әрине.
Қысқаметражды фильмдегі ату жазасына кесілген алты ағайындының бастан кешкені – Созақта көз жұмған мыңдаған адамның ортақ қасіреті. Тіптен, бұл алты ағайындының тағдыры Созақ көтерілісінде мерт болғандардың ғана емес, сол жылдары қазақ даласында «шаһид кешкен» Алты алаштың тағдыры іспетті. Алты ағайындының бірі – мырза, екіншісі – көзсіз батыр, келесісі – дін жолындағы адам, тағы бірі – жаңа заманның оқығаны мол азаматы, ал, тіпті біреуі – ақыл-есі бүтін емес болса да, «Кеңес үкіметіне кемтар жандар керегі жоқ» болғандықтан оққа байланады. Ал алтыншысы алдындағы бес ағайының тірі қалуына тілектес кенже ұл, тіптен, бесіктен белі шықпаған бала. Өлімнің не екенін білмесе де, үкімді орындау үшін өздерін айдап әкетіп бара жатқанда: «Сталин – біздің әкеміз, Ленин – біздің атамыз» дегенді жаңғырықтыра айқайлайды. Бұл жаңғырық кенже ұлдың дауысы ғана емес, қанға бөккен қазақ даласының шарасыз дауысы еді. Кеңес үкіметі ет жақындарын сұраусыз, құнсыз атып, жатқан сәтте де Кеңес үкіметіне деген соқыр сенімінен айрылмаған өзгелердің қасіретті тағдырын осы екі ауыз өлеңнен-ақ бағамдауға болар. Үкіметтің қызыл жендеттері балалары үшін отқа да, суға да түсуге дайын әйелдің көз жасын қаперлеріне де алмайды. Белгілі актриса Райхан Айтқожанованың Ана рөлі – азапты жылдардағы аналар бейнесінің жиынтық образы. Алты баласын атқан сәттегі ананың көзіндегі қанды жас тұтас қазақ даласының қара жамылған кейпі дерлік. Иә, фильмде жүрегіңізді тілгілер сюжеттер де, өз халқына жауыздық жасаудан аянбайтын қатыгез кейіпкер де бар. Жанкешті тағдырлы аналар, балалар образы да жаныңа мұң ұялатады. Біздің түйгеніміз, елдің қасіретке оранған кешегісі көркем фильмге айналуы тиіс екен. Бір кездері осы ауыр жолды бірге жүріп өткен ТМД-ның өзге мемлекеттері де фильм жасауда тарихи тақырыптарға тегін барып жүрген жоқ-ау!..
Көрсетілімнен соң белгілі режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сатыбалды Нарымбетов: «Халық басына төнген ауыртпалықтан бір-ақ фрагмент үзігін алған да, сол үзік арқылы үлкен трагедияның эскизін сәтті жасап шығарған. Кемшіліктер бар да шығар. Дегенмен, фильм көрерменге ой салады, мен осындай сәтті кино түсіре алғаны үшін Сәбитті құттықтағым келеді», – деп ағынан жарылды.
Фильмнің соңына таман тірі қалған кенже ұл да, бақиға бетін бұрған өзге бес ұлдың сүйегі де ен далада сұраусыз қалады. Қазақ сахарасында көмусіз қалған мың сан боздақтың сүйегі де осылай шашылып қалған жоқ па еді?
Тірі қалған кенже ұл, байлаулы қолын шешпестен, алды-артына қарамай, тауды бетке ала кетіп бара жатады… Байлаулы қол әйтеуір бір шешілер, бастысы, әулеттің бір тұяғының аман қалғаны да. «Мың өліп мың тірілген» қазақтың бір ұлы аман болса, ел болашағының бұлыңғырланбасы анық…
Тұсаукесер рәсіміне арналған кешті Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының Әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан жүргізді.
Сөзімізді түйіндер болсақ, Сәбит Әбдіхалықовтың «Зұлматы» – бүгінгі ұрпаққа керек, құнды дүниелердің бірі болатынына сенім мол.

Қарагөз Сімәділ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір