«СЫРТТА ЖЕЛ НЕГЕ СОНША КҮРСІНЕДІ?»
26.06.2015
2149
0

889908_2138063198_________________________________23_06_15Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

 

ТҮСІМДЕ КҮЗДІ КӨРДІМ

Сорып алар ыстығын сыз дененің,

Сарыуайым жастанып күзде өлемін.

(Ертеректегі өлеңнен)

 

Суығы есіп тұрған елге батты,

Түсімде күзді көрдім жел қанатты.

Қаран су қаптай ағып нөсерден соң,

Дария бас білместен селдеп ақты.

 

Тоғай да шулап тұрды қырғауылды,

Тойдырған аштық алды бір қауымды.

Өмір-ай, өтті-кетті күйді кешкен,

Көрмей-ақ өтер ме екем тұрлауыңды?!

 

Түсіме кіді күздің кіргені не,

Көңілдің байыз таппай жүргені ме?

Құлықсыз құлақ түріп тұр екенмін,

Шелекбас иттің марғау үргеніне.

 

Жапқандай жабырқатар қырды кебін,

Жайсыздау есіп тірлік тұрды лебің.

Селді Сыр, Тозған тоғай, Жатаған там,

Түсіме Күзбен бірге кірді менің.

 

Суық жел сағымды іліп ағасыңда,

Қамыстың қылды басын қағасың ба?

Жападан жалғыз біткен жаннан безді,

Жантақтай тұрмын жардың жағасында.

 

Қаран су қаптай ағып елге батты,

Дария бас білместен селдеп ақты.

Түсіме неге кірді, түсінбеймін,

Кіді күз, суығы ескен, жел қанатты.

 

***

Кеткендей шайып бір сәт бел тарамын,

Жанымды жайлап алдың сел бар ағын.

Ойнаған жапырақпен мысық тышқан,

Бұзықпын мен де сендей жел, қарағым.

 

Білмеймін қайғым ба, әлде, шаттығым ба,

Кеудемде көзі ашылмай жатты тұнба?!

Есіме түсіп жайлар қай-қайдағы,

Бойымды алдырамын тәтті мұңға.

 

Еһ, жел-ай, жел-ай, жүрген тұрақ таппай,

Қылығың бар күшіктей бір-ақ қапты-ай!

Жатаған тамда жарық тартылмаған,

Отырмын жалғыз жарым шырақ жақпай.

 

Тұрғандай Ай да сүйеп күзге басын,

Сен неге аспан сонша сызданасың?..

Ашылмай қас-қабағың суық есті,

Кіді бір мінезбенен із бағасын.

 

Алған-ау табиғаттың бір сын есін,

Қатырып айналаның тұр сілесін.

Мен болсам бір қызды ойлап күрсінемін,

Сен болсаң жел не іздеп күрсінесің?

 

Білгенге мен де кезбе, жел де кезбе,

Мұны бір біткен, тағдыр, шел де көзге.

Екеуміз қайда барып тығыламыз,

Бүгінде Күз меңдеген бел де өзге…

                      

***

Қалды да қырат-қырдың құр сілемі,

Табылмай жан дауамның тұрсын емі.

Арқамды беріп жылы пешке отырмын,

Сыртта жел неге сонша күрсінеді?

 

Құйғандай тотияйын езіп көлге,

Жүр солғын шам сәулесі кезіп бөлме.

Бағамын кірпік қақпай айналамды,

Әлде бір елес алды сезіктен бе?

 

Көңілді келтіретін жалықпасқа,

Меңдейді небір ойлар алыпқашпа.

Тұсынан тереземнің байқағаным,

Ұқсайтын Ай да туды балық басқа.

 

Соншама жан-жүрегім имес еді,

Әлдене көкейіне түйді есебі.

Тып-тыныш үй ішінен байыз таппай,

Көңілім ала құйын күй кешеді.

 

Курстас жан досымның бөлмелесі,

Бір қыздың көз алдыма келді елесі.

Әдемі ару еді ол өлең сүйген,

Қайда алып кетті өмірдің бел-белесі?!

 

Күткендей алдағы, ой-хой, өмірді ізгі,

Жамылып жатыр дала қоңыр күзді.

Ғашық та болмаған ем өліп-өшіп,

Басқа емес, неге еске алдым со бір қызды.

 

Көзімнен суық тиіп нұр ауса да,

Сеземін ашылмаған сыр-ау, шама, –

Сыртта жел күрсіне ме, меніменен,

Өткен бір өміріме сұрау сала?!

                      

***

Тау суындағы аумастан аума құластан,

Шағыр бұлты нөсерге төкпе ұласқан, –

Ағыл да тегіл жылап тұр тыймай көз жасын,

Саған да ұқсап, маған да ұқсап бұл аспан.

 

Бұл аспан сонша егіліп кетті неліктен,

Жанары жасты аумастан үркек еліктен.

Малмандай болған су шалды тоғай шулайды,

Өзіңмен бірге тұрғанда Сырға келіп мен.

 

Сенің де үстің, менің де үстім малмандай,

Кешіп пе ек бастан осындай бұрын жалғанды-ай?!

Қарайлай бердім неліктен, қарғам, артыма,

Айтылмай небір сырымыз іште қалғандай.

 

Сондағы біздің сезімді ешкім ұқпайды,

Шығарам естен қалайша сынық сықпа Айды.

Алғашқы біздің сүйіскеніміз секілді,

Сол жаңбыр әлі есімнен менің шықпайды.

 

Сынық Ай сықпа. Көк нөсер жасты аспаның,

Көріністі мұндай көрді екен бізден басқа кім?..

Күн астындағы Күнекей қызын сол кезде,

Жоғалтқан, бейбақ, жиналған жолға жастамын.

                        

***

Білгенге мен де кезбе, жел де кезбе,

Мұны бір біткен, тағдыр, шелде көзге.

Бір кезде о екеуміз асыр салған,

Бүгінде бүкір біткен бел де өзге.

 

Кіді күз, Алла жазды, бір сын едің,

Дегендей таба алмастан тұрсын емін, –

Көңілсіз о да кейде күрсінеді,

Мұңлылау мен де кейде күрсінемін.

 

Өмірді дей алмаймын жете білем,

Мазаңды алсам, тірлік, кетеді нең?!

Мен ойлаймын бір қызға үйленсем деп,

Ол ойнайды о қыздың етегімен.

 

Бұлт буып көңілсіз тұр-ау аспан,

Менің көңіл-күйімнен бір аумастан.

Жел уілдеп, бір сарын естіледі,

Жар жағалай сусыма Сыр-ау қашқан.

 

Тіршілікте келетін толғасынға,

Ғұмырлық серік маған болғасын ба?!

Түбінде, жатқан кезде Кеңсайда мен,

Жоқтайтын болады улеп, сол басымда.

 

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Қуалай соғып сонша бақтың ба ізді,

Салқыны қара желдің қаптың жүзді.

Алматы шетіндегі саяжайда,

Ояндым сыбдырынан бақтың күзгі.

 

Сеземін кіді кездің есті лебі,

Бұла қыз құба күз боп естіледі, –

Қызыл күн күрең тартып батты неге,

Апырмай, соншалықты ол сесті ме еді?

 

Лып етпе алып ұшты қалпыңды ұқпар,

Табиғат райында салқындық бар.

Жаңғырық сияқтанып жардан қайтқан,

Құмығып құрдым кетті жалқы үн шықпар.

 

Жападан жалғыз жатқан саяжайда,

Ақынын кіді мезгіл аямай ма?

Серігім қауын бас ит анда-санда,

Шаққандай мұңын ұлып қояды Айға.

 

Саяжай. Қауын бас ит. Сосын өзім,

Ұнатам табиғаттың осы кезін…

 

***

Жинала бастаппыз-ау жолға біз де…

(Ертеректегі өлеңнен)

Бойымды мезгіл деген алып тасқын,

Қарасын қылау аппақ шалып бастың, –

Ауылда ақын болып туылдым да,

Қалада ақын болып қалыптастым.

 

Тимейтін кіді мінез жайлы қысқа,

Шалқадан туды ұқсап Ай құнысқа.

Улаған зәһарменен жастығымды,

Қалдырып кеттім екен қай бұрышта?!

 

Жан апа, самайыңның түзген ағын,

Шығанға шығып кетті мұзбалағың.

Бүгінде сен де жоқсың, жоқ атам да,

Жанымның қайда қоям сыздағанын?!

 

Кіріспен, сыр аулаған шығыстан да,

Не жетсін мезгілменен ұғысқанға.

Шау тартқан шалға қарап, қармақ басты,

Ей, Ай-ай, Ай-ай сен де құныстанба.

 

Азайып қатарымыз арамызда,

Шау тартып шын-ақ, досым, барамыз ба?

Жүретін түсіме еніп анда-санда,

Есімнен шықты ауылдық, қара қыз да.

 

Тағдырым елестетіп желді кезбе,

Жиі ерік берем төкпе көлді көзге.

Отырмын дайын, буып жиын-терді,

Алланың жазуымен келді кезге…

                      

***

Жолыққан жол бақты бір иесіне,

Түсесің неге, қалқа, жиі есіме, –

Түбіне түйткілдің түсіп кеткен,

Бұл деген махаббаттың киесі ме?!

 

Қылықты қызға бітті еркің дерлік,

Бар еді болмысыңнан сертіңде ерлік.

(Есен дос, есіңде ме, со бір жанның,

Көңілді көншітетін көркін көрдік).

 

Кеудеде сөнген шоқты маздататын,

Сағыныш деген жатыр сазда атың.

Қытымыр қысқа ұрынып қалып жолда,

Кеш келген, айтшы қарғам, қаз ба, хатың?!

 

Келетін сықпа белдей талды деске,

Сан достың кетті ілесіп алды көшке…

Мезгілсіз жолдап со бір үшбу хатты,

Қайдағы-жайдағыны салдың еске.

 

Айтарым, жетер-жетпес қолды ұсына,

Бермегін иеңді енді олқысына, —

Бүгінде сен де, мен де үйшік басты,

Ұқсаймыз жемсаулы бір қол құсына.

                    

Теңіз жағасындағы қыз

Теңізге гүлді тастап тұрған қызды,

Ұқсаттым ақ қайыңға ұрған күзгі.

Көзіне ұялаған мұңды көрдім,

Жоғалтып алған білем бір жанды ізгі.

 

Жетелер жанды жейтін ой легіне,

Үлпілдек мақпал қара көйлегі де.

Сары ала сағынышы сартаптанған,

Тілінде көк теңіздің сөйледі ме?

 

Көңілді алаңдатар кірбің құрттай,

Кезі ме екен қалған сырдың жұртта-ай?!

Ілуде бір көрінер көрініске,

Көңілсіз күйде қарап тұрдым сырттай.

 

Тірелген жандай емес тұйыққа ісі,

Кететін кейіпте тұр иіп кісі.

Теңізге шығып кетіп, балықшыдай,

Оралмай кетті ме екен сүйіктісі.

 

Салатын сыр емес-ау жайып тастай,

Туды, әне, кешті түре қайық басты Ай.

Көзінен көрдім теңіз сияқтанған,

Мұң табын мәңгілікке айықпастай.

 

***

Ұшқан білем жастықтың бағы бастан,

Қалдым неге мен сені танымастан? –

Сол бір аспан, содан соң сол бір ауыл,

Сол бір белдер жөңкіле сағымы асқан.

 

Алып-ұшпа желауыз сөзге ермеген,

Мені ұнатқан өлердей көз көрген ең.

Тоғай тозып, дария тартылыпты,

Ай ғана сол баяғы өзгермеген.

 

Ерекше бір сезіліп елгезегі,

Сол бір кездей сол бақты жел кезеді.

Тұр жапырақ жалпылдап, торға түскен,

Желп-желп еткен балықтай желбезегі.

 

Мен де, қарғам, сезінсең өзіңдеймін,

Ұзақ түнгі толқудан көз ілмеймін.

Сенде жарқын күлкі жоқ, мен де өзімді,

Сол бір кездей тым еркін сезінбеймін.

 

Қарамастан ақ, сары, қараңызға,

Өтті-кетті өмірдің бәрі аңыз ба?

Неге тұрсың көзіме жылы ұшырап,

Болмаса да ештеңе арамызда.

                  

***

Сияқты көліктің бір шаңы ілескен,

Шықпайды сағым қуған шағым естен.

Бұл күнде батпырауық ұшырмаймын,

Басымнан балалықтың бағы көшкен.

 

Жоқ ынсап бозбаланың тойымында,

Білмеймін шыным ба, әлде, ойыным ба?

Алғашқы қар сияқты еріп жаттым,

Ып-ыстық сенің отты қойыныңда.

 

Ей, ару, құшағы ыстық түнгі құшқан,

Аңсаймын бал шағымды бұлбұл ұшқан.

Басына Сорқұдықтың сорға қонған,

Мысалы, десем бе екен мұңды мыстан.

 

Лықсып бір келген кезде сезім легі,

Жасыңды көрсетпестен көзіңдегі.

Буының босап сен де жаттың үнсіз,

Қоштасқан бұл бал шақпен кезің бе еді?..

 

Көз жасы қос ынтықтың қоса ағады, ә,

Қалдырған балалықты босағада.

                      

Қызыл іңір

Қарамастан тал-қайың бүртігіне,

Түн жеткелі тірліктің тұр түбіне.

Қызыл іңір құлағы қылтияды,

Қызыл күннің ілінген кірпігіне.

 

Қараңғылық түседі ұзамай-ақ,

Ұзақ күнгі жүрістен қызады аяқ.

Көтеруге келтірмей күз көңілді,

Жаз жарқыным жанымды ұзады аяп.

 

Мұң сияқты күндізгі қалып мұнар,

Уақыт та дегенін алып тынар.

Барып, барып оңғасын қызыл іңір,

Қараңғылық түскенін халық та ұғар.

 

Қалай болмас көңілді түз демеске,

Жиі шығам сыртқа мен күзде кешке.

Іздейтұғын шығар-ау біреу мені,

Мені ешкім шығар-ау іздемес те.

 

Ажалменен келетін қатар жүрге,

Қабырғадай сөгіліп жатар да ірге, –

Қызыл іңір ілініп кірпігіне,

Қызыл күнім менің де батар бірге.

 

***

Суық шалған жүрегі сыздайды ма,

Неге сонша көңілсіз күзгі Ай, мына?

Ойнайды желбір желең желмен қайың,

Отырып қалған кербез қыздай бұла.

 

Тұл бақ-ай көңілсіздік жайлап алған,

Сендегі жаздық у-шу қайда қалған.

Жығып бір кететұғын осындайда,

Апырай, бас білмейтін тай ма, жалған?

 

Қайың да, Ай да жалғыз, тұлдыр күз де,

Жайсыздау кез-ау тиген бұл бір жүзге.

Жел қуып бара жатыр жапырақты,

Түсіріп жібермек пе құрғырды ізге?..

 

Көңілсіз бірен-саран жүрген бақта,

Мезгілдің кейпін кешіп түрленді, ақпа.

Жапырақ аяқ асты жатқан жайсыз,

Жиырлып қалған бейне бүрген шақпа.

 

Дегендей нан қолыңда бар ма үгіткен,

Қарайды маған ала қарға үмітпен.

Назарды тастап қана отырмын мен,

Жантақтай жалғыз жарым жарға біткен.

 

Дейтіндей сап-салқын бір шақтан сақтан,

Сырласым Ай мен қайың бақтан тапқан.

Мен енді сыр ашамын кімге барып,

Қасқырдай көңіл күймен қақпан қапқан.

 

Есіңде ме?

Есіңде ме, күтпеген кезімізде,

Жібергендей түсіріп сезім ізге, –

Құйып берді көк нөсер ағыл-тегіл,

Ұқсаған бір еркедей өзімізге.

 

Аяқ асты еңседен басты да күз,

Түкті шырша тығылдық астына біз.

Көріп тұрдық со кезде, иіп жерге,

Көк көзінен төгілген жасты нағыз.

 

Еншісіндей, есімде, езілгеннің,

Аспан жақтан салқындық сезінгенмін.

Араласқан жаңбырмен, сонда сенің,

Көргенмін мен жас тұнды көзіңнен мұң.

 

Жаңбыр, сосын кермек жас көзіңдегі,

Айта алмай жүрген бір сөзің бе еді.

Сыбдырына қосылып шыршаның мен,

«Тірлігімнің – деген ем, – өзің демі».

 

Қашып шығып сол жолы үй іштен біз,

Төсіміз бен төсіміз түйіскен қыз, –

Санадан тыс бір сезім билеп алып,

Көк нөсердің астында сүйіскенбіз.

 

Келетін басын баққа бұлақ бұрды,

Тыныштық бұзылды да құлаққа ұрды, –

Со жолы шырша, сосын көк аспан да,

Неліктен ағыл-тегіл жылап тұрды?!

 

Су-су болып малмандай үсті басың,

Елестетті қаққанда құсты қасың.

Жанарың мен жанарым кездескенде,

Жапырақтай жаныма түсті жасын.

 

Бақ болып қонбай кеткен иесіне,

Со қыздың сезім шалды киесі ме?! –

Сондағы нөсер, шырша күлтеленген,

Неге түсе береді жиі есіме?..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір